Қазақстан • 21 Тамыз, 2018

Кооператив күш біріктіреді

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мүмкіндігің жетсе шағын кәсіп ашып, өз қотырыңды өзің қасығанға не жетсін. Баяғыда бір ауылда үлкен той болып, кедейдің жалғыз қызы «барамын» деп желпінгенге ұқсайды. Шешесі әрі-бері айтса, мойны қисайған қыз бармақшы болып қиғылық сала береді. Күйіп кеткен шешесі «қарағым-ау, барғызбасың барғызбас» деп үстінде бүтін бір көйлегі жоғын тұспалдаған екен.

Кооператив күш біріктіреді

Сол сияқты шағын шаруа­шы­лық ашқанымен, басына тартса етекке жетпей күні құр кіжінумен өтіп жүрген азаматтар көп. Азын-аулақ жерін жыртып алуға техника жоқ. Техника жоқтықтан қыстыққа жем-шөп дайындай алмай, қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болады. Қолда нақты ақша жоқ. Мал – айырбас құралы. Шығындана берген соң мал басы өсе ме?! Жеңілдетілген несие алайын десе банкке қояр ілкімді дүниесі, жылжымайтын мүлкі жоқ, мемлекеттен субсидия да ала алмайды...

Әуелде «өзім дегенде өгіз қара кү­шім бар» деп ағынға қарсы қой­ып кетіп, арыны қайтты. Мем­лекеттік бағдарламалардың тиім­ді жақ­тарына мойын бұрды. Соның бірегейі – ауыл шаруа­шы­лығының кооперативі еді. Кооператив мүшесі болсаң мем­ле­кеттік игіліктердің бәрі қиын­дықсыз беріледі. Әрине, бес саусақ бірдей еместігі сияқты, коопе­ратив басшыларының іскер­лігі, тазалығы мұндайда үлкен рөл атқарады.

Қызылорда облысының ша­ғын шаруашылық жетекшілері коопе­ративтердің табысқа шы­ға­ра­тынына көздері жетіп болды. Би­ылдың өзінде 250 жеке шаруашылықтың 18 ауыл шаруашылығы кооперативіне біріккені соның айғағы.

Өнімділік те жыл сайын молайып келеді. Мәселен, 2017 жылы кооперативтер 342 тонна ет, 133 тонна сүт дайындаса, биылғы жарты жылдықтың өзінде 206 тонна ет, 253 тонна сүт әзірлеуге қол жеткізген.

Бүгінде облыста 2320 шаруа қожалығын біріктірген 105 кооператив бар. Бұл 800 отбасылық мал бордақылау алаңы мен 385 сүт фермасын құруға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ аймақта құс шаруашылығы жақсы дамып келеді. Былтыр Шиелі ауданында алғашқы құс фабрикасы салынды. Сонымен қатар, өткен жылы тағы екі құс фабрикасы ашылды. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 6 айында құс саны 36 пайызға, ал жұмыртқа өндіру 45 пайызға артты. Биыл Қармақшы ауданында «Байқоңыр» ӘКК-мен жылына қуаттылығы 1500 тонна ет өндіретін тағы бір құс фабрикасының құрылысы бас­талды. Кейінгі жылдары осындай игі істерден ішкі жалпы өнімнің өскендігі айтарлықтай байқалады.

Бүгінде «сатып ал да қайта сат» ұстанымының дәурені аяқталып келе жатқанын іскер азаматтар аңғарып, негізгі инвестицияны ауыл шаруашылығына сала бас­тады. Бұл – өте құптарлық іс. Кооперативтер көбейсе елі­міздің азық-түлік қауіпсіздігі ны­ғаяды. Сырттан келетін сапасы кү­мәнді тауарларға тосқауыл жа­сайды. Отандық тауарлардың бел­сен­ділігі көзге көрініп, ең бастысы, еңбекке деген құлшыныс артады.

Күні кеше шілдің қиындай жан-жаққа пышыраған ұсақ шаруашылықтар кооперативке бі­рі­гу арқылы табысқа шығуға бо­ла­тынына көздері жетіп келеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА