Қазақстан Патриоттары партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Мэлс Елеусізов, Гүлдана Нұрпейісова, Серік Айтхожин, Нұрмұхамед Абдрахманов, Станислав Смирнов, Дәурен Әзімбаев, Қайрат Медиев, Айжан Сқақова өңірлерде насихат жұмыстарымен жүр. Аталған топ кеше Алматының түбіндегі Қапшағай қаласында болды.
Мұнда аталған топ қала тұрғыдарымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басшыларымен кездесулер өткізіп, осы саладағы түйткілдерді шешу жайын сөз етті. Сондай-ақ, осындағы фарфор зауытында болып, оның жағдайымен танысуға мүмкіндік алды. Осы ретте шағын қалалар проблемасы да айтылмай қалған жоқ. Қазіргі таңда еліміз бойынша Арқалық, Қапшағай, Текелі, Жаңатас сияқты 50-ге тарта шағын қала бар болса, олардың проблемасын шешуге партия ерекше ден қоймақ. Мәселен, Қапшағай қаласында жұмыс орындары тапшы, тұрғындар фарфор зауытының қалпына келтірілуін қалайды. Бұрын қала үшін маңызды саналған кәсіпорынға мемлекеттік қолдау болса, онда жүздеген жұмыс орындары ашылар еді, дейді қалалықтар.
Ал Қапшағай су қоймасы аумағындағы демалыс орындары жекенің қолына өтіп кеткендіктен, қалалықтардың өзі ол жаққа бас сұға алмайтын болыпты. Енді сол демалыс орындары муниципалитет меншігіне өтсе деген ойлар да айтылып қалып жатты, дейді Патриоттар партиясы Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы Гүлдана Нұрпейісова. Сонымен қатар, тұрғындар су қоймасында құтқару қызметінің жоғары деңгейде болуы, демалушыларға қызмет көрсетуге қажетті инфрақұрылымдардың барынша жетілдіруі қажеттігін де алға тартыпты. Демалушылардан жиналған қаржы соларға қызмет көрсетуді жетілдіруге бағытталуы тиіс.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.