Бизнес • 17 Тамыз, 2018

Сүт өнімдеріндегі баға теңсіздігі белең алып тұр

1713 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы негізінен еліміздегі аграрлық аймақтардың бірі. Мұнда асыраушы саланы дамытуға мол мүмкіндік бар. Көбінесе ет пен сүт өнімдерін өңдеуге бағытталған облыста өнеркәсіп өнімдері арасындағы баға теңсіздігі бұл күнде өзекті болып тұр. Мәселен, соңғы алты айда Жамбыл облысы жалпы көлемі 32 миллиард теңге болатын тамақ өнімдерін өндірген. Оның 7326 тоннасы сүт өнімдері екен. Өңірде 17 кәсіпорын осы салаға бағытталған болса, Меркі, Қордай сияқты 8 ауданда сүт өңдеу цехы жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындардың өнімдері ішкі нарықта сатылып, сүт өнімдерімен балабақша, аурухана және мектеп сияқты мекемелерді қамтамасыз етіп келеді. 

Сүт өнімдеріндегі баға теңсіздігі белең алып тұр

Бүгінгі таңда мектеп, бала­бақ­ша, емдеу-сауықтыру орын­дарының, сондай-ақ басқа да бюджеттік қаржыландыру арқылы азық-түлікпен қамтамасыз етілетін түрлі деңгейдегі мекемелердің сүтке деген сұранысы жоғары болып отыр. Олардың сұранысы қалай қанағаттандырылып отыр? Аудандардағы сүт өңдеу кәсіп­орындары өз өнімдерін аталған мекемелерге қанша көлемде жет­кізуде, бағасы көңілге қонымды ма? Осы сауалдарға жауап ізде­генде өңірде өзекті болып отыр­ған баға тұрақсыздығы мәсе­лесі алдымыздан шығады. Жам­был облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңір аудандарына жұмыс сапарымен барғанда осы мәселелерге айрықша назар аударып, келеңсіздіктерді ретке келтіру үшін жауапты тұлғаларға тапсырма берген болатын. 

Қазір сүт өнімдері арасындағы баға теңсіздігі белең алып тұр деуге болады. Аталған мәселе бойынша өз ойын білдірген Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев конкурс өткізу не­месе бір жерден сатып алу арқы­лы тегін және жеңілдікпен ыстық тамақпен, оның ішінде сүт өнім­дерімен қамту, қызмет көрсету шаралары жөнінде әңгі­меледі. Сондай-ақ сүт бағасының тұрақсыздығына себеп болған жайт­тарға да тоқталды.

«Мәселен, облыс­тық білім басқармасына қарас­ты Тараз қалалық сервистік-техно­логиялық колледжі мемлекеттік сатып алуға ұсынылған 1 литр сүт үшін 202 теңге белгілесе, «Шалқаров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оны 195 теңгеден ұтып алып, жеткізіп беріп отырған. Ал №1 қалалық бала­лар ауруханасы 1 литр сүтті мемле­кеттік сатып алуға 130 теңгеден ұсынса, оны «БекСтрой» жеке кәсіпкерлігі 98 теңгеге ұтып алып тасымалдаған.

«Бір таңғаларлығы, 1 литр сүттің бастапқы бағасы шамамен 100 теңгеден кем емес. Сонда «БекСтрой» ауруханадағы балаларға қандай сүт апарып беріп жүр? Не малы, не сүт өңдейтін цехы жоқ жеке кәсіпкердің бірі − осы. Осы тектес мысалдар жетіп-артылады. Бір кәсіпкерлер сүт өнімдерінің кейбір түрін үш есе қымбат бағамен жеткізіп беріп жүрсе, кейбір жеке кәсіпкерлер тен­дерге жалғыз өзі қатысса да, өнім жеткізуді бастапқы бағадан ар­занға ұтып алған. Ереже бойын­ша онымен таласатын ешкім бол­маса, өнімнің құны сол күйін­де қалуы керек. Осы тектес олқы­лықтар көп», дейді облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев.

Бұл мәселе тек сүт өніміне ғана емес, сары май өніміне де қатысты болып шықты. «Сары май өнімінің әр килосына порталда ұсынылған баға 1486 теңге болса, оны жеткізуші 610 теңгеге ұтып алған. Ал №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы сары майдың әрбір килосы үшін 1590 теңге ұсынса, оны жеткізуші «Лесняк» жеке кәсіпкерлігі 519 теңгеден ұтып алып отырған», дейді облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінде мемлекет тарапынан сүт өнімдерін өңдейтін кәсіп­орындарға барынша қолдау көрсе­тіліп келеді. Ағымдағы жылдың өзінде 7 нысанға 185 миллион тең­ге субсидия берілген. Сонымен қатар өңірде сүт бағытында 24 ауыл­шаруашылық кооперативі құры­лып, жақсы жұмыс істеп келеді.

Алайда, ішкі нарықтағы жұ­мыстың жүйесіздігінен бе, әйтеуір сүт бағытындағы баға мәсе­лесі әлі де өзекті. 

Бұл орайда, облыстық ауылша­руашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев бүгінде сүт өнімдерін қайта өңдеу жұмыстары өз деңгейінде емес екенін айтты. Бұдан бөлек, кәсіпорындар өз өнімдерін бюджеттік ұйымдарға әртүрлі бағамен өткізетінін, мемлекеттік сатып алудан кейін оның бағасы өзгеріп, тым қым­бат немесе арзан бағаға сатылып жатқанына да тоқталды. Айта­лық, өңірдегі сүт және сүт өнімдерін өндіретін барлық кәсіпорындардың тәуліктік қуаты 56 тонна екен. Шамамен бұл көрсет­кіш тұтынушылардың 50 про­центін қамтамасыз етеді. «Мә­селен, сүтті бір мекеме 98 тең­геден алса, басқа цехтар 276 теңгеден өткізеді. Бұл кәсіп­орындар ішкі нарық үшін емес, өнімді тек бюджеттік мекемелерге тасумен ғана шектелген», дейді басқарма басшысы. Соны­мен қатар келесі жылдан бастап мұндай келеңсіздіктер болмай­тынын, мемлекеттік сатып алу жұмыстарының да бақылауда бо­латынын, бұл үшін барлық кәсіп­орындарға саралау жүргізілетінін жеткізді. 

Өндірген өнімін шетелге экспорттап жүрген «Көкжиек-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Әбдіқали Бегімбетов мемлекет қолдау көрсетсе, сапалы өніммен тиісті мекемелерді қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ кәсіпкер шарт бойынша сүтте шлактың мөлшері 00,1 процент болып көрсетілгенімен, бүгін­гі сүт өнімдерінде бұл 9 процент­тен асып бара жатқанына өкініш білдірді. Осы орайда облыс­тық кәсіпкерлік және индустрия­лық-инновациялық даму басқар­масының мәліметіне сүйенер болсақ, облыс аудандарындағы қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаты жоғары болғанымен, өнді­рілген өнім көлемі оған сай емес екен. Тіпті мал шаруашылығы жақсы дамыған Сарысу, Мо­йынқұм секілді аудандарда әлі күнге дейін шағын болса да сүт өндіретін бірде-бір кәсіпорын ашылмаған. Демек, олар тиісті мекемелерге қажетті сүт өнімдерін Тараз қаласынан алады. 

Жамбыл облысында өздері ешбір өнім өндірмей-ақ, өндіруші кәсіпорын мен тұтынушы мекеме арасында сауда көрігін қыздырып, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің жұмысын ретке келтіру басты мәселе. Тіпті өңір­дегі сүт өнімдерін қайта өңдей­тін ірі кәсіпорындардың бағасы арзан әрі сапалы өнім­дерін өткеруде қиындықтар туын­дағаны, соның салдарынан кәсіп­орындардың қуаттылығына қарай жүктемелерін арттыру мүмкін болмай отырғаны туралы мәселе де көтерілген болатын. Ен­дігі жерде сүт өнімдерін қайта өң­деу кәсібіндегі кемшіліктер мен оны сатып алу, тасымалдау мә­се­лелеріндегі олқылықтар ретке кел­тірілсе, өңірдегі өндіріс сала­сының қарқын алатыны сөзсіз.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы