1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы орнықты тәуелсіз мемлекетті құрудың, еліміздің одан әрі тұрақты дамуы мен жаңа құқықтық кеңістікті қалыптастырудың берік нормативтік тұғырына айналды.
Конституция – Мәңгілік Ел идеясын орнықтыруға бет түзеген, тәуелсіздіктің жасампаз рухы салтанат құрған еліміздің берік тұғыры десек, оның кемелділігінің өзек-арқауы бүгінгі таңдағы қоғамдық қатынастың сан-салалы мәселелерінде экономикалық-әлеуметтік, саяси, мәдени тұрғыдан дамып, өркендеуіміздің нәтижесіне тікелей байланысты.
Қазақстан «Құқық арқылы демократия үшін» Еуропалық Комиссияның (Венеция комиссиясының) толыққанды мүшесі ретінде адамның жеке басының құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу қағидаттары негізінде дамыған құқықтық мемлекеттің жоғары деңгейіне қол жеткізгендігін әлемдік ауқымда дәлелдеп берді.
Қазақ жерінде тұрып жатқан әртүрлі ұлт өкілдерінің этностық, діни және өзге де сипатына, әлеуметтік тегіне қарамастан, барлығының тең жағдайда өмір сүруі туралы ереже біздің Конституциямыздың, конституциялық қағидатымыздың басты өзегі болып табылады.
Конституцияның 1-бабының 2-тармағында қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, қазақстандық патриотизм мен экономикалық даму, мемлекет өмірінің өзекті мәселелерін демократиялық әдістермен шешу сияқты ел өмірінің аса маңызды түбегейлі қағидаттары қамтылған.
Жоғарыда көрсетілген қағидаттар мемлекет өмірінің сапалы сипаттамаларын айқындап қана қоймай, конституциялық дамудың тұғырлы векторларының негізін қалайды.
Конституция еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орнықты саяси-құқықтық тәртіпті қалыптастырса, конституциялық жүйенің негізгі элементі ретіндегі қуатты президенттік билік институты азаматтық қоғам институттарының қалыптасуына баса назар аудара отырып, өзінің толыққанды әлеуетін дәлелдей алды.
Қазақстандық конституционализмнің қалыптасуы мен нығаюы жолындағы батыл бастамалардың басты мақсаты Қазақстан халқының мүддесі үшін тиімді әрі тұрлаулы әрекет ететін мемлекетті қалыптастыру болып табылады. Оны үнемі жетілдіру, оның ішінде мемлекеттік биліктің тұғыры ретінде халықпен қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы да конституциялық құндылықтың мәртебесі жоғарылап отыр.
Сонымен бірге, Конституция Парламенттің және оның палаталарының атқарушы билік тармағымен тұрақты түрде өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету үшін ұтымды парламентаризм тұжырымдамасын қалыптастырудың құқықтық іргетасын қалады, мұның өзі заң шығару қызметін жетілдіруге және билік тармақтарының жауаптылығын арттыруға мейлінше ықпал етті.
Міне, осындай жетістіктер мен атқарылған басқа да маңызды іс-шараларды негізге ала отырып, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ата Заңымызға: «Қазақстан Республикасының Конституциясы – қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік жаңғыруының іргелі негізі» деп өзінің әділ бағасын берді.
Төрткүл дүниеде орын алған экономикалық дағдарыстарға қарсы әрекет жасау, ішкі және сыртқы саясатқа ықпалы бар халықаралық ахуалды ескеру, мемлекеттік басқару жүйесі мен аса маңызды әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу үшін тиімді ұлттық заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туындаған кезеңдер де болды. Мұндай сәттерде тығырықтан шығудың үнемі ұтымды жолдарын таңдай білетін Елбасының дүниежүзілік озық тәжірибеге жүгіну қажеттігі туралы ұсыныстары басшылыққа алынды. Осының бәрін ретке келтіріп, іске асыру үшін Ата Заңымыздың әлеуетті мүмкіндігіне жүгінуге тура келді.
1998 жылғы конституциялық реформа барысында Конституцияға Парламенттің рөлін нығайту туралы өзгерістер енгізілді, 2007 жылғы реформа басқарудың президенттік нысанының парламенттік нысанын күшейтті, яғни Президенттің Үкіметке қатысты кейбір өкілеттіктері Президенттің билік аясынан жоспарлы түрде Парламентке ауыса бастады.
Мемлекет басшысы бастамашылық жасап, қазақстандық қоғамның қолдауына, Парламенттің мақұлдауына ие болған 2017 жылғы конституциялық жаңғыру барысында тағы да ел Конституциясының қуатты негізі айқын сезілді.
Елбасының бастамасымен билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді ауқымды түрде қайта бөлу жүргізілді.
Конституцияға енгізілген осы өзгерістердің нәтижесінде Парламент пен Үкіметтің дербестігі нығайып, жауапкершілігі арта түсті.
Конституциялық өзгерістер Қазақстанның үшінші жаңғыруы, қоғамдық келісімді одан әрі нығайту, қазақстандық үйлесім мен бірлік, болашағы біртұтас елді қалыптастыру және Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруі жөніндегі талаптарға сай енгізілді.
Өмір тәжірибесі көрсеткендей, билікті қайта бөлу саяси жүйенің серпінділігін қамтамасыз етті, оның әлеуетін іске асыру жолындағы құқықтық негіздер одан әрі айқындала түсті, қабылданған шешімдер үшін биліктің барлық тармақтарының жауапкершілігі артты және олардың заң шығару қызметі дұрыс жолға қойылды.
Ұлттық заңнаманы дамытуға, бизнес құрылымдары қызметінің пәрменділігін, Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларының тиімділігін арттыруға оң әсер еткен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Конституцияның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге мол мүмкіндік берді.
Осылайша, бұл реформа Конституцияның құқық үстемдігі идеяларын жандандыруға ықпал ететін қуатты рухани-адамгершілік, саяси-құқықтық және жасампаздық әлеуетін арттыруға бағытталды.
2017 жылғы 10 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Президенттің, ол құрған Жұмыс тобы мүшелерінің, Парламент депутаттарының, елдің барлық өңірлерінде құжатты талқылауға қатысқан мыңдаған қазақстандықтардың үлкен мүдделілікпен атқарған жұмысының нәтижесі екенін атап өткен орынды.
Дүниежүзілік қоғамдастық мойындаған жетістіктерге қарамастан, Қазақстанның құқықтық даму жылдарында қолға алынған әлеуметтік-экономикалық мәселелер әлі де болса түбегейлі шешімін толықтай тапқан жоқ, көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін қабылданып жатқан сот шешімдерінің сапасын одан әрі жетілдіріп, құқық қорғау жүйесін оңтайландыру мәселесі күн тәртібінен түспей отыр.
Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасында Конституцияның мемлекеттің заңнамалық, ұйымдастырушылық және басқа да шаралар арқылы іске асырылуға жататын құқықтық идеялары мен қағидаттарын қандай жағдайда болсын тиянақты түрде орындау қажеттігіне ерекше назар аударылады.
Заңнаманы жетілдіру процесінде Конституцияның үстемдігі және оның төменгі деңгейдегі актілерге сәйкестігі қағидаттарын бұлжытпай ұстану үрдісі үнемі назарда болуға тиіс.
Конституциялық Кеңестің 2017 жылғы Жолдауында айтылған Конституцияның әлеуетін толыққанды іске асыру құралдарының бірі ретінде «барлығын қамтитын конституциялық мониторинг» қажет деген құнды ұсынысты өз басым қолдаймын.
Бұл ұсыныстың құнды болатын себебі, конституциялық мониторинг өзінің жұмысында мемлекеттік билік органдарының қызметін, құқықтық мәдениет пен азаматтардың конституциялық ақыл-ойы деңгейін қамтып қана қоймайды, сонымен қатар заңдарды және өзге де құқықтық актілерді қабылдаған кезде туындауы мүмкін қауіп-қатерді мейлінше азайтудың тиімді тетіктерін дәл айқындауға септігін тигізіп, оңтайлы жұмысты сапалы атқаруға ықпал етеді.
Сондай-ақ Конституциялық Кеңестің 2018 жылғы Жолдауында да Негізгі Заңның жетекші рөлін нығайтатын конституционализм идеяларын одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылғаны естеріңізде болар.
Мәселен, Конституциялық Кеңестің пікірінше, заң үстемдігін және адамның жеке басының құқықтары мен бостандықтары кепілдіктерін, әділдік және кемсітпеушілік қағидаттарын, билікті бөлу қағидатын қатаң сақтамай, азаматтардың сот төрелігіне қол жетімділігін қамтамасыз етпей Конституцияның әлеуетін толыққанды іске асыру мүмкін емес.
Конституциялық Кеңестің құқық шығармашылығы қызметіне «жасанды интеллект» құралдарын енгізумен байланысты заң шығару жұмысының деңгейін арттыруға, нормативтік актілерді дайындаудың пакеттік қағидатын іске асыруға, «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген бірқатар өзекті заңдарды қабылдауға бағытталған ұсыныстары айтарлықтай қызығушылық туғызады. Бұл келелі ұсыныстар заңдарды, заңнан туындайтын актілерді қолдануда жұртшылықтың ынтасын арттырып, олардың заң нормаларымен танысуына қолайлы жағдай туғызатыны анық.
Осылайша, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді жүйелі негізде жетілдірумен бірге, оларға шынайы құқықтық өмір беру арқылы жасампаздық әлеуетін аша отырып, Конституцияның саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени нормаларын қозғайтын жаңа заңдарды әзірлеуге мүмкіндік туады. Бұл заңдар Конституция нормаларын басшылыққа ала отырып, мемлекеттіліктің іргесін нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында кездесетін проблемаларды еңсеру бағытында әзірленуге тиіс. Осының негізінде елдің кемелденуіне үлес қосып, ықпал ететін тың бағдарламалар қабылдануы қажет.
Конституция – Мәңгілік Ел идеясын орнықтыруға бет түзеген, тәуелсіздіктің жасампаздық рухы салтанат құрған жас мемлекетіміздің берік тұғыры. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – кемелділік жолындағы Ата Заңымыздың негізгі арқауын бекіте түсетін, елді дамытып, ізгілікке бағыттайтын негізгі бағдаршам деуге болады.
Конституцияның кемелділік арқауы оның бүгінгі таңдағы және болашақтағы қоғам өмірінің сан-салалы дамуының ажырағысыз сипатын білдіреді. Елге қатысты қолданылатын кемелділік ұғымының өзі ұтымды даму жолына түсіп, қай салада болсын игі істерді баянды ететін толысу сипаттамасын қамтиды. Конституцияны негізге ала отырып, қабылданған заңнамалық актілердің басты мақсаты да елді жан-жақты дамытып, кемелділікті қалыптастыруға жол ашу болып табылады.
Демократиялық жолмен өркендеп, келешекке бағыт алған елімізде мемлекеттілікті қалыптастыру жолында биліктің халық мүддесінен туындайтын бағыт-бағдарын нақты айқындауда қол жеткен жетістігі де Конституцияның ерекше кемелділікке бастайтын қағидалы арқауы.
Конституцияның тағы бір кемелді сипаты құқықтық мемлекет идеясын, ел бірлігін, бейбіт өмірді, жан-жақты өркендеген жасампаз дәстүрді орнықтырып, өркениеттің көшіне кедергісіз қосылу мақсатын жүзеге асыруға тікелей ықпал еткеніне, Қазақстанның мәртебесін көтеруге мол мүмкіндік жасағанына байланысты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастан кешкен қиын-қыстау кезеңде де, қазіргі даму кезеңінде де Конституцияның ел өмірінің барлық саласында тура жол сілтеп, кемелденудің алтын арқауына айналғанын өмірдің өзі айқын дәлелдеп отыр.
Сондықтан да Конституциямызды – ел кемелділігінің негізгі арқауы деп мәлімдеуге құқылымыз!
Рамазан СӘРПЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Заңнама институтының директоры