Қазақстан • 28 Тамыз, 2018

Конституция – ел дамуының арқауы

3304 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Конституция елімізде азамат­тық қоғамның орнығуы мен құқық үстемдігінің бекуіне ба­рынша ықпал етіп, тиімді би­лік жүйесінің қалыптасуы мен ұлттық заңнаманың дамуын және басқа да қоғамдық ин­с­титуттардың сындарлы жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін нормативтік негізі мық­ты, өміршең де маңызды құ­жат екендігі бүгінгі таңда мойын­далған ақиқат.

Конституция – ел дамуының арқауы

1995 жылғы 30 тамызда рес­пуб­ликалық референдумда қабыл­дан­ған Қазақстан Республи­касының Конституциясы орнықты тәуелсіз мемлекетті құрудың, еліміздің одан әрі тұрақты дамуы мен жаңа құқықтық кеңістікті қалыптастырудың берік нормативтік тұғырына айналды.

Конституция – Мәңгілік Ел идея­сын орнықтыруға бет түзеген, тәуелсіздіктің жасампаз рухы салтанат құрған еліміздің берік тұғыры десек, оның кемелділігінің өзек-ар­қауы бүгінгі таңдағы қоғамдық қаты­настың сан-салалы мәселелерінде экономикалық-әлеуметтік, саяси, мә­­дени тұрғыдан дамып, өркен­деуі­міз­дің нәтижесіне тікелей байланысты.

Қазақстан «Құқық арқылы демо­кратия үшін» Еуропалық Ко­мис­сия­ның (Венеция комиссиясының) то­лыққанды мүшесі ретінде адам­ның жеке басының құқықтары мен бостан­дықтарын құрметтеу қағидаттары негізінде дамыған құқықтық мемле­кеттің жоғары деңгейіне қол жеткіз­гендігін әлемдік ауқымда дәлелдеп берді.

Қазақ жерінде тұрып жатқан әр­түрлі ұлт өкілдерінің этностық, діни және өзге де сипатына, әлеуметтік тегіне қарамастан, барлығының тең жағдайда өмір сүруі туралы ере­же біздің Конституциямыздың, конс­титуциялық қағидатымыздың басты өзегі болып табылады.

Конституцияның 1-бабының 2-тармағында қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, қазақстандық патриотизм мен экономикалық даму, мемлекет өмірінің өзекті мәселелерін демократиялық әдістермен шешу сияқты ел өмірінің аса маңызды түбегейлі қағидаттары қамтылған.

Жоғарыда көрсетілген қағидаттар мемлекет өмірінің сапалы сипаттамаларын айқындап қана қоймай, конституциялық дамудың тұғырлы векторларының негізін қалайды.

Конституция еліміздің қауіпсіз­дігін қамтамасыз ететін орнық­ты саяси-құқықтық тәртіпті қалыптас­тыр­са, конституциялық жүйенің не­гіз­гі элементі ретіндегі қуатты прези­­денттік билік институты азамат­тық қоғам институттарының қалып­та­суы­на баса назар аудара отырып, өзінің толыққанды әлеуетін дәлелдей алды.

Қазақстандық конституцио­на­лизм­нің қалыптасуы мен нығаюы жо­лындағы батыл бастамалардың басты мақсаты Қазақстан халқының мүддесі үшін тиімді әрі тұрлаулы әрекет ететін мемлекетті қалыптастыру болып табылады. Оны үнемі жетілдіру, оның ішінде мемлекеттік биліктің тұғыры ретінде халықпен қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы да конституциялық құн­дылықтың мәртебесі жоғарылап отыр.

Сонымен бірге, Конституция Пар­ламенттің және оның палаталарының атқарушы билік тармағымен тұрақты түрде өзара іс-қимыл жасауын қамта­масыз ету үшін ұтымды парла­ментаризм тұжырымдамасын қалып­тастырудың құқықтық іргетасын қалады, мұның өзі заң шығару қыз­метін жетілдіруге және билік тармақ­тарының жауаптылығын арттыруға мейлінше ықпал етті.

Міне, осындай жетістіктер мен атқ­арылған басқа да маңызды іс-ша­ра­ларды негізге ала отырып, Елбасы ­­Н.Ә.Назарбаев Ата Заңымызға: «Қа­зақ­стан Республикасының Конститу­ция­сы – қоғам мен мемлекеттің әлеу­мет­тік жаңғыруының іргелі не­гізі» деп өзінің әділ бағасын берді.

Төрткүл дүниеде орын алған экономикалық дағдарыстарға қарсы әрекет жасау, ішкі және сыртқы саясатқа ықпалы бар халықаралық ахуалды ескеру, мемлекеттік басқару жүйесі мен аса маңызды әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу үшін тиімді ұлттық заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туындаған кезеңдер де бол­ды. Мұндай сәттерде тығырықтан шы­ғудың үнемі ұтымды жолдарын таң­дай білетін Елбасының дүние­жү­зілік озық тәжірибеге жүгіну қажет­ті­гі туралы ұсыныстары бас­шылыққа алын­ды. Осының бәрін ретке келтіріп, іске асыру үшін Ата Заңымыздың әле­­ует­­ті мүмкіндігіне жүгінуге тура келді.

1998 жылғы конституциялық реформа барысында Конституцияға Парламенттің рөлін нығайту туралы өзгерістер енгізілді, 2007 жылғы реформа басқарудың президенттік нысанының парламенттік нысанын күшейтті, яғни Президенттің Үкіметке қатысты кейбір өкілеттіктері Президенттің билік аясынан жоспарлы түрде Парламентке ауыса бастады.

Мемлекет басшысы бастама­шы­лық жасап, қазақстандық қоғам­ның қолдауына, Парламенттің мақұл­дауына ие болған 2017 жылғы консти­туциялық жаңғыру барысында тағы да ел Конституциясының қуатты негізі айқын сезілді.

Елбасының бастамасымен би­лік тармақтарының арасындағы өкілет­тіктерді ауқымды түрде қайта бөлу жүргізілді.

Конституцияға енгізілген осы өзгерістердің нәтижесінде Парламент пен Үкіметтің дербестігі нығайып, жауапкершілігі арта түсті.

Конституциялық өзгерістер Қазақстанның үшінші жаңғыруы, қоғамдық келісімді одан әрі нығайту, қазақстандық үйлесім мен бірлік, болашағы біртұтас елді қалыптастыру және Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруі жөніндегі талаптарға сай енгізілді.

Өмір тәжірибесі көрсеткендей, билікті қайта бөлу саяси жүйенің сер­­пінділігін қамтамасыз етті, оның әле­уетін іске асыру жолындағы құ­қық­­тық негіздер одан әрі айқындала түсті, қабыл­данған шешімдер үшін билік­тің барлық тармақтарының жа­уап­­­кершілігі артты және олардың заң шы­ғару қызметі дұрыс жолға қойылды.

Ұлттық заңнаманы дамытуға, бизнес құрылымдары қызметінің пәрменділігін, Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясы нормаларының тиімділігін арттыруға оң әсер еткен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Конституцияның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге мол мүмкіндік берді.

Осылайша, бұл реформа Конс­ти­туцияның құқық үстемдігі идеяларын жандандыруға ықпал ететін қуатты рухани-адамгершілік, саяси-құқықтық және жасампаздық әлеуетін арттыруға бағытталды.

2017 жылғы 10 наурыздағы «Қазақ­стан Республикасының Консти­ту­циясына өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасының Заңы Президенттің, ол құрған Жұмыс тобы мүшелерінің, Парламент депутаттарының, елдің барлық өңірлерінде құжатты талқы­лауға қатысқан мыңдаған қазақстан­дықтардың үлкен мүдделілікпен атқарған жұмысының нәтижесі екенін атап өткен орынды.

Дүниежүзілік қоғамдастық мо­йындаған жетістіктерге қарамастан, Қазақстанның құқықтық даму жылдарында қолға алынған әлеуметтік-экономикалық мәселелер әлі де болса түбегейлі шешімін толықтай тапқан жоқ, көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін қабылданып жатқан сот шешімдерінің сапасын одан әрі жетілдіріп, құқық қорғау жүйесін оңтайландыру мәселесі күн тәртібінен түспей отыр.

Қазақстан Республикасының Құ­қықтық саясат тұжырымдамасында Конституцияның мемлекеттің заңна­малық, ұйымдастырушылық және басқа да шаралар арқылы іске асыры­луға жататын құқықтық идеялары мен қағидаттарын қандай жағдайда болсын тиянақты түрде орындау қажеттігіне ерекше назар аударылады.

Заңнаманы жетілдіру процесінде Конституцияның үстемдігі және оның төменгі деңгейдегі актілерге сәй­кестігі қағидаттарын бұлжытпай ұс­тану үрдісі үнемі назарда болуға тиіс.

Конституциялық Кеңестің 2017 жылғы Жолдауында айтылған Конс­титуцияның әлеуетін толыққанды іске асыру құралдарының бірі ретінде «барлығын қамтитын конституциялық мониторинг» қажет деген құнды ұсынысты өз басым қолдаймын.

Бұл ұсыныстың құнды болатын себебі, конституциялық мониторинг өзінің жұмысында мем­лекеттік билік органдарының қыз­метін, құқықтық мәдениет пен аза­маттардың конституциялық ақыл-ойы деңгейін қамтып қана қоймайды, сонымен қатар заңдарды және өзге де құқықтық актілерді қабылдаған кезде туындауы мүмкін қауіп-қатерді мейлінше азай­тудың тиімді тетіктерін дәл айқын­дауға септігін тигізіп, оңтайлы жұ­мысты сапалы атқаруға ықпал етеді.

Сондай-ақ Конституциялық Ке­ңес­тің 2018 жылғы Жолдауында да Не­­гізгі Заңның жетекші рөлін нығай­та­тын конституционализм идеяларын одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар ұсы­ныстар айтылғаны естеріңізде болар.

Мәселен, Конституциялық Кеңес­тің пікірінше, заң үстемдігін және адамның жеке басының құқықтары мен бостандықтары кепілдіктерін, әділдік және кемсітпеушілік қағидат­тарын, билікті бөлу қағидатын қатаң сақтамай, азаматтардың сот төрелігіне қол жетімділігін қамтамасыз етпей Конституцияның әлеуетін толық­қанды іске асыру мүмкін емес.

Конституциялық Кеңестің құ­қық шығармашылығы қызметіне «жасанды интеллект» құралдарын енгізумен байланысты заң шығару жұмысының деңгейін арттыруға, нормативтік актілерді дайындаудың пакеттік қағидатын іске асыруға, «Құқықтық актілер туралы» Қа­зақстан Республикасының Заңында көзделген бірқатар өзекті заңдарды қабылдауға бағытталған ұсыныс­тары айтарлықтай қызығушылық туғызады. Бұл келелі ұсыныстар заңдарды, заңнан туын­дайтын акті­лерді қолдануда жұрт­шылықтың ынтасын арттырып, олардың заң нормаларымен танысуына қолайлы жағдай туғызатыны анық.

Осылайша, қолданыстағы норма­тивтік құқықтық актілерді жүйелі негізде жетілдірумен бірге, оларға шынайы құқықтық өмір беру арқылы жасампаздық әлеуетін аша отырып, Конституцияның саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени нормаларын қозғайтын жаңа заң­дар­ды әзірлеуге мүмкіндік туады. Бұл заңдар Конституция нормаларын басшылыққа ала отырып, мемлекеттіліктің іргесін нығайту, халық­тың әл-ауқатын арттыру жолында кездесетін проблемаларды еңсеру бағытында әзірленуге тиіс. Осының негізінде елдің кемелденуіне үлес қосып, ықпал ететін тың бағдар­ламалар қабылдануы қажет.

Конституция – Мәңгілік Ел идеясын орнықтыруға бет түзеген, тәуел­сіздіктің жасампаздық рухы салтанат құрған жас мемлекетіміздің берік тұғы­ры. Ал «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­масы – кемелділік жолындағы Ата За­ңымыздың негізгі арқауын бекіте тү­сетін, елді дамытып, ізгілікке ба­ғыт­­тайтын негізгі бағдаршам деуге болады.

Конституцияның кемелділік арқауы оның бүгінгі таңдағы және болашақтағы қоғам өмірінің сан-салалы дамуының ажырағысыз сипатын білдіреді. Елге қатысты қолданылатын кемелділік ұғымының өзі ұтымды даму жолына түсіп, қай салада болсын игі істерді баянды ететін толысу сипаттамасын қамтиды. Конституцияны негізге ала отырып, қабылданған заңнамалық актілердің басты мақсаты да елді жан-жақты дамытып, кемелділікті қалыптастыруға жол ашу болып табылады.

Демократиялық жолмен өркендеп, келешекке бағыт алған елімізде мем­лекеттілікті қалыптастыру жолында биліктің халық мүддесінен туын­дайтын бағыт-бағдарын нақты айқындауда қол жеткен жетістігі де Конституцияның ерекше кемелділікке бастайтын қағидалы арқауы.

Конституцияның тағы бір кемелді сипаты құқықтық мемлекет идеясын, ел бірлігін, бейбіт өмірді, жан-жақты өркендеген жасампаз дәстүрді орнықтырып, өркениеттің көшіне кедергісіз қосылу мақсатын жүзеге асыруға тікелей ықпал еткеніне, Қа­зақ­станның мәртебесін көтеруге мол мүмкіндік жасағанына байланысты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастан кешкен қиын-қыстау кезеңде де, қазіргі даму кезеңінде де Конс­титуцияның ел өмірінің барлық саласында тура жол сілтеп, кемел­денудің алтын арқауына айналғанын өмірдің өзі айқын дәлелдеп отыр.

Сондықтан да Конституциямызды – ел кемелділігінің негізгі арқауы деп мәлімдеуге құқылымыз!

Рамазан СӘРПЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Заңнама институтының директоры