22 Желтоқсан, 2011

Көшбасшының көрегендігі

263 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жақсыға қашанда жан сүйсінеді. Осындай киелі Тәуелсіздіктің ұлы тойы Астана қаласында бар­лық сән-салтанатымен аталып өтті. Ел тәуел­сіз­дігінің мерейіне арналған салтанатта Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі отандастарымыздың көңілінен шықты. Тебірентті, алдағы күндеріне жол сілтеді. Мемлекет басшысы халқымыздың азаттық рухын терең сезінгені мен өткен өмір белестерінде бастан кешкен тағдыр теперіштерін жеңгенін де ерекше ықыласпен ортаға салды. Жүйелі сөз иесін тауып, қолдауға ұласты. Қай заманда да адам армансыз болған емес. Ал, кең-пейіл қазақ халқының асыл арманы еркіндік, азаттық, теңдік болғанын кең-байтақ даланы басқыншы жаудан қорғаған баһадүр бабалардың ерліктері арқылы көз жеткізіп келеміз. Жалпы алғанда өткен жиырма жылда жүздеген жылдарға татырлық жұмыс жасалды. Бір ғана Арқа төсіндегі әсем Астананың сән салтанаты досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндіретіндей екенін көріп келеміз. Елбасының сөзінде еліміздегі қоғам дамуының барлық саласы қамтылды. Сонымен қатар, өткен жылдары денсаулық сақтау жүйесі түбегейлі өзгергені де әңгіменің арқауына ай­налды. Адамның денінің сау болуы еліміздегі әлеуметтік экономикалық жағдайға тікелей байланысты екенін жасырмаймыз. Бұл жағынан алғанда елімізде ауыл шаруа­шылығы мен индустриылық саясаттың жан-жақты дамуы нәтижесінде азық-түлік молшылығын жасаудың алғышарттары қаланды. Сапасына көңіл бөлінгені қуантады. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен аз қам­тылған отбасылары, бюджеттік мекеме қызмет­керлері, дәрігерлер мен мұғалімдер баспанамен қамтылды. Жетісу өңірінде бар саналы ғұмырымды ден­сау­лық сақтау саласында қатардағы дәрігерден, басшы қызметтерге дейін көтеріліп, халықтың денінің сау болуына үлес қосқанымды мақтан етемін. Осы ең­бе­гім ескерусіз қалған емес. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болдым. Әрине, мұндай сенім ардагер болсам да саланы дамытуға, жастарды кәсіби тұр­ғы­дан даярлауға үлес қосуымды талап ететінін түсінемін. Елбасы: «Денсаулық сақтаудың медициналық тех­нологиялары мен инфрақұрылымын дамыта оты­рып, біз қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартатын боламыз», дегені әрине, халыққа деген жанашыр көзқарасты білдірсе керек. Сонымен қатар, ана мен нәресте өлімін төмендету, бала тууды ынталандыру шаралары қарастырылғаны айтылды. Осының бәрі қазақстандықтардың ертеңге деген сенімін, еңбекке деген құлшынысын арттыратыны анық. Еңбектің қай кезде де қайтарымы болады. Нәти­жесінде Отанымыз гүлденіп, алдағы асулар биіктей түсетіні ақиқат. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдар­ла­­масымен Талдықорған, Талғар, Қаскелең, Есік, Өтеген батыр және Жаркент, тағы басқа қалалар мен аудандарда көп салалы ауруханалар мен емханалар пайдалануға берілді. Дәрігерлік қосындар күрделі жөндеуден өтсе, кейбір елді мекендерде жаңалары салынды. Жоғары білімді дәрігерлердің жетіспеушілігі ескеріліп, облыс әкімінің грантымен жастар осы мамандыққа оқытылуда. Жас дәрігерлер мүмкін­ді­гінше баспанамен қамтылған. Осының бәрі Мемлекет басшысының саланы дамытудағы қамқор­лы­ғы екені даусыз. Және халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сүру мерзімін ұзартудың алғы-шарты десек те болады. Бізге қажеттісі ынтымақ пен бірлік. Осы құн­ды­лықтарды берік ұстап, сақтағанда ғана бақы­ты­мыз баянды болады. Тағы бір айтарым, жаңа ға­сыр­да туған Отанымыздың жедел дамуы мен өр­кен­деуіне ел тізгінін ұстайтын жастардың қосатын үлесі зор екендігі. Демек, ата-бабадан мұра болған жерімізде көк Туымызды желбіретіп, Әнұраны­мыз­ды шырқатсақ, бұдан асқан абырой болмақ емес. Көшбасшының көрегендік сөзіне ұйып, оны басшылыққа алғанда ғана адаспайтынымыз анық. Мұны жасы жетпістен асқан, көпті көрген қария ретінде айтып отырмын. Рахымбай КӨШЕНОВ, көп салалы клиникалық аурухананың кеңесшісі. Алматы облысы.