Сексеннің бел ортасына жақындаған мен Тәуелсіздігіміздің қаншалықты қымбат екенін жақсы білемін. Тағатсыздана күткен толғанысты мереке күні көтеріңкі көңілдегі Көкшетаудың алаңдарындағы мәдени-көпшілік шараларға қатысуға мүмкіндігім болмады. Әйткенмен, күні бойы теледидар алдынан тапжылмай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдап, жалпыхалықтық қуанышқа ортақтасып, мерейім өсіп отырған еді. Бір кезде экран алдына республикамыздың Бас прокуроры Асхат Дауылбаев шығып, Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласындағы басбұзарлық оқиға туралы мәлімет жасағанда төбемнен жай түскендей болды.
Міне, сол күннен бастап баршамыз алыстағы қаладағы ағайындарымыздың хал-жағдай, тұрмысына алаңдаумен отырмыз. Осындайда Елбасымыздың орын алған оқиғаны жасырмай, ашық айтып отырғанына ризамыз. 17 желтоқсанның кешінде Жаңаөзенде 20 күндік төтенше жағдай жарияланғанын хабарлады. Мәселенің экономикалық қайшылықтарға қатыстылығы да айтылып жатыр. Бірақ, ең өкініштісі, кешірілмейтін салдары Тәуелсіздігіміздің салтанатты 20 жылдығының шырқы бұзылғанында деп білемін. Мұны ақтауға болмайды.
Мен сонау елуінші жылдардың басында КазМУ-дің жолдамасымен Батыс өлкеде қызметімді бастаған едім. Бұл тарихы да, тағылымы да мол өлке. Осында көптеген азаматтармен танысып, ағайын-туыстай бауырласып кеткенбіз. Елдің даңқын асырған Маңғыстау жаңа Қазақстанның мақтанышы десек, артықтығы жоқ. Мұны айтып отырғаным, жалпақ елге күйе жағуға болмайтындығы. Кісі санасына сыймайтын басбұзарлықты бастағандардың көздегені дүниеқоңыздық деп білемін. Онымен уланғандардан байып, сабыр қашады. Дүкендер, банктер, қоғамдық және тұрғын үйлердің тоналуы соның айғағы. Он адам ойда-жоқта көз жұмып, сексеннен астам кісі ауыр жарақаттаныпты. Жаңажылдық шыршаны былай қойғанда, киіз үй мен сахнаның қиратылуы нағыз қасиетсіздік емес пе? Бұзақылардың бейбіт халыққа, өз жерлестеріне оқпен атылатын және суық қаруларды қолданғаны жүрек суытар сұмдық.
Президентіміз айтқандай, бұл төтенше оқиғаның тиісті бағасы берілетіні даусыз. «Өзенмұнайгаз» компаниясының басшысы мереке күнгі басбұзарлыққа қатысымыз жоқ деп отыр. Мемлекеттік комиссия оның да анық-қанығын айқындайтыны белгілі. Біздің түсінігімізде, Жаңаөзен Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында өсіп-өркендеген шырайлы шаһар. Мұнда кешегі дағдарысты жылдардың өзінде көптеген әлеуметтік нысандар, жаңа дәуір кәсіпорындары салынды. Осы жерде даңқты жылнамамыздың айтулы беттері қатталған десек те болады. Сондықтан, жазықсыз халықтың ынтымақ-берекесі тарқамасын, ал даңқымызға дақ түсіргендер тиісті заңдар шеңберінде қатаң жазалануы қажет деп санаймын.
Баян НҰРПЕЙІСОВ, зейнеткер.
Көкшетау.