23 Желтоқсан, 2011

Дүбірге толы дүние

305 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

КЕЛДІБЕКОВ ӨЗ ЕРКІМЕН ЕРІКСІЗ КЕТТІ

Қырғыз елінің саяси өмірінде тағы бір үлкен жаңалық болды – желтоқсанның алғашқы күні жаңа сайланған президент Алмазбек Атамбаев мерзімінен біршама бұрынырақ қызметіне кіріссе, арада екі аптаға жетпейтін уақытта парламент төрағасы Ахматбек Келдібеков қызметінен өз еркімен кетті. Өз еркімен деген сөз оқиғаның сырт­қы көрінісі ға­на, шын мәнінде оған парламент спи­кері мәжбүр болды. Яғ­ни, өз еркімен еріксіз кетті. Солай, «өз еркімен» кетпесе, депутаттар оны дауыс беру арқылы кетірер еді. Келдібековке тағылған айып­тардан кейін оның төраға болып қалуы мүмкін емес еді. Осы жерде айта кететін бір жай: спикерге қарсы мәселені «Атамекен» партиясы көтерді. Ал Келдібеков – парламентте ең көп орны бар, сондай-ақ белгілі дәре­жеде кешегі Бакиевке іш тартатын партия саналатын «Ата­жұрт» пар­тиясының өкілі. Спикер болу да соның арқасы еді. Бұл мәселенің күн тәртібіне шығуы да сол саяси күштер, партиялар күресінің бір көрінісі екені анық. Келдібековке тағылған басты айып – төраға болып сайланған соң, өткен жаңа жыл мерекесі кезінде 4 күн бойы өзінің қызметке тағайындалуын «Каприз» дейтін таудағы курортта қылмыскер топ жетекшісі Қамшы Көлбаев дегенмен бірге атап өтіпті. Оны депу­тат­тық комиссия «депутат мә­р­те­бесі және депутаттық әдеп кодексі жөніндегі бапты бұзғандық, сол арқылы депутат атағына кір келтірді» деп бағалаған. Әрине, қыл­мыс­тық топтың басшысымен жа­қын жүру, араласу – үлкен айып. Оған тағылған басқа айыптар да осал емес. Ол біреудің жеке ұшағымен Астрахань қаласына сапар шегіп қайтыпты. Оған үкіметтің қаржысы кетпегенімен, парламент басшысына сонау жер түбіне қыдырып жүруі жарас­пай­ды-ақ. Оның есесіне бір қора депутатты Малайзияға апарып, серуендеткені Қырғызстандай кедейлеу елдің қалтасына айтар­лық­тай салмақ тү­сіріпті. Бірақ, оны спикер айып көр­мейді. Ол өзіне тағыл­ған бір айыпты ға­на мойындапты. Өз­­інің көмекші­лері­не, таныстарына – 33 адамға мемлекеттік «мәртебелі» авто­кө­лік нө­мірлерін таратқан екен. Енді бұл үшін басқалардың жаза­лан­ғанын алға тосып, ақталады. Сөйтсе де, осындай ұсақ нәрсе­мен спикер­дің айналысуы, әуес болуы да, оның ұсақтығын аң­ғарт­пай ма? Келдібеков көп нәрсені мо­йын­дамайды. Өзінің қайына­та­сын қоғамдық кеңесші етіп жұ­мыс­қа орналастыруын өте орын­ды санайды. «Тек туыстар ғана шындықты айтады, – дейді ол. – Егер менің мүмкіндігім болса, елдің әр аймағынан өзіме кеңес­ші­лер алар едім. Менің қайы­н­атам ОК-де жұмыс істеген. Әкім болған. Оның кеңестерін тыңдау­ға болады». Бірақ онымен депутаттар келісе қойған жоқ. Депутаттық комиссия оның жүрген жерінде «бай-манаптық мінез көрсетіп, астатөк дастарқан жайдыратынын, қырып мал сой­ды­ратынын», ел тарығып жатқан­да, қымбат курорттарға барып, дүние шашатынын айып көрсе, Келдібеков: «Барлық адам дема­ла­ды, менің де демалуға құқым бар», деп әріптестеріне кейиді. Келдібеков кетті. Оның орнына ҚСДП өкілі Асылбек Жиенбеков сайланды. «Атажұрт» партиясы фракциясының оны өткізбей тастау әрекетінен түк шықпады. Өйт­кені, парламентте құрылған жаңа коалицияда бұл партия жоқ. Коа­лицияға ҚСДП, «Республика», «Ар-намыс» және «Атамекен» пар­тиялары бірігіп отыр. Ол үкі­мет басшысын да тағайындады.

 * * *

КӨСЕМНЕН КЕЙІН КӨСЕМ КЕЛЕ МЕ?

Корея халық-демократиялық республикасының көсемі, өздерінше айтқанда, «қымбатты жолдас, ұлы көсем және КХДР маршалы» Ким Чен Ир қайтыс болды. Бір елдің ғана емес, әлемдік саясаттағы белгілі тұлға дүниеден озды. Оған әлем жұртшылығы назар аударып отыр. Дүниеден өт­кен, оның үстіне жаңа өткен адам туралы ғайбат сөз айтудың жөні жоқ. Оның қа­за­сын аза тұтып, еңі­регенде етектері то­лып жатқан ел бар, халық бар. Көсем ретінде, рухани басшы ретінде ол талайлардың жанына жақын болды, олардың өміріне бағыт-бағдар берді, олар­дың жүрегіне сақталатындай бой­тұмарға айналды. Оны ешкім де жұлып тастай салмас. Біз әсте де олардың сезіміне тиіскелі отырғанымыз жоқ. Әркім­нің өз көзқарасы, өз талғамы бар. Біреуге жаққан екіншіге жақпай­ды. Тұлға, саясаткер, басшы тура­лы біздің де өз пайымдауымыз ай­қын. Ол басқалардың, әсіресе, Ким Чен Ир туралы пікірлерімен үй­лесе бермейтіні де заңды. Оқыр­ман біздің пікірлерімізді де осы тұрғыдан қабылдар. КХДР – әлемдегі ең жабық, құпиясы көп ел. Халқы ашқұрсақ дейміз. Соған қарамай, ядролық қаруы бар. Сонысымен айналасын ғана қорқытып қоймайды, бүкіл әлем халқын шошытады. Мұн­дай­ды басқадан қайыр сұрап тұрып, шоқпарымен қорқытады десе болар. Бұл елде халықтың талай рет ашаршылыққа ұшырағаны, оған әлемдік ұйымдардың, жеке мем­лекеттердің тарапынан қайырым­ды­лық көмек көрсетілгені де шын­дық. Тағы бір шындық – ол яд­ро­лық бағдарламасын, рас болса, сондай қаруын әркез саудаға салады. Әлемнің АҚШ, Қытай, Ресей, Жапония сияқты жетекші елдері оны­мен келіссөз жүргізуге мәжбүр. Осындай саудалы саясат жүр­гізіп келе жатқан елдің екі-ақ досы бар – Ресей мен Қытай. Солармен ғана қарым-қатынаста, солармен ғана араласады. Белгілі дәрежеде қолдау да көреді. Бұл елге ықпал ететін де солар ғана. Міне, сол елді 63 жыл тарихында екі-ақ адам – Ким Ир Сен мен енді дүниеден озып отырған Ким Чен Ир басқарды. Билік әкеден балаға мұра­герлік жолмен беріліп келе жатыр. Ким Ир Сен 46 жыл билік тізгінін ұстаса, Ким Чен Ирдің үлесіне 17 жыл тиді. Енді билік Ким Чен Ирдің кіші ұлы Ким Чен Ынға ауысатынына жұрт күмәнсіз. Бүгінге дейінгі билік басында болғандардың саясатында ешқан­дай айырмашылық жоқ. Қатаң социалистік диктатуралық жүйені ұстанды. Ол жақсылыққа жеткізген жоқ. Тарих бір халықты екіге бөліп, олар ұстанған жүйелерді жарыстырып, салыстырып көріп еді, айырмашылық аспан мен жердей болды. Біреуінде, басқасын былай қойғанда, халық ашқұрсақ, екіншісі, әлемдегі ең дамыған елге айналды. Цифр тілімен айтсақ, оңтүстігінде солтүстігіне қараған­да ІЖӨ көлемі 40 есе, жан басына шаққанда 20 есе жоғары. Енді алдағы уақытта сол жүйе жалғаса бере ме, дейді жұрт. Бас­қа­ша таңдау жоқ сияқты. Әлі 30-ға жетпеген (біреулер 27, 28, 29 дейді) Ким Чен Ынның тәжірибесі жоқ. Тек қалыптасқан жүйеге иелік етсе, соның өзі үлкен олжа болмақ. Әрине, бұл – алғашқы кезеңнің мәселелері. Одан әрі өмір өзгеруге тиіс, дейді сарапшылар. Осы жерде жұрт талай ойды алға тартады. Жаңа көсем дәуірін­дегі КХДР-ға Қытай қатты ықпал етпек, оның Батыстың жетегіне кетуіне жол бермейді. Ресей де қарап қалмас. Әсіресе, оның ақпарат құралдары бүгінгі күндері Ким Чен Ир жайында айтарлықтай жылы да жағымды хабарларға көп орын берді. Біраз жұрт екі Кореяның қосы­луын да сөз қылады. Жұрт шын мәніндегі демо­кра­тиялық ел туралы әңгімені қозғай бермейді. Мамадияр ЖАҚЫП.