Қазақстан • 16 Тамыз, 2018

Абай ауылы алған асулар

2139 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Абай ауылы алған асулар

Қазақстанда бүгінде 165 селолық аудан бар. Солардың көбі ХХ ғасырдың 20-30 жылдары құрылғаны белгілі. Осылардың ішінде орны бөлек, атағы кең тараған ерекше аудандардың бірі 1928 жылы 5 қыркүйекте құрылған бұрын­ғы Семей – қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңғыстау ауданы. Бір тарихи деректеге қарағанда 1930 жылы бір айдай ауданға сол кездегі Қазақстан­ның атышулы басшысы И.Голощекин­нің аты да беріліпті. Белгісіз себептермен, мүмкін тым оғаш бол­ғандықтан ба, бір айдан кейін бұрын­ғы аты қайтарылыпты. 1940 жылдан Қазақ ССР-і халық Комиссарлар Кеңесі шешімі­мен Абай ауданы деп аталады.

Бүгінде жергілікті өлкетанушылар, ғалымдар ғылыми айналысқа қосқан 1926-1927 жылғы санақ қорытындысын қамтып, Ленинград қаласынан басылып шыққан «Весь Казахстан» атты статистикалық жинақта сол кездегі 123 ауданға анықтама бере келе, солардың бірі де бірегейі Шыңғыстау ауданы туралы да нақты деректер бар. Бұл деректер өте ауқымды да құнды. 1928 жылы аудандағы 6 847 шаруашылықта 34 628 адам тұратыны, олардың 99,6 пайызы қазақтар, ал еуропалықтар 139 адам немесе 0,4 пайыз екендігі көрсетілген. Аудан экономикасының негізгі бағыты мал шаруашылығының әлеуеті басым.

Ауданның 90 жылдық тарихы күрделі, қызықты және мазмұнды. Оның еліміздегі рухани, мәдени, тарихи орнын 1967 жылы Мұхтар Әуезовтің 70 жылдық мерейтойына байланысты белгілі халық ақыны Қ.Алтынбаевтың «Шыңғыстау» атты тамаша толғауындағы мына бір жолдар дөп белгілегендей: «Миллион қойын өрбіткен, Көде сайын төл біткен. Жусанын жұлған серкеге, Сере қарыс шел біткен. Топырағы торқадай, Жапырағы қамқадай, Шөбі шыны тортадай, Қара суы сорпадай, Шыңғыс деген жер осы... Туғызды Шыңғыс Мамайды, Туғызды Шыңғыс Абайды, Базаралы, Тәукедей, Сайып қыран талайды. «Ағаш аяқ» ән салса, Күңірендірер маңайды. Шәкәрім, Шәкер, Көкбайлар, Шалқар шабыт, отты ойлар, Оңды-солды борайды... Солардың бәрі «Анам»» деп, хан Шыңғысқа қарай­ды, Ең соңында тол­ғатты, Мұхтардай Гималайды...».

Ақындық хас шеберлікпен шал­қы­ған, төгілген осы жолдар ел тари­хындағы Абай ауданының рухани орнын анық көрсетеді. Қалихан Шыңғыстауды «Аудан деп аталғанымен ақындар планетасындай» десе, жазушы Асқар Сүлейменовтің 1981 жылы 22 тамызда «Абай поэзиясы» күндері кезінде Қарауылда айтқан «Абай – жол, адамдар – тұяқ. Сол жолмен Шыңғыстау өлең меккесіне кемеңгер де келеді, кеще де келеді» деген сөздеріндегі «өлең меккесі» деген бейнелі бағасы бүгінде тілімізге тұрақты, қасиетті ұғым болып мәңгіліке тіркелді. Абай ауданына қасиетті Қарауылға, рухани меккеге шынында кемеңгерлер қапысыз, толассыз, мол келді. Олардың ең басын­да ұлы Мұхаң, Сәбең, Ғабең (Мүсірепов), Бауыржан, Олжас бастаған, кезін­дегі Одақ пен ондағы республикалар­дың небір атақты қаламгерлері мен өнер шебер­лері, ғалымдар, космонавтар келді. Қажымұқан да келіп өнерін көрсеткен. Ал Қазақстанның өзінің қаламгерлері мен өнер иелерінің келмегені жоқ. Мемлекет және қоғам қайраткерлері де баршылық. 1973 жылдың мамыр айында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев арнай іссапармен болып, аудан өмірімен мұқият танысты. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абай ауданына тәуелсіздік жылдарында үш рет: 1991 қазанда, 1995 жыл 10 тамызда,1998 жылы 25 қарашада келді. Қазақстан Рес­публикасы Президентінің үш рет табаны тиіп, аралаған аудандар, біздіңше, елімізде некен-саяқ. Бұл да ауданның ел тарихындағы біртуар мәртебесі мен беделінің нақты дәлеліндей. 

Аудан тарихы туралы айтқанда мына бір тарихи дерекке назар аудару керек. Бұл – ұрпақтар жадында жүрер тарихтың ең бір зұлмат беттері, жантүршігерлік құбылыс. 1928 жылы аудан құрылар қарсаңында Шыңғыстауда, жоғарыда келтіргендей, 34 мыңнан астам адам тұрған. Ал он жылдан кейін 1939 жылы содан 6 839 адам қалған. Аудан халқы сол 1928 жылғы деңгейге бір жеткен емес. Ауданда әбден толысқан, кемеліне келген, халқы өскен 1990 жылдардың басында 21 мыңнан астам ғана адам тұрды. Бүгінде 14 мыңдай адам мекендейді. Осыдан-ақ кеңестік әлеуметтік-экономикалық саясат, зорлықпен болған колхоздастыру аудан халқының бүкіл генофонына, болашағына қаншама зиян, қасірет әкелгенін пайымдауға болады... 

Ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуының шарықтап өсу, даму жылдары өткен ғасырдың 70-90 жылдары арасында болды. Аудан әуелден мал шаруашылығына, оның ішінде қой шаруашылығына маманданған. ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында ауданның 11 кеңшарында 585 мың қой, 11 мың ірі қара, 15 мыңдай жылқы болды. Шаруашылықтар жыл сайын мемлекетке 145 мың центнер ет, 12 850 центнер жүн тапсырып отырды. Сол кездегі дәстүр бойынша аудандар мен облыстардың жұмысын бағалаудың ең бір абыройлы әдісі – одақтық және республикалық ауыспалы қызыл тулар­мен марапаттау болғанын бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Оның қасында үлкен, қомақты қаржылай сыйлық болатын. 1970-90 жылдары аралығында Абай ауданы 8 рет Бүкілодақтық, 9 рет рес­пуб­­ликалық жарыстардың жеңімпазы атанған. Облыстық жарыстардағы жүл­де­лер жүздеп саналады.

Осындай озық жетістіктерге жеткен ауданның жекелеген еңбек озаттары мәртебе-марапаттаудан құр қалмағаны заңды да табиғи құбылыс еді. Қолда бар деректерге қарағанда, осы жылдары ғана аудан бойынша 140 адам Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған, солардың ішінде елдің ең жоғарғы наг­радалары Ленин орденімен 5 адам, «Октябрь революциясы» орденімен 4 адам, Еңбек Қызыл Ту орденімен 20 адам, әртүрлі дәрежедегі «Еңбек даңқы» орденімен 30 адам марапатталғанын айту – тарихи парыз да құрмет. Мысалы, Архат кеңшарынан екі адам Социалистік Еңбек Ері атанды. Бірі 23 жасында Ленин орденімен марапатталып, 1966 жылы 24 жасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар палатасына депутат болып сай­ланған, аудан жастарының үздік ұланы, мақтанышы – бітім болмысы, кісілігі бөлек Болат Бағдатов болса, бірі – Еңбек Ері мәртебесіне теңестірілетін – «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің толық иегері Өртқали Қасымжанов еді.

...Тарихи шегініс. Аудан халқы қашан­да адал еңбегімен, ұйымшыл­дығы­мен, бірлігімен көзге түскен. Мысалы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Прези­диумы­ның 1948 жылғы 23 шілдедегі Жар­лығымен Абай ауданы бойынша 11 адамға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, 11 адам Ленин орденімен, 21 адам Еңбек Қызыл Ту орденімен, 12 адам медальдармен марапатталған. Бұл наградалар Абай елі азаматтарының бет-бейнесін танытудағы бірер штрих, деректер ғана... Абай елінен шыққан азаматтар мен басшы кадрлар, өнер иелері, ғалымдар туралы айту үшін осындай бірнеше мақала керек. 
Осы уақытқа дейін ауданды іскерлік деңгейі, білімі мен білігі әртүрлі 16 бірін­ші хатшы, ал кеңестік жүйе тарап, әкімдік басқару енгізілгеннен бергі уа­қытта 8 әкім басқарыпты.

Абайлық дуалы ауыз қарттар, бүгінгі куәгерлер соғыс алдындағы жылдардан бастап басқарған мына бір бірінші хатшылардың есімін ерекше ілтипатпен, құрметпен атайды. Ел жадында адалдығымен, іскерлігімен ізі, ісі қалғанын, Абай ауданының дамуына шынайы үлес қосқанын айтады. Олар: Мұхамедиев Харис (1939-1947), Серкешев Тұрсынбек (1950-1951), Нұрбаев Кәрім (1961-1969), Матаев Хафиз (1969-1973, 1978-1991) және Сембаев Нәсен (1975-1978). 

Әрине, уақытында олардың мүм­кіндіктері Мәскеудің әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық саясатына байланысты әртүрлі болды. Көпке дейін алыс аудандарға көңіл бөлінбегені белгілі. Әр ауданның нақты өндірігіш күштері, тарихи-табиғи жағдайы, еңбек ресурс­тары есепке алынбады. Бұл бас­шы­лардың шеберлігі – сол қиын кезеңдерде, әсіресе соғыстан кейінгі ұзаққа созыл­ған жоқшылық, кедейшілік, таршы­лық тұсында аудан халқының әлеумет­тік-тұрмыстық, мәдени, білім жағдайын көтеруге ұмтылуы болды.

Олардың игі істері Шыңғыстау жұртының жадында. Сол қайраткерлердің ішінен екі басшының ерекше еңбегін атап өту – әділетке құрмет, тарихқа адалдық, інілік парыз. Кәрім Нұрбаев Абай ауданын 8 жылдай біліктілікпен басқарды. Кадрлар тұрақтады. Мектеп ісі дұрыс жолға қойылды, аудан басшылары халықтың нақты жағдайын білуге, соны шешуге ұмтылатын болды. Ол кезде аудан колхоздары жаппай совхоздарға айналдырылып, мемлекеттің орталықтанған резервінен техника, құрылысқа қаржы молынан бөліне бастады. Бұл да басшылардың жұмысына үлкен қолдау болды. Кәкең Абай ауданынан екі мәрте Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Бірнеше орден, медальдар алды.

Жалпы аудан тарихында ерекше із қалдырған, ел-жұртын білім мен мәде­ниеттің биігіне бастаған саяси тұлға, шебер ұйымдастырушы Хафиз Матаев болғаны бүкіл республика жұртшылығы мойындаған ақиқат. Біз ол кісімен бірге біраз қызмет істедік, міне, алдымыз елу жылдай білеміз.

Саясаттану, жалпы ғылыми басқаруда «негізгі буын» деген өте өзекті ұғым, әрі тетік бар. Билеуші, басшы, қайраткер, тұлға сол негізгі буынды дөп басып, ұстай білуі керек. Хафекең осы талапты әуелден дұрыс танып, дәл, шебер ұстай білген дейміз.

Ең бастысы, Матаевтың басқару стиліне мынадай үш қасиет тән еді: кадр­ды дұрыс, сабырмен іріктеп, міндетті нақты қою, содан кейін қатаң талаппен үнемі қадағалап, жауапкершілік сұрау, оған деген сенім, әділ бағалау. Аудандағы әр ұжымның нақты жағдайы мен мүмкіндіктеріне терең талдау жасап, ондағы ахуалға терең іскерлікпен, біліктілікпен үңіліп, бағыттап отыру. Осы стиль ауданда 17 жылда өз жемісін толықтай берді дей аламыз. Хафекең өзіне де, өзгеге де талапты өте жоғары қойып, үдесінен шығуды бір сәт естен шығарған емес. Мына бір фактіні айту шарт. Хафекең басшылыққа келгенде ұлы Абайдың 125 жылдығы жақындап қалған еді. Бұл ауданға, оның жас басшысына үлкен сын еді. Сол мерейтойды ойдағыдай өткізудің жолын аудан басшысы дәл тапты.

Республика астанасы Алматыға барып, Қазақстан Республикасы Үкіметі­нің Төрағасы Б.Әшімовтің қабылдауы­на қол жеткізіп, айналасы бір айдың ішін­де – 1970 жылдың мамыр айын­да «Абай ауданының әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайын жақсарту туралы» Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің арнайы қаулысы қабылданды. Бұл аудан өмірі­нің әлеуметтік-мәдени дамуына қан жүгірткен шешім болды. Онда – аудан ауыл­­дарында жаңа типті, жобалы мек­теп­тер, аудандық мәдениет үйі, аудан ор­та­лығында тұрғын үй құрылысын дамыту, Абайдың Жидебайдағы музей үйін жаңадан салу, ауданның бар­лық кең­шар­ларын мемлекеттік электр жүйесіне, орталық телевизия жүйесіне қосу, Семей-Қарауыл тас жолын толық асфальттау және басқа да нақты іс-шаралар бар еді. Енді елдің еңсесі көтерілді. Абайдың 125 жылдық тойы кейбір шаралардың күрделілігіне байланысты дүркіреп, бір жылдан кейін, 1971 жылдың 30-31 мамыр күндері өтті. Сол мерейтойдан бас­тап Х.Матаевтың үйымдастырушылық қабілеті, кең танымы мен өрісі, биік мәдениеті мен шешендігі ел аузында жиі айтылды. Содан бастап ол кісі сол биіктен бір төмендемей үнемі өсу, толысу, кемелдену, биіктеу жолында болды.

Сол жылдары Абай ауданы кадр­лар тәрбиелеудің ұстаханасындай болды. Басшы кадрлардың тамаша буыны, бүтіндей бір шоғыры қалыптасты. Солар­дың біразының есімін мұндай мере­ке күні атап өту парыз. Олар аудан эконо­мика­сына, мәдениет пен әлеумет­тік салаға ерекше үлес қосқан Р.Ғабдул­лин, А.Тай­ғұлов, Э.Шұқыжанов, О.Арғын­беков, Б.Орынбаев, Ш.Мақашев, Қ.Қоныс­беков, Ж.Жүнісжанов, С.Биғозин, М.Сапаров, С,Мейірханов, М.Жанболатов, О.Сәдуа­қасов, М.Кенжебеков, Ә.Әбдина, Т.Жан­ға­лиев, Ж.Садуақасов, Қ.Әділ­ханов, Ж.Жұл­дызбаев, М.Толғанбаев, М.Мыр­за­қасы­мов, Н.Құмарова, Б.Сыдықов, Т.Би­тенов, М.Жанболатов, Ж.Екібаев, Ш.Ис­какова және басқа да абыройлы азаматтар бо­латын. 

Абай ауданы жастарының бойында өнерге құштарлық, рухани толысуға ынтызарлық толастап, тоқтаған емес. Абай ауданына 1943 жылы келген сапарында М.Әуезов: «Қарауыл жұртшы­лығының көркем өнер жолындағы тәрбие-тәжірибесіне көп көңіл бөлетін, өзі әсем, әнші, райком секретары Тұрсынхан жолдас...» деп баға бере келе, аудан жастарының өнерге құлшынысын, тамаша талғамын атап өтеді. Мұхаң айтып отырған райком хатшысы 1941-1945 жылдары Абай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған, болашақ халық жазушысы, аса көрнекті ғалым, ақын, филология ғылымдарының докторы Тұрсынхан Әбдірахманова екенін бүгінгі жастар білуі керек. Сол заманнан өнерге, әнге, күйге құштарлық Абай елі жастарының бір ерекше қасиетіне, мінез дағдысына, рухани азығына айналды. Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Әлмахам­бет, Мұхаметжан дәстүрлері үзілген емес. Кәмен Оразалин Мұхаң кеңесімен Қарауылдан кіндігін бір үзбей, ондаған шәкірттерді қанаттандырды, үлкен әдебиет жолына салды. Олардың қатары­нан шыққан Р.Сейсенбев, С.Ораза­лин, М.Ибраев, Б.Сапаралин, С.Жан­болатов, Т.Жанғалиев, Т.Әбді­кәкімов. А.Кемелбаева, М.Ос­панов­ты бүкіл ел біледі. Ал әншілік өнердің қай уақытта да ауданның рухани саласында үнемі толысу, жаңғыру, шырқау жолында келе жатқаны – бүкіл елге аян, бұлтартпас шындық. 

Мысалы, 60-жылдардың аяғында қазақ­тың ән өнеріне екі жұлдыз жарқырай қосылды. Олар – Жәнібек Кәрменов пен Баян Сағымбаева. Олар жеке-дара емес еді. Олармен бірге ауданнан небір әнші­лер шығып, атақты «Қаламқас» ансамблі­нің төңірегіне топтасты. Сол шоғыр қазір де өз биігінен төмендеген жоқ. Рухани жаң­ғыруға, рухани өсуге Шыңғыс­тау жас­тарының үлесі алда да сүбелі де ажар­лы, мәнді болып, інжу-маржандай жарқырай, толыса көрінеріне сенім кәміл. 

Мерейтой үстінде айтылар бір ақ тілек, келелі ой – келешек тарихында, он­жылдықтарда толысу, өсу жолындағы қасиетті Шыңғыстау – Абай елі, оның қасиетті топырағы дүлдүл ақынды да, кемеңгер жазушыны да, жезтаңдай әншілерді, небір өнер шеберін, ойшылдарды түлетіп, тәрбиелері сөзсіз деген асыл үміт. Бұл – ұлы Мұхаңның да арманы еді. М. Әуезов 1957 жылы қыркүйек айындағы соңғы келген, елмен қоштасудай болған сапарында Қарауылда сөйлеген сөзінде былай деп армандай, асқақтай, үмітпен толғанған екен: «... Апырау, Шыңғыстың елі мен жері, сенің ұйқыда түсімнен, ояуда ойымнан кеткен жерің бар ма, айтыңдаршы! ... Менің сіздерге айтайын деген арманды, иә асыл арманды және бір сөзім. Шыңғыстың елі мен жері: сендер дүниеге Абайды бергенсіңдер... Сендер әлі де халқыма Абайдай перзент бересіңдер... беруге тиіссіңдер... бересің (жазушы осы жерде көзіне жас алыпты) . Мен соны көре алмай кетіп бара жатырмын. Әлде, сол мына қара табандарым арасында тұр ма екен? Мені осындай ой бунайды жұртым» депті. Қандай асыл арман, ақ тілеу, қамқор жүрек! Бүгінгі біздің тілек те осындай. Болашақта ұлы Мұхаң арманы жүзеге ассын, Шыңғыстау келешекте Абайдай, Шәкәрімдей, Мұхтардай ұлдар толғатсын. 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик, 

Нәубәт ҚАЛИЕВ,

ЕҰУ профессоры, саяси ғылымдар докторы