Тарих • 17 Тамыз, 2018

Тарихи текетірес:Олжабай ма, Жаяу Мұса ма?

1883 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты қазіргі Жаяу Мұса ауылы бұрынғы патша заманындағы Далба болысының орталығы болған (Жуантөбе) киелі жер. ХVІІ-ХХ ғасырлардың басында Қарақабақ, Сақау Шиден, Айдос, Сарышоқы, Құнияз атанған жер, кеңес заманында Жаңатілек, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы, Жаяу Мұсаға өзгертілді. Онда негізінен Айдабол бабамыздың үшінші баласы Қарақозыдан тараған ұрпақтары тұрады. Тақырыбымыздың мән-жайы оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін әңгімемізді әріден қозғағалы отырмыз. Алдымен Айдаболдың әкесі Құлболды туралы бірер сөз. 

Тарихи текетірес:Олжабай ма, Жаяу Мұса ма?

Құлболды батыр ХVІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІ ғасырдың басында (шамамен 1540-1630 жылдар) өмір сүрген тарихи тұлға. Ол қазақтың Хақназар, Шығай, Тəуекел, Есім хандарының тұстасы. Ел басқарып, би-батыр атанған қоғам қайраткері, көшпенділер көсемі бол ған. Қарт шежіренің айтуынша орыс пат шасы Иван Грозный ноғайлыдан қалған Қазанды алып, енді Ертіске ауыз саламын дегенін естіген Құлболды əулие Құлын дының даласына асасын қадап «аузы түкті кəпірдің осыдан асқанын көрейін» депті. Айтқанындай орыстар қалың тұманға килігіп, бір-бірімен соғысып, қырылғаны қырылып, аман қалғандары кері оралыпты.

Құлболды əулиенің кіндігінен − Күлік, Тұлпар, Айдабол, Ақбура, Қабылан, Шегір, Майлытон атты үрім-бұтақ тараған. Олардың барлығы да ХVІ-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген біртуар дара тұлғалар екенінде күмəн жоқ.

Ал біз əңгіме арқауы еткелі отырған негізгі кейіпкерлеріміз Олжабай батыр мен аты-жөні алты алашқа мəлім əнші-композитор Жаяу Мұсаның ұлы бабалары Айдабол Құлболдыұлы болса 1590-1680 жылдары өмір сүрген, кезінде Шаш (Ташкент) қаласының биі, датқасы, рубасы атанған. Оның кіндігінен.

− Ақбілек атты бір қыз, сегіз ұл тараған. Барлығы да сонау Шыршық, Сыр бойынан, Шу, Ұлытау одан Баянауылға дейінгі аралықты жайлаған бірі батыр, бірі би, бірі рубасы атанып, жоңғарларды қазақ жерінен біржолата қуып шығуға себепші болып, атсалысқан, тарихта аты қалған жандар. Жанқозы, Малқозы, Қарақозы, Аққозы, Бозқозы, Қошетер, Қожакелді, Тайкелтір, барлығы да Айдаболдың балалары. Бұлар туралы деректер Мəшһүр Жүсіп Көпеевтің шежірелерінде, М.Тынышпаевтың тарихи еңбектерінде, Ф.Щербина басқарған дала облыстарын зерттеу экспедициясының материалдарында, Санкт-Петербургтік өлкетанушы Ю.Г.Поповтың, этнограф, тарихшы Ф.А.Фиельструптың шығармаларында жəне т.б. ғалымдардың зерттеулерінде молы нан кездеседі.

Алдымен «Он сан Орта жүзге ұран болған» Ер Олжабай туралы. Бұл оған «Қалмаққырған» мен «Шүршітқырғанда» асқан ерлік көрсеткені жəне Абылайханды қалмақтың тұтқынынан босатқаны үшін Əбілқайыр, Сəмеке хан, Əбілмəмбет үшеуінің берген атағы болатын. Алайда ол осындай атаққа ие болмай тұрыпақ, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жəнібек, Өтеген батыр, Малайсары, Жасыбай, Көкжал Барақ, Төле би, Қазыбек би, Бұқар жыраулармен бірге Түркістанды жоңғарлардан босатуға қатысып, үлкен ерлік көрсеткен. Оның бұл жорықтары туралы зерттеу еңбектер мен əдеби шығармалар баршылық. Олар И.Я.Коншин мен Г.Н.Потаниннің, Ф.А.Дербин мен Əлкей Марғұланның ғылыми пайымдаулары. Сондай-ақ Сақау ақын, Көтеш ақын, Жаяу Мұса, Мəшһүр Жүсіп, Шаймерден Торайғыров, Төлепберген Тоғайұлының жыр, дастан, əңгімелерінде айтылады.

Мақаламыздың екінші кейіпкері Жаяу Мұса туралы кезінде Шоқан Уəлиханов: «Алдау мен арбауды қорлыққа сана ған намыскер. Оның көк етекті көпке ұқсамаған мінезі бар. Онысы − тізеге салуға келмегені, тезге басуға көн бегені. Жаным − арымның садағасы деп ант етіп, оны өзіне бойтұмар еткен ердің əлі де алысқа ұшар, ұзаққа сілтер тұр қы бар. Көзінде от, жүрегінде жалын, өңінде қайрат-жігер табы жатыр. Мойымаған, жасымаған, Баян басына шыққан жас емендей ешкімге иілмеген» деп толғанады. Ал Жаяу Мұса жайында 1978 жылы «Жалын» баспасынан белгілі жазушы Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» атты романы шықты. Онда автор бас кейіпкерінің өмір жолын суреттеу арқылы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ дала сының жай-күйін, оның саясиəлеу меттік бет-бейнесін жақсы көрсете білген.

Бұдан шығатын қорытынды «Он сан Орта жүзге ұран болған» Ер Олжабай қазақ жеріне жоңғар шапқыншылығы кезінде Қабанбай, Бөгенбай батырлармен қатар ерлігімен аты шыққан қолбасшылардың бірі болса, Жаяу Мұса Байжанбаев ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында əншілігімен, композиторлығымен үш жүзге мəлім болған Біржан мен Жарылқапберді, Мұстафа Бүркітбайұлы сияқты өнер иелерінің бірі. Ең бастысы екеуі де Айда - бол бидің екінші ұлы Малқозы руы ның ұрпақтары. Аллаға шүкір екеуі нің атында да ауыл, мəдениет ошақтары мемлекет, жеке тұлғалар тарапынан қойыл ған ескерткіштер де бар, болған. Олжа байдың жатқан қорымы, жерленген орны Олжабай ауылы деп аталады. Ол қазіргі Ақмола облысы, Ерейментау ауданында. Бұл жерлер патша өкіметі кезінде Баянауыл дуанына қарасты болған. Ал Жаяу Мұсаның жерленген орны болса Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Ақшоқы, яғни өз атындағы ауыл болатын. Осы арада біздер неге өткен шақпен «болатын» деп сөйлеп отырмыз. Енді соған тоқталайық.

Елден жырақ жүрсек те, кімнің болсын жүрегінің бір түкпірінде туған жері жататындығы белгілі. Оның үстіне сол аймақтың тарихын, əдебиет, мəдениетін зерттеп, бірнеше кітап шығарған адамға, өзің туып, өскен жерің туралы айтылған келеңсіз жайлар кірпідей тиеді екен. Соңғы бір-екі жыл шамасында елге барып, қайтып жүргенде ауданда ана жердің, мына жердің аттары өзгертіледі екен. Анау былай депті, мынау былай депті деген қаңқу сөздерге онша мəн бере бермейтінбіз. Енді міне солардың кейбірі шындыққа айналып, тіпті ушығып бара жатқан сияқты. Айрандай ұйып отырған ағайындар арасында сызат түсіп, бір-бірін тыңдамайтын, қайта бір-бірлерін жазғыратын жағдайға жетіпті.

Бұрындары Қарақабақ, Сақау Шиден, Айдос, Сарышоқы, Далба, Жуантөбе, Түйеқонған, Бабыр қорығы, Қожа қорығы, Құнияз, бертінде кеңес өкіметі тұсында Жаңатілек, Октябрьдің 40 жыл дығы, Жаяу Мұса атанған ауыл аты енді Олжабай батыр ауылы деп өзгертілмек екен. Сол ауылдың тумасы Алдан Алтынбеков деген жігіт ағасы кімдердің ықпалымен екендігі белгісіз, біраздан бері Жаяу Мұсаның атын Олжабайдың атына өзгертеміз деп ел арасын дүрліктіріп жүргенге ұқсайды. Алекінші бір Сайлау Ақауов деген азамат Жаяу Мұса бабамыздың атын өзгертпейміз деп ауыл тұрғындарының арасынан қол жинауға кірісіпті. Бұл екі азаматтың текетіресінен үріккен Қуандық деген жігіт басқарған үшінші бір топ «бастан құлақ садақа» демекші, ауылдың аты Жаяу Мұса да, Олжабай да болмайды, бұрынғы «Жаңатілек» атын қайтарамыз деп білек сыбанып іске кіріскен жайлары бар дейді хабардарлар. Бұл оқиғадан тіпті, аудан басшылары да хабардар сияқты. Осы саланы басқаратын аудан əкімінің орынбасары Бақыт ханым бəрін де өзіміз реттейміз, бекерге шабыл маңдар дегенге ұқсайды.

Бірақ ел ішіндегі дүрмек басылар емес. Бір атаның балалары топ-топқа бөлініп, бастарын қосып, мəжілістер жасап, қып-қызыл науқаншылықпен айналысуда дегенді естіп жатырмыз. Тіпті бара-бара Айдабол ұрпағы өздерінің іштерінен шыққан мүсінші Бота Машраповқа болашақ «Олжабай» ауылының кіре берісіне батыр дың ескерткішін қоюға тапсырма беріп те үлгеріпті. Бұл идеяны былтыр ғана құрылған «Айдабол қорының» басшысы, жергілікті кəсіпкер Аймұханбет Қожабеков пен оның жиналған қаржыны орнымен бөліп, нақты нысандарға дұрыс жұмсау жөніндегі орынбасары Жұмабек Беков те қолдап отыр дейді білетіндер. Осы орайда біздердің де өз туған еліміз бен жеріміздің патриоттары ретіне «Айдабол қорының» басшылығы мен мүшелеріне төмендегідей айтар базынамыз, талап-тілектеріміз де жоқ емес. Біріншіден, жоғарыда кезінде Шаш қаласының биі, датқасы, ру басы болған Құлболдыұлы Айдаболдың зираты қазіргі Ташкент қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Үлкен Арғын ауылындағы көне қорымда жатыр дедік (əкесінен кейін Шаш қаласының билігін өз қолына алған Айдаболдың кенже ұлы Тайкелтір бидің де сол қорымда, əкесінің жанында жатқандығы туралы деректер бар).

Жаңадан құрылып жатқан «Айдабол қоры» бас болып, кейінгі ұрпақтары ұлы бабаларының басына бір құлпытас (ескерткіш) орнатса; екіншіден, Айдаболдардың кіші Отаны, қара шаңырағы саналатын «Мұрынтал» ауылына, оның арғы-бергі жақтарындағы қалың қорымдарда жатқан (Қошетер қорымы, Қосқұлақ қорымы жəне т.б.) Арап батыр, Сопақ əулие, Ақтау би, Қараман абыз, Мұстафа балуан, Бердалы əнші, Жабай Тоғандықовтардың аттарын кейінгі ұрпақтарға жеткізу үшін бастарына, жатқан жерлеріне ең құрымағанда Баянауылдың шақпақ тастарынан ескерткіш тақта жазулар қойылса; үшіншіден, сонау Көкшетаудың Зерендісіндегі Айдабол ауылына бидің туған жерінің көктасынан қысқаша аты-жөні, өмір жолы көрсетілген құлпы тас орнатылса; төртіншіден, 1916 жы л ғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде пат ша ның мұздай қаруланған əскеріне қарсы үрікпей-қорықпай 5 мың қол жинап, оларға қарсы жалаң қол шапқан Жайма (Белағаш) жерінде жатқан Бəшреден батырдың зираты да, Олжабай батырдікіндей жаңартылса (Бəшреден батырдың образы қазақтың классик жазушылары Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» жəне З.Ақышевтің «Ақбел асуы» романдарында тарихи жəне көркемдік тұрғыдан өте шебер сомдалған); бесіншіден, əлі күнге дейін елеусіз жатқан, кезінде əншілігімен атағы жер жарған Мұстафа Бүркітбайұлының басына лайықты белгі қойылса; алтыншыдан, кезінде Баянауыл дуанының басшысы, қазысы (заседатель) болған Секербай паң Малкелдіұлының бұл күндері төмпешікке айналып, жоға луға аз-ақ қалған зираты қалыпқа келтірілсе; жетіншіден, Айдаболдың үлкен ұлы Жанқозы тармағынан өрбіп, өскен Ыстықмұрттардан шығып, аттары бүкіл мұсылман жұртына мəлім болған Жақып қажы Бұқабайұлы, Жақия қажы Бұқабайұлы, Аман қажы Тастемірұлы, Қожан қажы, Смағұл қажы, Нұрбай қажы, Жүніс молла Өгізбайұлы, Құбаш (Құбайдолла) молла Смағұлқожаұлдарын да ұмыт қалдырмай, есте қал дыру қамын жасаса.

Бұлардың көпшілігі Ащы өзенінің бойында, Ақмырза қорымында жатқандықтары белгілі; сегізіншіден, кезінде Мұрынталда қазақтың соңғы ханы Кенесарыны ақкиізге орап, хан көтерген, оның қарулас, сенімді серігі Нар Сарыбатырұлы Ақмола облысының Степногорск қаласының маңында жатыр. Зиратының айналасы 300-ге жуық, биіктігі 3-4 метрлік қада тастармен қоршалған. Жай күндердің өзінде көбіне көзаштырмас алай-дүлей боран соғып тұрады. Киелілігі сондай, оның басына барып дұға оқудың өзі кейде оңайға соқпайды; Тоғызыншыдан, Баянауылдың Жамбақы шатқалындағы «Көрпебай» жұртында 1942 жылы Ленинградты қорғаған «Марс» батальонының командирі Садық Жұмабаев пен осы Ұлы Отан соғысы жылдарында фашистер мен арпалысып жүріп 16 жерден жара ланған, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыштардың бірі, кейін бейбіт заманда Дінмұхамед Қонаевтың жеке ұшқышы болған Садық Ахметов дүниеге келген. Бұлар да Айдабол бидің ұрпақтары. Осындай батырларды жас ұрпақтың есінде мəңгі қалдыру үшін неге игі шаралар ұйымдастырып, туған жерлеріне ескерткіш тақталар орнатпасқа. Тізе берсек Айдабол руынан шыққан арда тұлға лар əлі де баршылық.

Оларды кейінге қалдыра тұрайық. Ал таяу жылдары «Айдабол қорының» басшылары мен қосшылары осындай игі істердің жанынан табылса, қарапайым халықтың, Айдабол би ұрпақтарының оларға айтар алғысы шексіз боларына дау жоқ. Енді жоғарыда айтылған мəселелерге байланысты ортан жолда үзіліп қалған ойы мызды одан əрі өрбітер болсақ, негізгі, басты оқиғадан енді хабардар болып, ел ішінде бас көтеруге жарайды-ау деген Олжабай батырдың да, оның ішінде Жаяу Мұсаның жиендері Темірхан Дүр манов ақсақал, ардагер журналист Гүлбаршын Дүрманова апайымыз, техника ғылымдарының докторы, профессор Алтай Қалиақпаров, мүгедектер арбасына таңылғаны болмаса, кез келген қазақ баласы үшін жанын беруге даяр Нұркен Салықбаев жəне Ертіс өңірінің адуынды ақыны Арман Қанилар да аң-таң болып, қолдары жететін, сөздері өтетін жерлермен, жеке тұлғалармен келіссөздер жүргізіп жатқанға ұқсайды. Осындай адамзат баласын құрдымға бастайтын іс-əрекеттер жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты еңбегінде: «Праг матизм − өзінің ұлттық жəне жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сəйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз.

Қазіргі қоғамда шынайы мəдениеттің белгісі − орынсыз сəнсалтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегендікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстауға, кəсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда əр нəрсені ұтымды пайдалану − мінезқұлықтың прагматизмі деген осы. Бұл – заманауи əлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір меже ге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтыл маса, ертең іске аспақ түгілі, елді құр дымға бастайтын популистік идеология лар пайда болады» − деп нақты лап берген.

Алайда, жоғарыда болып жатқан оқиғалар Елбасының бұл рухани жаңғыруына кереғар дүниелер ме деп қаласың. Ойымызды қорытындылай айтсақ: біріншіден, бір тұлғаның атын екінші бір тұлғаның атымен ауыстыру, немесе оны мүлде өшіруге ұмтылу жақсылықтың белгісі емес. Аудан басшылары Жаяу Мұсаның атын енді болашақ Олжабай ауылының мəдениет үйіне береміз деп жергілікті тұрғындарды алдаусыратып жатқан көрінеді. Сонда дейміз-ау, оның атын туған ауылынан қызғанатындай Жаяу Мұса бабамыз ауданның əкім-қараларына не жазып қойыпты екен?! Екіншіден, ауылдың аты Олжабай да, Жаяу Мұса да аталмай Жаңатілек атанса, одан кім ұтылып, кім ұтады деген сұрақ туындайды. Үшіншіден, алда-жалда бұрынғы Жаяу Мұса ауылына Олжабай аты беріліп жатса, Ерейментаудағы Қанжығалы туыс тар Олжекеңе Баянауылдан жаңадан ауыл аты беріліп жатыр екен, біздер де енді бұрынғы Олжабай ауылына Бөгенбай бабамыздың атын берейік деп шешім шығарса, оған кім қарсы тұра алар дейсіз. Төртіншіден, Олжабай да, Жаяу Мұса да атаусыз, яғни ауылсыз қалса ертең гі ұрпаққа не бетімізді айтамыз? Осыдан оншақты жыл бұрын Баянауыл ауданының бұрынғы əкімі Қора бай Шəкіров менің «Айдабол Сары батыр» деген кітабыма алғысөз жазып беріп жатып: «Қырықбай інім! Баянауыл біле-білген адамға тарихы тұнып тұрған алтын кеніш қой. Батыр, би, хан, жырауларын былай қойғанда осы Көктаудан 99 əулие шыққан. Барлықтарының атыжөндері менде қаттаулы. Əттең, тек соңғы кездері ел-жердің тарихын шала білетін атқамінер білгіштер көбейіп кетті. Нақты білер дерек, дəйектері жоқ, анадан естідім, мынадан оқыдым деп орынды-орынсыз құлаш-құлаш мақала, тіпті іркес-тіркес кітаптар жазып, тарихшы, жазушы атанып жүргендер де көбейіп барады. Бұның соңы жақсылыққа апара қойса», − деген күмəнін да жасырмаған еді. Бүгінгі күні Қорабай ағамыздың сол айтқан сөзі шындыққа айналған түрі бар. Сонда дейміз-ау, осындай тарихына келбеті сай аудан орталығы мен ауылдарында кейінгілерге ақыл айтып, жол көрсетер көкірегі ояу, көзі ашық ақсақалдардың болмағандығы ма? Тарих пен əдебиет, мəдениеттен хабардар оқыған, тоқыған деген азаматтар қайда жүр? Əлде олардан да айырылып, қу тақырға айналғанымыз ба? Сұрақ көп, жауап жоқ. Мынау өтпелі заманның қара бұлты мен нөсер жауыны ақылымызды шайып, санамызды шынайы өмірге қажеттілігі шамалы кəкір-шүкір, күлқоқыспен шырмап тастаған ба?!

Қырықбай АЛЛАБЕРГЕН,

тарих ғылымдарының докторы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,

«Қазақстанның құрметті журналисі»