Тарих • 23 Тамыз, 2018

Ботай қонысын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру – алдағы міндеттердің бірі

336 реткөрсетілді

Елбасы былтыр «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында «Туған жердің топырағы, әрбір өсімдігі, жан-жануар дүниесі біз үшін өте қымбат. Отанды, елді сүю осыдан басталады. Сондықтан жас ұрпақты осындай жағдайда тәрбиелесек деп ойлаймын. Қазіргі кезде бұл жұмыстар барлық жерде жүргізіліп жатыр» дей келіп, Қазақстанның киелі жерлері географиясы ауқымында туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап көрсеткен болатын.

Сұлулығымен сұқтандыратын әсем жерлер «ақ қайыңдар өлкесі» саналатын Қызылжар өңірінде аз емес. Соңғы кездері тамылжыған табиғатымен шетел туристерінің назарын аударып отырған Айыртау ауданы да құнды ескерткіштер мен сирек жәдігерлерге бай. Айғаным ханша қонысы, Шоқан Уәлиханов тарихи-этнографиялық мұражайы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені қатарында киелі жерлер картасына енгізілген Ботайдың орны бөлек. Ол жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Десек те былайғы жұртшылық көп біле бермейтін ішке бүккен жұмбақ қырлары мен сырлары жетіп артылады.

Осы себепті әрбір жаңа деректің жайына жете қанықсақ, құпиясын біле түссек деген қызығушылық артпаса кеми түспесі анық. Оның үстіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазіргі уақытта не атқарылып жатыр, әлде «мата даңқымен бөз өтеді» демекші бұрынғы дақпыртымен шектеліп қалды ма деген сауал да, түкпірдегі ауылдың атын төрткүл дүниеге бірінші болып танытып, сүйіншілеп әйгілеген қызылжарлық оқымысты Виктор Зайберттің ғылымға келу жолы бей-жай қалдырмасы анық.

Қазақстан ұлттық энцикло­педиясының мәліметтеріне сүйенсек, Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар тұрағы саналады. Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан бағзы мекеннің алғаш ашылуына тарих пәнінің мұғалімі Есләмбек деген ел азаматы түрткі болған.

Ол туралы осы өңірдің түлегі, белгілі ғалым Әміржан Шалтықов «Ботайдың кім екенін білесіз бе?» деген мақаласында («Егемен Қазақстан», 7 тамыз) арнайы тоқталып өткен. Иман-Борлық өзені жағасына оқушылармен саяхаттауға барып, сол жерден тапқан мол олжаны Көкшетау облыстық мұражайына өткізу арқылы араға ондаған жылдар өткеннен кейін кездейсоқ әлемдік сенсацияға жол ашарын сезбеген өлкетанушының есімін бүгінде жас­тар түгіл үлкендердің өздері біле бермейтіні өкінішті.

 Біз танымал тарихшы Виктор Федорович Зайбертті көптен білуші едік. Оның неміс халқына тән еңбекқорлығы, қазақтар арасында туып-өскендіктен жергілікті тұрғындардан бойына сіңірген ашықтық, қонақжайлылық қасиеттері, мәрт мінезі тәнті ететін. Тарихи айналымға «Ботай мәдениеті» деген атпен кірген жаңалықты бүгінде археолог-ғалымдар жылқының ең алғаш қолға үйретілген, арба пайдаланылған, қымыз өндірілген жері ретінде таниды.

Бұған дейін Украинаның Дериевке деген жерінде шамаман ІІІ-VІ мыңжылдықта бірінші рет асау тарпаңға жүген-ноқта кигізілді деп айтылып келсе, тарихты бақандай 53 ғасырға кері шегіндіруі, Андрон мәдениетінен де арыға кететіні – оны болжам ретінде емес, бұлжытпас деректер арқылы әлемдік деңгейдегі семинар-симпозиумдарда, конференцияларда жариялауы, ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізіп, жоғары, орта мектептер оқулықтарына кіргізіп, мойындата білуі – ғаламат ерлікке пара-пар дер едік. «Бүгінгі дәуірдің ғалымдары дүниежүзілік тарихтың сан мың сұрағының жауабын дәл осы «Ботай мәдениетінен» тауып отыр», деген екен АҚШ-тың тәңір жарылқағыр беделді тұлғасы Д.Энтони.

Кембридж университетінің оқытушысы, профессор Маршал Левина Айыртауға арнайы ғылыми экспедиция жасап, мінсе көлігі, жесе тамағы болған Қамбар ата түлігінің мың сан сүйектерін, жылқы, үй шаруашылығына пайдаланылған құрал-саймандарды көріп, аузын ашып, көзін жұмған. Мұхиттың арғы жағында Ботай жайлы арнайы көрме өткізіліп, дүние жүзі археологиясының ең үздігі деп танылған. Содан бері та­рихи, археологиялық қорық ұйым­дастырылып, біржарым гектар аумақты алып жатқан қалашық қоршалған.

150-ден астам үйдің орны аршылып, қалпына келтірілген. Қазақстан археологиясының қалыптасуына, Ұлы Дала қылқұйрықтысының ең алғаш тәуелсіз елімізде табылуына түрткі болған Ботай қонысы тарихын зерттеуге, ол жөнінде ғылыми орталық ашып, дамытуға зор үлес қосқан Виктор Федорович жайлы деректі фильмдердің бірін «Эй-Би-Си» телекомпаниясы, канадалық белгілі продюсер әрі андрополог Найоби Томпсон түсіріпті. Ғалымға бір жолыққанымызда Ақмола облысы Красный Яр қаласы іргесінен Ботай мәдениетіне тиесілі бүтін бір қоныстың кезіккенін қуана хабарлаған. Оның айтуынша, ол маңайдан бір мыңға жуық жәдігер кезігіпті.

Демеушілер табылып жатса жылқы мен қымыз музейін ашар едік деген әзірге қол жетпестей көрінетін арманын да айтып қалған. Бағзы заман тұрғындарының мұндай мекендері теріскейде аз емес. Археологиялық қазба жұмыстары жүйелі жүргізілсе, ұшырасып қалуымыз әбден ықтимал. Есік қаласы жанынан атақты архео­лог К.Ақышев тапқан алтын адам мо­ласы жер-жерден табылып жатуы­на қарағанда Қазақ жерінің тарихы те­реңде жатқанын аңғартады, дейді ол.

Ол саналы ғұмырының көп бөлігін Мағжан елінде, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткерді. Кейін қызмет бабымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ауысса да, өркениеттің ежелгі мекенін ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру мақсатын жүзеге асыру ниетімен осында қазба жұмыстарымен айналысып жүр.

Жанына тарих ғылымдарының докторы Досбол Байқонақовты қосып алыпты. Қос ғалым Ботай қонысынан бүгінге дейін екі жүз мыңға жуық құнды заттар табылғанын, оның ауқымы бір өңірмен ғана шектелмейтінін, Ертістен Оралға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты қамтитынын айтады. Осыған дейін Қызылжар өңірінде әлем археологтарының басқосуымен ғылыми-тәжірибелік конференция­лар ұйымдастырылса, жуық арада итальяндық археологтар келмек.

Виктор Федорович Ботай қонысында археологиялық зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатқанын, ашық аспан астындағы мұражай құру Үкіметтің бағдарламасына енгізілгенін, оның төңірегінде қолға алынған кешенді шаралар ұлт тарихының дамуына зор серпін беретінін, осы өңірді мекендеген адамдардың шығу тегі қандай деген маңызды сауалдарға жан-жақты жа­уаптар алынатынын жеткізді.

Әлемдегі 38 тілде жарық көретін беделді басылым – «Mational Geographic» журналының экспедициялық тобы тарихи нысанға арнайы ат басын бұрып, егжей-тегжейлі танысыпты. Ағылшын тілінде түрлі-түсті жинақ шығаратын болыпты.

Олай болса, шетелдіктерді де ерекше қызықтырып отырған өркениеттің ежелгі мекені ашық аспан астындағы музейге тезірек айналса екен дейсің. Өйткені бұл мәселенің көптен бері көтеріліп келе жатқанына қарағанда «не бүк, не шік дейтін» мезгіл жеткен сияқты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаны қазақ Виктория

Қоғам • Кеше

Қандастарға қамқорлық

Аймақтар • Кеше

Қытай айнасының құпиясы

Аймақтар • Кеше

Өнер қонған өлке

Аймақтар • Кеше

Тасқа қашалған жыр

Аймақтар • Кеше

Инфляция ырыққа көне ме?

Экономика • Кеше

Алматыда жарық сөніп қалды

Аймақтар • 15 Шілде, 2019

Ұқсас жаңалықтар