Аймақтар • 17 Тамыз, 2018

Жамбылда ет экспорты мың тоннаға артады

415 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келіп, өңірдегі бірқатар аудандардың ахуалымен танысты. 

Жамбылда ет экспорты мың тоннаға артады

Халық қалаулылары әуелі Меркі ауданындағы «Меркі Ет» комбинатына барып, мұнда мал сойып, ет өндіріп жатқан іргелі кәсіпорынның жұмысын көрді. Өндірген өнімін өз елімізге ғана емес, Иран мен Бахрейн елдеріне экспорттайтын комбинаттың күн сайын 1000-1500 қой мен 250-300 ірі қара малын союға мүмкіндігі бар. Алайда мұнда союға әкелінетін мал басы бүгінде аздау болғандықтан, әзірге бұл мүмкіндік 30 пайызға ғана орындалып отыр екен.

Ал аталған комбинаттың вице-президенті Сұлтан Әлиасқаров Иран мен Бахрейн мемлекеттеріне өткен жылы 214 тонна ет жіберілгенін, ал биылғы жылы бұл көрсеткіш 360 тоннаға дейін артқанын, сонымен қатар жыл соңына дейін экспортты 1000 тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар екенін айтып өтті. Сондай-ақ, ол мұнда 80 адам жұмыс істейтінін, жұмысшылардың орташа айлығы 60 мың теңге екенін жеткізді. 

Жұмыс сапары барысында халық қалаулылары Меркі ауданындағы «Трансфер» және «Сыпатай батыр» шаруа қожалықтарының егіс алқабына барды. Он гектар жерге тәтті түбір отырғызған «Трансфер» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Бондаренко өткен жылы әр гектардан 700-800 центнерге дейін өнім алғанын, ал биыл одан да жоғары көрсеткішке қол жеткізу үшін еңбектеніп жатқанын жеткізді.

Ал «Сыпатай батыр» шаруа қожалығы 300 гектар жерге техникалық дақыл отырғызған екен. Қожалық жетекшісі Қанат Шайхиевтің айтуынша, шаруашылық барынша жаңа техникалармен қамтылған. Сонымен қатар, мұндағы қызылша алқабы толығымен жаңбырлатып суару жүйесіне көшкен.

Бұдан кейін сенаторлар Т.Рысқұлов ауданындағы жылқы және ірі қара малдарын байлап, бордақылаумен айналысып отырған «Сүйін» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған қожалықтың мал бордақылау кешенінде қазір 100-ден аса мал бордақылануда. Кешен басшысы Әлихан Дәрменқұлов бордақы малдарының Алматы және Тараз қалаларының базарларында сатылып жатқанын айтты.

Сонымен қатар, мұнда жұмыс істейтін 10 адам тұрақты түрде 50 мың теңге айлық алады. Бұл ретте депутат Мұратбай Жолдасбаев осындай тірлікті өзгелерге үлгі ету керектігін айтса, депутат Абдалы Нұралиев соңғы жылдары елімізде мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамығанын, сондықтан да шаруалардың еңбегі ерен екенін жеткізді.

Сонымен қатар, жоғарғы палата депутаттары аудандағы «Аяна» жекеменшік балабақшасында және «Шәушен» шаруа қожалығының мал сою, етті тоңазытып сақтау кешенінде болды. 2016 жылы пайдалануға берілген бұл кешен 250 миллион теңгеге салынған. Мұнда тәулігіне 200 қой мен 50 жылқы союға, сонымен қатар 35 тоннаға дейін ет сақтауға мүмкіндік бар.

Жамбыл облысына жұмыс сапары кезінде сенаторлар Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің жұмысымен танысты. Аталған өндіріс орнында бүгінде 50 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, халық қалаулылары 10 адамды жұмыспен қамтып отырған «Қаратау ПРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Сондай-ақ, депутаттар аудандық орталық емхананың және аудандық музейдің жұмысымен танысты.

Сапар барысында Жуалы ауданына келген депутаттар Б.Момышұлы ауылындағы Датқа батыр аллеясының және аудан орталығындағы «Халыққа қызмет көрсету» орталығының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Көкбастау ауылдық округінде орналасқан ортағасырлық «Баркуаб» қалашығының қазба жұмыстарын және Жаңаталап ауылындағы «Жаңаталап ХХІ» шаруа қожалығының жұмысын көрді.

Өңірдің өндірісімен және өзге де салаларымен танысқан халық қалаулылары Тараз қаласында жұмыс сапарын қорытындылады. Депутаттар облыс орталығындағы «Қазфосфат», «Алина Тараз Про», «Та-мак» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын берді.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы