Елбасының, Үкіметтік комиссия мен жергілікті әкімдіктер, құқық қорғаушылар мен адал ниетті адамдарының біріге жұмыс істеуі нәтижесінде Жаңаөзендегі жағдай тұрақталып келеді. Қаланың коменданты, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі А.Қабыловтың айтуынша, өткен күні тәртіп бұзушылық фактілері тіркелмепті. Кеше түнде журналистерге Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев басшылық ететін Үкіметтік комиссия басшыларының атқарылған жұмыстары таныстырылды. Ол мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда қаладағы бүліншілікке ұшыраған шағын аудандардағы электр жүйелері, жылу және сумен қамту желілеріндегі ақаулар жойылып, іске қосылды. Яғни, барлық инженерлік инфрақұрылым нысандары кідіріссіз, өз кестесімен жұмыс істеуде. Халық банкінің қызметкерлері толық құрамда инкассация қызметімен бірге өз жұмысын бастады. Альянс банк филиалы бүгіннен бастап жұмыс істейді. Екінші деңгейдегі банктер қызметі жолға қойылуы үшін негізгі нысандардағы банкоматтар қайтадан қалпына келтірілуде. Сөйтіп, тұрғындардың тиісті ақшаларын алып, сауда жасауларына мүмкіндік туғызылуда. Құқық қорғау қызметкерлерінің көмегімен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының қызметкерлерін өндіріс орындарына апарып-әкелу қауіпсіздігі жолға қойылуы нәтижесінде жұмысқа шыққандар соңғы күнде 81 пайызға артты. Наубайханалар мен жекелеген сауда орындары тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Бұл істе де құқық қорғау органдарының көмегі мен халықтың ізгі ниеттері байқалады.
Тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету де назарда ұсталып отыр. Бұл ретте жылжымалы автодүкендер қызметі ұйымдастырылып, қала тұрғындарына ондаған тонна ұн, күріш, қант, картоп, көкөністер жеткізіліп сатылды. Үш күннен бері «Каспий берекет» ЖШС-нің алты дүкені қалыпты жұмыс істеп тұр. Яғни, азық-түлік тапшылығы жоқ.
Қаланың бүліншілікке ұшыраған бөліктерін, орталық көшелерді тазалау, қалпына келтіру де басталды. Оған да тұрғындар өз үлестерін қосуда.
Кеше облыс әкімдігінде Жаңаөзен қаласы мен Шетпе стансасында орын алған тәртіпсіздіктерге және соған орай жүзеге асудағы жүйелі жұмыстар жайлы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, онда Елбасының Жаңаөзенде төтенше жағдай жариялау туралы шешімі талай адамның өмірін сақтап қалғандығы атап көрсетіліп, Ө.Шөкеев басқарған Үкіметтік комиссияның халық арасында жүргендігі, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың жетекшілігіндегі жедел-тергеу тобының жұмысының нәтижелі жүруде екендігі айтылды. Сондай-ақ халықты сабыр сақтауға, парасаттылық танытуға шақырды. Жазықсыз жапа шеккен отбасыларға, азаматтарға тиісті көмек пен қолдау көрсетілетіндігі жеткізілді.
Құқық қорғау орындарының мәліметі бойынша өткен түнде де қоғамдық тәртіп бұзушылық фактісі болған жоқ. Уақытша жаңа орынға орналасқан қалалық әкімдік, оның бөлімдері өз жұмыстарына кірісті. Тұрмыстық қызмет көрсетуші құрылымдар жұмысы да жолға қойылуда. Қысқасы, қаланың жағдайы тұрақталып келеді.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Маңғыстау облысы.