23 Желтоқсан, 2011

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқанының барысы туралы

361 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2011 жылғы 21 желтоқсанда Қазақстан Респуб­ли­касының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутат­та­ры­ның кезектен тыс сайлауы жөніндегі саяси партиялар үшін дауыс беруге арналған сайлау бюл­ле­тенінің мәтінін бекітті.

Ортсайлауком Қазақстан Республикасындағы сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервін қоса алғанда, дайындалуы және сайлау учаскелеріне жеткізілуі тиіс сайлау бюллетеньдерінің санын белгіледі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының  кезектен тыс сайлауы жөнінде – 9 398 154, ал Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы жөнінде – 17 423 313 сайлау бюллетені дайындалатын болады.

Жаңаөзен қаласының аумағында Парламент Мәжілісі депутаттары мен мәслихаттар депутат­тарын сайлау бұрын белгіленген мерзімде, яғни 2012 жылғы 15 қаңтарда өтеді, өйткені,  Прези­денттің бұл аумақтық-әкімшілік бірлікте төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығымен сайлауды өткізуге тыйым салынбаған.

Осыған байланысты Ортсайлауком, Жар­лықпен белгіленген шектеулерді ескере отырып, кандидаттар мен сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Бұл адам құқығы саласындағы Қазақстан Рес­пуб­ликасы қол қойған халықаралық құжаттарға қай­шы келмейді. Өйткені енгізілген шектеулер адам­ның Азаматтық және саяси құқықтар жөнін­дегі халықаралық пакт  бекіткен «абсолюттік» құ­қықтары мен бостандықтарын шектемейді. Тек сай­лауалды үгіт жүргізу тәсілдерінің аясын белгілі бір дәрежеде тарылтады.   Және бұл ретте барлық сая­си партиялар мен мәслихат депутаттығына кандидаттар тең, дегенмен, үгіт жұмысын жүргізудің нысандары мен әдістерін таңдауда белгілі бір дәрежеде шектеулі жағдайда болады.

Атап айтқанда, қала аумағында негізінен сай­лауалды үгітті бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен  демонстрациялар өткізу арқы­лы жүргізу шектеледі.

Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт науқаны толық көлемде өткізілетін болады. Осыған байланысты Ортсайлауком мәслихаттар депутатты­ғына кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер өткізуіне бюджеттен бөлінген қаражатты бұқаралық ақпарат құралдарында қосымша үгіт материалдарын жариялау және баспа өнімдерін  шығару үшін пай­далануына рұқсат береді.

Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға қа­ты­сатын саяси партиялардың үгіт материалдары Жа­ңа­өзен қаласы тұрғындарына республикалық және жергілікті теле-радиоарналар  мен баспа бұқа­ра­лық ақпарат құралдары арқылы жететін болады.

Қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар баспа өнімдерін әзірлеу үшін облыстық типогра­фия­ның қызметін пайдалана алады.

Қалалық сайлау комиссиясы штаттық режімде жұмыс істеуде. Комиссияның қарамағында барлық қажетті әдістемелік материалдар мен құжаттар бар.

Сайлау науқаны барысын байқауды ұйым­дас­ты­ру­ға келетін болсақ, байқаушылар мен сарапшы­лар­ға, соның ішінде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдеріне, бұл өңірге бару мүмкіндігі қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, олар сайлау барысы, сайлау органдарының жұмысы, барлық сайлау процесіне қатысушылардың қызметі туралы ақпаратпен де қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ Ортсайлауком басшысы сайлау тура­лы заңға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау науқанын объективті жариялауға міндетті екенін ескертті. Бұл ретте, кандидаттар мен саяси партиялардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болу керек.

Барлық кандидаттар мен партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сайлауалды үгіт жүргізуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарына тең жағдайда қол жеткізуі кепілдендірілуі тиіс.

* * *

Мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы

20 желтоқсанда мәслихаттар депутатты­ғына кандидаттарды тіркеу аяқталды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, ұсыныл­ған 10 мыңнан астам үміткердің 9165-і мәс­ли­хаттар депутаттығына кандидат ретінде тіркелген.

Соның ішінде   облыстық, Астана мен Ал­ма­ты қалалық  мәслихаттарына – 1752; аудан­дық мәслихаттарға – 5523; қалалық мәс­ли­хаттарға – 1890  кандидат.

Тіркелген кандидаттардың  3446-сы – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық пар­тия­сы­ның, 11-і – Қазақстанның Патриот­тары пар­тиясының, 22-сі – «Руханият» партиясының, 264-і – Қазақстанның «Ақ жол» де­мо­кра­тиялық партиясының, 9-ы –Жалпыұлттық со­циал-демократиялық партияның, 99-ы – Қа­зақ­станның Коммунистік халықтық партия­сы­ның, 50-і – Қазақстан социал-демокра­тия­лық «Ауыл» партиясының, 57-сі – «Әділет» демократиялық партия­сы­ның, 3-уі – Қа­зақ­станның «Азат» демократиялық партия­сы­ның, 1-уі – Қазақстанның Коммунистік партия­сы­ның  мүшелері.

Барлық тіркелген кандидаттар 21 жел­тоқ­саннан бастап сайлауалды үгіт жұмысына кірісе алады.

* * *

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы

21 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Орта­лық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары мен мәслихаттары де­путаттарының сайлауына шет мемлекеттер мен ха­лықаралық ұйымның тағы 14 байқаушысын аккредиттеді.

Қазіргі сәтке дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша барлығы 61 байқаушы аккредиттелді

Олардың 46-сы – ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының, 11-і – ТМД Байқаушылар миссиясының өкілдері, 4-уі –  шет мемлекеттердің байқаушылары.

 * * *

Ортсайлаукомға келіп түскен өтініштер туралы

2011 жылғы 16 қараша мен 21 желтоқсан ара­лы­ғын­да­ғы кезеңде Ортсайлаукомға  56 өтініш келіп түскен. Олар­дың 38-і  сайлау науқанының әртүрлі аспектілері бойынша өтініштер, тағы 14-і сайлау комиссияларының, сайлау үдерісіне қатысушылардың және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне қатысты.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы.