Қазақстан • 20 Тамыз, 2018

Түркологтар төрқалада бас қосты

524 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Назарбаев Университеттің гума­ни­тарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде 17-19 тамыз аралығында өткен ХІХ халықаралық түркі тіл білімі конференциясының тарихы 1982 жылы Берклиде Калифорния университетінде басталған болатын, содан бері жетекші университеттерде Ыстанбұлда, Лон­дон­да, Анкарада, Майнцеде, Упсалада, Із­мірде, Сегеде, Оксфордта және басқа да академиялық орталықтарда жиын өткізілген.

Түркологтар төрқалада бас қосты

Жиын екі жыл сайын бір рет, Түркия мен одан тыс жерлердегі уни­вер­ситеттер арасында өтеді. Бұл кездесу Орталық Азияда тұңғыш рет ұйым­­­дас­ты­рылып отыр. Осы шараның ұйыт­қысы болып отырған Назарбаев Уни­вер­си­теттің президенті Шигео Катсу: «На­зарбаев Университеттің шаңырағында түркі тіл білімінің білгірлерін көргенімізге қуаныштымыз. Назарбаев Университет білімнің, Астана қаласы өркениеттің орталығына айналды. Осы конференция сіздердің тың, терең зерттеулеріңізге жаңа серпін береді деп ойлаймын», деді. Әлемдегі түркі тілін зерттеуші ғалымдар Қазақстанды түркі дүниесінің орталығы, қазақ тілін түркі тілдерінің ең байы деп есептейді. Упсала университетінің профессоры Эва Чато: «Бұл ғылыми конферен­ция өз тарихында тұңғыш рет түркі әлемінің жүрегінде, алтын қазығында өтіп отыр. Түркі халықтары Еуразия кеңістігінде тарыдай шашылған. Қазақстан сол кеңіс­тіктің тура ортасында орналасқан. Бұл жиын түркі тілдерде сөйлейтін ұлттардың бас қосқан орталығында өтуімен де құнды. Мен өзім, түркі әлемінің орталығына кел­геніме аса қуаныштымын», деді.

Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен өткен конференцияның ашы­лу салтанатында сөз сөйлеген академия басшысы Дархан Қыдырәлі Қа­зақ­стандағы түркітану ғылымының жаңа кезеңін Халықаралық Түркі акаде­мия­сының Астанада құрылуымен тікелей байланыстыруға болатынын атап өтіп, түркітану ғылымына еңбек сіңірген ғалымдарға арнайы марапаттар тапсырды.

Халықаралық Түркі академиясының В.Томсен медалімен Франкфурт уни­вер­ситетінің профессоры, қазіргі түркі тілдері мен көне түркі тіліне байланыс­ты іргелі зерттеулерімен түркітану ғылымына ерен еңбек сіңіргені үшін Ирина Невская, қырым татарлары, қа­дай және қазақ тілдеріне байланысты зерт­теулері үшін А.Мицкевич универси­те­тінің профессоры Генрик Янковский, ал Түркі академиясының арнайы алтын ме­далі­­мен салыстырмалы түркі тіл білімі, қадай және қашқай тілдерін зерттеуде же­тістікке жеткені үшін Упсала универ­си­тетінің профессоры Эва Чато марапат­талды.

Түркі тілдерінің ортақ және жекелеген өзекті мәселелеріне арналған бұл конференция түркітанудағы маңызды ғылыми жиындардың қатарында. Түркі тіл білімінің көне және бүгінгі заңдылықтары ғалымдар үшін аса маңызды болып отыр.

«Бұл ғылыми басқосудың түркітану үшін маңызы ерекше. Бұл екі жыл сайын, дәстүрлі түрде әр елде өтіп келе жатқан жалғыз конференция. Қазақстанның түркітануға ерекше көңіл бөлетіні себепті, биыл осы елде бас қостық. Бұл түркі тілдерін зерттеп жүрген ғалымдар үшін қазақ тілін, қазақ халқын етене тани тү­суге тамаша мүмкіндік.  Мен бұл ел­дің ғылыми ортасымен де, халқымен де ерте кезден таныспын. Еуразия уни­вер­­ситеті, Франкфурт университеті және Берлиндегі посткеңестік елдердің тілі мен мәдениетінің байланысын зерт­тейтін университетпен бірлесіп атқарып жатқан бір жобамызды аяқтап қалдық. Мен жоба жетекшісімін. Бұл менің ғылыми жолымның бір бағыты. Қазақ­стандағы түркі тілдерінің әлеу­мет­тік-лингвистикалық қарым-қаты­на­сын Еуразия университетінің профес­сорлары Сәуле Тәжібаева, Нұрилә Шәй­мер­деновамен бірлесіп зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар көне түркі тілін, Ал­тай­­­дағы көне түркі ескерткіштерінің тілін зерттеймін. Бұл конференцияда бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды басқа түркітанушылармен бірлесіп, салыс­тырып, сараптадық», деді Ирина Невская.

Үш күнгі ғылыми жиын аясында «Сібірдегі жойылып бара жатқан түр­кі тілдерінің құжаттамасы», «Түркі жә­не басқа да трансеуразиялық тілдер­дегі әртүрлі мәнділік пен ретті­лік» тақы­рып­тарында семинарлар өтті. «Жалпы, түркі тіл білімінің заңды­лық­тарын, Сібірдегі жойылып бара жатқан түркі тілдерінің мәселелерін, Еуразия тіл­дерінің салыс­тырмалы теориялық және күрделі етістіктерге байланысты грамматикалық ерекшеліктерін талқыладық. Жалпы, түркі тілдерін заманауи теориялық көзқарастар тұрғысынан қалай зерттеуге болады дегенге жауап іздедік», деді Назарбаев Уни­­­верси­теттің профессоры Юлай Шамилоғлы.

Сонымен қатар Қазақстанның л­а­тын әліпбиі нұсқасы да сөз болды. А.Бай­тұр­сынов атындағы Тіл білі­мі инсти­тутының профессоры Әлім­хан Жүнісбек баяндама жасап, өз тұжы­рым­дарын ортаға салды.

 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»