23 Желтоқсан, 2011

Ақиқатқа жүгіну

421 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жаңаөзен: оқиға ізімен» атты деректі фильмді көргеннен кейінгі ой-пайымдар

Кеше түнде «Хабар» телеарна­сын­да осын­дай фильм көрсетіп жатыр деп естісімен-ақ шарт жүгі­ніп теледи­дар­ға көз тіккенбіз. Жа­ны­мызды ауырт­қан Жаңа­өзен­дегі жайлар тағы да қайта­ла­нып, көз алды­мыз­дан тізіліп өтіп жатыр. Бір ғана жұбаныш, бұл жолы өмірде емес, эк­ранда, кино көрінісінде. Мамы­ра­жай шуақты тірлік, мерекелі күн­нің жарқын қуанышы кенет бұ­лың­ғыр тар­тып, суылдаған суық жел соғып, көңілдің ашық аспанында қара бұлт үйіріліп жүре бергендей болды. Болады деп әсте күтпеген, үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген, көзге мүлдем тосын, жанымызға жат, ызғар шашқан ыз­барлы көрі­ніс­тер. Мерекенің сәні, берекенің мәні кетті. Адам толы болса да алаң қаңырап қалғандай. Бір шетте қорқынышпен аңтары­лып алаң­да­ған бала, бір шетте дауыс са­лып, аңырап жылаған ана. Олар­ды ешкім көзге ілер емес. Дүр­кі­рей жү­гі­реді. Өз беттерімен у-шу. Да­быр-дұбыр. Дөрекі была­пыт сөздер естіледі. Жығылып жат­қан жаңа жыл­дық шырша. Сахна үстінде теп­кіленген музыкалық жабдықтар. Қазақтың бір әпса­на­лы нақылында «естіген өтірік, көр­ген рас» демеуші ме еді. Фильм автор­лары нақ осы нақыл­ға жүгін­ген­дей-ақ бол­ған­ды бол­ған­дай етіп көрсетіп, Жа­ңаөзен оқиғасының даму барысын хро­нологиялық реттілікпен, тайға таң­­ба басқандай айқындықпен өрбітіпті. Адам өтірік айтуы мүмкін. Бі­рақ кинокамера жалған айта ал­май­ды. Камера өз көзімен көр­ге­нін, қобди көкірегіне түсіргенін айнытпай, дәл сол қалпында көр­се­теді. Осынау кинобаян түсіру­ші­лер­дің өз пікірлерін алға шығар­май, кадрдағы бұлтарт­пас көрініс­тер арқылы оқиғаның ақи­қат суреттерін сұлбалап айғақ­тау­ды мұ­рат тұтқаны байқалады. Ол кадр­лар көптеген тұстарда айтпаса да түсінікті, яғни түсіндіруді қажет ет­пейді. Ол көріністер тілсіз-ақ сөй­лейді, зар илейді. Алаңды би­леп-төстеген топтың лаң шыға­рып, тәртіпсіздік жасап жүргені ай­дан анық. Кинолента оларды ақ­та­май­ды да, даттамайды да. Өзі бей­тарап қалып, болған жайды ға­на жіпке тізіп жайып салады. Бірақ ол тү­бінде айып болып тағылатын айғақ екендігіне де назар ауда­руы­мыз керек сияқты. Демек, бұл кинолента елді дүрліктірген, алатайдай бүлік сал­ған оқиғаны дұ­рыс әрі объек­тивті бағалау үшін бүгі­ні­мізге де, бола­ша­ғымызға да керек. Фильм дәл осынысымен құнды. Қалтқысыз кинокамера көрі­ністерімен қатар оқиға шын­ды­ғын көзбен көрген, басы-қасында бол­ған куәлардың да бояп-бүр­ке­ме­ле­мей айтуы маңызды. Фильм­де осындай куәлар сөз алады, зардап шегуші жәбірленушілер әрі мұң шағып, әрі куәлік береді. Бұл арада біз адам айтқысыз со­ра­қы талқан­дау мен тонаудың, қи­рату мен өр­теудің, жөнсіздік пен жүген­сіз­дік­тің орын алғанына көз жеткіземіз. Бейкүнә жазықсыз жан­дар жапа шеккен. Қаншама мате­риал­дық игіліктер харап етілген. Қалай ғана бұлай бол­ды екен? Қайтіп мұндай сұм­дыққа жол берілді екен? Мына­дай жан түр­шік­тірер тағылық ашу-ыза қайдан шық­ты? Осыған жол бер­меудің амалдары түгел қарас­тырылды ма екен? Бірнеше ай бойы ашынып, алаңға шығып жүрген­дер­дің тілек-талаптары тү­гел тың­­далды ма екен, мұнай бас­шылары тарапынан? Фильмді көре отырып осылай қиналып қапа­ла­насың, ішкі дүниең шіміркене шерленіп, үнсіз егіліп, ой­ла­на­сың. Жаңаөзен мен Шетпедегі шектен шыққан шетін оқиғалар қазақ қоғамының қабырғасын қайысты­ру­да, қазақ зиялыларын қатты қа­мық­тыруда. Еңбек Ері, абыз жа­зушы Әбіш Кекіл­бай­ұлы, атақты ақын Фа­риза Оң­ғар­сынова, Қа­зақ­стан Жа­зу­шы­лар одағының төр­­аға­сы Нұрлан Оразалин, Ұлт­тық Ғылым ака­де­миясының президенті Мұрат Жұрынов, академик Сұлтан Сар­­таев­т­ың сабырға ша­қыр­ған, береке-бірлікті бұзбау­ға үндеген салиқалы-салауатты лебіздерін де осынау фильмде тол­қы­май тыңдау мүмкін емес. Жаңаөзен оқиғасы кезінде құ­қық қорғау органдары көп қиын­дық арқалап, ауыртпалықтың да, жауапкершіліктің де көбі со­лар­дың иығына түсті. Оқиға болған өңірдегі тиісті қызмет салалары да көпке ортақ алмағайып сыннан шет қалмады. Фильмде бұл жайлар да байыппен бедерленіп, жеткілікті көрініс тапқан. Са­лалық бөлімшелердің, мұнай компа­ния­ларының жауапты қыз­­мет­кер­лері­нің риясыз ақтарған күйі­нішті сыр­ларынан да көп жай­ды аң­ғарып білгендейміз. Қазақ елі қансыраған жа­ра­­лы Жаңаөзенді мынадай ауыр шақ­та жалғыз қал­дыр­мады. Ел­басы оқиғаға бай­ла­нысты бір­ден-ақ кесімді де па­расатты сөзін арнап, қай­тыс болған­дар­дың от­басы­ла­ры мен туған-туысқан­дары­ның қайғысына ортақ­та­сып, көңіл айт­ты. Зардап шеккендерге кө­мек көрсе­ті­летінін, іріткіге жол берілмейтінін, кі­нә­лілер мен аран­дату­шы­лар тиісті жазасын тартаты­нын біл­­дірді. Тәртіп­сіз­дікті өр­шіт­пей, ты­ныш­тықты сақ­тау, жағ­дайды са­басына тү­сіру мақ­сатында Жаңаөзенде комендант сағатын жариялады. Мем­­­лекет басшы­сы еңбек дауы мен бұза­қы­лық­ты шатыстырмау керектігін мық­тап ескертті. Фильм­­ді көр­генде осы жай­лар­дың бәрі­не егжей-тегжейлі қанығып, мә­се­­ле­нің мән-жа­йына, мәнісі­не бой­лай түсе­сің. Бұл фильмді Жаңаөзен ақиқатына жүгінудің алғашқы қадамдарының бірі десек те болар. Ең бастысы – сол қадамның сәттілігінде... Қорғанбек АМАНЖОЛ. АЛМАТЫ.