22 Желтоқсан, 2011

Президент Жарлығында сайлауды өткізуге тыйым салынбаған

314 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссияның отырысы өтті. Онда Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы жөніндегі саяси партиялар үшін дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінің мәтінін бекіту туралы, Парламент Мәжілісі депутаттары мен мәслихаттары депутаттарының сайлауына шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлау комиссиялары құрамында кеңесші дауыс құқығы бар мүшесі болып табылатын саяси партиялардың өкілдеріне сайлау комиссияларының басқа мүшелерімен тең еңбекақы төлеу жөніндегі үндеуі туралы мәселелер талқыланды. Бұл мәселелер бойынша Ор­та­лық сайлау комиссиясының хат­шы­сы Бақыт Мелдешов, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова және Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос хабарлама жасады. Бақыт Мелде­шов­тің атап өтуінше, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Рес­публикасындағы сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервін қоса дайындалуға және сайлау учаскелеріне жеткізілуге тиіс сайлау бюллетеньдерінің санын белгіледі. Осыған байланысты Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы жөнінде 9 398 154, ал барлық деңгейдегі мәсли­хаттар депутаттарының кезекті сайлауы жөнінде 17 423 313 сайлау бюллетені дайындалатын бо­лады. Екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған Татьяна Охлопкова­ның хабардар еткеніндей, Орта­лық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі депутаттары мен мәслихаттар депутаттарының сай­лауына шет мемлекеттердің, ха­лық­аралық ұйымдардың тағы 14 байқаушысын аккредиттеді. Қазір­гі уақытқа дейін Қазақстан Рес­пуб­ликасы Сыртқы істер минис­т­рлігінің ұсынуымен барлығы 61 байқаушы аккредиттелген. Олар­дың 46-сы – ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мис­сиясының, 11-і – ТМД байқау­шы­лар миссиясының өкілдері, 4-уі – шет мемлекеттердің байқаушы­лары. Ал үшінші мәселе жөнінде хабардар еткен Владимир Фоостың айтуынша, Орталық сайлау ко­миссиясы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының үн­деуін қарау нәтижесінде аумақтық сайлау комиссияларына қызмет­керлері сайлау комиссиялары құ­рамында саяси партиялардың ке­ңес­ші дауыс құқығы бар өкілдері болып табылатын ұйымдарға сайлау науқанын әзірлеу мен өткізу кезеңінде олардың орташа айлық жалақыларын сақтау туралы хат жолдауды ұсыну жөнінде шешім қабылдады. Отырыстан соң өткен брифингте Орталық сайлау комис­сия­сының төрағасы Қуандық Тұр­ған­құлов БАҚ өкілдерін сайлау ба­рысымен таныстырды. Төрағаның атап өткеніндей, Жаңаөзен қала­сының аумағында Парламент Мә­жілісі депутаттары  мен мәсли­хат­тар депутаттарын сайлау бұрын белгіленген мерзімде, яғни 2012 жылғы 15 қаңтарда өтеді. Өйткені, бұл аумақтық-әкімшілік бірлікте төтенше жағдай енгізу туралы Пре­зиденттің Жарлығында сай­лауды өткізуге тыйым салынбаған. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Жарлықпен белгіленген шектеулерді ескере оты­рып, кандидаттар мен сайлау­шы­лардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара­ларды қабылдауда. «Бұл адам құқығы сала­сын­дағы Қазақстан Республикасы қол қойған халықаралық құжаттарға қайшы келмейді, – деді Қуандық Тұрғанқұлов осы мәселе жөнінде. – Өйткені, ендігі шектеулер адам­ның Азаматтық және саяси құ­қықтар туралы халықаралық пакт бекіткен «абсолюттік» құқықтары мен бостандықтарын шектемейді, тек сайлауалды үгіт жүргізу тәсіл­дерінің аясын белгілі бір дәрежеде тарылтады. Және бұл ретте бар­лық саяси партиялар мен мәслихат депутаттығына кандидаттар тең. Дегенмен, үгіт жұмысын жүргізу­дің нысандары мен әдістерін таң­дауда белгілі бір дәрежеде шектеулі жағдайда болады». Сөз барысында төраға оны да атай кетті. Яғни, қала аумағында негізінен сайлауалды үгітті бейбіт жиналыстар, митингтер, шерулер, пикет­тер мен демонстрациялар өт­кізу арқылы жүргізу шектеледі. Алайда, бұқаралық ақпарат құрал­да­рында үгіт науқаны толық кө­лемде өткізілетін болады. Осыған байланысты Орталық сайлау ко­миссиясы мәслихаттар депутат­ты­ғына кандидаттардың сайлаушы­лармен кездесулер өткізуіне бюд­жеттен бөлінген қаражатты бұ­қа­ралық ақпарат құралдарында қо­сымша үгіт материалдарын жариялау және баспа өнімдерін шығару үшін пайдалануына рұқсат береді. Ал Парламент Мәжілісі депу­тат­тарын сайлауға қатысатын саяси партиялардың үгіт материалдары Жаңаөзен қаласы тұрғындарына республикалық және жергілікті теле-радио арналары мен баспа бұ­қаралық ақпарат құралдары арқы­лы жететін болады. «Жаңаөзен қаласында рес­пуб­ликалық «Еуразия», «Еларна», «Қа­зақстан», «Хабар», облыстық «Ақтау – Қазақстан» телеар­на­ла­ры мен Қазақ радиосы, сондай-ақ кабельді теледидар жұмыс істеп тұр, – деді әрі қарай Қуандық Тұрғанқұлов. – Қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар баспа өнімдерін әзірлеу үшін облыстық баспахананың қызметін пайдалана алады. Қалалық сайлау комис­сия­сы штаттық режімде жұмыс істеуде. Комиссияның қарамағында барлық қажетті әдістемелік материалдар мен құжаттар бар». Орталық сайлау комиссиясы­ның басшысы сайлау науқаны ба­рысын байқауды ұйымдастыру жай­ына да тоқталып өтті. Оның атап өтуінше, байқаушылар мен сарапшыларға, соның ішінде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдеріне бұл өңірге бару мүмкіндігі қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, олар сайлау барысы, сайлау орган­да­ры­ның жұмысы, барлық сайлау үде­рісіне қатысушылардың қыз­меті туралы ақпараттармен де қам­та­масыз етіледі. Сондай-ақ Қуандық Тұрғанқұлов сайлау туралы заңға сәйкес бұқаралық ақпарат құрал­дары кандидаттар мен саяси пар­тиялардың сайлау науқанын объек­тивті жариялауға міндетті еке­нін де ескертті. Бұл ретте кандидаттар мен саяси партиялардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан ау­лақ болу керек. Барлық кандидаттар мен партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сай­лауалды үгіт жүргізуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарына тең жағдайда қол жеткізуі кепілдендірілуі тиіс. Брифинг соңында Комиссия төр­ағасы 20 желтоқсанда аяқ­талған мәслихаттар депутатты­ғына кандидаттарды тіркеудің ал­дын ала қорытындыларымен де таныстырып өтті. Алдын ала мәліметтер бойынша, ұсынылған 10 мыңнан астам үміткердің 9 165-і мәслихаттар депутаттығына кандидат ретінде тіркелген. Соның ішінде облыстық, Астана мен Алматы қалалық мәслихат­тарына – 1752, аудандық мәсли­хаттарға – 5523, қалалық мәсли­хаттарға 1890 кандидат бар. Тіркелген кандидаттардың 3446-сы – «Нұр Отан» ХДП-ның, 264-і – Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының, 99-ы – Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының, 50-і – Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясының, 57-сі – «Әділет» демократиялық партия­сы­ның, 22-сі – «Руханият» партия­сының, 11-і – Қазақстанның Пат­риоттары партиясының, 9-ы – Жалпыұлттық социал-демокра­тия­лық партиясының, 3-еуі – Қазақ­станның «Азат» демократиялық партиясының, 1-еуі – Қазақ­стан­ның Коммунистік партиясының мүшелері. Барлық тіркелген кандидаттар 21 желтоқсаннан бастап сайлауалды үгіт жұмыстарына кірі­се алады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
Соңғы жаңалықтар