Спорт • 20 Тамыз, 2018

Азиада аламаны басталды

748 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен сенбі күні Индо­незия астанасы Джакарта мен Суматра аралы­ның ең ірі қаласы Палем­банг­та XVIII Жазғы Азия ойындары­ның жалауы желбіреді. Бай­рақ­ты бәсекеге «Сары­құр­лық­тың» 45 елінен ең үздік деген 11 000-ға жуық саң­лақ спорттың 42 түрі бойынша сынға түсіп жатыр. Ал Қазақстан құра­масы сапында 440 саңлақ спорттың 37 түрі бойынша ел намысын қор­ғай­ды. 2014 жылы Инч­хон­да (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарына Қазақстаннан 420-ға жуық спортшы қатысқан.

Азиада аламаны басталды

16 тамыз күні Джакартадағы атлетикалық ауылда Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы салтанатты түрде көтерілді. Еліміздің туын ресми түрде көтеру салтанатына Қазақстан құра­­масының спортшылары мен еліміздегі спорт саласын бас­қарушы мамандар қатыс­ты. Азия ойындарындағы Қазақ­стан­ның спорттық делегациясының жетекшісі Елсияр Қанағатов ту көтеру салтанатына жиналған спортшыларға сәттілік тілеп, Азия ойындарының Қазақстан үшін маңызды спорт додасы екенін атап өтті.

«Бүгін Азия ойындарында еліміздің көк байрағы көтеріл­ді. Қазіргі таңда 200-ге жуық спортшы Джакарта мен Палембанг қала­ларындағы атлетикалық ауылға келіп қоныстануда. Құра­ма­дағы көптеген спортшылар жарыс кестесіне сай Азия ойын­дарына алдағы уақытта ұшып келеді. Ат­лет­терді күтіп алу, орна­ластыру, тамақтандыру мәселе­лері түгел­дей шешілген. Бүгінде Индо­незия­дағы спорт­шы­ларымыз жат­тығу жұмыс­тарын бастап кетті. Ал кейбір командалық спорт түрлерінен іріктеу кезеңін­дегі матчтар өтіп жатыр. Гандбол­шылар мен бас­кет­болшылары­мыз Азия ойын­дарындағы ірік­теу кезеңдерін өткізуде.  Біз спорт­шы­ларымызға сәттілік тілейміз! Жанкүйерлер үміт артып отыр­ғандықтан, халықты қуантады деп сенеміз», деді Елсияр Қанағатов.

18 тамыз күні Джакартадағы Гелора Бунг Карно стадионында XVIII Жазғы Азия ойындары­ның ресми ашылу салтанаты өтті. Стадионның сыйымдылығы 78 000 адамға арналған болса, ойындардың ашылу салтанатын осыншама адам тамашалады десе болады. Биылғы Азиада Индонезияда осымен екінші рет өтіп жатқаны белгілі. 1962 жылы өткен төртінші Жазғы Азия ойындарының ашылу рәсімі осы стадионда ұйымдастырылған-ды. Ресми ашылу салтанаты «Гаррис» атты Индонезияның ұлттық биімен басталды. 1500 бойжеткен билеген биде елдің бүкіл тәлім-тәрбиесі, салт-дәстүрі және мәдениеті көрсетілген. 1500 бишінің киіміне 30 мың метр мата жұмсалып, оны 50 мыңға жуық тігінші үш ай тіккен. Биді хореограф Денни Малик қойған. Индонезия байрақты бәсеке­нің ашылу салтанатына 17 апта дайындалған.

Осыдан кейін жарысқа қаты­сатын елдердің спортшылары сап түзеп, кезек-кезегімен стадион­ның алаңын айналып жүріп өтті. Біздің елдің делегациясы 15-ші болып, мемлекеттік туымызды бокстан әлем чемпионаты­ның күміс жүлдегері Аманқұл Әбілхан ұстап шықты. Осы­дан төрт жыл бұ­рын Оңтүс­тік Кореяның Инчхон қала­сында өткен Азиадада бокс­тан Олимпия ойындары жəне əлем чемпионатының күміс жүл­дегері Əділбек Ниязымбетов алып жүрген-ді. Осылайша, қатары­нан екі Азия ойындарында көк туы­мызды ұстап шығу бокс­шы­ларымызға бұйырып отыр.

Тағы бір айта кетер жайт, Оң­түс­тік пен Солтүстік Корея спорт­­­­шылары Жазғы Азия ойын­дарының тарихында тұңғыш рет бір тудың астынан көрінді.

Ресми шараның соңында Ин­до­незия президенті Джоко Видодо сөз сөйлеп, ресми түрде Жаз­ғы Азия ойындарының ашыл­ға­нын жариялады. Сондай-ақ жа­рысқа қатысып жатқан саңлақ­тарға сәттілік тілеп, барлығына соңына дейін күресіп, жеңіске жетулеріне тілектестігін білдірді.

Қазақстан спортшылары Азия ойындарына еліміз тəуел­сіз­дік алғаннан кейін, 1994 жы­лы Жапония­ның Хиросима қала­сында өткізілген Азиададан бас­тап атсалыса бастады. Содан бері олар осындай алты аламанға ат қосып үлгерді. Енді Қазақ елі спортшыларының бұған дейінгі Азиадаларда қол жеткізген жетіс­тіктеріне қысқаша шолу жасап өтейік.

Қазақстан құрамасының спорт­­шылары алты Жазғы Азия ойын­дарында жалпы саны 481 жүлде жеңіп алған. Оның 138-і алтын, 142-сі күміс және 201 қола. Азияда тарихында ең көп алтынды (28) 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойын­дарында жеңіп алып, рекорд орнатқан. Бұған дейін ең көп алтынды (25) 1994 жылы ең ал­ғаш рет қатысқан Хиросимадағы додада иеленген-ді. Ал жалпы жүлде саны бойынша 2006 жылы Қатар астанасы Доха жарысында жеңіп алған. Сол жылы отандас­тарымыз 85 медаль жиынтығын ел қоржынына салған болатын.

Қазақстан құрамасы алты Азия ойындарында медаль саны бойынша жалпыкомандалық есепте төрт рет төртінші, екі рет бесінші орынды иеленген. Биыл­ғы меже де осы төрттікке іліну. «Биыл төртінші орынға талас қиын болады деп ойлаймын. Өйткені Азияда спорт қарқынды дамып келеді. Иран, Таиланд, Үндістан құрамалары да үздіктерге жақындап қалды. Индонезия құрамасы да жарысты өткізуші ел ретінде көп медаль жеңуге тырысады. Өзбекстанның да спорты жақсы дамыған. Жекпе-жек түрлеріне көп үміт артамыз. Жеңіл атлетика, ескек есу, велоспорт, садақ атудан да жүлде күтеміз», дейді Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілі Елсияр Қанағатов.

Жалпы, қазақстандық спортшылар Азия ойындарында медаль­дің басым бөлігін жеңіл атле­тика, байдарка және каноэ, велос­порт, оқ ату, су спорты, көр­кем гимнастика, дзюдо, күрес, бокс және ауыр атлетика спорт түрлерінен еншілеген. Биылғы бәсекеде бокс спорты үш салмаққа азайғандықтан жүлде саны да азаюы мүмкін. Ал ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының допинг дауына байланысты Халықара­лық Олимпиада комитеті біздің спортшыларды бір жылға спорттан шеттеткен. Сондықтан биыл ауыр атлеттер Азия ойындарына қатыспайды.

Тапаншамен оқ ату спорты­ның өкілі 47 жастағы Ольга Довгун (1 қыркүйекте 48 жасқа толады) қазақстандық спортшылар арасында Азия ойындарына ең көп қатысқан (4) және ең көп жүлде алған (10) спортшылардың бірі. Ең алғаш 1998 жылы Бангкокте өткен Азиадаға қатысқан ол 50 метр қашықтықтан оқ атудан күміс жүлде иеленген. 2002 жылы Пусанда өткен додада бір күміс және екі қола медаль ен­ші­леген. Ал Дохада (2006) бір алтын, бір күміс, үш қола енші­лесе, Гуан­чжоуда (2010) бір күміс жүл­дені қанағат тұтты. Ольга Дов­гун­ның құрдасы санала­тын оқ ату спортының өкілі Зәуреш Бай­бо­сынова Қазақстан құрама­сынан Азиадаға қатысып жатқан ең ардагер спортшы. Зәуреш тұңғыш рет Хиросимада (1994) өткен Азия ойындарына қатысып, қола жүлде иеленген. Ал Гуанч­жоуда (2010) командалық бәсе­ке­де алтын медаль еншілеген болатын. Сөз орайы келгенде айта кетейік, гольф спортынан сынға түсетін Ривекка Жұмағұлова биыл­­ғы Азиадаға қатысып жатқан Қазақ­стан құрамасындағы ең жас спорт­шы. Ривекка  небәрі 15 жаста!

Сонымен қатар осы Азия ойындарына қатысып жатқан спортшылардың арасындағы ең тәжірибелі спортшылардың қатарында жеңіл атлет Ольга Ры­пакова да бар. Осымен төр­тін­ші Азиадасына қатысып жатқан Рыпакова Қазақстан құрамасының қоржынына үш алтын, бір күміс және бір қола медаль салған.

Суда жүзуден Рио Олимпиа­дасының және Азия ойындары­ның үш дүркін чемпионы Дми­трий Баландин жарысқа сақа­дай сай екенін айтады. Деген­мен жарақатына байланысты ол Рио Олимпиадасында чемпион атанған 200 метрге брасс әдісімен жүзуде сынға түспейді. «Өкінішке қарай, бұл жолы өзімнің негізгі көзірім саналған – 200 метрге брасс әдісімен жүзуге жарақатыма байланысты қатыса алмаймын. Бірақ 50 және 100 метрге жүзуде және командалық эстафетада бақ сынаймын», дейді ол.

Қазақстандық дзюдошылар Азия ойындарында үш медаль жеңіп алуды көздеп отыр. Бас бапкер Айдын Смағұловтың айтуынша, құрама спортшылары төртжылдықтың басты додасына қызу дайындалып жатыр. «Азия ойындарына дайындық өте жоғары деңгейде өтті. Біз Гран-при, Гран-слэм турнирлері арқылы Азиадаға баратын спортшылар тізімін анықтадық. Жазғы Азия ойындарында 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алсақ деген ойымыз бар», дейді ол. Азия ойындарындағы дзюдошылар бәсекесі 29 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтеді.

XVIIІ Азия ойындары бағ­дарламасында спорт­тың 42 түрлі сайыстары бойынша күш сынайды. Мұнда 11 000 мың­ға жуық спортшы 462 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше