22 Желтоқсан, 2011

Толассыз тоқсан жыл

541 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
«Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджановамен әңгіме – Нұржан Жалауқызы, биыл Қазақ радиосы 90 жасқа толып отыр. Осы тарихи оқиға Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық тойымен орайлас келді.  Газет оқырмандары мен радио тыңдар­ман­дары атынан қос мереке құтты болсын дейміз! – Рахмет! Әлбетте, біз үшін Тәуел­сіз­діктің тойының мәні үлкен. Азаттық болмаса Қазақ радиосының үні де алысқа жетпес еді, шынайы шықпас еді. Сон­дық­тан, біз радионың тойын Тәуелсіздік мере­ке­сі­нің алдына түсірмей, содан кейін атап өту­ді ұйғардық. Сөйтіп, алдымен бүкіл ха­лық­тың Тәуелсіздікке қосқан үле­сі, бұл ме­рекенің мәні және соған орай жасалған индустриялық-инновациялық тартулар, ел бірлігі, жер тыныштығы, діндер татулығы жайында сөз қозғадық. Радионың да эфирі осы үлкен мақсатқа арналды. Жасампаз жиырма жылдың ішінде еліміздің жеткен жетістіктеріне жан-жақты шолу жасалып, «Тәуелсіздік шежіресі» мен «Тәуелсіздік тағылымы» атты хабарымыз күн сайын эфирге шығады. Әрқайсысы жеке тақы­рып­пен белгіленген «Тәуелсіздіктің 20 шыңы» хабарын үзбей бердік. Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің лебіздерін жеткізетін «Мемлекеттік тіл – менің тілім» хабарын осы қатарға қосқан жөн. – Қазақ радиосының тарихын то­лық таратып шығу бір сұхбаттың ая­сы­на сыя қоймас. Небір белгілі тұл­ға­лар қызмет атқарды. Небір дүлдүл дауыс­тар эфирге шығарылды. Ең бас­тауын айтпасақ та, беріде белгілі қай­рат­керлері болғаны анық. Олардың ба­сынан өткізген оқиғалары бүгінгі буын­ға тағылымды шығар? – Ондай қайраткерлер де, оқиғалар да жеткілікті болған. Мәселен, Қанапия Мұс­тафин деген ағамыз 1957-1959 жылдар ара­­лығында Қазақ ССР Министрлер Ке­ңе­сі жанындағы Радио хабарлары мен телевидение жөніндегі комитетті басқарды. Қа­зақ коммунистік журналистика инсти­ту­тын және Алматы педагогика институтын бітірген. Оның алдында тракторшылар курсында оқыған. Бірнеше жыл Солтүстік Қазақстан облысы Бейнетқор ауданында трактор айдаушы болып, жер жыртқан. Жоғары білім алған соң 1937-38 жылдары Қазақ радиосының редакторы болған. Сол тұста редактор Қанапия Мұстафин 1937 жылы 19 қазанда партия қатарынан шығ­а­ры­лыпты. Оған «Сәбит Мұқановтың сы­бай­ласы» деген айып тағылған. Екеуінің Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгені белгілі. Қаншалықты «сыбайлас» екенін «үштік» анықтап үлгергенше жазу­шы Сәбит Мұқанов Мәскеуге арызданып, өзінің кеңестік заман мен большевиктік партияны жырлап жүргенін дәлелдеп шы­ға­ды. 1937 жылы 17 қарашада  Сәбит Мұ­қановтың партиялығы қалпына келтіріледі. Сонымен бірге Мұстафиннің да пар­тия­лық билеті қайта қолға тиген. Егер Сәбит Мұқанов сотталып кеткенде, Қана­пия Мұстафин Қазақстандағы радио мен телевизия ісінің бірінші басшысы дең­гейіне дейін жетпес еді. Бірде Министрлер Кеңесі жанындағы комитет, бірде Мәдениет министрлігі жа­нын­дағы бас басқарма түрінде жұмыс істеген радио саласына телевидениенің қо­сылуы осы Мұстафиннің басшылығы тұ­сында жүзеге асты. 1957 жылы 12 мау­сым­да Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне арнайы хат жолдады. Онда КСРО Министрлер Кеңесінің «КСРО Министрлер Кеңесі жа­ны­нан Радио хабарлары мен телевидение жөніндегі мемлекеттік комитетін құру ту­ралы» қаулысына сәйкес Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанынан Радио хабар­лары мен телевидение жөніндегі мемлекеттік комитет құру қажет деді. Және комитет төрағасы етіп Қанапия Мұстафин жол­дасты бекітуге ұсыныс енгізді. Бұл құ­жатты Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің мұрағатындағы 708-қордың 69-тіз­бе­сі­нің 1939-ісіндегі 51-беттен көре аласыздар. Міне, радио қызметкерлерінің де та­рих­тың ауыр жолдарынан өткенін осы мы­сал аңғартады. Сөз арасында айта кетсек, радиомыздың «Алтын қорында» Сә­беңнің керемет үні, келелі пікірлері сақ­тал­ған. Мен алғаш радиоға қызметке алын­ғанша, тіпті біздің буын студент бо­лып Алматыға келгенше Қанапия ағамыз өмірден өтіп кетіпті. Ал өз басым Хамит Хасенов, Камал Смайылов, Сағат Әшім­баев сынды тұлғалардың Телевизия мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарған кезін көрдім. Сол ағалардың жолын жалғастырып отырға­ным­ды мәртебе санаймын. Қазақ радио­сы­ның «алтын дауысы» Әнуарбек Байжанбаев ағамыздың ел мәдениеті мен өнерінде алар орны ерекше. – Әңгіме орайында біз де осы «Қазақ Левитаны» аталған тұлға жа­йын­да сұрамақ едік... – Қазақ радиосының сағат сайын шы­ғатын жаңалықтары Әнуарбек Бай­жан­баев­тың оқуында тыңдармандарға ай­рық­ша әсер ететін еді. Әнуарбек ағамыз бізді – жастарды үнемі маңдайымыздан сипап, арқамыздан қағып отыратын. Әр хабарды қағыс қалдырмайтын. Ол кісінің біздің хабарымызды оқуы ең үлкен марапат сияқ­ты көрінетін. Әуезовтің, Мұстафиннің, Маяковскийдің шығармаларын радиодан оқыған Қазақ ССР халық әртісінің қатарға енді қосылған жас журналистің шығар­ма­сын оқып беруі – ағалық пен қара­па­йым­дылықтың қатар өрілген көрінісі деп ба­ға­лаймын. Әнекеңнің қызметі – барлық радио қызметкерлері үшін эталон.  Қазір Қа­зақ радиосы Әнуарбек Байжанбаев атын­дағы арнайы сыйлық тағайындаған. Мерекелік кеште біз басқа марапат алу­шы­лар­мен қатар, осы сыйлықтың иегерін де білетін боламыз. Мырзабек Қуатбеков деген ағамыз да керемет дауыс қана емес, кеңпейіл кісілік қасиетімен баурап тұратын. Нәзила Бай­мұратова апамыз ұзақ жылдар осы Қазақ радиосының ыстығына күйді, суығына тоңды. Әлі күнге шаршамайтын Қасым­хан Ерсарин, Сауық Жақанова сынды ардагерлер жас мамандардың бір емес, бірнеше толқынын қалыптастырды. Радио ардагерлері Светлана Мусина, Төрехан Тасболатов, Руслана Құдай­бер­генова, Раушан Айтжанова, Фарихан Атханова, Таңат Доспаев және басқа аға-апа журналистер еңбегі – Қазақ радиосының жарқын беттері болып саналады. Соның бәрі ескерусіз, елеусіз қал­мақ емес. Көзі тірі арда­гер­лер­дің естелік­тері мен сұхбат­тары және өмірден өтіп кеткен май­тал­ман­дарға арналған очерктер Қазақ радио­сы эфирінен беріліп жүр. – Радиосыз өмірді елестету мүмкін емес.  Елді елең еткізер жаңалықтар мен сан алуан қуанышты хабарларды халыққа жеткізуден жалықпайсыздар. Тоқсан жыл ішінде оның да тәсілі талай өзгерген шығар. – Әлбетте. Біз қызметке келген сексенінші жылдар басында иыққа асып жү­ре­тін «Репортер-6» атты аппарат болатын. Оның өз салмағы ауыр. Бұған қосымша ба­та­рея­ларды, таспаларды қоссаңыз, бір кісіні шар­ша­татын жүк шығады. Бізден бұрынғы аға буын одан да ауыр магнитофон-репортерді көтеріп жүрген. Біз болсақ R-6-ны арқалап іссапарларға аттанатынбыз. Ал монтаж қай­шы мен желім арқылы жүзеге асатын. Кейін бір таспадан келесі таспаға магнитті түрде көшіріп монтаждау аппараттары келгенде қатты қуанғанбыз. Бұл күнде әлгі техни­ка­ны біздің корпорациядағы музейден ғана көресіздер. Қазіргі журналистердің қолында сіріңкенің қорабындай ғана диктофон жүр. Екіншіден, техникалық жетістіктермен қатар журналистердің жұмыс тәсілі өзгер­ді. Саунд-дизайнер, диджей сынды ма­ман­дықтар пайда болды. Бұрын дикторлар тек қағазда жазылғанды өзгертпей оқы­са, енді эфирдегілер көрермен тала­бы­на орай жұмыс істеп, оның айтқанын орын­дауға тырысады. Басқа ақпарат құ­рал­дарымен қатар, радиодағы цензура жо­йылды. Мұны Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту­дағы ғана емес, бүкіл елдегі демокра­тия­ны орнықтырудағы ең маңызды қада­мы­ның бірі деп  санаймын! Үшіншіден, радионың эфир кестесі бұрынғыдай қатып қалмайды. Интерактивті бағдарламалар пайда болды. Эфирге кім сұрақ қояды, қандай сұрақ қояды, оны сценарийге жазып жатудың қажеті жоқ. Тікелей қосылымдар жүзеге асты. Астана­дағы маңызды саяси немесе әлеуметтік, тіп­ті спорттық шаралардан кез келген уа­қытта эфирге тілшілер шығуы мүмкін. Бұ­рын ондай мүмкіндік «Қайрат» пен «Пахтакор» ойынының соңғы үш минутына ғана берілетін. Алдағы уақытта Қазақ радиосы Астанада жаңадан салынған, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барып ашқан «Қазмедиа» орталығынан шығатын болады. Сонда осы заманғы сандық технологияның ең соңғы үлгілерімен HD пішінінде жұ­мыс істей бастаймыз. Ол радио қызмет­кер­леріне тың серпіліс берері анық. – Жаңа пішінге ауыстық деп тың­даушыларды «Алтын қордан» айырып тастамайсыздар ма? – Сұрағыңыз орынды. Бірақ, ондай күдікке еш негіз жоқ. Біз «Алтын қордың» шып-шырғасын шығармай сандық фор­матқа көшіріп жатырмыз. Бұл үшін корпорацияда арнайы комиссия құрылған. Қор­дағы 31 мың материал көшірілді. Бұл жұ­мыс тоқтамайды. Әлбетте, алдымен құн­ды, керек материал сандық форматта сақ­та­лады. «Алтын қор» – радионың, кор­по­рацияның ғана емес, мемлекеттің меншігі. Мұнда қайталанбас дауыстар, әндер, күй­лер жатыр. Кейін жекелеп, топтасып шы­ғып жатқан жүз ән, мың ән, мың күй тә­різ­дес жинақтардың бәрінің «Алтын қор­дан» алынғаны мәлім. Қазір ғасырлық ме­рейтойлары аталып өтілетін тұлға­лардың ұрпақтары, іздеушілері алдымен біздің корпорацияға келіп, «Алтын қордан» сол қайраткердің дауысын сұрап жатады. Бау­кең­нің, Ғабеңнің, Мұхаңның, Сәбеңнің жә­не басқа қайталанбас тұлғалардың пікірлері мен ойлары өз ауыздарымен ай­тыл­ғаны үшін ғана емес, ұлтты, халықты сақтау қа­мы­мен айтылғаны үшін де әлі күнге ма­ңызды.  Содан рух аламыз. Содан халық үшін қызмет ету қажеттігін түйсінеміз. – Жиырма жылдық белеске көтеріл­ген Қазақстанның өресі өскен тың­дар­ман­дарын тартуда Қазақ радиосы көш­тен қалып қоймады ма? Өйткені, қазір неше түрлі радио эфирге шығып жатыр. – Бәсекелестер мықты. Сондықтан біз әр сала бойынша тыңғылықты әзірленген хабарлар береміз. Ақпараттық қызмет жедел, «бүгін» деп басталатын, әрі анық-қа­ны­ғы толық айқындалған жаңалықтарды ұсынады. Ол әрбір жарты сағат сайын қа­зақ және орыс тілдерінде жүреді. Әлеу­мет­тік салада интерактивті хабарлардың ықпалы ерекше. Сондықтан тікелей эфир­де өтетін «Денсаулық» және «Заңгер кеңе­сі» хабарларының рейтингі жоғары.  Бағ­дарлама жүргізушісі Гүлбану Алпамыс­қызы былтыр Сорос қорының грантына ие болып, Польшаға барып қайтты. Орыс тіліндегі «Территория права» хабарында заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің доценті Н.Бәйімбетов тыңдар­ман­дар сауалына жауап береді. Бұл хабардың рейтингі бәсекелестерден көш ілгері екенін бәрі мойындайды. Тілшіміз Нұржамал Хасанқызы «Мемлекеттік тіл» бағдарла­ма­сы үшін 2-ші жыл қатарынан Алматы қалалық әкімдігі ұйымдастырған байқауда 1-ші орынды иеленді. Қазақ радиосының табысы деп әскери-патриоттық тақырып­та­ғы «Қазақ сарбазы», еліміздегі ірілі-ұсақ­ты қалалардың тарихымен таныс­ты­рып, бүгінгі әлеуметтік-мәдени жағдайын жұртқа жеткізетін «Шалқар даланың ша­һар­лары», отандық өндіріс жайлы «Отан­дық өнім» хабарларын айтуға болады. Жастарға дін туралы дұрыс түсіндіру мақсатын көздейтін «Ислам құндылық­тары» атты бағдарламамыз бар. Тікелей эфирде өтетін бағдарламаны Қазақстан мұ­сылмандары діни басқармасының ма­ма­ны Асылбек Әуезханұлы жүргізеді. Қа­зақ радиосының эфирінен күн сайын еліміздегі өзге ұлт өкілдері өз тілдерінде сөй­лейді. «Достық» бағдарламасы неміс, ұй­ғыр, корей, түрік, татар, әзербайжан тілдерінде хабар таратады. Сондай-ақ,  жек­сенбі күні осы ұлттардың тілдерінде кон­церттік бағдарламалар беріледі. Ал­да­ғы уақытта ұлы Абайды өз тілімізде және өзге тілдерде жақсылап насихаттамақпыз. – Қазақ радиосының қоғамдағы ық­па­лы қандай? Биліктегілер тыңдай ма, тыңдаған соң хабарласа ма? – Әлбетте. Біздің радиомызға министрліктер мен облыс басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері өте ықыласпен сұхбат береді. Оны тыңдаған адамдар өз сұрақ­тарын жолдап жатады. Толғандырған мәселеге орай кеңес алып, мұң-мұқтажы шешілген тыңдармандар телефонмен, хатпен алғыс айтады. Радионың жеке сайты мен корпорацияның ортақ сайтына күн сайын ондаған пікірлер мен өтініштер жазылады. Оның бәрін назарда ұстаймыз. Біздің хабарларымыз биліктің наза­рын­да жүреді. Шалғай ауылдардағы ха­лық­тың мұң-мұқтажын шешуге көмек­те­се­міз. Айталық, Оңтүстік Қазақстан об­лы­сы, Түркістан қаласы маңындағы ауыл­дар­дың бірінде тұратын тыңдаушымыз бай­ла­ныс пен жарық жоқтығын айтып, мұ­ңын шақты. Сол ауылға тілшілеріміз ба­рып, арнайы репортаж дайындады. Нәти­жесінде бір айдың ішінде әлгі ауылға жарық жетіп, телефон қойылды, тіпті радио желісі іске қосылды. Осындай мысал­дарды көптеп келтіре аламын. – Нұржан Жалауқызы, мана «Ал­тын қорды» қалай сақтап жатқан­дары­ңыз­ды айттыңыз. Енді оны эфирден қайталап беру жайын айта кетсеңіз. Ән шырқалып, күй күмбірлеп жатыр ма? – Қазақ радиосы ежелден әншілердің қызмет орны да болды. Мұнда көзі тірілерді ғана айтар болсақ, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Гулвира Разиева, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Ілия Жақанов, Лаки Кесоглу және басқа әншілер ұзақ жыл жемісті қызмет атқар­ды. Олардың орындаған әндері қаншама. Ал театрлар мен Қазақ филармониясында, «Қазақконцертте» қызмет еткен әнші-күйшілер, оркестерлер ай сайын, тоқсан сайын радиоға келіп, арнайы ән мен күй жазып кететін. Бұл дәстүр әлі сақталған. Қазіргі танымал әншінің бәрі жаңа ән­дерін алдымен Қазақ радиосына ұсынады. Оны Көркемдік кеңестен өткізіп, эфирге қабылдаймыз. Біздің журналистеріміз де арнайы сапарларға шығып, ел ішіндегі та­л­анттарды қағыс қалдырмайды. Айталық, қазірдің өзінде Қошан Мұстафаұлы «Інжу-маржан», «Терме» хабарлары үшін әр облысты аралап, халқымыздың дәстүрлі әні мен жыр-термелерін жинап келеді. Со­ның бәрі «Алтын қорды» қалыптастырды. Оны эфирден жүйелі беріп тұрамыз. Біздің Қазақ радиосында бірінші арнамен қатар «Шалқар» және «Астана» радиосы бар. Кез келген уақытта Қазақ радиосы мен «Шалқардың» бірінен ән тыңдай аласыздар. «Алтын қордың» концерттері күнделікті бір емес, бірнеше рет беріледі. Оны сондай-ақ жекелеген хабарларға пайдаланамыз. – Дұрыс екен. Енді білейік дегеніміз – Қазақ радиосының халықаралық бай­ланыстары қалай? Бұл радионы шет елдерде тыңдай ма? – Қазір ақпарат кеңістігінде шекара жоқтығы белгілі. Біздің радиомызды интернет арқылы осы сәтте әлемнің кез кел­ген нүктесінде тұрып тыңдай ала­сыздар. Ал ра­дионың эфирдегі желісі негізінен FM тол­қынымен жүзеге асады. Қазақ радиосы біз­дің шекарамызға жапсарлас мемлекеттерді аздап қамти алады. Ал кезінде Ресей, Қы­тай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ау­ғанстан және тағы басқа да шет елдердегі қандастарымыз тыңдап келген «Шалқар­дың» таралу аймағы бү­гін­де республика тұрғындарының 65 пайы­зын қамтып отыр. Тарату қызметімен біздің корпорация ай­на­лыспайтыны мәлім. Эфирді таратумен тікелей шұғылданатын «Кателко» мен «Казте­ле­радиодағы» әріптестеріміз және облыс әкім­дері бұл іске көңіл бөледі деп үміттенемін. Шетелдермен байланысқа келсек, «Мир» мемлекетаралық телерадио компа­ния­сымен бағдарламалар алмасамыз. Енді «Россия» радиосымен әріптестік қарым-қатынас орнатуды көздеп отырмыз. Ол радио қазірдің өзінде Украина мен Беларусь мемлекеттерін қамтиды. Біз сонда тағы екі жүз миллиондық аудиторияға шыға аламыз. Кеден одағы аясында біздің де ақпараттық тауарымыз жүруі тиіс. – Астанадағы жаңа «Қазмедиа» ор­та­лығына көшу Қазақ радиосының да тынысын ашатын шығар. – Оған сөз бар ма?! «Қазмедиа» орта­лы­ғын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ас­танада салынатын ондаған жобалар ара­сынан бірінші кезекке қойғаны белгілі. Бұл жерде ең жетілген сандық технология орнатылды. Оны игеру арқылы радио мультимедиа са­пы­на түпкілікті қосылады. Қазақ радиосы мен «Шалқар», «Астана» радиоларында кон­вергентті редакциялар жасақталады. HD пішінімен жұмыс істейтін мамандар даяр­­лаймыз. Техникалық сауаттылықпен қа­тар, кәсіби сауаттылық деңгейі жоғары­лай­тын болады. Астана­лық мәдениетті орнық­ты­руға енді Қазақ телевизиясы мен Қазақ ра­диосы да атса­лы­сатыны біз үшін үлкен мәртебе.  Жеделдік бұрынғыдан да артады. Осының бәріне бай қазынамыз «Алтын қор» қосыла­ты­нын ескерсек, біздің Қазақ ра­диосына Қазақстаннан теңдес таппайсыздар. – Әңгімеңізге рахмет. Тойларыңыз тойға ұлассын.

Әңгімелескен Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.