Қазақстан • 28 Тамыз, 2018

Ангустың жаппай қырылуының сыры неде?

950 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз – ежелден мал бағып өскен елдің ұрпағымыз. Қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырынан бастап, бірқатар текті және шекті малдың бағымы мен күтіміне дұрыс қарап, осы саладағы ветеринарлық нормалар мен талаптарды сақтап жүр­генімізге де ешкім шек келті­ре қоймас. Ал мұхиттың арғы жа­ғын­дағы ел – Америкадан әкелін­ген, алдындағы азықты қомағай­ланып, жалмай беретін Ангус секілді асыл тұқымды ірі қара малдың жай-күйін терең бағамдай алдық па? Өкінішке қарай, қазіргі күні бұған оң жауап қайтара алмай, қап деп сан соғып қалған жайымыз бар. 

 

Ангустың жаппай қырылуының сыры неде?

Бұлайша өкінішті раймен сөз саптауымызға «АкТеп» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігіне қарасты шет елден жеткізілген асыл тұқымды аналық 253 бас ірі қара малдың бір күнде қынадай қырыл­ғаны болып отыр. Бұл оқыс оқиға Ақтөбе аймағында әрі тұ­тастай ел ішінде әртүрлі алып­қашпа әңгімелердің таралуына түрткі болды. Ангус атауын иеленген асыл тұқымды малдың жаппай өлім-жітімге ұшырауының басты сыры неде? Өткен жұма күні оқиға орын алған Хромтау ауданындағы Қопа ауылына арнайы келген Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау коми­те­тінің өкілдері мен сала маман­дары бұл сауалға барынша нақ­тырақ әрі тұжырымды жауап қай­таруға тырысты.

Бұл орайда ең алдымен айтайын дегеніміз, алғашқыда жұрт­шылық арасында асыл тұқымды аналық мал аусыл, сібір жарасы секілді аса қауіпті індеттердің сал­дарынан қырылып қалған жоқ па екен деген ой мен күдік басым түскен-ді. Әйтсе де Рес­пуб­ликалық ветеринарлық зерт­хананың Ақтөбе филиалы жүргізген жедел-зерттеу жұ­мыс­тарының нәтижелері бұл жорамалдарды жоққа шығарады. Өйткені аталған мәселеге қа­тысты алынған сынамаларда аса қауіпті індетті мал ауруы таяқ­шалары кездеспеген. Оның есесіне, мамандар мен сарапшылар 253 бас асыл тұқымды ірі қара­ның халық арасында есекмия деп аталып кеткен улы шөптен жап­пай уланып, тырапай асқаны жөніндегі ұйғарымға келіп отыр.

Шаруа қожалығының жетек­шісі Оразақ Самұратовтың мә­лімдеуінше, қолдан ұрықтандыру үшін бордақылау кешеніне қо­йылған асыл тұқымды аналық малдарға «АкТеп» ЖШС-не ке­лі­сімшарт бойынша мал азығы мен жем-шөбін әзірлейтін
8 бригаданың бірінен әкелінген шөп берілген. Оған есекмия араласып кеткен көрінеді. Мал мен жердің жағдайын жақсы білетін көнекөздердің айтуынша, аталған улы шөп далалық алқаптың бар­лық жерінде емес, тек өзен-көл­дердің аңғарлары мен арналарында өседі. Оны жергілікті мал жемейді. Сонда арнайы бригада әзірлеген жем-шөптің құрамына есекмия қалайша араласып кетіп жүр? Бұл сауалдың жауабы әзір­ге белгісіз күйінде қалып отыр. Қазіргі күні мәселенің мән-жа­йын одан әрі тереңірек зерттеу жұ­мыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда Қопа ауылында уланып өлген малдың еті мен қаңқасы залалсыздандырылып жойылған. Әйтсе де осымен бүкіл істі біттіге санауға бол­майтыны аян. Ең бастысы, Ақтөбе аймағында орын алған оқыс оқиғадан еліміздегі тұтастай мал шаруашылығы саласының өкілдері ащы сабақ алуға тиіс. Бұл жайт ең алдымен малды азықтандыру мен жем-шөптің сапасын қадағалау мәселесінде жауапсыздық пен селқостық көріністері орын алғаны айқын аңғарылады. Осы орайда еліміздегі мал бордақылау мен семірту кешендерінде мал азығының сапасы мен құнарын қадағалайтын арнайы мамандар тобын жасақтау қажеттігі де айқын көрінеді.

Екіншіден, соңғы жылдары тиісті өкілетті органдар мұ­хит­тың арғы жағынан мал сатып алу мәселесін шектен тыс асыра пайдаланып жүргеніне де біржақты қарауға болмайтынын Ақтөбеде орын алған оқиға дәлелдей түседі. Оның есесіне, отандық асыл тұқымды мал санын өсіруге көбірек көңіл бөлінсе, ұтыла қоймасымыз анық. Өйткені «сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» демей ме дана халқымыз.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы,

Хромтау ауданы,

Қопа ауылы