22 Желтоқсан, 2011

«Болашақтың» жаңа мүмкіндігі

274 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хат­шы­сы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Шетелде кадрлар даяр­лау жөніндегі республикалық комиссияның қорытынды мәжілісі өтті. Отырысты сөз сөйлеп ашқан  Қ.Саудабаев: «Елбасы бағдарлама­сы­ның ең маңызды басымдығына ие болған жастардың білім деңгейі мен сапасын арттыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Тәуелсіздіктің 20 жылында білім мен ғылымның қаржыландырылуы едәуір артты, жыл сайын мек­теп­тердің жүйесі кеңейтілуде, осының нәтижесінде елімізде ең жоғары халықаралық стандарттарға жауап беретін «Назарбаев Университеті» ашылғанын атап өткен жөн. Эко­номикалық қиындыққа қарамастан тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­ры­нан-ақ Президенттің бастамасымен тағайындалған «Болашақ» бағдар­ла­масы шет елдегі алдыңғы қатар­лы жоғары оқу орындарында кадр даярлауда ерекше орын алды. Қазіргі таңда «Болашақ» түлектері әлеуметтік-экономикалық, индус­трия­лды-инновациялық дамуға үл­кен үлес қосуда. Сол себепті біз мемлекетіміздің үдемелі дамуына қажетті жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлайтын Президенттік бағдарламаның мүм­кін­шілігін әрі қарай барынша қол­дана түсуіміз керек», – деп атап өтті. Қорытынды мәжілісте Білім және ғылым министрі Б.Жұма­ғұлов­тың баяндамасы тыңдалды. 2011 жылғы 1 қыркүйек пен 8 жел­тоқсан аралығында өткізілген кон­курстық іріктеудің бірінші және екін­ші кезеңдерінің нәтижелері бойынша Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комис­сия­ның қарауына «Болашақ» ха­лық­аралық стипендиясын тағайын­дау үшін 389 үміткердің жеке істері шығарылды. Олардың ішінде конкурстық іріктеуге 67 үміткер шетелдің жоғары оқу орындарына өз бетімен түскен үміткер ретінде, ал 322 жас жалпы конкурс бой­ынша қатысқан еді. Үміткерлердің саны мен оқыту бағдарламалары бойынша өтінімдерге келсек, ма­гистратураға – 328, докторантураға – 2, ғылыми тағылымдамаларға 59 үміткер түсіп отыр. Жастардың көп­шілігі құжаттарын Ұлыбри­та­ния (159 адам), АҚШ (91 адам), Ресей (34 адам), Германия (19 адам) сияқты өркениетті елдердің жоға­ры оқу орындарына тапсырса, мұ­нан басқа тағы да Франция, Италия, Австралия, Қытай, Нидер­лан­ды, Норвегия, Чехия, Канада, Словакия, Австрия, Швейцария елдерінде білім алуды жөн санағандар баршылық. Үміткерлердің дені «Мемлекеттік басқару», «Білім са­ла­сындағы басқару», «Құқық», «Экономика», «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер» маман­дықтарын таңдаған. Шетелде кадрлар даярлау жө­нін­дегі республикалық комиссия отырысының қорытындысы бой­ын­ша 216 үміткерге «Болашақ» ха­лықаралық стипендиясын тағайын­дау туралы шешім қабылданды. Комиссия 2012 жылға арналған басым мамандықтар тізбесін бекітті. Тізбе бойынша 74 мамандық бар. Тағы бір ескере кететін жәйт, ма­мандарды даярлау тек магистратура мен докторантура (PhD) бағ­дарламасы шеңберінде ғана іске асырылмақ. Комиссия отырысының қоры­тындысы туралы баяндаған білім саласы өкілінің айтуы бойынша, 2011 жылғы «Болашақ» бағдар­ла­ма­сы шеңберінде атқарылған жұ­мыстар қорытындыланды. Түлек­терді жұмысқа орналастыру мә­се­лесі сөз болды. Білім туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толық­тырулар бойынша «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде келесі жылдан бастап тек педагогикалық кадрлардың ғана емес, сонымен қатар техникалық кадрлардың, медицина саласы мамандарының та­ғы­лымдамадан өтуіне мүмкіндік ту­ғызылмақ десек, республикалық комиссияның қорытындысы бой­ынша жалпы келесі жылдан бастап «Болашақ» стипендиясына ие болуға үміткерден міндетті түрде жұмыс беруші жақтың кепілдік хаты талап етіледі. Стипендия та­ғай­ындалғаннан кейін стипендия иегері жұмыс беруші және ха­лықаралық бағдарламалар орталы­ғы арасында үш жақты келісім-шарт жасалынбақ. Демек, мұнан былайғы уақытта шетелде білім алып жүрген жастар өзінің жұмыс берушісінің кім екенін алдын ала білуі шарт. Сондықтан да комиссия келесі жылдан бастап стипендияны тек жұмыс өтілі бар азаматтарға ғана беруді ұйғарды. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.