Әдебиет • 15 Тамыз, 2018

Дәметкен Сүлейменованың «Жаһанша Досмұхамедов һәм қазақ автономиясы» кітабы жарық көрді

1335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Дәметкен Сүлейменованың «Жаһанша Досмұхамедов һәм қазақ автономиясы» атты жаңа кітабы жарық көрді.

 

Дәметкен Сүлейменованың «Жаһанша Досмұхамедов һәм қазақ автономиясы» кітабы жарық көрді

– Алаш тарихын зерттеу ісі – ел тәуел­сізді­гінің жемісі. Дәметкен Дос­мұхан­­қызы Алаш қозғалысы Батыс бөлігінің тарихын тереңдете зерттеп келеді. «Руха­ни жаңғыру» бағдар­ламасы аясында жұрт­ш­ы­лыққа бүгін ұсынылып отырған моно­графиясы да өте құнды, – дейді филология ғылым­дарының докторы Мұрат Сабыр.

Оқушылар мен студенттер қауымы­на оқулық ретінде пайдалануға да бола­тын бұл еңбек Күнбатыс Алашор­да­ның 100 жылдығына орай шығарылған. Кітап­та Алашорданың алғашқы мемле­кет­тік құрылымы – «Ойыл уәлаяты» атты Уа­қыт­ша үкімет пен 1918 жы­лы құрыл­ған Күн­батыс Алашорда үкіметі­нің атқар­ған қыз­меті, тарихтан алатын орны құжат­тар­мен баяндалады. Сон­дай-ақ Жаһан­ша Дос­мұхамедовтың өмір­баяны, саяси қыз­­меті туралы құнды мәлі­мет­терге қо­са, Батыс Алашорданың елу қай­раткері туралы өмір­баян­дық мәліметтер, сирек суреттер басылған.

– Бұл еңбекті жазуға бес жыл уақыт кетті. Былтыр Алаш қозғалысына 100 жыл және Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдық мерейтойына орай Жымпиты – Мәскеу, Жымпиты – Семей экспедиция­ларына шығып, бірқатар құжат тапқан едік. Оның бәрі осы жинаққа енгізілді. Жаһанша Досмұхамедұлының Мәскеуде Бутово полигонында жерленгенін анық­тадық. Монография негізгі үш тараудан тұрады. Бірінші тарауда ХХ ғасырдың басын­дағы елдегі саяси ахуал және Алаш қоз­ға­лысының тарихнамасы баяндалады. Яғни Қазақстан, соның ішінде Батыс Қазақ­стан өңірінің сол кездегі қоғам­­­дық-саяси жағдайы толығымен беріл­ген. Екінші тарауда Жаһанша Дос­мұ­ха­­ме­довтың өмірі мен атқарған қоғам­дық қыз­м­еті кезең-кезеңімен алты бөлімге бөлініп көрсетілген. Осы кітапта Күн­ба­тыс Алашорда тарихына қатысты көп­те­ген құжаттық деректерді сол күйінде бер­­­дім. Бұл құжаттық деректер негізінен Оры­н­­бордан, Уфа директориясынан, Мәс­кеу, Алматы архивтерінен, тұлғалар та­ри­­хы туралы Президенттік архивтен алын­д­ы. Сондай-ақ өзіміздің облыстық та­­ри­хи-өлкетану музейінде сақталған құ­­жат­тар да пайдаланылды, – дейді кітап авторы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»