Әдебиет • 21 Тамыз, 2018

Шыңғыстаудағы Шәкәрім тойы

1312 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қайтадан қайрылып 

қауымға келмейсің,

Барыңды, нәріңді 

тірлікте бергейсің.

Ғибрат алар артыңа 

із қалдырсаң,

Шын бақыт осыны ұқ, 

мәңгілік өлмейсің, – деп со­­ңына ғибратты ізін, мәңгі­лік өлмейтін ойлы жырын қал­дыр­ған ақын, философ Шәкәрім Құ­дайбердіұлының дүниеге келгеніне биыл 160 жыл. 

Шыңғыстаудағы Шәкәрім тойы

Ой­шылдың мерейлі мерейтойы туған топырағы – Шығыс Қа­зақстанда, оның ішінде Семей шаһары мен Абай ауданында кең көлемде атап өтілді.

Үш күнге созылған шаралар легі 15 тамызда Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте «Абай елі – руханият Меккесі» атты ғылыми-практикалық конференциямен басталды. Шара барысында филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов, Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков, тарихшы Еркін Рахметулин, Ақмарал Смағұлова, Эльмира Сәмекбаева секілді ғалымдар Шәкәрім мұралары жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Маңызды жиынды құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры Мейір Ескендіров бұл конференция қыркүйек айында жалғасын табатынын, ақын шығармашылығы халықаралық деңгейде зерттеліп, зерделе­нетінін жеткізді.

Мерейтойлық шаралар келесі күні Абай ауданының орта­лығы – Қарауыл ауылында облыстық «Шәкәрім оқул­а­рымен» жалғасып, өңірде тұра­тын өзге ұлт өкілдері фило­софтың өлеңдерін жатқа оқып, әндерін шырқады. Облыс­тық Тілдерді дамыту басқар­масы ұйымдастырған шара қоры­тындысында Үржар ауданының тумасы Светлана Тарасова жеңімпаз атанды.

*  *  *

Шəкəрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы 17 тамыз­да ұлылар туған киелі ме­ке­н – Абай ауданында ұйым­дас­тырылған ауқымды мәде­ни-та­нымдық шаралармен түйінделді. 

Биыл Абай, Шәкәрім, Мұх­тардай алыптарды дүние­ге әкелген өлке – Абай ауданы­ның құрылғанына 90 жыл толыпты. Осы атаулы датаға орай аудан басшысы Жарқынбек Бай­сабыровтың бастамасымен Шыңғыстаудың әр тарап­та жүрген азаматтары мен демеушілері, өңір тұрғындары аудан орталығына ұлы Абайдың еңселі ескерткішін орнатуды ұйғарыпты. Биіктігі 4 метр­ден асатын қоладан жасалған туындының авторы – жас мүсінші Нұрбол Қалиев. Ескерткіштің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, сенатор Серік Жақсыбеков бастаған, ұзақ жылдар ауданды басқарған, қоғам қайраткері Хафиз Матаев, жазушы Медеу Сəрсеке, Талғат Кеңесбаев, әнші Кенжеғали Мыржықбай, дәстүрлі әнші Гүлмира Сарина қостаған құрметті қонақтар қатысты. 

Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойының салтанатты ашылу рәсімі орталық стадионда өтті. «Биылғы жыл – ғұлама Шәкәрімнің 160 жыл­дығымен маңызды. Азаттықтың арқасында «ақ жолдан айнымай, ар сақтауды» өсиет қылған ақынның ар ілімі біздің баға жетпес құнды мұрамызға айналды. Шәкәрім – ақыл мен парасат, асқақ рух пен адал еңбектің айнасы», деді салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы Даниал Ахметов. 

Облыс әкімінен соң сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбді­ха­лықованың құттықтауын оқып берді. «Баршаңызды дала данышпандарының бірі, ақын, философ Шәкәрім Құдай­бер­діұлының 160 жылдық мерейтойымен және ұлтымыздың ұлы ақыны Абайдың есімімен аталатын ауданның құрылғанына 90 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақ халқына Абайдай біртуар тұлғаны тар­ту еткен киелі топырақта талай дүлдүлдердің дүниеге келгені тарихтан мәлім. Шәкә­рім есімі ұлтымызға ұлы Абай­дың ізбасар інісі, ел мен жердің ше­жіресін таратқан тарих­шы, иман­дылыққа, парасат­ты­лыққа шақырған кемел тұлға, кемеңгер философ ретінде танымал. Бүгінде Шәкә­рім Құдай­бердіұлының рухани мұрасы халықпен қайта қауышып, ұрпақтың санасын жаңғыртар жәдігерге айналды. Бұл – ел Тәуелсіздігі жылдарындағы Елбасымыздың сындарлы саясатының жемісі мен жетістігі. Және Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан құнды­лық­та­рымыздың жарқын көрінісі» делінген Мемлекеттік хатшы­ның құттықтауында.

Мерейтойға келген қонақтар Қарауылдағы Шәкәрім ала­ңындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Бұл күні өнерімен, спортымен даңқы шыққан аудан орталығында күніне 40 адам спортпен шұғылдана алатын, ұзындығы 25, ені 8 метр, бес жолақты бассейн пайдалануға беріліп, Қарауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі.  

Қазір аймақта «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» сериясымен өңірден шыққан көрнек­ті тұлғалардың – ақын, жазушы­лардың шығармаларын бастыру жұмыстары қолға алын­ғаны белгілі. Биыл жыл аяғына дейін 100 томға жоспарланған топтаманың 16 томын шығару көзделген. Мерейтойлық шара ба­рысында Д.Ахметов «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген Абай, Шәкәрім, Мұх­тар шы­ғармалары мен Әміре Қашау­баев туралы ғұмырнамалық еңбектерді аудандық кітапхана ұжымына тарту етті.

Мерейтойлық шаралар бұдан әрі «Абай елі – руханият Меккесі» атты театрландырылған музыка­лық көрініспен жалғасып, Шә­кәрім Құдайбердіұлының ру­хына бағышталып Құран-қатым түсіріліп, Қарауыл төбе­дегі ұлт­тық ойындармен, «Қалам­қас» халықтық ән-би ансам­б­лінің гала-концертімен түйінделді. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, 

Абай ауданы, 

Қарауыл ауылы 

Суретті түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ