22 Желтоқсан, 2011

Қарашашқа хат

444 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Таңсық, ә? Таңырқарлықтай тірлік-ау. Таңданыс тудыратынын сеземіз. Бір редакцияда қызметтес боп отырып, хат жазысқаны қалай деп, таңдай тақылдататынын білем ғой жұрттың. Әркімнің өз ырқы бар, оны тежеп, құрықтай алмайсыз. Және де мұндай үрдіс бұ­рыннан қалыптасқан. Ізашары біз емеспіз. Әлемдік мысалды былай қойғанда, жазушы­лар Ә.Нұршайықов пен С. Байжанов қа­сын­­да­ғы ұлдарына хат жазған. Жанында жүрген жан жарларына сыр ақтарып, хат жолдаған қалам­герлер қаншама? Б.Бұлқышевтің замандасқа хатын қайда қоямыз? М. Мақатаевтың Фа­ри­заға мұңын шағуы да жүрек хатындай әр кө­ңілде жатталып қалды емес пе? Халық қа­лаулылары, айнымас достар болған Ш.Мұр­таза мен К. Смайыловтың ел тағдырына елең­деп жазған жазбалары өміршеңдігін әлі күнге дәлелдеп жүр. Әңгіме хаттың кімге, қалай жа­зылуында болса керек-ті. Мазмұны қандай? Маңызы ше? Әлқисса, сонымен кімге хат жазғалы отыр­мыз? Түйсік түрліше түрткіленіп тұрғандай. Бол­жамы бар. Бағдары белгілі болғандай. Ба­ды­райып тақырыбынан да аңғарылып тұр емес пе? Бәсе, деңіз, хатты Қарашашқа арнаймыз! Қарашаш! Бұл есімді ұзынсонар түсіндіріп жатудың қажеті шамалы ғой. Бірден белгілі есім. Оқырманның тіліне тәттідей үйіріліп, талғатуымен әрі жалпақ жұртқа жайылған, көз қанық тек – Тоқсанбай іліге кетеді! Иә, орын­ды, үйлесімді. Ол – Қарашаш Тоқсанбай ғой. Қазақтың кәдімгі тілші қызы. Санаулылардың сапындағы сарбаз. Баяғы кеңестік дәуірдегі «Известияны» Т.Тэссіз елестетпейтінбіз. «Мә­­дениет және тұрмыс» журналы Ш. Құмарова қаламынсыз қызықсыз боп көрінетін. Ш. Бейсенова десек, жадымызға «Қазақстан әйелде­рі» орала кететін. «Лениншіл жасқа» («Жас Алаш») М. Қожахметова мен Ж. Қуаныш­бек­қы­зының қара сөзбен жырланған шалқыма­ла­ры үшін ықыластана жазылатын еді жастар жағы. Осылай тәнтілену, тамсану, таңырқау жалғаса беретіндей ме? Шектеліп жатса да жағаңызды ұстамаңыз. Себебі, жиырмасыншы ғасырдың соңғы жартысында қазақ баспасөзін жұтынған тілі мен өткір де өрісті, жалынды да шуақты көсемсөздерімен құлпыртып, құнды ете білген әлгіндей қазақ тілші қыздарының қарымы мен қуатына жаңа ғасырдағы құрбы­лары әлде сіңілілері әлі талай қызыға құма­р­татынына, сеніміміз кәміл. Япырым-ау, сөзіміз ұзап кетпей тұрып, бү­гінгі кейіпкеріміз Қарашаш Тоқсанбайды әлгі жуан тізімдегі нәзік жаратылыс иелерінің қа­та­рына қаймықпай қосып қойғанымыз жөн болар, тегі. Жоғарыдағы қалыптасқан қалы­бы­мызға сала сөйлесек, Қарашашсыз кешегі «Социалистік Қазақстанды», бүгінгі «Егемен Қазақстанды» елестету мүмкін бе, оқыр­ма­ным? Әділдігін айтыңызшы, мүмкін емес қой. Мойындалғанды молынан пішіп айтсақ, Қа­рашаштың мойылдай қара көзінен осы басы­лымның сарғайған тікпелерінің тізімі көрініп, елес беретіндей... Хош, сонымен, хатымды бастайын. Жүл­ге­л­ене жазылып та кеткен екен-ау, өзі. Жүре­гі­м­нен шыққан сөзім Қарашаш жүрегіне жетер ме екен? Талғампаз да талантты қаламгерді же­ңіл де үлпек, ұшпа сөздермен уанта алма­сым­ды сеземін. Ол жалтырақ пен жылты­рау­ықты, бөспелік пен бәтуасыздықты, ұраншыл­дық пен ұтырсыздықты қапысыз ажырата білетін, сөз қадірін байыпты безбендеп, мәнісін жетік бағалайтын ұстынды тұлға. Тілшілігімен тіршілігін тұрлаулы етіп, әсем әспеттеген әдемі де жұмбақ әлем иесі. Абай атамыз: «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», демекші, ол қалам сырының беріктігі мен бекемдігін, ұшқырлығы мен ұтқырлылығын, сағы­ны­шы мен мұңын, болжауы мен көксеуін жан түкпірінің қалтарысына түйіп тастап, кө­кей­індегісін сыртқа шым-шымдап шығарып, шы­ғар­машылығынан ләззатқа бөленіп жүрген жан. Адам атаулының бәрі жұмбақ... Жан жұм­бақтығы қаламға дарыса, ол да бір құдай сыйлаған дарынның бәсін еселеп тұрады екен... Қарашаштың бір жазғанына тояттанған оқырман, келесісін күтіп көңілі алаң боп, ынтығып жүретіні де сол қалам жұмбақ­ты­ғының тылсым күші екен... Қымбатты Қарашаш! Осы хатыма көз жү­гір­тіп өткеніңде қандай күйде болатыныңнан бейхабармын, ал өзім сенің шығармашылық лабораторияңа дендеп еніп, түрліше дерек кө­зіне қанығып, қайсысына көңіл бөлсем екен дегендей абдырап, алабұртып қалғаным рас. Мақсатым сені жалаң мақтау болмағандықтан, шынайылық шегінен аспай, жалқы сипатың­нан жалпылық өлшемге ұластыра, қазақ жур­налистикасындағы қыз-келіншектер ізденісі­нің бағыт-бағдарын сездіріп қою еді. Сөйтсем, бұл ыңғайдағы талғам мен табандылық, көр­кемдік пен күрескерлік, тапқырлық пен тал­ғампаздық, ойлылық пен парасаттылық, күр­де­лілік пен күрмеулілік, т.б. өзіңе ғана тән ерекше сипаттағы алымдылық пен шалым­ды­лық қасиеттері сені даралап тұрады екен-ау. Оған дәйегіміз көп. Жазғаның аз ба, көп бе? Ол жағына бас қа­тыру жөнсіз. ҚазМУ-дың журфагын тәмам­дап, туған өлкеңе оралып, аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде табан аудармай алты жыл қалам көрігін қыздырып, шабытыңа қа­нат байлап Алматыға келіп, «Социалистік Қазақстанның» шаңырағына уық болып қада­лыпсың. Секірісің мықты. Екінің біріне бұй­ыр­майтын нәсіп. Осының бәріне мұрындық болған, әрине, тағдыр, талайыңа бұйырған кә­сіп. Жазармандық кәсіп. Түсінем, ауыл мен астана арасын. Қай өл­шеммен алғанда да орныққан тұғырыңның жөні бөлек еді ғой. Облыстық газеттен «СҚ»-ның меншікті тілшілігіне ат ауыстырып мінгенімде, өзімнен-өзім үрейленгенім әлі есімде. Батпан жүк мойынымды иіп, белімді талдыр­ғандай-тын. Әрине, бұл тоқсаныншы жылдар­дың дәп басында табалдырығын екеуміз қа­тарласа аттаған «СҚ»-ның талабы мен жауапкершілігінен туындаған астарлы да асқақ сезім шарпуы болғанын ұмытпаспыз, сірә. Аудан жақта не жаздың, бұл жағы маған беймағұлым. Бір білетінім, қаламыңды қай­рақ­қа шыңдап, талпынысыңды үдетіп, шебер­лі­гіңді еселегенің сезіледі. Әйтпесе, еліміздің бас газетінің илеуіне шыдауың екіталай болар еді. Мен сенімен содан бергі жиырма бір жыл бойына әріптес боп келеді екенмін. Торғайда жатып-ақ, Алматыдағы жазып-сызғаныңа ра­зы болып жүретінмін. Тілшілердің жылдық жиналысына барғанымызда іскерлік жедел жүздесулердегі әріптестік әңгіме-пікірлесу­лерде жазудағы бетіңнің айқындығын аңғарып қалғанмын. Жазғаныңнан жан-жүрегіңнің та­за­лығын, бекініп бекемденген шебіңнің биіктігін ойша сараласам, енді бүкіл болмы­сың­ның мамандығың алдындағы шарболаттай тұтастығын сезініп, сүйсінген едім. Әлі талай халқыңа қалтқысыз қызмет ететініңе имандай сенгем. Сол үмітімді алдамағаның үшін, рахмет саған, қалқам. Кәсіп туыстығы мен қалам іңкәрлігі табыстырмаса, мен саған бұлай тән­тілік сөзімді әсте арнамаған болар едім. Оны түсінуге тиістісің. Кім көрінгенге иілмейтін қаламым саған хат жазуға өзі иліктірген мені... Мұның сырын ғажайып қып көрсетпесем де болады. Тіпті тым қарапайым ғана. Бар бол­ғаны – Сенің қаламыңнан туындаған күллі үлкенді-кішілі дүниелеріңнің үнемі талғам­паз­дықпен жазылып, ел мүддесін аялап, ас­қақ­тата жырлай білетін жалынды үн-дауы­сың­ның шынайылығында, қалтқысыз беріліп өр­нектейтініңде жатқанын ашып айтқаным жөн. Міне, мені жазғандарыңа үйірілтіп тұратын осы қасиетің. Хабарыңа дейін тықырлап оқып, қанағат ететінім де сол ақаусыз, алғаусыз, сенген, сүйсінген көңілден болса керек. Әлі есімде, 1997 жылы қысқа салым, біздің салалық министрлік ғимаратының бір бөлмесін жалға алып отырған газеттің тілшілер қосынына Ғабит Мүсіреп, Зәкира Төле­шова және сен – Қарашаш Тоқсанбай келіп қосылдыңдар. Дәлізде кездесіп қалып жүрдік немесе әдейі іздеп барып қауқылдасып қай­та­тынбыз. Сен «Москва-8М» портативті жазу мәшеңкесінде құлындай ойнап, сөзбен шар­пы­сып, ойыңмен шайқасып отыратынсың. Ал­ма­тыдағы «Егемен» редакциясы сендерді Ар­қа­ның аязына пима сыйлап шығарып салған­да­рын газеттен білетін едік, «Арқар қысы жайлы жерге ауса, біз керісінше істеп тұрмыз, бұл да елдік мінездің тарпаңдығы ғой» деп, клавиштен саусақтарыңды ажыратып, үкінің ұясындай бөлмеден ойыңды Сарыарқаға сам­ға­тып жіберген сәнді де сұлулыққа бөккен сә­тің жадымда жатталып қалыпты. Қыстың қа­қа­ған бір кешінде тері тоныммен-ақ аязға қа­ры­лып, аялдамада тұрғанымда, еріксіз есіме сен түсіп, одан әрі үлбіреген раушан гүлі кө­ңіліме оралып, ол мына суықтан үсіп кететіндей күйгелектеніппін. Сол гүлдің әлі бүрісіп солмай, көз қызықтыра жайнап, жан жады­ра­тып келе жатқанына іштей тәубе дейміз... Қарағым Қарашаш! Екі қабатты ескі редакцияда қабырғалас бөлмеде, көрші отырдық қой. Кейде алыстағы қарындасын сағынған­дай боп мен кіріп барсам, енді бірде ағасын іздегендей ізетпен үлбіреген сезіміңе сәлеміңді орап сен есік ашатынсың. Ондайда әңгіме әр­қиырға шарлайды. Отан, туған жер, Алматы, өскен орта, қалам ұстатқан тұма бастау... Сыр­қаттанып, әлсін-әлі ауруханаға түсіп, емделіп жүрген әкеңді көп айтатынсың. Бір жолы ауылда еңкейген жасына қарамай, әлде сауық­қанын дәлелдегісі келді ме екен, әкең ерттеулі атқа қарғып мініп, құйындата жөнелгенде, көзіңе жас үйіріліпті... Сенің салмақты, сыпа­йы, байсалды кейпіңе қарап, қаттылау ма екен деп қалсақ та, сол сәтте нағыз нәзік жүрек, ыстық сезім иесі екеніңе көзіміз әбден жеткен. Сенің бар жазғаның жан-жүрегіңнің шарпуы­мен пісіп-жетіліп, сезімге бөктіріліп, пештен жаңа ғана алынған күлшедей балбырап тұра­тын­дығының сырын да енді түсіндік. Сені өзгелермен шатастырмайтындығымыздың да себебі осында жатқан секілді. Қолыңдағы қа­ламың өзіңді ешкімге ұқсатпаған бір тілшісің. Осы қасиетің басқаларға да дарыса игі. Қарындасым Қарашаш! Сенің жазғанда­ры­ңа оқырмандардың құштарлығын оятып, көзін жеткізейін деуден аулақпын. Бұл менің міндетіме жатпайды. Көзқарақтысы, «Егеменді» оқитындары бұл жағынан қамшы сал­дыр­мауы тиіс. Өздері-ақ сенің шығармаларыңа жақ­сы қанық деп ойлаймын. Қазір жазған­да­рыңды танауынан шүйделеп, тізіп қайтемін. Көбісін өзің де ұмытып қалған шығарсың. Әй­теуір бір білетініміз, Сен еліміздің аса көрнек­ті өнер, мәдениет, әдебиет, ғылым қайрат­кер­лерінен сұхбат алып, тіліңнің майын тамыза тәлімді етіп жазғаның. Олардың атын атап, тү­сін түстеудің қажеті шамалы шығар. Оқыр­ман, көкейіңдегі бір нар тұлғаны елест­е­ті­ңіз­ші. Әне, сол қайталанбас тарлан туралы Қара­шаш қалам тербегенін есіңе ала жүргейсің. Ауызекі әңгімеде не айтылмайды. Судай сұй­ық­тау, құмдай сусылы басым кетіп жатады. Соның бәрін қол диірменнен шыққан ұндай мап-майда, түйірсіз ғып, дәмін таттыра біле­сің. Дәмі қандай және! Қарлығашым Қарашаш! Сенің әр жазға­ныңды көктемде келер қарлығаштай сағына күтіп отыратын оқырмандарыңның бары қан­дай ғанибет. Солардан сыр жасырып қайтем. Қарашаш-ау, жазғандарыңды жинастырып, жи­нақ етіп шығаруың керек деп үнемі, қиы­лып жүрмін ғой. Құлағыңа аспайсың. Жазыл­ды бітті. Оны кім оқиды дейсің. Талғам­паз­дықтың да шегі бар. Сені сендіре сөйлейінші, жазғандарыңды қаузап оқитындар, кітап күй­ін­де де қастерлер еді ғой. Осы жағын шым­байыңа батырып әдейі айтып отырмын. Әлі де кеш емес, өзің үшін емес, өзге үшін құрас­тырып, жинақ етіп бастыршы. Барлық жанр қамтылған берекелі дүние боларына сенемін. Қаламдасым Қарашаш! Сенің осы газет қызметіне жегілген ширек ғасырдан астам мерзімде қамтымаған тақырыбың жоқ шығар. Қай жанрдың да майталманысың. Су төгілмес жорғасысың. Астананы рухани жағынан тұр­ғызып, сезіммен, талғаммен сәулеттенді­ру­ші­лердің бірісің десек, қателеспейміз. Кірпішпен сарай соғылар, ал көркем сөзбен, терең оймен сол сарайдың түңлігі өмірлік желпініп тұрар. Елдіктің екпінін сездіріп, Тәуелсіз­дік­тің туын желбіретіп тұрар. Берік қауымдас­тық­тың ажырамайтын қабырғасын бекемдеп құрар! Сүйікті газетіңмен қоса сенің де үлесің бар осы қасиетті қарбалас, күйбең тірлікте. Әрине, өзің үшін – күйбең, Елің үшін – күй-дем! Сен бақыттысың, әр мақалаңмен Ота­ның­ның ертеңін ойлап, жан-жүрегіңмен күйген! Ал Қарашаш! Өзің білесің, газет беті со­зылмайды. Тіл ұшымдағы айтылмағаны қи­най­ды. Қаламым да қанаттанбаған ойларымды қи­майды. Өткендегі бір ұжымдық қуанышты оты­­рыста айтқан «Қимаймын» әнің сезімімді баурап кеткенін қарашы. «Ұясына батқан күн­ді қимаймын, Ерте солып жатқан гүлді қи­маймын...» – деп ақ көбелек қанатымен ілесіп, мына дәуреннің бағасын асқақтата әуе­леткен едің. Сонда ойлағам, мына Қарашаш қаламы­ның құдіретті қарымы әнмен өрнек­телген алы­мымен, нәзік жүрек нақышымен, әділдікті сүй­ген болмысымен, туралықпен суарылған талан­тымен, ай сәулесіндей ақи­қат­шыл ақыл-ойы­мен ажарланып, бөлек бітімденіп, сапалық нұс­қасымен айқындалып тұрған екен ғой деп. ...Осы ойымның дұрыстығын оқырман­да­рым да құптар деп, сергіп, үмітті жаймен үшбу хатымды аяқтадым, Қарашаш! Қайсар ӘЛІМ.