Тұтас шабылған қозықұйрық домбыралар халықтың отырықшылық, қалалық кезеңін сипаттаса керек. Мұндай домбыралардың мойны қазіргі домбыралармен салыстырғанда ұзынырақ болып келеді. Белгілі эпик жыршы, фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповпен әңгімеміздің ауанын осылай, көне қозықұйрық домбыраларды сипаттаудан бастауымызға тарихы кенен сондай бір ерекше домбыра себеп болған еді.
«Бұл домбыра менің қолыма тигенде мойны ұзын болатын. Осыған қарап мен аспап иесінің саусақтары салалы, биік бойлы нар қазақ болса керек деп топшыладым» деп, жалғастырды әңгімесін жыршы.
– Қарасам, домбыраның алақаны жоқ (құлағы орнатылған бас бөлігі), қылсағағына айна орнатылыпты әрі дүміндегі түйменің айналасы түгел сынған екен.
Бұл домбыраның қазіргі қалыпқа келуінде белгілі шебер Жолаушы Тұрдығұловтың еңбегі ересен. Жыршының өтінішімен өзінің байырғы табиғи қоңыр дауысы қалыптасқанша оның беттақтайы бірнеше рет жабылған.
– Қақпағы төртінші рет жабылғанда сирек қоңыр дауысты, жұмсақ әрі қазақи тұнықтығымен ерекшеленетін Дина мен Жамбыл ұстаған домбыраларға тән ғажап үн күмбірледі, – дейді жыршы.
Енді бұл домбыра жыршы Берік Мырзалыұлының қолына қалай түсті деген сауалдың жауабына тоқталайық. ««1987 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының студенті атанғаннан кейін Ақтөбе өңіріндегі Ембі қаласында тұратын әкемнің қарындасы Нәзипа Жүсіпқызы мен жездем Сәндібай Имағамбетовтың үйіне бардым. Әңгіме арасында жездем Сәндібай: «Берік, біздің үйде бір қожаның домбырасы бар, ұстауға қорқамыз. Өзің көріп, сол домбыраға иелік етсеңші» – деп, домбыраны бергісі келетіндей емеурін танытты. Мен дереу «Адам домбырадан да қорқа ма екен?» деп, аспапты көруге ынтықтым. Жездем сарайдың бұрышында киізге ораулы тұрған аспапты нұсқады. Орамын шешіп, қолыма алып, жылдар тоздырған көне домбыраға ары-бері үңіле бастадым. Жездем: «Жақас қожаның домбырасы», – деді.
Сәндібайға жамағайын Жақас қожа заманында бақсылық жасаған. Ал домбыра сағасындағы айна сол бақсылықтан қалған ерекше белгі. Айна көбінесе бақсы қобызында кездеседі. Ол кісі осы домбырамен зікір салған болуы да мүмкін. Мұндай бақсылар шоққа темір қыздырып жалаған.
Бұл домбыра Жақас қожаға қалай жетті дегенге келсек, 1900 жылдары Қызылорда облысының Арал ауданы, Ақбасты-Көкарал өңіріне Қарақалпақстан жидесінен шабылған екі домбыра келіпті. Арнайы тапсырыспен жасалған әлгі домбыралардың біріне Әби молда, екіншісіне осы Жақас иелік етіпті. Жақас қожа дүние салғаннан кейін аспапты қожаның кемпірі Сәндібай қайнысына берген», деп тәмамдады әңгімесін Берік Мырзалыұлы. Бүгінде осы қасиетті домбыраны жыршы үлкен сахналарға шыққанда ұстап, отыз жылдан бері шаңырағының құтты мүлкі ретінде тұтынып келеді.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ