Қазақстан • 21 Тамыз, 2018

Балалар нейрохирургиясына басымдық берілуде

515 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміздегі нейрохирургия саласы бойынша инновациялардың көшбасшысы, алдыңғы қатарлы ғылыми және клиникалық емдеу орны – Ұлттық нейрохирургия орталығында жылына 3 мыңға жуық жүйке жүйесі дертіне операция жасалады. Таяуда аталған орталықтың басшысы, белгілі дәрігер, Қазақстанның Еңбек Ері Серік АҚШОЛАҚОВПЕН әңгімелескен едік.

Балалар нейрохирургиясына басымдық берілуде

– Серік Қуандықұлы, сіз­бен бұдан бұрын бір әңгі­ме­лескенімізде тоқырау жылдары «Қазақстан нейрохирургиясы мен неврологиясы» кафедрасында елімізде кенжелеп қалған нейрохирургия саласын өрістету үшін журнал шығарғаныңызда «көрсететін қызметтеріңнің сипаты жоқ, ал журналдарың бар» деп күлгендер де болғанын айтып едіңіз. Қазір сол әңгіменің ауаны өзгерді ме?

– Рас, ондай күндер өтті. Шы­нымен осындай әзірлік жұ­мыстары жүргізілмегенде орта­лықтың негізі қаланбайтын еді. Себебі қажетті ақпараттың же­тім­сіздігі саланың дамуына қол­байлау болатыны анық. Сол себепті бастапқыда мамандарға ғылыми мақалаларды қалай жазу керектігіне дейін түсіндірдік. Шетелдегі ұстаздарымызды редакция алқасына тартып, ма­қа­­лаларын жарияладық. Сала ­бо­й­ынша әлемде болып жатқан жаңа­лықтарды, ғылы­ми мақа­лаларды бердік. Осы жұмыс­тарды атқара отырып алдымен өз ортамыздың деңге­йін өсіру қажет болды. Осы­лайша, Алматыда ғылы­ми дәреже қорғайтын арнайы дис­сер­тациялық кеңес құрыл­ды. Бұл кеңестен 10 жылдың ішінде 5 ғылым докторы, 25 ғы­лым кандидаты шықты. Саланы бес саусағындай білетін маман­дардың алғашқы легі даярланды. Сонан соң Үкіметке ұсыныспен шықтық. Бұл ұсыныс Елбасының қолдауына ие болды. Осылай үлкен мақсатты көздеген жауапты міндетті мойнымызға артуға тура келді.

– Иә, медициналық логистика ғылымын біле бермесек те клиниканы жобалаудан бастап пайдалануға берілгенше қай аппараттың қай жерде орналасатыны виртуалды түрде анықталып, тіпті қабырғасы қаланбастан коммуникациялық желілері мен басқа да асай-мүсейі тегіс дайындалып, бірден пайдалануға берілген емхана салынды. Дайын емхана жаңа аппараттармен жабдықталғаннан кейін қажетті мамандармен қамту мәселесі қалай шешілді?

– Алғашқыда қажетті 35 ма­манның ағылшын тілін біле­тіндерін 3 айдан 6 айға дейін АҚШ пен Жапонияға, сондай-ақ орыстілді медициналық базасын есепке ала отырып Израиль­ге оқуға жібердік. Ал шет­ел мек­­т­е­бінің тәлімін көрген ма­ман­дар орталық ашыл­ғанда еңбек етуге сақадай сай тұрды. Сол күннен бастап орта­лық қыз­меткерлері ерекше құл­шы­ныспен еңбек етіп келеді. Жуырда емхананың 10 жылдық мерекесінде халықаралық нейрохирургия форумы өтті. Бұл орталықтың атқарып жатқан қызметін көрсетуге мүмкіндік берді. Әлемдік нейрохирургия қауымдастығының өкілдері ұсынысымызды қабыл алып, 23 мемлекеттен 300-ге жуық маманның қатысуымен келелі мәселе көтерілген алқалы жиын өтті. Баяндамалар жоғары дең­гейде болды. Атап айт­қан­да, әлемдік нейрохирургия қауым­дастықтары федерациясының президенті Франко Сервадей (WFNS), Азия нейрохирургтар конгресінің президенті, профессор Йоко Като (Жапония), Халықаралық нейроэндоскопия федерациясының президенті, профессор Шломи Констанини (Израиль), Еуропа нейрохирургия қоғамдары ассоциациясының вице-президенті, Ресей Ғылым академиясының академигі Александр Потапов, Сент-Луис университетінің нейрохирургия бөлімшесінің жетекшісі, профессор Салеем Абдулауф (АҚШ) сынды белгілі нейрохирургтердің 60-тан астам баяндамасы тыңдалды. Біз өз тарапымыздан 10 жыл ішіндегі жетістіктерді көрсеттік, клиниканың алға қойған мақсатының орындал­ғанын айттық. Бұл – отандаста­рымыздың шекара аспай қажетті мамандандырылған жоғары дәрежедегі көмекті елімізде алуға қол жеткізуі болатын. Ұлттық нейрохирургия орталығы жоқ кезде еліміздегі науқастардың шамамен 10 проценті ғана шетелге барып нейрохирургиялық көмекті ала алатын. Ал оған қолы жетпеген 90 процент пациент­тер үйлерінде өмірінің соңын күтетін. Көріп отырсақ та көмек көрсететін жағдайымыз жоқ еді. Сол кезде «шіркін-ай, қашан өз елімізде емдейтін күнге жетер екенбіз» деп арман­дайтынбыз. Бұл күнге де жеттік, шүкір. Осы он жыл ішінде емханаға 70-ке жуық жаңа технологияларды енгізіп, әрқайсысымен 500-ге дейінгі пациентті емдеп шығардық. Алғашқы жылы 500 операция жасасақ, қазір жылына 3250 операция жасауға мүмкіндік туды. Ал осының 80 проценті бұрын тек шетелге барса ғана емделетін ауру түрлері еді.

– Клиникада мамандардың біліктілігін жетілдіруге, оқуы­на, үйренуіне үлкен мән беріле­тінін көріп жүрміз. Шетелдік ғалымдарды шеберлік са­ғат­тары үшін оқтын-оқтын ша­қыру қаншалықты тиімді?

– Бүгінде медицина сәт сайын­ өсуде. «Осы білгенім біразға азық болады» деп тоқмейілсіген маман тез таусылады. Оны анық білеміз. «Өзіміз үйреніп алдық» демей, ай сайын шетелден керекті маманды шақыртып, олардың қатысуымен операциялар жасалып тұрады. Білгенімен бөлісудің жемісі болады. Өзіміз де халықаралық конференция аяқталысымен демалысымызға кетіп қалмай, үш бірдей шеберлік сағатын өткіздік. Оның бірі – омыртқа жұлыны, екіншісі – инсульт, үшіншісі балалар нейрохирургиясы бойынша өтті. Балалар нейрохирургиясы отандық медицинада әлі өз биігіне жете алмай жатқан сала. Мысалы, облыс орталықтарындағы ауруханаларда балаларға арналған бөлімдерді таппайсыз. Бұл өзекті мәселе. Осал тұсыңды өзің шешпесең, өзгеге қажет емес. Сондықтан біз ашықпыз, интеграцияны қолдаймыз. Әлемдік ғылымнан шет қалу дұрыс емес. Жетістікпен қатар қандай бағытқа көңіл бөлу керек? Жалпы адам баласы үшін құнды не? «Бірінші байлық – денсаулық» деп қазақ бекер айтқан жоқ. Ендеше әлем ғалымдары денсаулықты сақтау мен емдеу жолының тың әдісін, жаңа технологиясын игерсе, одан біздің мамандар да шет қалмауы керек.

– Алдағы онжылдықтың жемісі қандай болмақ?

– Түбегейлі өзгерістер қажет. Білім, тәжірибе және ғылым бірігуі тиіс. Біз үшеуін де алып жүрміз дегенімізбен, негізінен тәжірибеге көп көңіл бөлеміз. Осы кезге дейін жоғары технологиялы нейрохирургиялық көмек көрсетуді мақсат еттік. Бұл тарапта жақсы нәтижелерге жеттік. Білім беруде орталықтан резидентура аштық. Ал ғылымның дамуында бірізділік аз тәрізді. Сондықтан осы үшеуінің ин­те­грацияланған бағыты біздің ендігі өсу жолымыз болмақ десем қа­телеспеспін. Қазір бір­неше ғылыми гранттар бойынша жұмыс басталды. Орталық ғалымдары шетелдік ғылыми журналдарға мақалалар жазып, дүниежүзілік нейрохирургтар конгрестерінде баяндамалар жасады. Қазір клиникада жас мамандардан құрылған ағылшын тілін жетік білетін арнайы топ бар. Олар ғылыми бағыттар мен басым жобаларды күнделікті зерделеп, мамандарды таныстырып отырады. Бүгінде ғылымдағы ақпараттың 80 проценті – ағылшын тілінде. Орыс тіліндегі ақпарат 20 процентке де жетпейді. Сондықтан жаңалықтармен танысып қана қоймай, өзімізді қолға алуда, ғылыми әлеуетімізді жетілдіре түсуде қай бағыт пайдалы екенін қорытуымыз, кәдемізге жаратуымыз қажет.

– Елімізге келген шетелдік білікті мамандармен қай ба­ғытта қандай келісімдерге қол жеткіздіңіздер?

– Балалар нейрохирургиясын дамыту туралы меморандумға қол қойылды. Бас кеңесші ретінде Санкт-Петербургтегі бас балалар нейрохирургі, профессор Хачатрянмен бір жылдық жос­пар жасалып, жұмыс басталып кетті. Ол жылына 3-4 рет келіп тұрады. Қалған уақытта онлайн және телемедицина мүмкіндігін пайдалану арқылы мамандарымызбен қоян-қолтық араласып білгенімен бөліседі. Сосын Израильдегі Асота клиникасымен де уағдаластық. Жалпы балалар нейрохирургиясы бойынша жетістіктеріміз аз емес. Орта Азия елдері ішінде бірінші болып балалар эпилепсиясына, гидроцефалия, ми ісігіне операция жасап жүрміз.

– Сіз облыс орталықтарында балалар нейрохирургиясы дамымай жатқанын айттыңыз. Бұл да өзекті мәселе емес пе?

– Орынды сұрақ. Егер облыс­тарда дұрыс диагноз қойылып, дұрыс ем қолданылмаса Астана мен Алматы науқастар нөпірінен көз ашпайды. Облыстардан келген науқастар көбіне дерттері асқынғанда келеді. Менің пайымдауымша, ең жаңа технологияны қолданатын қымбат аппараттарды алу облыс орталықтарындағы ауруханаларға керек емес. Неге? Біріншіден, бұл аппарат толық қуатында жұмыс атқармайды. Өйткені науқастардың саны аз. Екіншіден, маманданған дәрігер-нейрохирург күнделікті операция жасап отырмаған соң аппаратқа қолы жүрмей қалады. Сондықтан оң нәтиже бола бермейді. Үшін­­шіден, экономикалық тұрғы­дан да тиімсіз. Бұл облыстарда нейрохирургиялық сала да­мымасын деген сөз емес. Негізінде нейрохирургиялық ауру­лардың 5 сатысы бар. Соның алғашқылары облыс ауруханаларында емделіп, жоғары технологияларды қажет ететін ми ісіктері сынды 4-5 сатыдағы сырқаттар ғана біздің орталық тәрізді мамандандырылған клиникаға жіберілуі керек. 

– Әңгімеңізге рахмет!

 Әңгімелескен

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше