Қазақстан • 17 Тамыз, 2018

Шекарадағы құқық бұзушылық азайып келеді

1497 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл Ұлттық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің құрыл­ғанына 26 жыл толып отыр. Еліміз тәуелсіздік алған сәттен Мемлекет басшысы шекараны белгілеп, мызғымастан күзетілуіне жоғары маңыз берді. Қазыбек би айтқандай, «жерінің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан» елдің шекарашылары бүгінде Елбасы сенімін, ел үмітін толықтай ақтап келеді. 

Шекарадағы құқық бұзушылық азайып келеді

Елдің аумақтық тұтастығын сақтау жолындағы ұрпақ сабақтастығы ерлік эстафетасына ұласып, шекарашылардың жетістігі бейбіт күннің өзінде көрініс табуда. Осы орайда 18 тамыз – Шекарашылар күні қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан ДІЛМАНОВПЕН кездесіп, бірқатар сауалымызға  жауап алған едік. 

– Дархан Айтқалиұлы,  мем­лекеттік шекара – елдігіміздің негізгі белгісі. Мемлекеттік және әлеуметтік инс­титут ре­тін­де Шекара қызметі әр қа­зақ­­­стандықтың мүддесін қор­ғайды. Бұл тұрғыда шека­ра­ның беріктігі – ел­дің пси­хологиялық қауіпсіздігіне, яғни хал­қымыздың өзін қауіпсіз сезінуіне тікелей әсер етеді. Бұл күн­дері еліміздің шекарасын күзету ісі осы ұстанымға қан­шалықты сай ке­леді?

– Иә, дұрыс айтасыз. Кез келген мемлекеттің қалыптасуының басты шарты оның белгіленген шекарасының болуы. Сондықтан да Елбасы – Жоғарғы Бас Қолбас­шымыз Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің елең-­алаңында ең алдымен көршілермен мемлекет­тік шекараны халықаралық құқық нормаларына сәйкес шегендеп, заңды түрде ресімдеп алуға қол жеткізді. Бұл сырт­қы саясаттағы тарихи жетістік болатын. Осы орайда Президентіміз «Біз бар­лық көршілерімізбен орныққан өзара ынтымақтастық пен адал әріп­тестікті қастерлейміз және оны алдағы уақытта да еселей беретін боламыз» деген еді. Мем­лекеттік шекара саясаты бүгінге дейін Елбасының осы белгілеген векторымен салтанат құ­рып келеді. Өткен жылдың сәуі­рінде Түрік­менстанмен, жел­тоқ­санында Қыр­ғыз Респуб­ликасымен мемлекет­аралық Келі­сімдерге қол қойыла оты­рып,­ демаркация шаралары­ аяқ­талды. Қазір ратификация­ жүріп жатыр. Өзбекстан Рес­пуб­ликасымен және Ре­сей Федерациясымен дема­р­кациялық ша­ралар аяқталуға жақын. Бұ­дан бөлек, Мемлекеттік шека­ра тәртібін бекі­тіп еліміздің ұлт­­тық қауіпсіздігін одан әрі ны­ғайту мақсатында Қырғыз Рес­пуб­ликасымен, Түрікменстанмен және Өзбекстанмен бірқатар келісімдерге қол қойылып, рати­фи­­кацияланып жатса, кейбір ке­лісімдер сараптамадан өтуде, өзі­нің белгіленген уақытын күту­де. 

Бұрындары қол жеткізілген уағдалас­тықтарға сәйкес Шекара қызметі осы жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана 5 рет халықаралық бірлескен арнайы шекаралық операцияларға, жедел алдын алу және өзге де шараларға белсенді түрде қатысып, осы­ның нәтижесінде 1195 адам шека­ра­лық құқық бұзу себеп­терімен ұс­т­алды. Орнатылған шек­аралық әріп­тестік өзінің жемісін беріп жатыр, мысалы тексеріп-өткізу бекет­терінде ұсталған шекаралық құқық бұзушылар көрсеткішінің бұ­рынғыға қарағанда төмендеуі осы­ның арқасы деуге әбден болады.

– Кейінгі кездері алдыңғы буынға жақсы таныс «Шека­раны бүкіл халық қорғайды», «Шекарада бәрі­міз сақ­шымыз» деген ұрандар көп естілмей кетті. Дей тұрғанмен, қазіргі уа­қыт­та шекара бойындағы жұрт­шылықпен байланыс қа­лай жүзеге асуда? 

– КСРО заманында сыртқы әлемнен ел тұрғындарын «темір перде» бөліп тұрғанын білеміз. Жоғарыда сөз болған ұрандардың сал­мағы сол кезеңде, әрине басы­мырақ болды. Дегенмен, қазіргі уақытта да Шекара қызметі құры­лым­дарының жауапкершілік аумағында орналасқан шекара­лық аудан әкімдіктерінің барлы­ғының жанынан Үйлестіру кеңес­терінің жұмысы жолға қойыл­ған. Олармен қарым-қатынас «Мем­лекеттік шекара туралы» заңға сәйкес, еліміздің шекаралық қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету және соған байланысты туындауы мүмкін әртүрлі мәселелерді бір­лесіп тарқату мақсатында жүр­гізіледі.

Мемлекеттік шекара күзетінде бел­сенді ауыл тұрғындарының көмегіне жүгінеміз. Шекара бойындағы барлық елді мекендер мен ауылдарда осындай азаматтардан құрылған топтар шекара күзетіне тұрақты түрде тартылып отырады. Осы бағыттағы жұ­мыстардың нәтижесінде тек­серіп-өткізу бекеттерін айналып өтіп, елімізге заңсыз кіргені үшін ұсталғандардың көрсеткіші артса, дәл осылай, көрші елдерге заң­сыз өтпек болып ұсталған біз­дің елдің азаматтарының саны азай­ғандығы байқалады. 

– «Қауіп қайдан демеңіз» дегендей, Шекара қызметінің күн­де­лікті қызметтік-жауын­герлік іс-қимылдары тәуекелге тәуелді екен­дігін бала кезіміз­ден білеміз. Шекара­дағы бүгін­гі қауіп қайдан?

– Иә, шекара наряды мем­лекет­тік шекараны күзетуге мемлекет атынан берілген бұйрықты тың­дап барып аттанады. Ол бұй­рықты орындау барысында әр­түрлі жағдайлар туындауы мүмкін. 

Өкінішке қарай,  бүгінге дейін контрабандалық іс-әрекет бо­йынша трансшекаралық қылмыс жалғасып отыр. Есірткі тасымалы да тоқтайтын емес. Соң­ғы деректер өткен жылдың алғаш­қы жартыжылдығымен салыс­тырғанның өзінде есірткі­мен ұсталғандардың саны 27%-ке өскендігін көрсетеді.

Олардан барымташылар да қалыс­пайды. Каспий теңізінің қазақ­стандық бөлігіне сырттан келіп браконьер­лікпен ай­налысқысы келетіндер де көп. Заң­сыз еңбек миграциясы да азаяр емес. Шекара бойындағы экономикалық мәні бар нысандарды лаңкестік шабуылдардан қорғау бойынша терроризмге қарсы күрес орталығымен тығыз қарым-қатынас жасаймыз.

– Көрші елдермен алыс-беріс, барыс-келіс көбейген са­йын шекара қыз­меті­нің мін­дет­тері де еселеп артқан шы­­ғар?

– Шекаралық бақылау бөлім­шелерінің жұмысы шекарадан ары-бері өткен адамдар мен кө­лік құралдары ағынының артуына байланысты күрделеніп отыр. 2018 жылдың алғашқы жарты­жылдығында ғана тексе­ріп-өткізу бекеттерінен 25 млн-нан астам адам өткізіліпті, яғни был­тырғы жылдың дәл осы мерзі­мімен салыстырғанда 18%-ке арт­қ­ан. Сонымен қатар 3,5 млн-нан астам көлік құралдары өткі­зілген, бұл да өткен жылғымен салыс­тырғанда 6%-ке артық. Адам­дар мен көлік құралдары ағы­ны артқанымен тексеріп-өткізу бекеттерінде ұсталған шекаралық құқық бұзушылардың саны 14,6%-ке кемігендігі бай­қалады. Бұл біріншіден, жоғарыда сөз болған, көршілес мемлекеттермен орнаған қарым-қаты­нас­тың жемісін, екіншіден, шекарадан өтушілердің құқықтық санасының жетіліп, мемлекеттік шекараның маңызын түсініп келе жатқандығын көрсетеді. Мемлекеттік шекараны бақылау­дың техникалық шараларын, со­ның ішінде радиациялық бақы­лау құралдарын жетілдіру жұ­мыс­тары да үздіксіз жүргізіліп келеді.

– Ғылым мен техниканың қарыш­тап дамуын шекара­шылардың қызметін жеңіл­дету­ге қаншалықты пайдаланып жатырсыздар?

– Әрине, шекара күзетіне де замана көшінен кейін қалуға бол­майды. Уақыт талабына сай, мемлекеттік шекара күзетінің жа­ңа формалары мен әдістерін әзір­леу және енгізу бойынша ізденістер үздіксіз жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды Алматы қаласында орналасқан ҰҚК Ше­кара қызметі академиясының профес­сорлық-оқытушылық құра­мы мен ғылымға құлаш ұрған магистранттары және докторанттары атқаруда. 

Оқырмандардың қызығу­шы­лығын тудыруы мүмкін тағы бір ілгерілеуді айта кетейін. Мем­лекет басшысының Қазақстан хал­қына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­­да­уын іске асыру бойынша Жал­пыұлттық жоспарды орындау шеңберінде, Шекара қызметі мемлекеттік қызмет көрсетулерді электронды форматқа көшіру жұмыс­тарын жүргізуде. Бұл жұмыстың механизмі «Азаматтарға арнал­­ған үкімет» мемлекет­тік корпора­циясының мүмкіндіктерін пайдалану арқылы, тікелей электронды үкімет веб-порталында жүзеге асырылатын болады. 

Әңгімелескен 

Серік ӘБДІБЕК, 

«Егемен Қазақстан»