Экономика • 17 Тамыз, 2018

Рустам МИННИХАНОВ: Экономикалық байланысты кеңейтуге мүдделіміз

201 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Татарстан арада сенімді қарым-қатынас орнаған бауырлас елдер екені белгілі. Осы орайда Татарстан президенті Рустам МИННИХАНОВПЕН сұхбат ба­рысында екі ел арасындағы ынтымақтастық пен ТМД-дағы Ислам экономикасының келешегі туралы әңгімеленді. Сонымен қатар Р.Минниханов «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы мен Қазақстандағы татар-башқұрт этномәдени бірлестіктерінің қызметіне көзқарасын білдірді.

Рустам МИННИХАНОВ: Экономикалық байланысты кеңейтуге мүдделіміз

– Рустам Нұрғалиұлы, сізді Қазақстанға жиі сапар­лай­­тын қонақ деп білеміз және Қазақстан мен Татар­стан арасындағы достық пен ын­­ты­мақтастық сөзбен ғана емес, іс жүзінде де ны­ғайып ке­леді. Оның бір дә­лелі – Мем­лекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Қазан қаласына сапары. Мұн­дай жылы ниетті қарым-қатынастың сыры неде? 

– Бұл ынтымақтастық 1997 жылдың 25 тамызында бе­кітілген Татарстан мен­ Қазақстан Үкі­меттері ара­сындағы сауда-эко­номи­калық, ғылыми-техни­калық және мәдени ынты­мақ­тас­тық қағидаттары туралы келісімге негізделеді. Ұзақ жылдар бойы Ресей-Қазақстан қарым-қатынасы аясында Қазақстан Татарстанның тұ­рақты экономикалық серіктесі болды. Мұны екі ел арасында жиі болатын жоғары деңгейдегі са­парлар айғақтайды. 

Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылдың сәуі­рін­де, 2004 жылдың мау­сым-шілде айларында, 2005 жыл­дың тамызында және 2018 жылдың маусым айында Та­тарстан Республикасына келді. Өз кезегінде Татарстан де­ле­гациялары да Қазақстан ай­мақтарына жиі барады. Мә­се­лен, 2017 жылдың 11-12 мау­­сымында Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық ма­мандандырылған көрмесіне Та­тарстан делегациясын бас­тап бардым. 2018 жылдың 3-5 шілдесінде біздің өкілдік делегация Астанадағы Ислам экономикасы форумына және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ашылуына қатысты. Мұндай кездесулер қос республикадағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың ынтымақтастығына серпін береді, соның нәтижесінде, тауар айналымы да арта түседі. Мәселен 2017 жылы Татарстан мен Қазақстан арасындағы сыртқы сауда айналымы өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артып, 702,9 млн АҚШ долларын құрады. Сонымен бірге біз өзара тауар айналымын арттыратын үлкен мүмкіндіктерді көріп отырмыз, демек, әлі де біз ұмтылатын биіктер бар. 

– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазан қаласында сізбен кездесуінде сауда-экономикалық және ин­вестициялық ынтымақ­тас­тықты дамытудың маңыз­дылығын және өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу қажеттігін атап өтті. Осы мақсаттарды жүзеге асыру қалай жоспарланып жатыр? 

– Бүгінде Қазақстан Татар­стан үшін сауда-экономикалық және инвестициялық ынты­мақ­тастықты дамытудың маңызды бағыты болып отыр. Біздің рес­публикалар тілі, мәдениеті, діні бойынша үндесіп жатыр.  

Біз қазақстандық серіктес­тер­мен автокөлік, кеме жасау, тікұшақ жасау, мұнай-газ химиясы, жоғары техноло­гия­­лар және өзге де салалар­да­ғы экономикалық және ин­вестициялық байланыс­ты кеңейтуге мүдделіміз. Қа­зақстан мұнайды өндіру үшін алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланатын ірі мұ­найлы ел. Татарстан экономикасында да мұнай-газ және химия кешені маңызды рөл атқарады. Осылайша, ынтымақтастықты кеңейтуде бұл саланың келешегі мол. 

Қазақстанмен тығыз ынты­мақтастық орнатқан татар­стандық кәсіпорындар арасында «КамАЗ», «Татнефть», «ТАИФ», «Қазан тікұшақ зауыты», «А. Горький атындағы Зеленодольск зауыты», «KМПО» АҚ, «ЕлАЗ» АҚ, «КЭР-Холдинг» компаниялар тобы және «Татспиртпром» АҚ бар. 

2018 жылдың І тоқсанында тауар айналымының өсімі 60%-ті құрап, шамамен 200 млн АҚШ долларына жетті. Осындай тығыз ынтымақтастық арқылы ортақ тапсырманы жүзеге асырамыз – жақын арада екіжақты сауда көлемін 1 млрд долларға жеткізе аламыз. Татарстанның кәсіпорындары Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс­тарды кеңейтуге және ортақ көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға қызығушылық білдіріп отыр. Сонымен бірге білім беру саласындағы қарым-қатынаста үлкен әлеует бар. 

– «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлем­дік нарықта жұмыс істеу дайындығына қандай баға берер едіңіз? АХҚО аясында Татарстан мен Қазақстан  ын­тымақтастығы қалай жү­зеге аспақ? 

– «ЭКСПО» аумағында АХҚО құрылуы – Қазақстан дамуындағы маңызды ше­шім Астананы әлемдік қаржы орталығы ретінде қалып­тас­тыру жолдарының бірі. Бұл Қазақстан үшін қаржылық ка­питалға қол жеткізудің ең үздік тәжірибесі, сондай-ақ қаржылық технологияларды апробациялау мен енгізуге арналған бірегей орта. 

Қаржы орталығы аясында қазақстандық әріптестерімізбен исламдық банкинг саласындағы өзара ынтымақтастықты да­мыт­қымыз келеді. «Астана» қаржылық форумы аясында Татарстан Республикасы Инвестициялық даму агенттігі АХҚО-мен өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл бізге исламдық қаржыландыруды іс жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді және Ислам экономикасы орталығын құру жұмысына үлкен көмегін тигізеді. 

– Сіз Қазақстанға келген әрбір сапарыңызда мұндағы татар-башқұрт этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесуге тырысасыз. Олардың қызметі туралы не айтасыз? 

– Қазіргі уақытта татарлар­дың ең үлкен диаспораларының бірі – 200 мыңнан астам татар Қазақстанда тұрып жатыр. Әрине, татарлар өздерінің бірлігімен ерекшеленеді, олар ана тілін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтап қалуға бағытталған көптеген этномәдени жобаларды жүзеге асырып жатыр. Орал қаласында Ғабдолла Тоқай орталығы мен музейі құрылды. 

Семейде «Ертіс моннары» атты татар әндерінің жыл­ сайынғы фестивалі өтеді, татар өнер-мектептері жұ­мыс істейді. Одан бөлек, Қа­зақстанда әуесқой татар­ ансамбльдері мен театр ұжым­дары жұмыс істейтінін, мерзімді басылымдар шыға­ры­латынын білемін. 

Петропавл, Алматы, Пав­ло­дар, Өскемен, Астана қала­ларында татар жексенбілік мектептерінің қызметі де назар аударуға тұрарлық. Татарстан аумағынан тыс елдерде тұратын татарлар республикада болып жатқан барлық оқиғаларға – біздің жетістіктерімізге, мәдени мұра нысандарына, ана тілімізді сақтауға қатысты мәселелерге қызығушылық танытуда.

Сұхбат «ҚазАқпарат» ақпарат 
агенттігінен ықшамдалып алынды