Қазақстан • 21 Тамыз, 2018

90 үй салып, туған ауылын түлеткен

455 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әсілі тамыз – шаруаның айы ғой, ауыл адамының қауырт жұмыстан қолы қалт ететін сәті сирек. На­ғыз науқан. Қырдағы мал­дың қыстық жем-шөбін жеткілікті қамдауға алқап­тағы егістің жиын-теріні қабаттасса, қала берді тұр­ғындардың қыстық отын-суының жайы да ел аға­сына маза бермесе керек. 

90 үй салып, туған ауылын түлеткен

Елгезек басшыға мұның барлығы тиянақты міндет, өзінше сын. Әрі қайталанып келе беретін ауыл адамының тірліктен алатын рахаты да осы болса керек. Мұны Темірлан ағамен екі рет жо­лығудың сәті келмеген соң ай­тып отырмыз да. Бастапқыда егін­ге орақ салудың қамымен сырт­та жүргенін айтқан, екінші хабар­­ласқанымызда таудағы мал­дың қоңын көзбен көріп қай­туға кетіпті...

Алматы облысының Жамбыл ауданында Ақтерек деген ауыл бар. Алатаудың етегіне етпеттей жатқан еңселі елді мекен. Аудан орталығы Ұзынағаш ауылынан 85 шақырымдай қашықта қоныстанған. 4 мыңға жуық жан мекендейді екен. Бұл ауылды Жетісудің шекарасы, соңғы нүк­тесі десе болады. Әрі қарай көр­шілес Жамбыл облысының Қор­дай ауданының аумағы бас­талады. 

Біздің екі рет іздеп барып кездесе алмай кеткен кейіпкеріміз осы Ақтерек ауылындағы айтулы азаматтардың маңдайалдысы Темірлан Шайнүсіпов болмақ. Туған ауылын түлетіп, елді ең­бек­пен қамтып отырған шаруа­қор азамат жайлы «Егемен Қазақ­стан» газетінде бұған дейін де жа­зылған болатын. Айтуға тұрар­лық болғасын, көрсетуге лайық болғасын азамат жайлы тақы­рыпқа жиі айналып соғудың сөкет­тігі болмас деп тағы да қалам тарттық. 

...Ауылдың жұрты қала ма­ңына үдере көшіп жатқан заман ғой. Кейбір ауылдарда тұрғын саны азайып, босаған үйлердің алды бұзылып, елді мекеннің бо­лашағы туралы болжамды сөздер айтылып жатқаны жасырын емес. Кәсібі нәсібіне айналған ағайын да реті келсе қаладан баспана алып, балаларын мегаполиске қоныстандыруға құштар екені де рас. Бірақ дәл осы Ақтерек ауы­лын­дағы жағдай өзгеше екен. Алма­тыдан аса қашық болмаса да, жұрт қалаға көшу жайында ойға кетпеген. Қайта қаладан қайта оралып, мал өсіріп, жер тыр­ма­лап жатқандардың қатары артып келеді екен. Бастысы, бұл ауыл­да жаңа тұрғын үйлер салы­нып, су жаңа көшелер пайда бо­ла бастаған. Осы істің басында «Ақ­терек» шаруа қожалығының бас­шысы, «Құрмет» орденінің ие­гері Темірлан Шайнүсіпов жүр.

Айтпақшы, біздің әріптесіміз, «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жыл жемісті еңбек етіп зей­нет­ке шыққан ардагер жур­на­лист, қаламы жүйрік қалам­гер Гүл­зейнеп Сәдірқызы осы Ақ­те­­рек ауылында тұрып жатыр. Құр­­метті демалысқа шыққан қа­ламдасымыз шулы қалада көп аялдамай, туған ауылына тар­тып отырған. Туған жердің саф ауасы мен ағайынның ақ­жар­ма көңілінен артық не бар? Гүл­зейнеп апай қазір немере баққан әже. Қалам ұстаған алтын қолдан нан жауып, құрт қайнатып, май шайқау да келеді екен. Ауылдың табиғи өніміне қарық болып қалды. Жә, ол енді басқа әңгіме. Ал әріптесіміз ауылдың бетке ұс­тар азаматы жайлы кеңінен әңгі­мелеуге дайын. Темірлан тура­лы бірнеше мақала да жаз­ған болатын. Кейіпкеріміздің аза­маттығын, іскерлігін, туған ауылына деген жанашырлығын қаламдастан артық айта алмас­пыз.

– Ердің еңбегін айту парыз. Темірлан 1994 жылы «Ақтерек» өндірістік кооперативін бас­қа­руға келгенде осы ауылда жиыр­ма шақты техника, екі бас ірі қара, ал қой мен жылқы ырым­ға да қалмаған екен. Оны қойып, бюджетке 30 млн теңге, электр жарығына 2,5 млн теңге, бас­қа шаруа қожалықтарына 5 млн теңге қарыз болып шы­ғып­ты. Істің көзін тапқан адамға қиын­дық еңсерудің жолы жеңілдейді ғой, Темірлан азамат екен, ауыл­дың шалқайып бара жатқан ша­руасын оңдап, «Ақтеректі» аз жылда табысы көл-көсір қожа­лық­қа айналдыра білді. Қазір Ақ­теректей сыланған, таза, кө­рікті жаңа құрылысы жыл са­йын көбейген ауыл аз. Осының барлығы азаматтардың арқасы, – дейді Гүлзейнеп апай.

Десе дегендей, «Ақтерек» ша­руа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіповтің ұйыт­қы болуымен ауылда жаңа тип­тегі тұрғын үйлер салу жұ­мыс­тары жолға қойылды. Ауыл­дағы шаруашылықпен айналы­сатын адамдардың қатары көбей­ген са­йын баспанаға сұраныс артқан. Әрі ескі ғимараттарды жаң­ғыртудың қажеттілігі туындаған. Алдыңғы кезекте жастар мен көп балалы отбасыларға, ауылға еңбегі сіңген аға буынға жаңа үй салып беру жайлы ой келген. Осылайша, 2006 жылы алғашқы баспана салынды. Құрылыс жұмыстарын, қажетті құрал-жабдықты қожалық қаржысына жүргізеді. Баспанаға мұқтаж жан дайын үйге қоныстанады. Шаруашылықта еңбек ететін үй иесінің табысына белгілі бір мөлшерде алым алынып отырады. Онда да отбасының жағдайына, төлем қабілетіне қарай жеңілдік қарастырылыпты. Қожалықтың табысы артып, жылдық түсім көбейген жылдары жұмысшылардың әлгіндей қарыздары толық жабылып, «кешіріледі» екен. Былай қараған жанға өте әділетті. Әйтпесе қала жағалаған екі қазақтың бірі бар тапқан-таянғанын жалдамалы пәтерге беріп күнелтіп жатқан жоқ па? Оның үстіне, Темірлан ағаның бастамасының бірнеше ұтымды жағы бар. Ауылдағы тұрғын үй қоры жаңарып, ақшаңқан баспаналар бой көтере бастады. Оқтай түзу көшелер салынды. Шаруашылықта жұмыс істейтін адамдардың баспана мәселесін шешу жолға қойылды. Жұмысшы, маман кадрлардың сыртқа кетуіне еш негіз жоқ, өйткені олардың басты жағдайы – тұрғын үйі бар! Қазір кейбір шаруа қожалықтары не малшы таппай, не механизаторға жары­май отырғаны өтірік емес. Ал Ақтеректе қолы бос жүр­ген адам көрінбейді. Жер емге­ні алқаптарды баптауда. Басқа­сы мал өсіруде. Қазір ауыл адам­дары­ның бағымында 50 мыңға жуық қой, 6 мыңдай ірі қара, 3 мың­ға тарта жылқы бар екен. Осы­ның бәрі адамдардың еңбек­пен қамтылуының арқасы екені анық. Жоғарыда тұрғындары үде­ре көшкен ауылдар бар деп қын­жылдық. Ал Ақтеректе керісінше, қаладан көшіп келіп жатқандар көп. Темірлан Шайнүсіповтің бастамасымен ауылда тұрғын үй салына бастаған 12 жылдың ішінде тоқсанға жуық жаңа баспана бой көтерген екен. Бұл сонша шаңырақтың қуанышы деген сөз. 

Шаңырағы шаттыққа кенелген жерде адам тек бақытты болып, өніп-өсіп, ғұмырлы болмай ма? Әрине осындай өмірге негіз қалау көшбасшыға байланысты болса керек. Демек, қазақтың әр ауылына Темірлан ағадай бір-бір бетке ұстар азамат керек сияқты...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше