23 Желтоқсан, 2011

Төл теңгеміздің тұғыры тегеурінді

336 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ұлттық валюта – мемлекет­ті­лік­тің басты нышандарының бірі. Ос­ын­дай жоғары мәртебеге ие төл тең­геміздің егемен елдің дербес ақша-кредиттік саясатын жүргізуші құ­ра­лына айналып, Тәуелсіздік жылна­ма­сына алтын әріптермен жазы­л­ға­нына биыл 18 жыл толды. Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың эко­номикалық реформаларын серпінді жүзеге асырудың мемлекеттік тұт­қа­ларының бірі Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Ұлттық Банкі ұлттық валю­тамыздың одан әрі тұғырлана түсуін қамтамасыз етіп келеді. Биылғы жылдың айтулы оқиға­сы – ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғының кеңінен аталуы облыс банк жүйесінің 140 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Далалық өлкедегі тұң­ғыш банктің 1871 жылы Петропавл қаласында ашылуы кездейсоқ болмаса керек. Тоғыз жолдың тора­бы бойындағы шаһардың көрші Ре­сей­дің Батыс Сібір аймағы мен Қа­зақстанның және Орта Азияның ор­талық өңірлерінің керуен жолдары қиылысында орналасуы сауда-сат­тық саласында маңызды орын алды. Бастапқыда Ресей империясының, кейін Кеңес елінің құрамында бол­ған Қазақ елі өзінің дербес ақша сая­сатын жүргізе алмағаны белгілі. 1991 жылы желтоқсанда егемендігіміз жария етілгеннен кейін Қазақ­стан нарықтық экономика талапта­рына жауап беретін банк жүйесін құруға кірісті. Еліміз алдында дербес ақша-кредиттік саясатын жүргі­зу және республика экономикасын одан әрі реформалау міндеті тұрды. Соған байланысты ұлттық валют­а­мызды енгізу қажеттігі туды. Ресей ұсынған рубль аймағына ену шарты Қазақстан үшін қолайсыз болды. Айналымда қолма-қол ақшаның жетімсіздігі қиын жағдай қалыптас­тыр­ды. Экономика тұрақсызданып, өндіріс құлдырады. Тауарлар мен қыз­меттер бағасы бұрын-соңды бол­маған дәрежеде шарықтады. 1993 жылдың аяғында инфляция көрсет­кі­ші 2297 пайызға жетті. 1993 жылы 13 сәуірде КСРО Мемлекеттік банкінен бөлініп шыққан Қазақ респуб­ликалық банкін Қазақстан Респуб­ли­касының Ұлттық Банкі етіп құру жөнінде заң қабылданды. Осы жылы 15 қарашада айналымға төл теңгеміз енгізіліп, банк жүйесінің ұлттық нормативтік және құқықтық негіздерін реттеу үрдісі басталды. Бұл – Президенттің дер кезінде қабыл­да­ған көрегенді байламы еді. Өйткені, осы кезеңде бірыңғай ақша жүйесін сақтап қалуға болмайтыны, соған орай өз валютамызды енгізу, дербес ақша-кредиттік саясат жүргізу ауадай қажет болатын. Жалпы қолда­ныстағы рубль Қазақстанның Тәуел­сіз­дігін тежейтіні айдан анық еді. Мұндай тәуекелге бару ел мүддесін ойлаудан туған бірден-бір батыл шешім болатын. Тәуелсіздіктің елең-алаң шақта­рын­дағы сол бір қиын жылдар есімде ұмытылмастай жатталып қалып­ты. Өзге жерлердегідей облыста да ақша айырбасы өте ұйымшыл­дық­пен әрі қысқа мерзімде атқарылды. Айналымнан 1961-1962 жылғы үлгі­дегі 35,5 миллиард рубль банкно­та­лары алынды. Олар өңделіп, 16 мың орамаға салынды. Сосын инкасса­тор­лық қаптармен қоймаларға тап­сырылды. Барлығы 770 қапқа 20 тон­на ескі Кеңес ақшасы жинақтал­ды. Қызылжар өңірі бойынша 362 мың адам ақша айырбастап, оның жалпы сомасы 19,6 миллиард ескі рубль болды. 1993 жылы 22 қара­ша­дан бастап зейнетақылар мен іссапар ақы­лары ұлттық валютамызбен беріле бастады. Вокзалдарда, әуе­жай­ларда, орталық базарларда жедел түрде валюта айырбастау қо­сын­дары ашыл­ды. Осылайша облыстың қаржылық жүйедегі жаңа өлшемдері Тәуелсіздік жылдарында уақыт сы­нынан сүрін­бей өтті. Экономикаға салмақ түсір­ген мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауы мен көтерілу кезеңдерін, екі бірдей әлемдік қаржы дағда­ры­сын бастан өткерсе де, банк секторы тұрғындар сенімін ақтай білді. Ұлттық қаржы жүйесінің негізгі даму кезеңдерін былайша сипаттау­ға болады. Теңгеміз айналымға енгеннен бастап 1995 жылға дейінгі аралықта Ұлттық Банктің басты міндеті гиперинфляцияны тежеу болды. Бар күш-жігер инфляцияны төмен­детуге, ақша-кредит саясатын жетілдіруге, ұлттық валютаның ішкі-сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталды. Экономиканы несиелеу екінші деңгейдегі банктерге жүктелді. Нақты қолданылған шара­лардың нәтижесінде инфляция 60 пайызға дейін төмендетілді. 1995 жылы «Ұлттық Банк туралы» Заң қабылданып, заңнамалық жағынан жетілдірілді. Ұйымдық, қаржылық тетіктер нақтыланды. 1996-1998 жылдар елде макро­эко­номикалық тұрақтылыққа қол жет­кізуімен ерекшеленді. Инфля­ция­ны тежеу одан әрі жалғасып, 60,3 пайыздан 1,9 пайызға төмен­де­ді. Банк жүйесін реформалаудың бірінші бағдарламасы қабылданып, халықаралық стандарттарға сәйкес­тен­дірілді. Капитал жеткіліктігіне, активтер сапасына, менеджмент дең­гейіне, бухгалтерлік есепке, те­ле­ком­муникациялық байланысқа баса назар аударылды. Капиталдандыру деңгейін көтеруге, басқа да нормативтерді енгізуге қатаң талаптар қойылды. Сөйтіп тұтастай банк жүйе­сінің сапалық дамуына жол ашылды. 1998-1999 жылдары Ресейдегі қаржы дағдарысы мен мұ­най­дың әлемдік бағасының құлдырауы ұлттық валютамыздың беріктігіне үл­кен сын болды. Осы кезеңде төл теңгеміз қатаң девальвацияға ұшы­рап, инфляция 17,8 пайызға дейін көтерілді. Теңгенің тегеурінін қал­пы­на келтіру мақсатымен еркін ай­ырбас бағамы енгізілді. Мұның өзі қазақстандық тауар өндірушілердің бәсекелестік қарымын арттырумен қатар экономиканың қарыштап да­муы­на қозғау салды. 2000-2006 жылдар экономика­мыз­дың қарышты дамуымен ерекшеленді. Инфляция тұрақты дең­гей­де (6,4-8,4 пайыз) сақталып,ішкі жал­пы өнімнің жылдық өсімі 10,3 пайызды құрады. Баға тұрақтылы­ғына қол жеткізу өндіріске оң әсерін тигізді. 2007 жылдың басында АҚШ-тың ипотекалық заемдар на­рығында орын алған дағдарыс әлем­дік қаржы нарығындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді. Көптеген елдерде орын алған ақша тапшылығын қазақстандық банктер де бастан кешті. Астық өндіруші елдерде шы­ғымның төмен болуына байланысты бидайдың, өсімдік майының баға­лары шарықтап кетті. Мұның бәрі инфляцияның өсуін туғызды.Тек тиісті шаралардың қолданылуы арқа­сында ғана банк жүйесін біршама тұрақтандыру мүмкін болды. 2007 жылдың екінші жартысында Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатына ай­тарлықтай өзгерістер енгізіліп, ж­а­һандық дағдарысты еңсеру және бо­лашақ сапалы экономикалық өр­леуді қамтамасыз ету міндеттері қой­ылды. Үкіметтің, Ұлттық Банк­тің және  Қар­жылық қадағалау жө­ніндегі агент­тіктің бірлескен іс-қи­мыл бағ­дар­ла­ма­сы қабылданды. Эко­номи­ка­ны тұ­рақтандыру шара­ла­ры аясында мемлекет қазына­сы­нан 19 миллиард доллар қаржы құйылды. Ал айырбас бағамының бір сәттік өзгертілуі күтілген ақша құнсыз­да­нуын айтарлықтай төмендетуге, тө­лем балансы жағдайын жақсартуға, Ұлттық Банктің алтын-валюталық қорын сақтауға ықпал етті. 2008 жылдың соңында жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілді қай­тарым сомасы 700 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін көбейтілді. Дағдарыстан кейінгі даму кезеңі 2010 жылы басталып, макроэко­но­ми­калық индикаторлар оң ырғақтар­мен сипатталды. Ішкі жалпы өнім өсімі қарқын алып, 7 пайыздан асты. Былтыр Қазақстанның банктердегі депозиттер көлемі 74 триллион, эко­номиканы кредиттеу мөлшері 75 трил­лион теңгеге, елдің алтын-ва­лю­та қоры 58,7 АҚШ долларына жетті. Қазақ­стан Республикасының Тәу­елсіздігі – мемлекетіміздің зор жетістігі. Осынау аз ғана уақыт ішінде еліміз зор әлеуметтік-экономикалық табыс­тар­ға жетті. “Алдымен эконо­мика, сосын саясат” қағидатын ұста­нып, адамдардың тұрмысын жақ­сар­туға баса көңіл бөлінді. Тұр­ғын­дар­дың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 9000 АҚШ дол­ларынан асты. 1994 жылмен салыс­тырғанда 12 есе көп деген сөз. Б­ү­гінде облыс­тың банк жүйесі ырғақ­ты дамып келеді. Кредиттік салым­дар –76,5 миллиард, шағын бизнеске берілген несиелер – 13 миллиард, тұрғындар­дың тұтыну несиелері – 9,5 миллиард, ипотекалық несиелер – 1,9 миллиард, депозиттік салым­дар – 38,1 миллиард теңгені құрап отыр. Осы жылдар ішінде жалпы өңірлік өнім өндіру – 6,6 есе, өнер­кәсіп тауар­лары – 4 есе, негізгі ка­питалға инвестициялар тарту – 18 есе ұлғайды. Экономикадағы өрелі өзгерістер банк секторы қызметімен тығыз байланысты екенін ешкім де жоққа шығармайды. 20 жылда Тәуелсіз Қазақстанның табысты банк жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз –теңгенің тегеуріні артып, өз тұғы­рына нық қонды. Осынау толайым табыстардың, жоғары жетістіктердің бастауында Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғанын бәріміз мақтаныш етеміз.

Жомарт ҚАЖЫРАҚЫМОВ, ҚР Ұлттық Банкі Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты.

ПЕТРОПАВЛ.