Әдебиет • 24 Тамыз, 2018

Алма исі, лимонад, гүл және түрлі-түсті қалам

84 реткөрсетілді

Шиллердің шіріген алманың исінен шабыт алып, Агати Кристидің жаңа «қылмысты» жазып отырғанда алма жегенін білесіз бе?

Асылы шығармашылық адамның көпте кездеспейтін жұмбақ қасиеттері былайғы жұртқа күлкілі боп та, керсінше таңғажайып болып та көріне береді. Егер бұны сіз данышпандық түйсіктің бір қыры деп, я психологиялық ауытқудың сипаты деп қабылдасаңыз да өзіңіз біліңіз.

Турағұлдың естелігінде Абай өлең жазғанда: «Өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естіместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде, көп тоқталып, ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды» дейді. Көп ақынға таныс шығармашылық сәт болғанымен, одан хабары жоқ қарапайым адам ақынның бұл әдетін қалай түсінер еді. Тіпті, бір өлеңді бірнеше рет жазып, одан қалса, біраз уақыт өткенде қайта қарайтын әдет қаламгерлерде жиі кездеседі. Ал Абай бір жазғанына қайта қайырылмайды.

Күй өнері мен күйшілер туралы ғажайып әңгімелер қалдырған Тәкен Әлімқұловтың қазақша-орысшаға бірдей жүйріктігін аңыз етіп айтатын үлкендер жазушының күйді ерекше түйсінгендігін де жиі сөз етеді. Жазушы өзі жақсы көрген күйлерін аузымен айнытпай келтіретіндігін де таңғалып әңгімелейді.Тәкен Әлімқұловтың бәйгені ерекше жақсы көріп, тамашалауды ұнатқаны да бөлекше бітімге ие қызықты хикаялар болса керек. Ал Асқар Сүлейменовтің түн ортасында қаламдастарына қоңырау шалып, үндеместен ары жағынан музыка тыңдатып қоятынын қалай түсінер едіңіз? Бірде Кафкаға Эрнст Ледерер деген ақынның өлеңді ашық көк түспен ерекше қағазға жазатынын айтқан кезде, таңғалмастан: «Әрбір тәуіптің өз рәсімі болады. Мысалы, Гайдн музыканы далап жағылған парик киіп жазатын. Жазу да – бір сиқыр» депті.

Бейімбет Майлиннің шашын бұйралап отырып, айналасында не боп жатқанына мүлде назар аудармайтын қасиетін жары естілігінде жазатын. Бала ойнап, шу боп жатса да мән бермеу үшін қаншалықты шығармашылық әлемге ену керек? Қаламгерлердің бұндай қасиеттерін біз түсіне бермейміз. Бәлкім, олардың классика жазуларына осы қасиеттері де әсер ететін шығар. Мүмкін тек классиктерде ғана осындай қасиеттер болады. Кім біледі...

Вирджиня Вульф

Ағылшын жазушысы, модернист Вирджиния Вульф: «Әрбір жазушы әйелдің өз жазу бөлмесі мен сүйікті заттары болу керек» деп жазыпты. Вульфтің өзінің сүйікті дүниесі гүл болған. Ол да Эрнст Ледерер секілді түрлі-түсті бояумен жазуды жақсы көрген. Жасыл, көк, қызыл түстермен қатар, сүйікті күлгін түсті сиясын жиі қолданыпты. «Миссис Дэллоуэй» романының авторы тұрып жазуды ұнатқан, сол үшін арнайы  мольберт жасатқан. Хемингуэйдің дәл солай тұрып жазуды ұнатқанын білесіз.

Роальд Даль

Ағылшын жазушысы, ертегіші Роальд Даль тыныштықты сүйген. Есік алдындағы өзі «ұям» деген шағын үйге барып, жазу барысында жалғыз болуды қалаған. Дальдың «жазу үйінде» ескі кресло болғанымен, үстел жоқ еді. Ол қарандашпен ескі блокнотын тізесіне қойып жазуды ыңғайлы деп білген. Осы әдетінен бір танбаған жазушы, тіпті, қысты күні де («ұясында» пеш болмапты) қалың көрпеге оранып, жазумен шұғылданған. Ең қызығы, бала күнінде шоколад қағаздарынан жасаған кішкентай шарлары үнемі жанында тұруы тиіс екен. Оның ең атақты шығармаларының бірі – «Чарли және шоколад фабрикасы» аталуы тегін болмаса керек.

Чарльз Диккенс

Көзі тірісінде де, осы күндері де кітаптары сөреде жатып қалмайтын Чарльз Диккенстің «қызық» әдеті – моргты аралауы. «Бір белгісіз күш мені моргке тартып тұрады» дейді өзі. Қай қалаға барса да, ең алдымен моргтерді аралап шығуды ұнатқан жазушы сол сәтті «жиіркеніштің тартымдылығы» деп атапты. Әр елу жолды жазып біткен сайын, бір жұтым ыстық су ішетін Диккенстің бұл әдеті адам қызығарлық емес-ау...

Антон Чехов

Орыс жазушысы, драматургі А. Чехов өте талапшыл адам болған. Өзіне бір мақсат қойса, оған жеткенше тыным таппайтын табандылығы көп айтылады. Ұқыпты жүріп, таза киінген жазушының бөлмесі де ешқашан шашулы жатпайтын. «Адамды бәрі әдемі болу керек: Өңі де, киімі де, жаны да, ойы да» деген. Өзінің сыртқы келбетіне үнемі мән беретін жазушы аурып жүрген кезінде де қонақтарын үй киімімен қарсы алмапты. Жазу кезінде де костюм киіп отырған. Бұл жазушының қаламға деген таза көңілінің көрінісі болатын.

Агата Кристи

Детектив жанрында 78 роман жазған даңқты Агата Кристи алма жеп, ыдыс жуып жүріп сюжет ойластыратын болған. Өзінің айтуынша: ыдыс жуу – жаңа қылмыс «туғызып», алма сюжетті дамытады. Кез келген жерде, күй талғамай жаза беретін Агата Кристидің үйінде ұзақ уақыт жазу үстелі де болмаған. Бірақ бұл оның детектив жанрында жазатын ең мықты қаламгер болуына кедергі келтірген жоқ. Черчилль: «Кристи қылмыспен кез келген әккі ұрыдан да көп ақша тапты» деп қылжыңдапты бірде.

Пушкин

Пушкин лимонадты өте жақсы көрген. Әсіресе, жазу кезінде. «Түнде жазғанда міндетті түрде лимонад қоятынбыз» деп жазады ақынның камердинері Никифор Федоров. Ақынның лицейдегі досы, секунданты Константин Данзас естілігінде: «Дантеспен дуэльге шығарда Пушкин сусын сататын жерге кіріп, бір стакан лимонад ішкен» депті.

Ф. Достоевский

Ф. Достоевскийдің бір қызық қыры  – адамдарға деген қызығушылығы. Жаңа адамдармен танысып, өтіп бара жатқан жолаушылармен де тілдесіп қалатын. Оның үстіне өзі ғана сөйлеп, сұхбаттасының әр нәрсе туралы ойын білуге құмартып тұрған. Бәлкім, жаңа кейіпкеріне керек мінез іздейтін.

Ойы жинақталып, жазар кезде бөлмесінде шығарманы дауыстып айтатын әдеті де болған. Бірде «Қылмыс пен жазаны» жазу кезінде Раскольниковтың қылмыс жасар алдындағы ойын дауыстап айтып жүргенін істіп қалған қызметшісі жазушыға жұмыс істеуден бас тартқан. Онысын «Достоевский біреуді өлтіргелі жүр» деп түсіндіріпті.

***

Жазу барысында аяғын ыстық суға малып отыратын, шабыт алу үшін өзге жазушының шығармасын қайталап оқитын, үнемі дүкенге бара бермеу үшін ұнатқан киімінің бірнеше данасын алып, үнемі бір киіммен жүретіндей көрінетін данышпандардың қызық әдеті осымен таусылмаса керек. «Дүниеде қанша жазушы болса, сонша жазу стилі бар» деген сөзді ескерсек, қызық әдеттер де сонша деп түйіндесек болатындай.

Дайындаған Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Алғашқы күн табысты болды

Спорт • Бүгін, 17:12

Білімдінің қолында алтын шырақ

Аймақтар • Бүгін, 17:08

UAE and Kazakhstan discuss bolstering ties

Саясат • Бүгін, 16:40

Қазақтардың қарқыны жақсы

Спорт • Бүгін, 16:26

Ұқсас жаңалықтар