Медицина • 20 Тамыз, 2018

Алаңдауға негіз жоқ

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар  соңғы уақытта қоғамда қызу талқыға түскені белгілі. Біраз түсінбеушіліктер де орын алды. Осыған орай ел тұрғындары көлік немесе пәтер тәрізді жеке мүлікті сатудан түскен кірістің 10 процентін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға міндетті деген әңгіменің рас, өтірігін білмей әуреге түсті. Соған орай біз мәселенің анық-қанығын білу үшін елімізге белгілі заңгер Сейфулла ШЫҢҒЫСҚА жолығып, бұл әңгіменің қалай, қайдан шыққанын айтып беруін сұрадық.

Алаңдауға негіз жоқ

− Расында, бұл мәселе біраз адамды алаңдатты. Ол алаң­­­даушылық «Қазақстан Респуб­ли­касында зейнетақымен қам­­сыздандыру туралы» за­ңы­ның 25-бабы 4-бөлігіне ағым­дағы жылдың шілде айында өзгерістер енгізілгеннен кейін пайда болды. Бірақ мұндағы негізгі мақсат, азаматтық-құ­қық­тық шарт бойын­ша қыз­мет­ көрсетіп нәпақа тауып жүрген адамдарға олардың ай сайын­ғы кірістерінен Бірың­ғай жинақ­таушы зейнет­ақы ­қоры­на 10% зейнетақы ­жарнасын төлету еді. Әйтсе де негізінде халық­тың маза­сын қа­шырған бұл ақпа­рат емес еді. Өз­гертілген ­ре­дак­­­­­ция­дағы 25-бапты ­оқы­ған­­дар ­дүние-мүліктерін, мәсе­лен пәтер, авто­көлікті сатудан тап­қан кірістен 10% зейнет­ақы ­жар­насын төле­уіміз керек пе деп алаңдады.

Мәселен, аталмыш заңның 25-баптың жаңа редакциясында:

«...азаматтық-құқықтық си­­­паттағы шарттар бойынша кі­рістер алатын жеке тұлғалар үшiн бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлеуге жататын, әрбiр ай үшiн есептелетiн өз пайдасына мiндеттi зейнетақы жарналары алатын кірісінің 10 пайызы мөлшерiнде...» деп көрсетілген.

Байқасаңыз, бұл сөйлемде «азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша» кіріс алатын жеке тұлғалар деп келіп, «жұмыстар мен қызметтер» деген екі сөз көрсетілмей қалған. Сол себепті, бұл өзгерісті тікелей түсінер болсақ, азаматтар барлық азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістерінің 10% зейнетақы жарнасы ретінде төлеулері тиіс болып көрінді. Мәсе­лен, пәтеріңізді немесе авто­кө­лігіңізді сатқыңыз келсе, сатып алушымен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жүзеге асыруға мүмкіншілігіңіз бар. Дегенмен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова дүние-мүлікті сатудан түскен кіріс­тен зейнетақы жарнасын төлеу­дің қа­жеті жоқ екендігін айтты. «Жеке тұл­ғалардың кірісі аза­мат­тық-құқықтық шарт­қа сай жұмы­с­тарды орындау немесе қызмет көрсету нәти­же­сін­де алған табысы бойынша анық­талады. Жеке мүлікті, депозит­тер­ді, акцияларды немесе бағалы қағаз­дарды сатудан түскен кіріс­тер зейнетақы жарналары бойынша мін­детті болып саналмайды», деді вице-министр.

Дайындаған Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»