Қоғам • 15 Тамыз, 2018

Нарынқолдағы застава

1166 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Нарынқол – тарихи оқиғаларға бай өлке. Сонымен бірге талай тамаша талант иелері өмірге келген жер де. Ал тамылжыған табиғаты ше?! Қойнауындағы қазба байлықтары... Сөз ретіне қарай бұл өңірдің тағы бір ерекшелігін де атап айта кеткен жөн. Ол осы Аспантау аймағының мемлекеттік шекара шебінде тұрғандығында. Иә, солай. Өзіміз сөз еткелі отырған өлке тәуелсіз Қазақ елінің Қытаймен, сосын Қырғызстанмен арадағы жер межесін айқындайтын оңтүстік шығыстағы шеткі нүктесі.

Нарынқолдағы застава

...Біз міне, осы жерде тұрмыз. Осы жер дегеніміз – шекара әскерлерінің жергілікті комендатурасы. Ол – Нарынқол ауы­лында орналасқан. Бақылау бекетіндегі кезекші жауынгер­дің хабарлауымен бізге беттеген аққұба өңді бойшаң жігіт өзін: «Капитан Сапархан Бейсенбаев», – деп таныстырды. Содан соң: «Сіздің мұнда келетініңізден хабардармыз. Іссапарыңыздың мән-жайын Алматыдағы шекара қызметі дирекциясы айтқан», – деді де ішке кіруімізді өтінді. Оның кеңсе ғимаратына жеткенге дейінгі айтқан алғашқы әңгі­месіне қарағанда, жергілікті халық ауданның қайта ашыл­ғанына ерекше қуанышты екен. Өйтпегенде ше! Осыдан 20 жыл бұрын жабылып, орталығы 100 шақырым жердегі Кегенге көшірілген, жұмыссыздыққа байланысты тіршілік тауқыметінен адамдары жан-жаққа босып, алыс аймақтарға кеткен өңірде не береке болушы еді. Шүкір, енді соның бәрі оңалып, ретке келмекші екен. Оған дәлел, бір кездері осы жерден қоныс аударған жұрттың аудан ашылды деген хабарды естіп, ауылға қайта орала бастауы. Жақсылық нышанының бұдан кейінгі тағы бір белгісі Алматы облысындағы 14 ауданның қайтадан құры­лып, бойын тіктеп жатқан Нарын­қол өңіріндегі елді мекендерге көмек ретінде балабақша, көпір, фельд­шерлік-акушерлік орталық, көшелерді асфальттау мен электр желілерін тарту сияқты құры­лыстарды өз күштерімен салып беруге кірісіп кеткендігі. 

– Шекаралы өңірдегі тұрғын халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы, көңіл-күйі дұрыс болса, бұл біздің жұмысымыздың да оңға басуына игі ықпал етері анық, – деді жүріп келе жатып сөзін жалғаған Сапархан Төреханұлы. – Себебі жоғарыдағыдай алғы­шарт­тардың нәтижесінде өз мәніндегі қалыпты моральдық-психологиялық ахуал орнық­қан мұндай жерде қылмыс пен тәртіпсіздік, оның көлеңкелі көріністері болмайды. Ал бұл, яғни тыныштық мәселесі шекаралы аймақ үшін ең басты нәрсе. Содан соң, мемлекеттік маңызға ие осы өлкедегі адам ресурсы, оның көп, мол болуы да біздің шекара қызметі үшін үлкен күш. Тегеурінді тірек. Әрі арғы беттегі көрші елге сес, айбат. Сондықтан ауданның ашылып, өңірдегі адам мен техника қарасының көбейгені жақсы болды деп есептейміз. 

Комендатура бастығының осын­дай әңгімесімен бас корпус­тағы саяси оқу залына қалай келіп қалғанымызды да байқамай қа­лыппыз. Әрі лекция кабинеті, әрі кітапхана, оған қоса музей деп айтса да болатын бұл мүйіс түрлі тарихи суреттер мен дерек-мәліметтерге тұнып тұр. Олар­ды рет-ретімен баяндауды өз мін­детіне алған зас­тава комендатура бас­тығының орынбасары, ма­йор Александр Ахырцовтың сөзіне қарағанда, Нарынқол ауылындағы бұл шекара құрылымының тарихы 1921 жылдан басталады екен. Содан бергі ғасырға жуық уақыт ішінде мұндағы оқиғаларды бір мақалаға сыйдырып айтып жеткізу өте қиын. Мұны тек көзбен көріп, құлақпен естіп, тыңдау қажет. Қабыр­ғадағы тізіліп тұрған сол дерек­тердің арасынан біздің есте ұстап қалғанымыз, осы шекаралы өңірдегі 1920-1932 жылдарда Кеңес өкіметінің солақай саясатынан туындаған үркіншілік пен 1962-1976 жылдардағы көрші елде болған мәдени революция кезіндегі мазасыз жағдай еді. Міне, солардың бәрі енді өткен күннің белгісі ретінде мына стенділерде үнсіз сыр шертіп тұр.

Жолбасшымыз бас корпус­тағы өзіміз сөз еткен саяси оқу залын аралатып болған соң, осын­дағы жауынгерлер казармасы мен олар тамақтанатын асхананы көр­сетті. Бұлардың бәрінде де тәртіп пен реттілік бірден байқалады. Оған терезе жақтаулары мен еден, баспалдақтардағы айнадай жалтыраған тазалықты қосыңыз. Ал қару-жарақ бөлмесі алдындағы кірпік қақпай тұрған қарауыл мен дәліздегі сымдай тартылған кезекші сарбаз үстіндегі қыры сынбаған су жаңа әскери киімдер ше?! Бәрі де сәнді. Жарасымды. Әрі ұнасымды. 

Көңіл өсірер осындай әсермен сыртқа шыққанбыз. Сол сәтте көзіміздің застава алаңындағы қызыл гранитке түспесі бар ма?! Байқап қараймыз, мұнда ол жайдан жай тұрған нәрсе емес сияқты. Биіктігі 3 метрге жуық бұл дүмді, үлкен тас көне жәдігерге ұқсай ма, қалай? Ойымыз алдамапты. Жақындап келіп қарағанымыз­да, оның жоғарғы жағында пат­ша­лық Ресей заманындағы герб сұл­басы, ал ортаңғы тұста №2 деп қашалған цифр ізі байқалды. Сөйтсек бұл ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Шәуешек келісімі бойынша сол кездегі екі ел арасында тартылған алғашқы шекара шебінің белгісі екен. 150 жылға жуық уақыт бойғы патша, кеңес заманын басынан өткере мызғымай тұрған сол сынтас 1994-1997 жылдарғы жаңа үлгі­дегі қазақ-қытай жер межелеу жұ­мысы басталғанда, қазіргі ха­лық­­аралық стандартқа сай ала баған­­мен алмастырылған. Осыған бай­­ланысты елеусіз қалып бара жат­­қан ескі белгіні көрген шекара­шы­лар оны өткен шақтың ескерт­кі­ші ретінде заставаға әкеліп қояды.

Майор Александр Ахырцов қарсы алдымыздағы қызыл гранит жәдігерге осындай түсінік­теме беріп болған соң бізді застава аумағының шығыс жағы­на алып келді. Мұнда кинолог­­тар базасы орналасыпты. Иіс сезгіш, ізшіл, өжет те айбарлы, асыл тұқымды овчаркалар... Олар­дың шекара өміріндегі алатын орнын бұл жерде ежіктей түсін­діріп, айтып жатудың қажеті жоқ шығар, сірә. Бала кезіміздегі осы тақырыптағы «Мемлекеттік шекара», «Бәйше­шектер гүлдеген жерде» атты кино­фильмдерде көрген төрт аяқ­ты бұл ақылды жануарлардың жасыл фуражкалы шекарашы иелерінен де артық ептілігі мен батылдығы таңдай қақтырмаушы ма еді. Енді міне, тәуелсіз Отаны­­мыздың шебін күзетуші ұлан­дарымыздың сондай сенімді серіктерін қазір өз көзімізбен көріп тұрмыз. Мұнда бірнеше овчарка күтіп бағылады екен. Олар сержант Айдын Әкімхановтың жауапкершілігінде болып шықты. Кинолог оның айтуына қараған­да, бұл ақылды жануарлармен жұ­мыс күнделікті күтімнен және ережеде көрсетілген дайын­дық­тан тұрады. Алғашқысына тиіс­ті тамақ рационын әзірлеп, оны уақытымен беруді қадағалау және ветеринарлық тәртіп-талап: ай сайын қан алып, инфекциядан қорғайтын укол салу, жуын­дырып, жатын орнын тазалап тұру сияқты жұмыстарды бақылау кіретін болып шықты. Ал соңғысына әскери нұсқаулықтағы ережеге сәйкес бұл овчаркаларды күн сайын із шалдыруға баулып, жаттығу алаңындағы түрлі кедергілерден секіртуге үйрету, күзет нарядымен бірге бейтарап аймақты бақылап қайтуға жіберу, қырағылықты күшейтуге арналған жалған дабыл операцияларына қатыстыру сияқты жұмыстар жатады екен. Осындай жүйелі іс-шара үдерістерінің арқасында бұл бағытта мұндағы қол жеткен нәтижелер жаман емес. Оған нақты мысал келтірер болсақ, үстіміздегі жылғы көктемде өзіміз сөз етіп отырған кинологтар базасындағы «Кит» (аты белгілі себептермен өзгертіліп алынды – авт.) деген овчарка Шығыс өңірлік шекара әскерлері қызметі арасында өткізілген байқауда барлық сыннан сүрінбей өтіп, чемпион атаныпты. Бір застава үшін бұл жақсы жетістік. Үлкен көрсеткіш!

Нарынқол ауылында орна­лас­қан жоғарыдағы шекара құрылымын көріп, оның тыныс-тіршілігімен танысып болған соң, Қостөбе заставасына бет алдық. Аудан орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан бұл елді мекен қазақ әдебиетінің классигі Бекең, Бердібек Соқпақбаевтың туып, өскен жері. Жазушының «Балалық шаққа саяхат» атты атақ­ты шығармасында өте көп ай­­ты­латын Қостөбе біздің бала кезімізде «Октябрьдің 40 жыл­дығы» кеңшарына қарайтын тауар­лы-сүт фермасының орта­лығы еді. Кейін 90-жылдарғы аласа­пыранда қатты жүдеп, шал-шауқаннан басқа адам қалмаған-тын. Қазір, иә, қазір... Ауылдың кіре бері­сінен бастап байқап келе­міз, жанды қимыл-қарекет бел ала бастапты. 

– Бұл ауыл адамдарымен ара­дағы байланысымыз жақсы, – деді бізді бақылау бекеті жанынан қарсы алған Қостөбе шекара заставасының бастығы, капитан Бауыржан Бақтияров алғашқы аман-саулықтан кейін. – Жәрдем, көмек сұрап келсе, оны аяқсыз қалдырған емеспіз. Айтылатын өтініштер тіршілік қамына байланысты шаруалар ғой. 

Бауыржанның әңгімесін тың­дап келе жатып, сөз арасында өзінен жөн сұрадық. Егемен­дігіміздің елең-алаңында өмірге келген тәуелсіздік ұланы екен. Орта мектепті бітірген соң Алма­ты­ға келіп әскери училище, одан кейін Шекара қызметі академия­сында оқиды. Қолына диплом тиісімен Жаркенттегі Смирново заставасына жолдама алып, аталмыш құрылым бастығының орын­басары, одан Қалжаттағы Гео­партия заставасының бастығы қыз­меттерін атқарады. 2017 жылдан бастап осында екен. 

– Өлара уақыт, өтпелі кезең деп аталған 90-жылдардағы аласапыран шекара әскерлеріне де оңай тимегенін жақсы білеміз. Оны сол кездері ауылымызға еңбек демалысын алып келгенде осы жерден талай көргенбіз. Қазіргі жағдай қалай дедім? – дедім мен жоғарыдағы әңгімені тыңдап болған соң Бауыржанға.

– Иә, бұдан 18-20 жыл бұрын­ғы ондай жайттардан хабарымыз бар, – деді ол. – Оны бізге кезінде осы заставадағы шаруашылық жұмыстарына келісімшартпен алынған ауыл адамдары айтқан. Қазір олай емес. Шекарашы сарбаздар күніне 3 уақыт толық, 1 рет жеңіл ас мәзірімен қамтамасыз етіл­ген. Жауынгерлердің жылы да ың­ғайлы әрі жарасымды қысқы, жазғы және күзгі киімдері туралы да осылай дер едім. Олар жыл сайын шыттай, су жаңа әскери форма комплектілерімен толық қамтамасыз етіліп келеді. Тоқетерін айтқанда, үкімет бүгін­гі таңда шекарашылар алдына бір ғана міндет қойып отыр. Ол – тәуелсіз Қазақ елінің осы сала­дағы ұландары ештеңеге алаң­дамауы керек. Мемлекет тарапынан жасалған жоғарыдағыдай жағ­дайға ие олар тек Отан шебін қыра­ғы­лықпен күзетуі қажет деген талап. 

– Дұрыс екен. Енді мына мәсе­ле жөнінде бірер сөз. Ел еге­мен­дігінің алғашқы жылдарында басқа жерді қайдам, ал мына Нарынқол аумағындағы шекара заставаларының жауынгерлерін бір өңірден, осы Алматы облысы аудандарынан жасақтаған кездер болды. Мұндай жағдай сол уақытта біраз әбігер тудырғаны бар. Кейіндері де солай болып жүрді ме, қалай?..

– Жоқ. Бұл 1995-1997 жыл­­дар­ға дейінгі жағдай ғой. Ол кез­дері әскерге шақырылғандар­ды респуб­ликамыздың түкпір-түк­пірінен әкелуге жол шығы­нына қажет қаржы тапшылы­ғы қолбайлау болған еді. 2000 жылдан бастап Отан шебін күзету­шілерді әр аймақ­тан тартуға назар аударыла бастады. Бүгінде ол өзінің жар­қын көрінісін тапқан. Оны осы Қос­төбе заставасында Семей, Өске­­мен, Атырау, Ақтау және Қызыл­­ордадан шақырылып, жауын­герлік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген ұландардың қыз­меті­нен анық байқауға болады. Қазақ, орыс, татар және неміс ұлт­тарының өкілдері олар ұйым­шыл әрі өте тату. Бізді міне, жас­тардың осы қасиеті қатты қуантады. 

Капитан Бауыржан Бақтияров­тың әңгімесін тыңдап, сөз арасында өзіміз қойған сұрақтарға лайық­ты жауап алғаннан кейін шеттегі Текес өзені­нің биік жар­қабағында тұрып, шекараны көре бастадық. Ауылдың шетін бойлай 6 қатар­лы тікенді сымтемір тартылған бір белдеу тұр. Бұл бейтарап ай­мақтың басталғанын білдіретін белгі. Соның іргесін бойлай ені 10 метрлік топырағы майдаланып тұрып жыртылған жер көрінеді. Ол абайсызда аттаған адам, аң іздерін тапжылтпай тап басып қалатын сақтық телімі. Міне, содан соң барып 12 қатарлы тікенді сымтемірмен оқтай боп тартылған біздің мемлекеттік шекарамыз көрінеді. Ал одан әрі, яғни арғы бетте ше? Қатырып тұрып жасаған, әрқайсысына тағы да бірнеше қатарлы сымтемір тартылған екі еңселі белдеу тұр. Жолбасшымыздың айтуынша бұл өз шебін мықтап шегендеген көрші елдің тірлігі екен. Соңғы кездері олар шекара мәселесіне өте қатты мән бергені соншалық, әрбір 700 метр телімге бір бейнебақылау камерасын орнатып қойыпты. Ультра күлгін түсті сәулелермен жабдықталған аппараттарға күн де, түн де, ауа райының жаңбыр-ша­шы­нды, тұманды сәттері де бәрі­­бір екен. Ала бағанаға қонған құс не­месе сымтемір арасынан өтпек бол­ған қоян көрінсе, олар объек­тив­ке сырт етіп түседі де қалады. 

...Қостөбедегі шекарашылар өмірінің тыныс-тіршілігімен танысып болып, одан 30 шақырым жердегі Байынқол заставасына келгенімізде, күн екіндіге тая­нып қалған кез еді. Кеңсе ғима­ратына ене бере бірден сондағы музей мүйісіне бет алдық. Себебі таңертеңгі Нарынқол комен­да­турасындағы әңгімеде капи­тан Сапархан Бейсенбаев тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таудағы Байынқол шекара зас­тавасына арнайы келіп, ондағы жауынгерлермен кездескенін айтып қалған еді. Біздің ойымыз Мемлекет басшысының шекарашылармен жүздесудегі сол сапарынан мұнда бір белгі қалмады ма екен деген үміт. Иә, бар екен. Фотосурет! Шетіне: «1992 жыл. 8 тамыз», – деп жазылған түсі­рілімде Президент офицерлік құрам мен жас сарбаздардың ортасында отыр. Әскери борыштарын сол кездері осында өтеп, егемен еліміздің тұңғыш басшысының ел мен жер, қасиетті Отан туралы сөздерін тыңдаған мына өндірдей жігіт­тер қазір қайда, нендей жұ­мыс атқарып жүр екен? Олар өз­дерінің сол жап-жас қалпында тау ара­сындағы застава музейінде тарихи сәтке куә жандар ретінде тұрғанын біле ме?

Осындай оймен сыртқа бет алғанымызда бір орыс жігітінің қазақша сәлем беріп, дәліз шетіне тұра қалмасы бар ма?! Ішіміз жылып, аты-жөнін сұрауға ыңғай­лан­ғанымызда: «Қатардағы жауынгер Вениамин Акентьев. Әскери міндетін өтеп жүргеніне жарты жыл болып қалды. Үлгілі, ізетті сарбаз», – деді застава бастығы, аға лей­тенант Жандос Сәруаров. Сөйт­ті де ол біздің өтінішіміз бойынша мұндағы атпен жүретін шол­ғыншылар наряды туралы айта бастады. Оларды, яғни салт атты сарбаздарды мана жол бойындағы шекара телімінен көрген едік. Застава бастығының сөзіне қарағанда Байынқол өңі­ріндегі еліміз шебінің бір бөлігі техника жүре алмайтын таулы-тасты жерлермен өтеді екен. Сон­дықтан бұған атты жасақ қажет. Осыны зерттеп, талдаған Шы­ғыс өңір­лік шекара әскерлері қыз­меті рес­публикамыздың Зай­сан, Катон­қарағай, Нарынқол, Қар­қара аумақ­тарында атты наряд­тың қажет екенін түсініп, оны өздерінің жұмыс жүйесіне енгізген.

– Мініс аттарын қайдан, қалай таңдап аласыздар? Бұлар осы жергілікті тау жылқысының тұқы­мы ма? – дедім мен қорадағы түр-түсі жұпыны, тұрқы кіші қыл­құй­рықтарға көз салып тұрып. 

– Жоқ. Біздің сарбаздар мініп жүрген аттар Күршімнен әкелінген. Оларды іріктеп, мемлекеттік тапсырыспен сатып алу тек сол бір ғана жерде, Шығыс Қазақстан жақта жүргізіледі.

Жандосқа қойған соңғы сұра­ғы­мыз қалтарысы мен бұлта­рысы мол осы таулы өңірде ке­йін­гі уақыттары қандай да бір оқыс оқиға, кездейсоқ жайттар ұшырасып қалған жоқ па деген сауал болды. Ол бұған өзінің біз сөз етіп отырған Байынқол заставасына басшылық етуге келгеніне көп болмағанын, содан бері ешқандай шекара тәртібін бұзу фактілері орын алмағанын айтты. Сөйтті де Нарынқол шекара әскерлері комендатурасы бастығының орынбасары, ма­йор Александр Ахырцовтың осы көктемде мұнда қызмет етуге келген жас сарбаздармен танысу кезіндегі саяси сабақта сөз еткен бір жайтты әңгімелеп берді. Ол поляк альпинистері туралы оқиға. 2011 жылғы жазда олар Хантәңірі шыңына шығу үшін соның іргесіндегі Жарбұлақ лагеріне осы Байынқол заставасы арқылы өтеді. Бес күннен кейін шекарашыларға: «Олар жоғалып кетті», – деген хабар келген. Застава дүрк көтеріліп, сай-сайды сүзген бойы Мәрмәр қабырғаға жетеді. Бесеуінің де қоналқаға деп тіккен шатырлары тұр. Ал өздері жоқ. Іздеу жұмыстары ай бойы жүреді. Нәтиже болмайды. Кейін Польшадан келген арнайы топ оны жыл бойы жалғастырып: «Олар мұз жарығына түсіп кетіп, іздерін жауған қар басып қалған», – деген тұжырым жасайды. 

...Тау. Түн. Айлы аспан. Біз шекараны бойлап, Нарынқолға қарай келе жатырмыз. Аңғардағы асау тау өзенінің алыстан құмыға шыққан үні болмаса, төңірек тып-тыныш. Әрбір 15-20 шақырым жердегі қарауыл мұнаралары, ондағы кірпік қақпай күзетте тұрған жауынгерлердің қол фонарларымен жылт-жылт еткізіп белгі беруін көрген сайын ойыма осы өңірдің аяулы перзенті, поэ­зия мұзбалағы, ақын Мұқағали Мақатаевтың «Шекарада» атты дас­танындағы өлең жолдары орала берді. Ол: «Міне, мен Отаным­ның шетіндемін. Тыныш­­тық. Өтуде түн, өтуде күн. Қасиетті жерімді қарауылдап, Қайыспай күзе­туге бекінгенмін. Мен, міне, Отанымның шетін­демін. Маған жер жоқ, Отан жоқ әрі қарай, Әрі қарай мекен жоқ жаныма жай. Осы жерден шығады күнім менің, осы жерден атады таңым арай», – деген қос шумақ еді.

Құлағымда тентек тау өзенінің гүрілі. Ойымда ақын ағаның ел шеті, Отан шебі туралы жыры. Ал жанарымда, иә, көз алдымда түнгі тыныштыққа ұйыған атамекен келбеті. Осы көрінісінде туған жер бейбіт күнмен тыныс­тап, бейқұт өмірге бөленіп тұр. Әманда солай болғай!..

Жанболат АУПБАЕВ