23 Желтоқсан, 2011

Сүйек майына трансплантация енді өзімізде жасалады

415 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Алматыда ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қар­саңында Денсаулық сақтау министрлігі Педиатрия жә­не балалар хирургиясы ғылыми орталығы (ПжБХҒО) ба­засында Балалар кардиохирургиясы және интервенция­лық кардиология бөлімшесі, сондай-ақ сүйек майын транс­плантациялау бөлімшесі бар республикалық он­ко­гематологиялық орталықтың тұсауы кесілді. Дүние жүзінің ең соңғы әлемдік стандарттарына сай заманауи технологиялармен жарақтанған орталық Қазақстан мен кіндік Азияда теңдесі жоқ әрі тұңғыш рет ашылып отырған емдеу орны. Шынында да, бұл қуанышты оқиға Қазақстан медицинасы та­рихындағы ең жарқын күндердің бірі болып қалары хақ. Иә, елі­міз­дің педиатрия саласында ос­ын­­дай жағымды жаңалық отан­дық медицинаның өркениетке қол жеткізгендігін айғақтап отыр. Салтанатты жиынға арнайы келген Денсаулық сақтау вице-министрі Аида Құрманғалиева алды­мен Мемлекет басшысының елімізде денсаулық сақтау сала­сының қарқынды дамуына ай­рық­ша кө­ңіл бөліп отырғанын, сондай-ақ барлық мемлекеттік бағдарлама­лар­да ана мен бала денсаулығы ең маңызды басым­дықтардың бірінен саналатынын айтты. – Бүгінде республикада жыл сайын 600 бала қан ауруының ең күрделі түрімен ауырса, олардың 130-ы лейкоздың ауыр түрімен алғаш тіркелгендер. Енді, міне, осындай күрделі емді өз елімізде, өз мамандарымыз жасап, сүй­ек майын ауыстырудың нәти­же­сінде онкогематологиялық тера­пия­ның тиімділігін арттыратын боламыз. Ең бастысы, емді қажет ететін ба­лалардың бәріне қол­же­тімді бол­мақ. Мәселен, биыл ақ қан ауруы­на шалдыққан 7 бала мемлекет квотасымен шетелде операция жасатып қайтты. Бұған шамамен 1,5 млн. доллар қаржы жұм­салды. Әрине, мұндай емді қажет ететін балалар әлі де көп. Сон­­дықтан, жаңа орталықтан үлкен үміт күтеміз, – деді вице-министр. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов жуырда ашылған қалалық нео­натальды орталығында бүгінге дейін 19 жүрек ақауына операция жасалса, елімізде тағы сондай жоғары деңгейдегі кардиохирургия және интервенциялық бө­лімнің бой көтеруі – отандық медицинаның жетістігі екенін екпін түсіре айтты. Сондай-ақ ПжБХҒО-ның ди­ректоры Сәуле Мүкішеваның соң­ғы жылдары Қазақстанда балалар мен ересектер арасындағы онкологиялық аурулармен ауыр­ған жандарға қайырымдылық кө­мегін көрсетіп жүрген, бүгінгі қуа­нышты жиынның құрметті қонағы «Масимовтың сауықтыру орталығы» ЖШС президенті Қажымқан Мәсімовті көпшілікке таныстыруының өзіндік себебі бар екен. Бұғанға дейін еліміздің бірқатар облыстарында қатерлі ісікті ерте анықтаудың оңтүстік кореялық «Цитофаст» медицина­лық құрал-жабдығын сыйға тартумен қатар, олармен жұмыс істейтін мамандарды шетелде оқы­тып әкелген Қажымқан ағамыз гематологиялық орталықтың ашы­лу салтанатында көрімдікке жаңа микроавтобустың кілтін та­быс етті. Сонымен қатар ол ж­а­ңа­дан ашылған орталықтың то­ғыз дәрігерін Кореяға жіберіп, өз салалары бойынша білімдерін көтеріп қайтуға жағдай жасаса, бірінші қабаттағы ойын бөлмесін түгелдей жасақтап, көздің жауын алатын ойыншықтармен жайна­тып қойыпты. – Жаз шыға балалардың таза ауада ойнап, демалуы үшін орта­лық ауласында көлеңкесі бар ор­ын­дықтар жасаймыз. Алдағы уа­қыт­та да орталықтың аяғынан тұ­рып кетуіне шамамыз келгенше атсалысатын боламыз, – деді ол. Келген қонақтардың ішінде ПжБХҒО-ны он үш жыл басқар­ған, еліміздің балалар хирургия­сы саласының дамуына орасан зор үлес қосқан академик Камал Ор­ман­таев та өз қуанышымен бөлісті. – Онкогематология – өте күр­де­лі ауру. Ол дәрі-дәрмекті көп қа­жет етеді. Біздер мынандай онко­гематологиялық орталықтың ашы­луымен мақтануымыз керек. Рас, соңғы он жыл көлемінде елімізде медицина саласына айтар­лықтай көңіл бөлініп, керемет заманауи ғимараттар ашылып жа­тыр. Хирург ретінде балалар кар­диохирургиясының дамып отыр­ғанына қуанып отырмын. Бала­лар­ға қазіргі заманғы аппараттар керек. Өйткені, балақайлар ауыр­ған жерін айта алмайды. Ал диаг­ностика аппараттың сапасы­на байланысты болса, емдеу – диаг­нозды дәл қоюға тікелей қа­тысты. Оған қоса мамандарымыз да соған сай болғаны абзал, – деді академик. Лента қиылып, ғимаратқа оң аяғымызбен аттадық. Алдымен гемопоэтикалық дің жасушасын трансплантациялайтын бөлімді аралағанда, құдды теледидардан ғана көретін керемет клиникасын аралап жүргендей әсерде бол­дық. Жарық та тап-таза бөлме­лер­де дүние жүзінің ең соңғы заманауи әлемдік стандартқа сай аппарат құрылғылары сонадайдан көз тартады. Науқас үшін өте күрделі кезеңдерді қамтитын, донор жинайтын бөлмеден бастап, операция жасалатын, одан әрі екі ай көлемінде өте дәлдікті, сақ­тықты қажет ететін трансплантациядан кейінгі палаталар бәрі-бәрі көңілге бір жылы әсер қал­дырды. Мұнда жаңа туған нә­рес­теден 17 жас аралығындағы ба­лаларға сүйек майы транс­план­тациясы жасалады десек, келесі жылы он балаға осындай күрделі операция жасау жоспарланып отырған көрінеді. Ең бір айта кетерлігі, мұндағы донор жасу­ша­сын он жылға дейін сақтай алады. Сондай-ақ дәрігерлердің алаң­сыз жұмыс жасауына да барлық жағдай жасалған. Келесі қабаттағы Кардиохирур­гия және интервенциялық кар­дио­логия бөлімін Президенттің Бо­лашақ бағдарламасымен Мәскеу­де оқып келіп, арнайы дайын­дық­тан өткен жас маман Гүл­жа­һан Ескендірқызы басқарады. Он­да екі операциялық блок, өз­де­ріне тиесілі жан сақтау бөлімі бар. Жаңа туылған салмағы бір килолық шақалақтан бастап, ем қабылдайтын бөлімде бала үшін барлық жағдай бар. Туа бітті ақауы бар нәрестелер презентханадан бірден осы бөлімге әкелі­неді. Аталмыш бөлім жылына төрт жүзге жуық операция жа­сауды жоспарлап отыр. Дәл бүгін Онкогемато­логия­лық орталықтың жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Күлән Омарова бұ­рын­­дары тек армандайтын құ­рыл­ғыларды, дәрігерлерге, әсі­ре­се науқастарға жасалған керемет жағдайларды көріп, қуанышында шек жоқ. Өйткені, ол кісі барлық саналы өмірін Қазақстандағы онкогематология саласының да­муы­на үлес қосып, оның ыстық-суығына көніп келе жатқан са­наулы ғалымның бірі. – 1993 жылға дейін Кеңес Ода­­­ғындағы емдеу тәсілі бойын­ша лейкозбен ауырған балалардың бірде-біреуі тірі қалған жоқ, – деді қонақтарды бөлімшемен та­ныс­тырып жүрген Күлән Омар­қызы. – Ал 1993 жылдан бастап, яғни германиялық емдеу әдісін енгізгеннен бері екі мыңнан аса бала құлан-таза жазылды. Яғни, осы емнен балалардың 75 па­йы­зы айығып шығады. Қазақ­стан­дағы бұл емдеу әдісі балалардың ақ қан ауруын емдейтін халық­аралық стандартқа сай. Ал емге көнбейтін сол қалған рецидивтік жиырма бес пайызды енді сүйек майын ауыстыру арқылы аман алып қалу мүмкіндігі туып отыр. Ең бастысы, біздер сүйек майын трансплантациялау сияқты күр­делі операция жасауға дайынбыз. Өйткені, трансплантациялаудан кейінгі ауруды алып шығу ең күрделі кезең. Кімде-кім бұл бағдарламаны біліп, бұрындары онымен емделмесе қиынға соға­ды. Ал біздің он тоғыз жылдық тәжірибеміз бұл ретте өз септігін тигізері сөзсіз. Гематологиялық орталықта әрқайсысы 25 төсектік 2 қатерлі қан ауруына арналған, 1 жалпы гематологиялық бөлімше бар. Ең кереметі, ондағы әр бөлмеде бір-екі баладан жатып ем алады. Өйт­кені, ондай науқас балалар өте ұзақ, әрі жанға бататын ем қабылдайтын болғандықтан, ана­сымен оңаша жатуы екі жаққа да пайдалы. Бөлмелерде науқас­тар­ға барлық жағдай жасалған. Әри­не, мұндай күрделі ем балаға да, оның ата-анасына да оңай тимейді. Сондықтан бөлімшеге психолог маманы тартылып отыр. Астанада Бала мен ана ұлттық ор­та­лығында гематологиялық бөлі­м­нің ашылуына орай, орталықта көп жағдайда оңтүстік аймақтан келетін балалар емделмек. – Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығында 150 орны бар қо­сым­ша жаңа ғимараттың ашы­луы – «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жасалған игі іс-шараның бірі, – деді бізге орта­лық директоры, медицина ғы­лым­дарының докторы, профес­сор Сәуле Мүкішева. – Бұған дейін ақ қан ауруына шалдыққан ба­ла­ларға сүйек майын ауыстыру опе­рациялары тек шетелде жаса­лып келді. Бұл науқас үшін қым­батқа түсетін. Мәселен, мұндай отаны Германияда жасатсаңыз, 300 мың еуроға тарта қаражатты қажет етеді. Ал бізде трансплантация 100 мың доллар көлемінде. Былай қарасаңыз, олармен протокол бойынша еміміз де, пре­па­раттарымыз да бірдей. Бар айыр­машылық – оларда сол ау­қымды қаржының 80 пайызы дә­рігерлер мен басқа қызмет көр­сететін адамдарға жұмсалса, біз тек химиялық препараттарға кететін қаражатты есептеп отырмыз. Сондай-ақ, ол ғылыми ор­та­лық толығымен республикалық бюджеттен қаржыланды­рыла­ты­нын, мұнда білімі мен білігі мықты кадрлар жасақталып, шетелде тәжірибеден өтіп келгенін мәлім етті. «Қазір елімізде 5 мың бала жүрек ауруымен ауырса, оның үш мыңы операция жасау­ды қажет етеді. Амандық болса, бір жылдан кейін басқа орган­дар­ды ауыстыру, яғни бауырды трансплантация жасауды қолға алмақпыз. Өйткені, бұл да бүгін­де күрделі міндеттің бірі. Біз енді соған талаптанып, маман­да­ры­мызды дайындау үстіндеміз. Ол да орталықтың ең басым бағыт­тарының бірінен саналады», дейді орталық басшысы. Жалпы жаңа медициналық ме­кеме құрылысына 8 млрд. тең­гедей қаржы жұмсалса, оны заманауи құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етуге 1 млрд. 800 млн. тенге қаржы бөлінген екен. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.