Әдебиет • 20 Тамыз, 2018

Кемпірбай сыйға кенде емес

2045 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кемпірбай сыйға кенде емес

«Бөгембай – әкем аты, мен – Кемпірбай,

 Өзге ақын мен сөйлесем,

тұрар былай»,

– деп жырлаған қазақ ауыз әдебиетінде айрықша орны бар дүлдүл ақын, ХІХ ғасырда ерекше дамыған айтыс өнерінің ақтаңгері Кемпірбай Бөгенбайұлы 1834 жылы Қарқаралы ауданына қарасты Арқалық тауларының баурайында дүние есігін ашыпты. Таяуда ақынның туған жері Тәттімбет ауылдық округінің орта­лығы – Арқалық ауылында ақынға арнап мемориалды тақта орнатылды.

Қу, Балқантау, Қарқаралы өңірінен талай жақсы мен жайсаң шыққаны тарих-шежіреден белгілі. Олардан қалған саф алтындай маңызды мұралар ықылым заманнан бері уақыттың дегеніне шыдас беріп, өміршеңдігін жоймай, нешеме ұрпаққа рухани азық боларлықтай құндылығын жойған жоқ. Ел арасында «Нар Кемпірбай» атанып кеткен атақты дәулескер ақын Кемпірбай Бөгембайұлының да сол саңлақтар ішінде алар орны ерекше. Әйгілі жыр сүлейлері Шөже, Тезекбай, Әсет, Жәмшібай ақындар айтысымен танымал Кемпірбайдың есімі мен шығармашылығы кешегі кеңестік кезеңнің тұсында наси­хат­тал­май, есімі елеусіздеу қалып қойған бола­тын. Қоғам ішіне жік салып, байды датт­­ап, кедейді жақтаған кеңестік идеоло­гия­ның біржақты да тұрпайы саясатына ұлт­тық айтыстың қоржынына мол олжа сал­ған ақын мұрасының керек болмауы заңды да еді. Бірақ айтыс өнерінің жар­­қын ө­кілі, ел ақынының мол мұрасы жыл­­дар та­са­сында қалғанымен, халық жа­ды­­­нан бір­жола өшкен жоқ. Заман өзгеріп, уақыт­тың бет­алысы ұлт пайдасына қарай ойысқаннан кейін, өзгеше өріс тап­қан жаңа өмірде Кемпірбай ақын елімен қайта қауышты.

Соның бір дәлелі – баспасөз бен зерттеу еңбектеріндегі ескіні жаңғыртып, қайта жан бітірген құнды деректер десек, ендігі бір жарқын белгісі – өткен аптада ақын өзі дүниеге келген іргелі өңір – Арқалық ауылында ақынға арнап ескерткіш тақта орнатылды.

 Ауыл халқы мен алыс-жақыннан келген ағайынның басын қосқан шара ауыл­дық округтің әкімі Ербол Жоламан­ның алғысөзімен ашылды. Ел өміріне соны серпіліс әкелген шараның мән-маңы­зына тоқтала келіп осы іске мұрын­дық болып, мемориалды тақтаны дайын­дап әкелген, осы ауылдың тумасы, астана­лық, бір жылдары Егіндібұлақ, Қарқара­лы аудандарының әкімі болған ел азаматы, Қазыбек би мен Қарқаралы аудан­дары­ның құрметті азаматы Мұрат Нұра­қышевқа ауыл атынан алғысын білдірді.

 Іле-шала тақтаның лентасы қиылып, ақынның шыныдай бейнесі жарқ етті. Масат­­танып, мәртебесі көтерілген жұрт­шы­лықтың көзіне мынадай маржан жолдар оттай басылды:

«Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін,

Қараөткел таныс едім екі араға.

Семейде топырағым болар білем

Кемпірбай дұға қылсын бейшараға!»

Бұл шумақта ақынның мәшһүрлігі, төрге барғызбай, көрге оздырған тағ­ды­­ры­­ның соңғы сағаты, соған орай жан күйзе­­лісі айтылған. Бұдан әріде: «Арқа­лық тау­ларының баурайында туып-өс­кен даңқ­ты жерлесіміз, қазақ ауыз әде­бие­тінде айрықша орны бар дүл­дүл ақын, ХІХ ғасырда ерекше дамыған айтыс өнері­нің ақтаңгері Кемпір­бай Бөгем­­бай­ұлы­на! (1834-1895). Мемориал­дық тақта – ұрпақ­тарынан» деген жазу бар. «Өлге­нім жанып, өшкенім жанды» дегі­зетін ұрпақ парызы орындалуының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен ата жо­лын дәріптеуге негізделген ізгі ниетпен сәй­кес өрілуін жұртшылық жақсы ырымға балады.

 Шара барысында осы жолдардың авторы Кемпірбай ақынның өмірі мен шығар­машылығына тоқтала келіп, өнер иесінің тағдыры мен тағылымына қатыс­ты көмескі тарта бастаған кейбір дерек­тердің маңызына мән берді.

 Осы шараның бастамашысы Мұрат Шәуенұлы ұлттық болмысты құрайтын генеологиялық код жайлы, адамның тегін құрайтын тіл, діл, дін сияқты белгілердің қасиетіне тоқталды. Кей заманда ел тарихын жеке тұлғалардың ерлігі, иә болмаса, өнері қалыптастыратынын тілге тиек етіп, бұған Жаныстың Сәтбайының асы осы Кемпірбай мен Шөженің айтысы арқылы белгілі болғандығын мысалға келтірді.

Ізгі лебіздер жалғасын тауып, ауыл арда­герлері Мұрат Өмірбаев, Совет Сма­ғұлов, Қанат Рахимов құттықтау сөз сөйледі. Арқалы ақынға ескерткіш белгі­ні қоюға мұрындық болған Мұрат Нұра­қышев­ке алғыстарын жеткізді.

Шырайлы шараның шашбауы осылай емен-жарқын кездесумен, әсем ән­мен кестеленіп, ғасырдан астам уақыт өт­кенде Кемпірбай ақын жұлдызы Қар­қаралы аспанында қайта жанғандай әсер қалдырды. Салтанатты рәсім соңында Тілек Жаппаров баба рухына бағыштап Құран оқыды.

 

Рымбек СМАҒҰЛОВ,

 «Қарқаралы» газетінің бас редакторы

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар