17 Тамыз, 2018

Тұлға тағылымы

882 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Тұлға тағылымы

Өрлеу баспалдақтары

Мен Бақытжан Тұрсынұлы Жұма­ғұловты 30 жылдан да көбірек біледі екенмін, бір қарағанда, қазіргідей ғаламат дәуірде бұл аз уақыт емес қой.

Бұл мезгіл жарты әлемге ықпалын жүргізген Кеңес өкіметінің құлап, мызғымас коммунистік идеологияның қираған тұсына сәйкес келген еді. Оның үстіне, алып империя құрамында болған елдердің барлығының экономикасы тұралап, халықты үмітсіздік пен үрей жайлаған, не істерін білмей аласұрған кезең болатын.

Тұңғыш тарихи қадамның аса ауыр болатыны түсінікті, алайда, өз ұлты мен әлем тегіс мойындаған, заманы­­мыздың заңғар көшбасшысы – Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміз­ді осы тығырықтан аман-есен алып шықты, ұлттың өзіндік рухы мен үмітін оятты. Осындай еңбек­тің арқасында аз ғана уақытта Қазақ­станды, оның көреген басшысын бүкіл жер-жиһан танып білді.

Бұл аласапыран әрі толғақты кезең кешегі студент, жастардың жалынды басшысы, ізденімпаз ұстаз, бүгінгі әйгілі ғалым, аса көрнекті ұйым­дастырушы, мемлекеттік деңгейдегі қайраткер Бақытжан Жұмағұловты да айналып өткен жоқ.

Қанша жерден заман төңкеріліп түссе де ол баяғы жастық кезіндегі дүниетанымы мен алғырлығынан, өзінің қайраткерлік һәм ұйым­дас­тырушылық қабілетінен, қиын шаруаларды жапыра істейтін «титан» мінезінен әлі тайған жоқ.

Академик Жұмағұлов − сан қыр­лы талант. Оның таразы басын тең ұстай­тын біліктілігіне, алдына қой­ған мақсатына жетпей қоймайтын қайсар­лығына әрқашан тәнті боламын.

Қаншама бас айналдырар лауазым­дардың биігіне самғаса да, ол соны місе тұтып тоқырап қалған жоқ, қайта Бақытжан басшылыққа барған жер көркейіп сала беретін.

Ең бастысы, аса ірі ұйымдастырушы әрі мемлекет қайраткері ретінде бас­қарған саласын сырттан бақылап қана қоймай, қарапайым шаруаның өзін көзімен көріп, қолымен ұстап көретін айрықша талапшылдығы дер едім.

Өз саласының кәсіби маман­да­рының өзі Жұмағұловтың ылғи уақыттан оза жүретін көшелілігіне, алмастай алғырлығына, кристалдай тазалығына, бай тәжірибесіне таңдай қағатыны сондықтан.

Қомданып қияға самғау − оның туабітті Құдай берген қасиеті сияқты. Ол қоғамдық немесе мемлекеттік шаруаны үлкен-кіші деп бөлмейді, соның бәрінде айшықты ізін қалдыру − Бақытжан Жұмағұловтың азаматтық өресінің биіктігін дәлелдейді. 

Ұшар қанатқа дүние кең

Психологтардың зерделеуінше, біздің мінез-құлқымыз, өмірлік мұраттарымыз, болашақтағы қабілет-қарымымыз отбасымен, балалық шағымызбен, ата-бабаның дәстүр-салтымен генетикалық тұрғыдан терең тамырласатыны анық. Сондықтан да болар, осыдан 24 жыл бұрынғы бір кездесу Бақытжан Тұрсынұлын жете тани түсуіме айрықша әсер етті. Бұл 1994 жылы оның анасы Кенжетай Батырбекқызымен дидарласуым еді.

Сол кездесуде Бақытжанның анасы маған: «Алла тағала үлкен отбасының арасынан, бірнеше баланың ішінен біреуіне ғана ерекше қабілет дарытады, ал ол бүкіл әулетін алға сүйрейді»,  деген еді. Анасының айтқаны айдай келіп, Бақытжан қашан да оның аманатын қал-қадірінше орындағаны анық.

Осы бір иманды ана, қарапайым қазақ әйелі − бүкіл ғұмырын кітапхана ісіне арнады, Алматы облысы, Қа­пал аудандық кітапханасында қызмет атқара жүріп, «Қазақстан Респуб­­­лика­сының еңбек сіңірген мәдениет қыз­меткері» құрметті атағына ие болды. 

Анасы Кенжетай Батырбек­қызының сөзіне құлақ түрсек, Бақыт­жан мектепте түрлі олимпиадалардың жеңімпазы болып, спортқа да құлаш ұрып, республикалық деңгейдегі жүлделі орындарды иеленіпті. Міне, Бақытжан Тұрсынұлының дүние­танымы осындай ортада қалыптасты, ол табиғаттың түлегі болып дүниеге келіп, бірте-бірте әлеуметтің тұлғасы боп биіктей беріпті. Менің назарымды аударған да оның осы қасиеттері еді.

Асқаралы асуларға бет алу

Академик Жұмағұловтың үзең­­гілес досы, Қазақстан Республи­касы жоғары оқу орындары ассо­циа­ция­сының президенті, «Тұран» универ­ситетінің ректоры Рахман Алшанов­тың айтуынша, Бақытжан Тұрсын­ұлының ғибратты ғұмырының негізі, математикаға деген құш­тар­лығы − ҚазМУ-дегі студенттік жылдары қаланыпты. 

Р.Алшанов сол кездерді былайша еске алады: «Жұмағұлов құрылыс отрядтарындағы қалыптасып қалған ескі дәстүрді түбегейлі өзгертті. Жыл­дар бойы ҚазМУ-дегі 30-40 шақты құры­лыс отрядтарының арасынан бірін­ші орынды ылғи заң факультеті иеле­нетін. Осы сеңді алғаш бұзған да Жұма­ғұлов еді, ол конференцияда жалын­ды сөз сөйлеп, енді бірінші орынға қол­данбалы математика факультеті көте­рілетінін батыл мәлімдеді. Көп­­­­ші­лік бұған күмәнмен қарағаны да шындық. Алайда, қайсар Бақытжан сөзін­де тұрды, оның факультеті жеме-жем­ге келгенде бірінші орынды иеленді».

Осы еңбегіне орай, студент Ба­қыт­жан Жұмағұлов тұңғыш рет мемле­кеттік дәрежедегі сый-сияпат және КСР Жоғарғы Кеңесі Прези­диумының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Студенттік жылдардағы тынымсыз еңбек Жұмағұловты бірте-бірте саяси көшбасшылыққа жетеледі. Ол бесінші курста Қазақстандағы ең ірі жастар ошағы – ҚазМУ-дің комсомол ұйымын басқарды. Кейіннен осы оқу орнының партия ұйымының жетекшісі болды.

Қалай дегенмен де, өмір жолы тақтайдай тегіс болмайды екен. Аяқ астынан 1986 жылы бұрынғы астанамыз Алматыда, Қазақстанның жо­ғарғы партия ұйымындағы ауыс-түйіс­ке байланысты орталықтың әпер­ба­қан­дығына шыдамаған студент­­тер­дің әйгілі Желтоқсан оқиғасы бұрқ етті.

Дәл осы мезгілде талай партиялық дөкейлердің бетпердесі сыпырылды, алайда, Бақытжан Тұрсынұлы жеке ­басына төнген қауіп-қатерге қарамас­тан, студенттерді шыр-пыры шығып қор­ғап бақты, оқудан шығарылатын жүзде­ген ҚазМУ студенттерінің тізіміне қол қоюдан бас тартты. 

ҚазМУ-дей іргелі оқу орнындағы жалынды партия жетекшісінің бұл әрекеті қайдан елеусіз қалсын, оны жұмыстан босату ештеңе емес, дәріс беру құқынан да айырды. Осылай, 33 жастағы таланты тас жарған жас жігітке «ұлтшыл» деген атақ қоса жапсырылып, ол буырқанған саяси және рухани өмірден бір жолата аласталғандай күй кешті. Сол бір сәтте қасында үнемі қаумалап жүретін «дос­тары мен ізбасарлары» да ғайып болды. Бұл көрініс Жұмағұлов үшін қатер төнсе жалт беретін дүбәралар мен шынайы достың аражігін анықтауға, яғни күріш пен күрмекті ажыратуға септігін тигізді.

Ұшқыр ойын өрелі іске жұмсаған

«Мен сенетін нәрселер» деп аталатын кітабында Бақытжан Тұрсынұлы былай деп жазған: «Альпинистер шыңға көтерілудің әр кезеңінде әуелі лагерь құрады, көркем де қорқынышты тау жотасы ол жерден қарағанда жігерсіз адамның зәресі ұшар қол жетпес биік болып көрінеді, кері қайту да мүмкін емес тәрізді. Сол алаңқайда әрі қарай жүретін жолдың бағыты белгіленіп, қазықтар мен арқандар тексеріледі... Біз де жүріп өткен жолымызға жинақтаған тәжірибеміз бен әлем туралы, еліміз бен өзіміз туралы қаныққан біліміміздің биігінен көз тастаймыз».

1990 жылдары Қазақстан түбе­гейлі бағыт-бағдарын белгілеп, жаңа бетбұрыс кезеңіне аяқ басты, бұл үрдіс бір жағынан Бақытжан Жұмағұловқа да қатысты еді.

Егер өткен уақыттарды бүгінгі күннің ғылыми биігінен қарайтын болсақ, Жұмағұлов бір-бірімен байланысы жоқ бірнеше салада қатар еңбек етіпті және сол бағыттардың ең алғы шебінде тер төгіпті.

Осы орайда, академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың бұрындары жарияланған Жұмағұлов туралы мына тұжырымына қосылмасқа болмайды: «Мен бұл кісінің азаматтық қасиеттеріне еш күмәнданбаймын. Оның қос қолын қусырып, шарасыз отырған халін көргенім жоқ, өмір бойы өз халқының мүддесі үшін күресуден бір танған емес». 

Профессор Жұмағұловтың өзі айтқандай, оның ғылыми дарыны Өмірбек Жолдасбеков, Шалтай Смағұловпен қоян-қолтық жұмыс істеген жылдары жарқырай көрінді. Әсіресе, инженерлік саланы өз елімізде, қала берді әлемдік деңгейде дамыту, қолданбалы математика туралы және гидродинамикалық модельдерді зерттеулер, Қазақстандағы математикалық мектептердің біліктілігін шыңдау тәрізді сан-салалық жұмыстар оның күрделі ғұмырының ең өзекті тетігіне айналғандай. 

Бұл құнды еңбектер елеусіз қалған жоқ, ғылым докторы атанды, шетелде бірнеше монографиялары жарық көрді, әлемнің сан алуан университеттері мен академияларының құрметті профессоры, академигі болып сайланды.

Сондай-ақ Бақытжан Тұрсынұлы әлемдік деңгейдегі кәсіби маман ретінде танылды, Қазақстан Мате­матиктер қоғамын басқарды, бүгінге дейін Түркі әлемі Матема­тиктер қоғамының президенті. 

Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұ­лов еліміздің белгілі ғалымдары мен инженерлерін біріктіретін басты ғылыми орда – Қазақстан Республи­ка­сы Ұлттық инженерлік академияның іргетасын қалаушылардың бірі әрі 20 жылдан бері осы академияның президенті.

Ол сондай-ақ Елбасы Н.Назар­баев қатысқан Қазақстан инженер­лерінің Бірінші съезін ұйымдасты­рушылардың сапында. Осы съезде көтерілген инженерлік сала мен қолданбалы ғылымды өркендету мәселесі Нұрсұлтан Әбішұлы тарапынан да қызу қолдау тапты. 

Көп жылдардан бері Президиум мүшесі әрі ҚР ҰИА-ның Конкурстық комиссия төрағасы ретінде маған академик Жұмағұловтың осы академияға деген шынайы көзқарасы бірден байқалады, әсіресе, өзі топтастырған талантты кадрларды ғылымның «алтын қоры» деп үнемі әспеттеп отырады.

Ол академияның президенті болған уақытта осы іргелі ғылыми орда еліміздің академиялық қауым­дас­ты­­­ғы­ның бірегей көшбасшысына айналды.
2005 жылғы сәуір айында академик Жұмағұловтың өмірінде тосын өзгеріс орын алды. «Отан» пар­тиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев оған «Отан» республикалық саяси партиясы төрағасының міндетін атқарушы қызметін ұсынды. Б.Жұмағұлов Елбасының сенімін толығымен орындап шықты.

Сондай-ақ 2005 жылы ол ел прези­денттігіне үміткер ретінде тіркелген Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабын басқарды, осы сайлауалды компанияны ұйымдастыруға да қыруар еңбек сіңірді. 

2007 жылы Жұмағұловтың белсенді араласуымен еліміздің партия­­лық жүйесінде елеулі оқиға болды. Бұл елі­міздегі саяси партиялардың рөлін көтеру мақсатымен Парламент Мәжі­­лісіне депутат сайлауда тепе-теңдік жүйесін енгізуді заңдастыру еді. Бұл шараны да «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Тұрсынұлы ойдағыдай атқарып шықты. Парламент сайлауы нәтижесінде «Нұр Отан» партиясы даусыз жеңіске жетті. Осы үздіксіз ең­бегіне орай академик Жұмағұлов де­путат әрі Парламент Мәжілісі төр­аға­­сының орынбасары болып сайланды.

2008 жылы Бақытжан Тұрсынұлы ел Президентінің Жарлығымен еліміздің ең ірі оқу орындарының бірі − әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің ректоры болып тағайындалды.

Ол басшылыққа келген бойда университет тұтасымен жаңа бағытқа бет түзеді. Университет елімізде тұңғыш рет халықаралық аккредитациядан өтті, бірінші рет оқу бағдарламалары әлемнің іргелі университеттерімен сәйкестендірілді, тұңғыш рет ТМД кеңістігінде «бакалавр-магистр-PhD докторы» негізіндегі үш сатылы оқу жүйесіне көшті, елімізде бірінші рет кредиттік оқыту технологиясын толық енгізді...

ҚазМУ қалашығында жаңа үлгі­д­егі оқу ғимараттары, мұражай, жатақхана, тағы да басқа тұрмыстық, спорттық кешендер бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көбірек бой көтерді. Ең бастысы, жастардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалды.

Академик Жұмағұловтың ректор болған жылдары ҚазМУ-дің нағыз гүлденген шағы еді десек, асырып айтқандық бола қоймас.

Екі жарым жылдан кейін ол Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. Бұл жоғарылау да тегіннен-тегіс емес. Мемлекет басшысы Бақытжан Тұрсынұлының ҚазМУ-ді аз уақытта әлемдік оқу жүйесіне сәйкестендіргенін есепке алса керек. 

Ақиқатын айтқанда, Бақытжан Жұмағұлов ең мықты Білім және ғылым министрі ретінде тәуелсіз Қазақстанның тарихында қалғаны анық. Ол білім және ғылым саласына 40-тан астам қалыптасқан, жүйеленген, терең зерделенген ұсыныстар енгізді.

2013 жылғы қыркүйекте Бақытжан Тұрсынұлы министр қызметінен босады да, өзінің ең сүйікті ісіне құлшына кірісті. Ол енді Ұлттық инженерлік академиясы аясында бүкіл Қазақстан тарихында болып көрмеген аса ауқымды ғылыми шара − Бүкіл дүниежүзілік инженерлер мен ғалымдардың конгресін өткізуді қолға алды. 

Бүкіл дүниежүзілік конгресс Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шақтың энергиясы» атты ғалам­дық жобасын негізге ала отырып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Астана қаласында өз жұмы­сын бастады. Конгресс әлемдік ғылым мен инженерияның өңшең алыптарын жинады және 51 мемлекеттің мыңнан астам өкілдері қатысты.

Қазір академик Жұмағұлов Қазақ­стан Республикасы Президентінің өзі тағайындаған сенатор, былайша айтқанда, еліміздің заңнамалық мінберінің сыннан өткен, тәжірибесі мол, кәсіби өкілі. Ол тағы да буырқанған идеяларын, шеберлігін осы ортада шыңдауда. Тағдыр оған қашан да тіршіліктің қайнаған алғы шебінде жүруді бұйыртқан. Бақытжан Жұмағұлов бүгінде қазақстандықтар үшін аса маңызды жоба − Қазақстан Республикасы Президенті ұсынған Бес әлеуметтік мәселені тез арада іске қосуды қадағалай­тын Қоғамдық кеңес­­­тің төрағасы. Халықтың әл-ауқатын көтеруге арналған кешенді әлеуметтік-экономикалық бұл мәселелерді түбегейлі шешіп, орнықтыруды Бақытжан Жұмағұловқа тапсыру да оған көрсетілген айрық­ша құрмет деп білемін. Қорыта айтқанда, академик Жұмағұлов Елбасының аса жауапты тапсырмаларын орындайтын сенімді серігіне айналды.

Ендеше, осы қарқыныңнан тайма, Бақытжан!

Асқар Құлыбаев,

Мемлекет және қоғам қайраткері, 

Халықаралық инженерлік академияның академигі