Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Сапасыз темір жол өнімдерін қолданыстан алып тастау ұсынылды

182 реткөрсетілді

«ҚТЖ» ҰК» АҚ «Азовэлектросталь» және «Кременчуг болат құю зауытының» сапасыз темір жол өнімдерін қолданыстан алып тастауды ұсынды

«Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ-да ҚР инвестиция және даму министрлігі, Қазақстан тасымалдаушылары мен вагон операторларының ассоциациясы, «ҚТЖ-Жүк тасымалы», «Қамқор-вагон», «Қазтеміртранс» компаниялары өкілдерінің қатысуымен өткен отырыста темір жол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.

Жиынға қатысушылар Азовэлектросталь және Кременчуг болат құю зауытынан шыққан бүйір рамаларынан жинақталған жүк вагондарын алдағы уақытта пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударды.

«ҚТЖ» ҰК»АҚ басқарма төрағасының қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Марат Шакенов жүк вагондарының қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мәселелерді бірлесе шешу қажеттілігін атап айтты және ол Сарышаған –Шығанақ телімінде жүк вагондарының жолдан шығып кетуіне бүйір рамасының сынуы себеп болғанын еске салды.

Қазақстан аумағында 2010 жылдан бастап бүгінге дейінгі аралықта бүйір рамаларының 85 рет сынуы мен тесілу жағдайы орын алған болса, соның ішінде 33-і Кременчуг болат құю зауытынан шыққан рамалар, ал 25-і Азовэлектростальдікі болды. 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында вагон пайдалану депосы жұмысшыларының техникалық қызмет көрсетуі кезінде 89 ақаулы бүйір рамасы анықталды. Аталған мерзімде вагондарды жоспарлы жөндеу кезінде  ақауы бар жоғы тексерілген 36000 раманың 1412-сінің ақауы бар болып шықты, оның ішінде 118 өнім «Азовэлектростальден» шыққан, ал 125-і Кременчуг зауытының өнімі. Сонымен 2011 жылдан бері «Қазтеміртранс» АҚ 2008-2009 жылдары «Азовэлектросталь» зауытында өндірілген 3971 бүйір рамасын пайдаланудан шығарып тастады.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ вагон шаруашылығы департаментінің бас менеджері Дулат Бектұров теміржолшылар сапасыз бүйір рамаларын қолданыстан алып тастау үшін керекті шараның бәрін жасап жатқанын айтты. Алайда бұл детальдарды жеке операторлар – «Исткомтранс» ЖШС, «БРК-Лизинг» АҚ (еншілес), «Petroleum» ЖШС, «Мега-интерком» ЖШС, «Алмалы» ТК»ЖШС және басқалары  қолдануды жалғастыруда.

Отырысқа қатысушылар алдағы уақытта сапасыз бүйір рамаларынан жинақталған жүк вагондарының пайдаланылуы туралы пікір алмасты және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру, ағымды ағытып жөндеуді жүргізу барысында жұмыстың толық циклымен қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарын айтты.

Жиында вагон құрастыратын өнімдердің, соның ішінде бүйір рамаларының сертификациясы мен сапасы мәселелеріне баса назар аудартылды.

Соған қоса темір жол көлігінде бұдан былай қауіпсіздікті нығайту саласында заң базаларын жетілдіру бойынша ұсыныстар да айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Хаттама толтырылып, құжат Қазақстан тасымалдаушылары мен вагон операторларының ассоциациясына жолданды.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қырғыз әуені

Руханият • Кеше

Хат қоржын (15.07.2019)

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар