Ордалы отыз жасында кез келген суретшінің тісі бата бермейтін тың тақырыптарға бой алдырған қылқалам иесі өнерді өмірім деп біледі. Киелі өнердің киесін кетірмеу, тұнығын лайламау суретшінің басты ұраны. Оның Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде салтанат құрған «Біртұтас» атты жеке көрмесі көрерменді бейжай қалдырмайды.
Жас суретшінің қырықтан астам кескіндемелік шығармасы қойылған көрме жылдар жылжып, ғасырлар алмасса да отбасындағы жарасым мен жылылық, сағыныш пен қамқорлық сынды ізгі сезімдер өз биігінде қала беретінін дәлелдейді. Көз алдыңдағы жансыз бейнеден әлдеқашан өмірден өткен атаң мен әжеңді көресің... Осы заманғы өнер тіліне сай өткір де өтімді туындылар қылқалам шеберінің үнемі ізденіс үстінде жүретінін аңғартады. Өнертанушылар Оралбек суреттері өнеге мен киені өзара үндестіріп, уақыт пен заман тынысына сай бере білуімен ерекшеленеді, дейді.
– Суретші өз картиналарына тақырып іздеп, қиядан асып, ел шетіне шығып кетпейді. Өмір мен болмыстың заңдылықтарын ата дәстүрден, ұлттық тұрмыстың ғасырлар бойы сынынан өтіп, дәлелденген қарым-қатынасынан, жан-дүниенің қоңыр қобыздың сарынындай мың құбылысы бар иірімдерінен іздейді. Оралбектің осы көрмеге дайындығының тағы бір ерекшелігі, оның тақырыптық, көп бейнелі картиналар шығармашылығының негізгі арқауы екендігінде, – дейді өнертанушы Самал Мамытова.
Мына бір суреттегі дастарқан басына жайғасқан жарасымды отбасы кішкентай мемлекет іспетті. Ұрпағына аңызын шертіп, өнегесін өрбітіп отырған қазыналы қария қасиеттің алтын діңгегіндей көрінеді. Қарияның ту сыртына саялы бәйтеректің бейнеленуі әке мәртебесін барынша асқақтатып тұр. Әр отбасы мүшесінің дастарқан басынан өз жолына сай орын алуы қазақ отбасындағы ізет пен құрметтің, кісілік пен кішіліктің жарқын үлгісін көрсетеді.
Жылылық ұялаған жарасымды отбасы...
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ