Медицина • 21 Тамыз, 2018

Отандық онкогематология орталығы қалыптасты

964 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

25 жыл бұрын белгілі академик Камал Ормантаев пен профессор Күлән Омарованың басшылығымен, «КЭР-Германия» қайырымдылық ұйымымен ынтымақтастық аясында «Бөбек» балалар қорының төрайымы Сара Назарбаеваның қолдауымен Педиатрия және  балалар хирургиясы  ғылыми орталығы базасында тұңғыш  рет 60 төсек-орынға арналған балалар онкологиясы бөлімшесі ашылған еді.

Отандық онкогематология орталығы қалыптасты

Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі, Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі, Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Балаларға диагностикалық және емдік көмек көрсететін онколо­гиялық және гематологиялық бейіндегі Педиатрия орталығындағы бөлім 115 төсек-орынға арналған. Еліміздің Ден­­саулық сақтау министрлігі онколо­гиялық ауруға шалдыққан балалардың мәселесіне ерекше назар аударады. Педиатрия орталығындағы балалар тегін емделеді. Мемлекет қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етіп отыр.

Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаеваның айтуынша, қазіргі кезде аталған орталықта бала­лардағы барлық қатерлі ісіктерге емдеу жүргізіледі. Соңғы 25 жыл ішінде отандық балаларға онкогема­толо­гиялық көмек беру саласындағы жетіс­тік әлемдік емдеу деңгейіне дейін жетті. Қазақстанда балалар онкогема­тологиялық қызметінің ашылуы мен соңғы 25 жылдағы дамуы жіті лейкозға шалдыққан науқастардың өміршеңдігін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Ақ қан ауруына шалдыққандардың 82 проценттен астамы, ал қан ауруының ең қауіптісі саналатын миелойдты түрінің 62 проценті жазылды. Балалар онкогематологиялық орталығының 25 жылдық тарихында көптеген жоғары білікті мамандар даярланды. Жіті лейкоздар мен тығыз ісіктерді диагностикалау мен емдеудің заманауи бағдарламалары енгізілді. Балалар жасындағы күрделі қан ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиялары сәтті меңгерілуде. «Оның ішінде орталықта 2012 жылдан бастап балалардағы гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау енгізілді. 2012 жылдан бастап сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотранс­плантация отасы 70-тен аса балаға жасалды. Көрсетілетін медициналық қызметтерге қолжетімділік пен сапасы жақсаруда. Балаларды оңалту жайы да қарастырылған. 4 жылдан бері онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар «Алатау» республикалық клини­калық шипажайында демалады. Республикамызда «2016-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында балалар онкологиялық және гематоло­гиялық қызметін жетілдіру» Жол картасы іске асырылуда. Орталық мамандары алыс және жақын шетелдерде тағылымдамадан өткен. Қазір диагностикалау, ерте анықтау әлдеқайда жақсарды. Балалар онкологиялық және гематологиялық қызметінің еліміздегі дамуы көптеген кішкентай балалардың сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отыр», деді Р.Боранбаева. 

1993 жылға дейін, яғни балалар онкогематологиялық орталығы ашыл­ғанға дейін бұл ауру айықпайтын және қатерлі деп саналды. Мәселені шешу­дің жалғыз жолы — лейкозды емдеу­дің ха­лықаралық хаттамасын енгізу болды. Сол қиыншылыққа толы тоқса­нын­шы жылдары ТМД елдері мен Орта­лық Азияда ғане емес, елімізде тұңғыш рет онкогематологиялық орталы­ғы ашылып, алғаш рет Австрия мен Герма­нияның халықаралық BFM бағдар­ламалық емі енгізіліп, қолданыла бас­тады. «BFM» хаттамасы дегеніміз – Бер­лин, Франкфурт, Мюнстер сынды үш қаланың ғалымдары балалар­дың онкологиялық ауруын емдеу мақ­сатында арнайы бағдарлама құруына байланысты аталған. Бұл әдіс әлі күнге дейін елімізде қолданылып келеді. 

Нәтижесінде дертінен айыққан, бүгінде отбасылы болып отырған паци­енттердің ақ халатты абзал жандарға алғыстары айрықша. 

Онкогематологиялық қызметтің қа­лыптасу жылдарында Педиатрия орта­лығы көптеген алыс және жақын шетелдік орталықтармен ынтымақ­тас­тық байланыс орнатты. Соның нәтижесінде ісік пен қан ауруларының күрделі түріне шалдыққан науқас­тар­ды диагностикалау мен емдеуде кон­сультациялық-практикалық көмектер көрсетілді. Жас мамандар шетелдік орталықтарда біліктіліктерін арттырды. Сондай-ақ шеберлік сыныптарға қатысуға мүмкіндік алды. 25 жылдан бері клиникаға қолдау білдірген шетелдік әріптестердің еңбектері де атап өтерлік. Олардың қатарында Д.Рогачев атындағы иммунология, онкология және гематология орталығының директоры, Ресей ғылым академиясының академигі Александр Румянцев, Беларусь республикалық балалар онкологиясы және гематологиясы ғылыми-практикалық орталығының басшысы Ольга Алейникова, Екатеринбург қаласындағы №1 облыстық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің онкологиясы және гематология жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Лариса Фечиналарды атап өтуге болады. 

Сонымен қатар орталықпен көп­жылдық ынтымақтастығы, көрсеткен әлеуметтік қолдауы мен атқарған қайырымды істері үшін «Милосердие» қайырымдылық қоры, «Здоровая Азия», «Help Today», «Амила» қо­ғамдық қорлары мен «Asyl Bala» қауымдастығын да атап өткен жөн. 

Бұрын қанның қатерлі аурулары емделмейтін ауруға жататын және бұл қатерлі дертке шалдыққан балалар 1 жасқа дейін ғана өмір сүрді. Қазіргі таңда елімізде онкологиялық дертке шалдыққан бүлдіршіндерді аман алып қалу үшін барлық амал қарастырылуда. Жыл өткен сайын бұл ауруға да тойтарыс беріле бастады. Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының «Онкогематология» бөлімі ашылған уақытынан бері осы қауіпті кеселдің алдын-алу, науқасты емдеумен айналысып келеді. Құрылғанына 25 жыл толған бұл бөлім ғасыр індетіне айналған онкологиялық ауруды емдеп, талай бүлдіршіндердің ата-аналарына қуаныш сыйлап, үміт отын жағуда. 

«Қазақстанда бала обырын емдеудің әрі қарайғы жетістігі дер кезінде ерте анықтауға, біздің мамандардың бірлескен халықаралық білім беру және ғылыми жобалар мен емдік технологияларды жетілдіруге, оның ішінде гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауға белсенді қатысуына байланысты», дейді мамандар. 

Қазақстанда 2017 жылы алғаш анықталған қатерлі ісіктер саны 610 баланы құрады, оның 39%-і жіті лейкозға және 61%-і тығыз ісікке шалдыққандар. Жылына орта есеппен алғанда республикалық орталықтарда қатерлі ісікке шалдыққан 5 мыңға жуық бала емделеді. 

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше