Медицина • 17 Тамыз, 2018

Балаларға лагерь, лагерьлерге қаражат жеткіліксіз

1604 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде Семей қаласында  41 416  мектеп жасындағы оқушы бар. Бірақ олардың ішінде 2 мыңы ғана қала сыртындағы жаздық лагерьлерде демала алады. Оларға небәрі үш лагерь қызмет көрсетуде. Атап айтсақ, «Түрксібке − 50 жыл» лагері бір маусымда 320 бала қабылдаса, «Радуга»  120 баланы, «Жас қанат» лагері 80 баланы қабылдай алады. Бір маусым дегеніміз − екі апталық демалыс. Сонда есепке алсақ, Семейдегі әр 20 баланың біреуі ғана жазда лагерьде болады деген сөз. Балалардың жаздағы толыққанды демалысы әрқашан күн тәртібіндегі  өзекті мәселе. Үш лагерь, әрине жеткіліксіз болып отыр. Ал осы үш лагердің материалдық-техникалық жағдайы тіптен төмендеп кеткен. 

Балаларға лагерь, лагерьлерге қаражат жеткіліксіз

 − Қала сыртындағы, мектеп жанындағы және күндіз келіп демалатын лагерьлер спорттық, сауық­тыру, экологиялық және тілдік бағыттарымен ерекше­ленеді, − дейді Семей қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко. − Лагерьлерде баланың дүниетанымына қатысты түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Биыл­ балаларды сауықтыруға, де­малтуға көп көңіл бөлініп жатыр. 2018 жылы балалар демалысы үшін бюджеттен 28 млн 625 мың теңге бөлінген. Бұл өт­кен жылмен салыстырғанда 6 млн 201 мың теңгеге артық. Ал тұрмысы төмен отбасылардың балалары келуі үшін 11 млн 950 мың теңге қарастырылды. Лагерлерді жөндеуге 13 млн 455 мың теңге берілсе, оның ішінде ыстық тамақ үшін 300 мың теңге бөлінді.

Наталия Фесенконың айтуын­ша, қала сыртындағы жаздық лагерьлерге қажеттілік күн са­йын артып отыр. Себебі, маусым айында басталатын лагерь жолдамасының ақылы түрін оқушылар сәуірден бастап кезекке тұрып, сатып алады. Таласта қызығушылық та бар. Себебі ла­герьлерде демалыс жақсы ұйым­дастырылады. Қазіргі уа­қытта шағын орталықтар мен балабақшалар сияқты бала­лар­дың жазғы лагерьлерін де­ мем­лекет пен жекеменшік әріптестігі негізінде салып беруге болады. 

− Бірақ, әзірге ешбір кәсіпкер лагерь салып бергісі келмей отыр, − деді Семей қалалық білім бөлімінің бастығы Н.Фесенко. Себебі бұл кәсіп түрі жыл бойы емес, тек жазғы маусымда ғана қолға алынатындықтан, кәсіп­керлер пайда жағына да қарап отырса керек. Биыл балалардың толық демалысы үшін 28,625 миллион теңге бөлінді. Осының 15,4 миллион теңгесі қала сыр­тындағы жазғы лагерьлердің әр­леу-жөн­деу, құрылыс жұмыс­тарына белгі­ленген еді. Бірақ бұл қаражат жетпей жатыр. Соң­ғы екі жылда ғана лагерьлерге там-тұмдап көңіл бөліне бас­тағандықтан, ескіріп кеткен шатырларды, тере­зелерді ауыс­тырып, балалар ойнайтын алаңқайларды жасақтай бастадық. 

Мәселен, «Түрксібке − 50 жыл» лагеріндегі барлық корпус­та шатырларды түбегейлі жөндеп шықса,  «Жас қанатта» ба­ссейнді жөндеп, құлайын деп тұрған асхананы қалыпқа кел­тірген. Әрине бұлардың бар­лығы да сонау Кеңес өкіметі тұсы­нан қалған лагерьлер бол­ған­­дықтан, тозып-ақ кеткен. Жа­ңа­дан салғанға бюджеттен қар­жы жетпейді. Сондықтан ескі ғи­маратты қайта жөндеп, жыл сайын балаларды күтіп алуға ғана мүмкіндік бар. Жоғарыда айтқан «Түрксібке − 50 жыл» және «Радуга» лагерьлерінде шомылатын жер жоқ, суға түсуге мүм­кіндік тек «Жас қанатта» жасалған. Қала әкімдігі ересек оқушыларға арналған еңбек лагерін қалпына келтірмек болыпты. Бірақ оған да қаражат жоқ. 

− Қала балалары «Приречное» сияқ­ты ауылдық жерлерге сапар шексе, сол жерде алқапта 3 са­ғат жұмыс істеп, үлкендерге кө­мектессе деген ойымыз болып еді. Одан да ештеңе шықпады. Мәселе балаларды ас-ауқатпен қамтуға келіп тірелді. Яғни та­мақ­тандыруға қаражат табылмады. Біз балалар өздерін жердің қожайыны, фермер ретінде се­зінсе деп ойлаған едік, − дейді Н.Фесенко. 

Бір айтарлығы, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масына орай Семей өңірінің оқу­шылары дәл қазіргі уақытта Қазақстан мен облыстың барлық тарихи және қасиетті жерлерін аралап жүр екен. 

Сондай-ақ «қауіпті топтағы» балалардың да демалысы назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда кәмелетке толмағандар бойынша полицияда есепте 23 оқушы, мектепішілік есепте 35 оқушы тұр. Бұл балалардың тәрбиесі, психологиясы ескеріліп, қоғамдық жұ­мыстарға шақырылатын болмақ. Психологиялық тренингтер ұйым­­дастырылып, алдын алу ша­­ра­лары жүргізіледі. 

− Тұрмысы төмен отбасы­ла­р балалары да басты назарымызда, − дейді Наталия Фе­­сенко. − Биыл жазғы және мек­­теп жанындағы лагерьлерде көп балалы және жағ­дайы жоқ отбасылардан 5900 бала демалуда. Оның ішінде 522 ба­ла асырап алған отбасылардан, ал 195 тәрбиеленуші №8 және №5 мектеп-интернаттардан қамтылып отыр. Балалардың әр­қайсысы өзінің көңілінен шыға­тын бағытты таңдап алады. «Радуга» лагерінде туризм саласына ден қоюды, орманда, тау-таста қалай жүруге болатынын үй­ретеді. «Түрксібке − 50 жыл» лаге­рі мен Назарбаев зияткерлік мектебінің жазғы лагерьлерінде балалар демалып қана қоймай, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгереді. Тілдік бейімдегі лагерьлерде 2000 оқушы демалды. Сондай-ақ Семейдегі облыстық биологиялық орталықта 600 оқу­шы демалып, табиғат пен экология саласына ден қою­да. Спорттық шараларды ұнататын­дарға «Радуга»  лагерінің есігі айқара ашық.

Иә, осы қызықтың бәрі барлық балаға жетпей жатқандығы өкі­нішті. Өйткені балалардың жазғы демалыс лагерінің материалды-техникалық базасын жаңарту керектігі проблема болып тұр. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қала маңындағы «Жас қанат»,  және  «Радуга» лагерьлерін аралап, ескірген жиһаздар мен ойын алаңдарын жақсарта түсу қа­жеттігіне көз жеткізген-ді. Қа­ла басшысы балалардың жазғы лагерьлерінің техникалық базасын жаңартып, материалдық жағынан қамту керектігін айтқан болатын.  Жаңадан лагерь салу мүмкін емес. Сондықтан зауыттар мен кәсіпорындардың 1980 жылдары салынған ескі лагерьлерін жа­ңарту өте өзекті. Жазда кем дегенде 15 мың бала сауығып, демалуы қажет болса, қазір қала лагерьлері небәрі 4 мың баланы қамтып отыр. Қыста да демалатын, шаңғы тебетін орындар жасау, қысқы демалыстарды пайдалы өткізу де жолға қойылуы керек. 

Сондай-ақ денсаулығы жағы­нан әлсіз немесе науқас балалар да бар. Оларға арнайы меди­циналық сауықтыру орындарында жаздық ойын алаңдары, түрлі ем шаралар жасау қолға алынған.

− Балалардың ересек жаста­ғылары жазда бос жүрмей,  еңбек етуге ұмтылады, деді қалалық білім бөлімің бастығы. Қаланы кө­гал­дандыру, абаттандыру бригадаларында 15 мың жасөспірім жұмыс істеуге ниет білдірді. 1800 бала жөндеу-құрылыс жұ­мыс­тарына атсалысып жатыр. 938 бала мектептердегі ең­бек жасақтарының құрамында жүр. Ал ауыл балалары әке-ше­­шелеріне көмектесіп, егін алқаптарында жұмыс істей алады. Бір сөзбен айтқанда, бала де­маламын, еңбек етемін, тіл үй­ренемін, яки денсаулығымды түзеймін десе, яғни қандай талап қойса да, біз барлық мүмкіндікті жасауға тиіспіз.

Раушан НҰҒМАНБЕК,

журналист

СЕМЕЙ