Қазақстан • 27 Тамыз, 2018

Табиғатпен тамырлас талғам

415 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Вячеслав Смирнов бейне­л­еу өнерімен көптен бері ай­н­­­а­лысып келеді. Осы ара­лықта бірнеше жеке көр­ме­сін өткізіпті. Бұл жолғы көр­месін «Туған жерге арнаймын» деген атау­мен «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында ұйым­дастырды.

Табиғатпен тамырлас талғам

Жұртшылықтың назарына ұсынылған 50-ге жуық туындыда «ақ қайыңдар» өлкесінің тілмен жеткізе алмас сұлу табиғаты, жан жадыратар, өмірге ынтықтырар, адам бойында толқынысты сезім­дер тудырар ғажайып келбеті, ішке бүккен тылсым сырлары әр қы­рынан бейнеленіп, ата­мекен­ге, қоршаған ортаға деген ерекше сүйіспеншілік, пер­зент­­тік махаббат анық аңғары­лады. Жыл мезгілдеріне арнал­ған «Ормандағы кеш», «Биші қайың­дар», «Есіл өзені жаға­сында», тағы басқа шығармалары авторға тән қолтаңбаны айшықтай түседі.

Жеке кәсіпкерлікпен шұғыл­данатын Вячеслав Борисовичтің хоббилары көп. Балық аулаумен, аңшылықпен, спортпен айналысады. Десек те сурет салу өмірінің бөлінбес бір бөлшегіне айналып кеткенін, ілкімді ісіне кіріскенде бар дүниені ұмытып, айрықша ләззат, рухани күш алатынын өзі де жасырмайды. Бір картинасы Қазақстан Президентінің резиденциясында, ал енді бірі Леонид Якубович жүргізетін «Таңғажайып алаң» телехабарының музейінде сақ­таулы. ТМД мен Еуропа елдері де сұратып алған көрінеді. Астана­да ұйымдастырылған шығар­­ма­шы­лық кешінде бір­неше туындысы қолма-қол саты­лып кетіп­ті. Осыдан-ақ арнайы оқу орнын тауыспаса да өнерсүйер қауым ортасында таны­мал­ды­ғын, бойға қонған талан­тының арқа­сында кәсіпқой сурет­ші дәре­жесіне көтерілгенін бағам­дауға болады. Табиғат-ана­ның тамаша көріністерін қыл­қалам арқылы «сөйлете» білген оның қарым-қабілеті Отан алдын­дағы азаматтық борышын өтеп жүр­генде танылыпты. Әуес­қой­лық көңіл күй кейін келе қалып­ты машыққа ауысып, содан бері сүйікті тақыры­бынан бір елі ажы­раған емес. Мұражай қыз­мет­­кер­лері оны орыстың атақ­ты қыл­қалам шебері Иван Шишкинге ұқса­тып, «Туған жердің жыршы­сы» дейді екен. Қазір оның қорын­да бір мыңнан астам картина бар.

В.Смирнов Қазақстан Сурет­шілер одағының мүшесі ретінде шығар­ма­шылық тәжіри­бесін өз жолын қуған шәкірт­тері­мен бөлісіп, үйретуді жалғас­тырып келеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы