23 Желтоқсан, 2011

Мақтааралда мақта кластері дамытылмақ

549 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шардара су қоймасынан машиналық су беру жобасы күрмеулі мәселелерді реттеуге мүмкіндік туғызып отыр

Мақтааралға барсаң, жол жиегінде шашылып жатқан мақта талшықтарын көресің. Мақтаның екінші аты – ақ алтын. Биыл нағыз осы атын ақтап тұр. Күзде бір тоннасының бағасы 100 теңге­ден асып кетті. Гектарға шақсаңыз, қып-қызыл ақша, ел үшін, береке, бала-шаға үшін – “сен же, мен же”... Мақта өсіру оңай тірлік емес. Ма­шақаты жетерлік. Жер құнары сақталу үшін агроталаптар орындалып, қажетті минералдар сіңірілуі қажет. Ең бастысы – уақытында суару. Ал суды сырттан алатын Мақтаарал үшін жаз мезгілдерінде ағын су алтынға айналады. Қыр­ғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері арқылы келетін “Достық” каналында айқай-шу көбейе бергендіктен әрі су тапшылығы қатты сезілген 80 мың гектар алқапты суландыру үшін Елбасының тапсырмасымен “Шардара су қоймасынан машиналық су беру” жобасы іске асырылды. Аудан әкімі Серік Тұрбеков мырзамен арнайы барып, жұмысымен таныстық. Электр энергиясы көп жұмсалатын­дықтан қымбатқа түсетіндей көрінгені­мен ағын су болмай қалғанда шаруаны анық тығырықтан шығаратын осы алып су сорғылар. Серік Тұрбеков қатардағы көп әкім­дердің бірі емес, ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастырған тәжірибелі бас­­шы. Ауданның даму жоспарын жүл­ге­легені ұнады. Бұл талаптар орындал­ған жағдайда Мақтаарал Қазақстандағы ең табысты аудандардың бірі болады. Мақтаарал ауданының аумағы – 176,9 мың гектар. Халқы – 294,1 мың адам. Мұнда 60 ұлт пен ұлыстардың өкіл­дері тұрады. Тұрғындардың 83,6%-ы қазақ­тар. Ауданда халық тығыз ор­на­ласқан, әрбір шаршы шақырымға шақ­қанда 157,5 адамнан келеді. Аудан экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы. Диқандардың ба­сым бөлігі шитті мақта өндірумен ай­на­лысады. Ауданда мақтаның “С-4727”, сондай-ақ, Мақтаарал мақта ша­руа­шылығы ғылыми-зерттеу институ­ты­ның ғалымдары шығарған “Мақтаа­рал-3044” және тағы басқа сорттары егіледі. 90-жылдары елімізде жүргізілген реформаларға сәйкес бұрынғы 30 колхоз бен совхоз таратылып, егістік жерлері дербестендіріліп, 20 мыңнан астам негізінен ұсақ агроқұрылымдар құрыл­ған. 2009 жылдан бері ірілендіріліп келеді. 2011 жылы 9171 шаруа қожалық­тарын ірілендіру жоспарланып отыр екен. Ауданда 20 037 ауылшаруашылық құрылымдары бар, оның ішінде 19 995-і шаруа қожалықтары, 42-сі өндіріс­тік кооперативтер. Диқандарға 74 су пай­да­ланушылар құрылымдары, 8 МТС, 12 биофабрика мен биолаборатория қыз­мет етуде. Ауыл шаруашылығы өнімі көле­мі жылдан жылға артуда. 2007 жылы ағым­дағы бағамен есептегенде ауыл шаруа­шылығының жалпы өнім көлемі 20,2 млрд. теңге болған. Жылдан жыл­ға өсіп ке­ле жатқан жалпы өнім көлемі  2011 жы­лы 39,9 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде. 2011 жылы 136 мың гектар егістік жердің 101,3 мың гектарына шитті мақ­та, 14,6 мың га алқапқа бақша дақыл­дары, 4,9 мың га алқапқа жоңышқа, 3,8 мың га алқапқа дәндік жүгері, 3,7 мың га алқапқа көкөніс, 1,6 мың га алқапқа күріш және т.б. дақылдар егіліп, 30,7 млрд.теңгенің өнімдері өндірілді. Бұл көрсеткіштерге жетуге су ресурстарының пайдаланылуы тікелей әсер етті. Серік Ордабекұлы ауданның өсімдік шаруашылығының әлеуетін талдауда мынадай талаптарды ұстана­ды. Күшті жақтары: ауа-райының жы­лылығы дақылдарды өсіруге қолайлы. Ауылшаруашылық дақылдарының ба­сым бөлігінің шығымдылығы, дамыған инфрақұрылым. Мүмкіндіктері ретінде бір науқанда 2-3 айналымдық егін егуге болатындығын ұсынады. Ал осыған қарсы әлсіз жақтарын былайша сұрып­тапты. Жердің тұздылығы, 12 ай бойы ағын судың бола бермеуі, мақта зиян­кестерінің көп болуы, тік дренаждар мен қашыртқылардың толық жүмыс істемеуі, ұсақ тауар өндірушілердің көп­тігі. Қауіп ретінде жер асты суларының жақындығы, ағын су жетіспеуі және мақта зиянкестерінің көбеюі салда­рынан өнімді жоғалту. Осылайша, Елбасының қолдауымен жүзеге асырылған «Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының суарма­лы жерлеріне Шардара су қоймасынан машиналық су беру» жобасының арқа­сында жоғарыда көрсетілген мәселе­лерді толық шешуге мүмкіндіктер туғызы­лады. Аудан әкімі қолданыстағы су жүйе­лерін және егістік алқаптарын пайдалану тиімділігін арттыру үшін мынадай жұмыстарды басшылыққа алып отыр. Біріншіден, су арналарын бетондап, арық атыздарды тазалау, дренаж жүйе­лерін кезең-кезеңімен іске қосуды көз­дейді. Мысалы, тек К-26 каналын қайта құрудың өзі жылына 3,1 мың га жерді суландыруға жететін суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, тік дренаждардан шық­қан жер асты суларын ағын суға қосып пайдалану қажет. Ауданда 2012 жылы 218 + 146 = 364 тік дренаж іске қо­сылады. Осы дренаждардың 30 пайы­зын, яғни 109 данасын пайдалануға болады. Үшіншіден, егістік алқаптарын микрожоспарлау жүмыстарын толы­ғымен жүргізуді міндеттеу. Су үнемдеу технологиясын жаппай ендіруде Мақтаарал ауданында кезең-кезеңімен 23,3 мың га егістік алқаптарын тамшылатып суару, 34,5 мың га егістік алқаптарына жаңбыр­латып, шашыратып суару техноло­гия­ларын ендіре отырып егістік егуге мүмкіндік бар. Агротехнологиялық шараларды бір мезетте атқаратын агрегаттарды, жер айдау барысында айналмалы соқаларды, дақыл жинау барысында кептіру, тазалау, салмағын өлшеу, қаптау технологиясымен жаб­дықталған техникаларды қолдану аясын кеңейтуді көздейді. Бүгінгі таңда ауданда ашық түр­дегі мақта дақылының жүйек ара­лығы 90 см. қашықтықта егілуде. 1 метрге 12-14 дана түқымдық шит себілсе, 1 га жерде орташа 143000 түп қоза қалыптасады. 1 түпте 5 көсектен болған жағдайда 1 га мақталық ал­қап­тан орташа 21,5 центнер өнім алынады. Мақталық алқаптан алынатын өнімді арттыру жолы ретінде агроқұ­ры­лымдарға егістіктің жүйек аралы­ғын 60 см. өткізіп, 2 қатарлы егістік әдісін колдану және су үнемдеу технологияларына көшу ұсынылуда. Бұл жағдайда 1 га жерде 364000 түп қоза қалыптасады. 1 түпте 4 көсектен бол­ған жағдайда 1 га мақталық ал­қап­тан орташа 43,7 центнер өнім алу­ға болады. Аталған әдісті қолдану арқылы жекелеген агротехникалық шаралар жүргізілмей, 1 га жерге кететін шығын көлемі азаяды. Ғалым әкім ауданның даму бағ­дар­ламасын осылайша жүлгелепті. Осы талаптар сақталған жағдайда ауыл­шаруашылық дақылдарының жал­­­пы өнімділігі 2012 жылы 19,1 пайызға, 2014 жылы 64 пайызға өседі деп күтілуде. Ал мақта дақылы гектарына 2012 жылы 26 центнерден келсе, 2014 жылы 35,1 центнерге жетеді. Бұл ауадан алынған цифрлар емес. Нақты жұмыс көрсеткіштері. Халқы тығыз орналасқан, санға шақ­саң бір Маңғыстау облысы тұрғын­дарына жетеғабыл ауданның келешегі кемел болуы үшін осындай жұмыс­тар атқарылады. Өз мақтасы бола тұрып, тереңдете өңдеуді көрші об­лыс­тарға беріп келген ауданда осы кәсіпті қолға алған кәсіпкерлер кө­бейіп келеді. Бұл да қуантатын жағдай. Мақтаарал түбінде мақта кластерін жүзеге асыратын отандық өндіріс орнына айнала алады. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.