Медицина • 23 Тамыз, 2018

Бұра тартудың бұралаңы көп

389 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нашақорлық ұлт қауіпсіздігіне зор қатер төндіретін індет екенін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ іргеден келтірсек те жеткілікті. 

Бұра тартудың бұралаңы көп

Құрам түгелімен қызметтен қуылды

Жыл басынан бері облыста 15 мың дана экстаз түймедақтарының, жарты тоннаға жуық марихуана мен гашиштың заңсыз айналымнан алынуы мәселенің күрделі күйінде тұрғанын аңғартса керек. Алайда есірткі заттарын тасымалдау, нашақорлықтың алдын алу секілді міндеттерді адал әрі мүлтіксіз атқарудың орнына осы іске жауаптылардың өздері қылмысқа ұрынып жатса, не үміт, не қайыр? Прокуратура қызметкерлері есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасына қатысты жаға ұстатарлық фактілерді әшкере етті. Атап айтқанда, сесі басым, атағынан ат үркетін құрылымда есірткі заттарын өндіру және сату бо­йынша 35 жалған құжат толтырылып, дәлелдемелер ойдан құрастырылған. Тіпті бақилық болып кеткен мар­құм­дар «куәлікке» тартылып, «жауап» алынған. Араларында А.Винокуров секілді танымал тұлғалар да жүр.

Облыстық ішкі істер департаменті бастығының бұйрығымен жағымды сипаттағы көрсеткіштерді қолдан өсіру мақсатымен қасақана көз­бояу­шылыққа жол берген басқарма бас­шысынан бастап қосшысына дейін түгелімен қызметтен аластатылды. 13 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп, екі іс сотқа жіберілді.

Адам ағзасына тигізер зардабы мен зияны ұшан-теңіз екенін біле тұра есірткі бизнесінің тамыр жаюына көз жұма қараушылардың күштік құрылымдар арасынан табылуы қас­қырға қой бақтырғанмен бірдей-ау!

Тегін дәрінің машақаты

Емханаларда тегін дәрі-дәрмекке мұқтаж жандардың ұзын-сонар кезегі қалыптасып отырған жайы бар.

Зинаида Кузнецова қант диа­бе­тімен көптен бері ауырады. Ем қонуы қиын кеселдің бірден-бір шипасы – тегін дәрі-дәрмек. Инсультты бас­тан кешірген кейуана кезекте төрт сағаттан аса тұрыпты. Өзін нашар сезінгеннен кейін келген ізімен кері қайтуға мәжбүр болған. «№2 емханаға келіп-кетіп жүргеніме бірнеше күн. Ұзын-сонар кезек таусылар емес. Қасқалдақтың қанындай препараттың қолыма қашан тиері белгісіз. Бір келгенімде дәрі бітіп қалыпты», дейді ол таусыла сөйлеп. Қан қысымынан аяғын әзер басып жүрген Антонина Спивакованың айтуынша, кезегі әупірімдеп жеткенімен қажетті дәрі жоқ болып шыққан. Амалсыз сатып алуына тура келген. №1 емханада да дәл осындай жағдай қалыптасқан.

Тегін дәрі-дәрмектер бұған дейін әлеуметтік дәріханаларда босаты­лып келсе, енді бұл міндет емдеу мекемелеріне жүктелгеннен бері проб­лемалардың туындағаны байқалады. Екі емхананың әрқайсысында 11 мыңға жуық науқастың тегін дәрі­ге мұқтаж екенін ескерсек, басшы­лық қызметтің сылбырлығы, маман­дардың жетіспеушілігі, терезелердің толыққанды жұмыс істемеуі секілді олқылықтардан арылып, медициналық қызметтің сапасын жақсартуға барынша күш салмай болмайды.

Батпаққа айналған көше

Қаланың қақ ортасында орналас­қан Ы.Алтынсарин көшесі тұрғын­дарының «Петропавл жылу желілері» ЖШС-не деген өкпелері қара қа­зан­дай. Барар жерлері, басар таулары қалмағаннан кейін жіпсіз байланып отырғанға ұқсайды. Өйтпегенде ше...көшенің астымен өтетін жылу құбырлары былтыр жазда төселсе де, қалпына келтіру сағыздай созылып барады.

Бастапқыда бұл мақсат үшін 40 миллион теңге бөлінді, абаттандыру шаралары көп ұзамай басталады деп сендіргенмен жұбатулары жай алдарқату болып шыққан. Содан бері ұшы-қиыры жоқ уәделер бе­рілгенімен, істің алға жылжитын түрі байқалмайды. Биыл қар еріп, қарғын су сай-саланы қуалай аққанда бәрінен бұрын есту қабілеті төмен балалар­ға арналған мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері мен «Айгөлек» балабақшасының бүлдіршіндері үлкен мехнат көрді.

Мәселе тіпті облыстық әкімдіктің аппарат отырысында көтеріліп, аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен қала әкімдігі өзара келісімшарт міндеттемесін бұзатындығы жөнінде ескертпе жасаған. Сонда да компания басшылары «біздікі заң, біздікі жөн» дегендей міз бағар емес.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ма­мандарының айтуынша, көше мен жолдарды жөндеуге берілген кепіл­деме уақыт белгілі-белгісіз себептермен үш рет кейінге шегеріліпті. Енді соңғы мәрте ескертпе жасалып, орын­далмаған жағдайда сотқа жүгінбек.

Батыр Баян көшесінде де апаттық жағдай орын алып, «Қызылжар су» кәсіпорны 80 метрлік құбырды ауыс­тырғанмен, қазылып қалған жерлер әлі күнге дейін үңірейіп тұр. Олқы­лықтың орнын кім толтырады деген сұрақтың басы ашық күйінде қалған.

Соған қарағанда «мен» деп шірене сөйлейтін монополистерге «әй дер әже, қой дер қожа» дейтін ие табылмай тұрған сықылды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы