Әдебиет • 28 Тамыз, 2018

Адамзатты аздырған соғыс немесе ауладағы алапат

1102 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Адамзатты аздырған соғыс немесе ауладағы алапат

Жазушы соғыстың барысын баяндап, майдан даласын, ондағы қан төгісті жазуы мүмкін. Алайда майданда толар­сақтан қан кешкен жауынгердің өмірін жазу шеберлікті қажет ететін үлкен сын.

Соғыс тақырыбын басқа қырынан жазуға да болады. Ол – соғыстың зарда­бын, адам баласына келтірген зиянын жазу. Демек жазушы үшін тақырып таңдау ғана емес, сол таңдаған тақыры­бына қай қырынан келу де аса маңызды. 

 Жазушы Әкім Таразидің «Ақбердінің ауласында» Асатал стансасындағы Ақ­бер­дінің қорасын мекендеген бірнеше отба­сының тіршілігі сөз болады. Соғыс жыл­дарындағы ауыл өмірі, ауыл адам­дары­ның қарым-қатынасы, ауыл бала­лары­ның қалай тез ер жетіп, еңбекке ара­лас­­қаны айтылады. Ақбердінің ауласы сан қилы тағдырлар тоғысқан қияметтің қыл көпірі.

Хикаятта автор тақырыпқа вертикаль бағытпен келген және сонысы өте сәтті болған. Себебі жазушы соғысты көр­меген. Өзі көрмеген соғысты горизон­таль­ды суреттеу авторға үлкен абырой бер­мес еді. Майдандағы жауынгер өмірін жаз­ған болса хикаят мұндай сәтті шыға ма, жоқ па? Ол жағы белгісіз. Біз оқып оты­р­ған шығарма шыншылдығымен ұтып тұр.

Ақбердінің ауласында әр қилы тағдырлар тоғысады. Күйеуі соғысқа кеткен тірі жесір Ақылима, жастайынан ауыр азап көрген Бураш. Байы сотталған, не ескі қоғамда рақат көрмеген, не жаңа қоғам маңдайынан сипамаған Рәбиға. Соғыстан демалысқа келген Ахат пен Николай, ел соғыстың тақсіретін тартып жатқанда тойымсыз нәпсінің қамын ойлап жүрген Құмар. Бұл күнде тұғырдан түскен кешегі заманның батыры Ақберді. Машинист Мапар мен оның інісі Әлім. Кеңес заманының ғашықтары – Шура мен Жәділ. Біреулері күнкөріс қамын ойлап жанталасуда, біреулері өкіметтің қызметін ойлап жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Сөйтіп жүріп біреулері махаббат байласып, біреулері азғындық жасап жүреді. Жайшылықта болса бірін-бірі маңына жолатпас еді. Бәрінің басын бір қазанға сыйғызған – соғыс.

Енді сол аулада тоғысқан тағдырларға жеке-жеке назар аударып талдау жасап көрейік.

Үй иесі Ақберді – көненің көзі, қарт батыр. Бұл күнде аттан түскен ауыл иесі деген аты ғана, қолынан билік кеткен кісі. Мына қоғамға жат, болып жат­қан жаңалықтар көкірегіне қонбайды. Тіпті соғыстың өзі оған өтірік сияқты. Мұн­дай ұзаққа созылған соғысты көрген емес, соғыста бір жағы жеңіп қуатын, бір жағы жеңіліп қашатын, сонымен соғыс аяқтайтын. Ал мынау басы бар, аяғы созылған бірдеме батырға мүлде түсініксіз. Хикаятта оның жасаған ерлігі айтылмайды. Батыр болғаны ғана ауызға алынады. «Қартайып отырған шалды жасында батыр еді деп ауызға алудың не керегі бар?» – дейтін боларсыздар. Сырттай қарасаңыз, бұл орынды сұрақ. Дей тұрғанмен, біз хикаятқа сырттай қарамаймыз ғой.

Осы жерде автордың жазу машығын­дағы бір ерекшелікке көңіл бөлгім келеді. Ә.Тарази еркін ойдың жазушысы. Аталмыш хикаятта автор оқырманға өз ойын, өз көзқарасын тықпаламаған. Өмірдің өзі қандай болса, бұл шығарма да сондай. Бірде түсінікті, бірде түсініксіз. Өмірде батыр екенін білмейтін қарттар болуы мүмкін бе? Бұған «әбден мүмкін» деп қана жауап беруге болады. Ақберді де сондай қарттың бірі. Алайда бұл да сырттай қарағанда көзге түсетін көрініс. Автор өмірде көп кездесетін осы болмысты өңдемей-ақ, өз қалыбымен керекке жаратқан. Соның арқасында Ақберді образы хикаятта ең бір мәнді мәселенің шешімін көрсетіп тұр. Қарт батыр Ақбердіні кеңес өкіметі алақанына салып отырса, ол сенімсіз болар еді. Батырдың Асатал стансасының шеткі көшесінде қорадан шықпайтын күйде тірлік кешуі көп нәрсенің бетін ашып тұрған жоқ па? Ол заманда қазақтың елім деп еңіреген небір боздақтары ескерусіз қалғаны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде ескерусіз қалған Ақберді батыр емес, кеңестік идеяға бас имеген ұлттық рух. Қазақтың болмысы. «Болат шыбықтың екі ұшы» деп аталатын бөлімнен мұны анық көруге болады. Қанша ескерусіз қалып, қағажу көрсе де қазақ рухы өлмеген. Ақберді көне заманның, Бураш жаңа заманның адамы. Соған қарамай, екеуі тіл табысып, жақын болып кетеді. «Сол күннен бастап Ақбердінің бар болмыс-тірлігі Бурашқа қарап қалған. Жас арасы алшақ екі жан асыл болаттың екі басындай иіліп келіп табысқан». Халықтың рухына балта шапқан кеңестік кезеңнің қатыгездігі сол рухтың тарихи тамырынан нәр алып көктеуіне кедергі бола алмады. Қазақы қайсарлықты шыңдай түсті. Адам тегінен айнымайды, қашанда өз болмысын таппай қоймайды. Баланың Ақбердіге жақындығы, білмегенін содан сұрайтыны, айтқанына шүбәсіз сенетіні содан. Ақберді мен Бурашты табыстырған кеңестік өмір, анығын айтқанда, соғыс.

Бураш өз заманының баласы. Онда идеал қасиеттер жоқ. Бар болғаны өз жасынан бұрын ер жеткен қатыгез заманның ұрпағы ғана. Қиыншылық адамды тез есейтеді. Шаңқарақшыға келген соң Бураш таңсәріден тұрып нан әкеледі, кешке мал жайғасады,төсекке басы тиер-тиместе ұйқыға кетеді. Мұны қалыпты жағдай деуге келмейді. Жеті жастағы баланың істейтін ісі емес. Уақыттың Бураштың иығына салған салмағы. Соғыстың тақсіреті.

Әлімнің тірі жесір жеңгесі Рәбиғаның өмірі тіптен күрделі. Күйеуі Кәрім 20-жылдарда болыс болған. Қазір сотталып кеткен өлі, тірісі белгісіз. Рәбиға жас­тайынан зорлық көрген, еріксіз болысқа ұзатылған жас қыз.

Көп жазушының, оқырманның ұғымында кез келген әлеуметтік құбылыс не жаман болуға, не жақсы болуға тиіс. Біз өткен қоғамның жақсылығын айтқанда, жамандығын ұмытып кетеміз де, жамандығын айтқанда жақсылығын көрмейміз. Хикаятта жазушы бұлай ойламаған. Әдебиетте қалыптасқан үрдіспен кетпей, өзіндік дара көзқарас ұстанған. Шынына келгенде, қазақтың көне қоғамында да көңілге қонбайтын өкінішті істер болып тұратыны белгілі. Соның бірі Рәбиғаның басындағы жағдай. Автор қазақ қоғамын мақтаймын, ұлтымды ақтаймын деп арзан патриоттыққа бармайды. Сөйте тұра, қазақы бауырмалдықты жақсы көрсеткен. Жас кезінде жас баласын жетелеп келген, өзі танымайтын жеңгесін Әлім кеудеден итермеген. Рәбиға қарапайым, адал әйел. Ол жас кезінде әнші болған, күйеуінің тәк-тәгімен әнді қойған, отбасылық тұрмысқа өзін арнаған әйел. Ақберді ауласында ол өсекке, артық сөзге бой ұрмай, баласын асыраудың ғана қамында жүрген. Өнерін елге көрсеткісі келмейді. Себебі «қой, Рәбиға, тасыма, ән, ойын сенің не теңің... сен көзге түссең әлдекімнің көңіліне құрт түседі, жалғыз жетіміңді асырай алмай қаласың, осы күніңе зар боласың», – деп, өзін тежейді. Алайда Рәбиға мінсіз әйел емес. Ол өзінің адамға тән нәпсісін тежей алмайды. Қорыққаны, басқаның өзіне көз салуы еді, ақырында өзі басқаға көз салды. Ақбердінің өгей ұлы Аханмен көңіл қосады. Оған бола Рәбиғаны айыптай алмайсыз. Онда осыдан басқа таңдау жоқ еді. Оны осы жолға салған заманның өзі. Нақтап айтқанда, соғыс.

Ақберді ауласына келетін әнші қызыл келіншек Құмардың тағдыры басқаша. Ол жоқшылықтан емес, тоқшылықтан секіріп жүргендей. Ақберді ауласындағы қара кемпірдің бөлесімін деп келеді де, әншілігімен маңайдағы жұртты жинап алады. Сапарға өзі бірінші болып сөз салады. Бұл аулаға келгенде сырттай тексеріп, зерттеп, Сапарды қолға түсіру мақсатымен келген. Әрине оныкі махаббат емес екенін Сапардың ұсынысымен Әлімге тиюге көне кетуінен байқаймыз. Жеңілтектік пе, нәпсіқұмарлық па? Бір осал­дық бар. Дегенмен, оның сол осалды­ғына мүмкіндік беріп отырған, азғын­дық­тың жолын ашқан қарғыс атқыр соғыс.

Хикаяттағы Шура талай ойдың түйіні тоғысқан күрделі образ. Жәділ соғыс­қа кеткен соң Асаталға көшіп келген Шура екі Шаңғырақшы көшесіне үй комитетінің бастығы болып орналасады. Әйел адамның ел басқаруы оғаш көрінді ме, басқа бір себеп бар ма? Ақберді қарттың көңіліне қонбаған бір іс осы. Автор ол наразылықты ашып айтпаған, себебі, Ақберді де ашық қарсы шыға алған жоқ қой.

Онсыз да Кеңес одағына қарсы Ақберді үшін Шураның келе сап үй коми­теті­нің бастығы болуы заңды құбылыс емес, ол оны орыс болған соң басқадан артық мән беріліп отыр деп ұқты. Оның болыс дәрежесіндегі билік екенін ұққанда әрі таңғалды, әрі өкінді. Басын бекер шайқаған жоқ, қазақтың күнінің кеткенін ойлап бас шайқады деп ұғыңыз, әйел адамның болыс болғаны ішіне сыймай бас шайқады деп ұғыңыз. Өз еркіңіз.

Шура – адал махаббат иесі. Жәділдің екі аяғынан айырылып мүгедек болып оралуы оның махаббатына көлеңке түсіре алған жоқ. Ойлағаны жарының қамы. Соның амандығын тіледі. Сол жасымасын деді. Сапар Мәскеуден «біздің елге барып қыдырып, демалып қайт» деп Николай деген солдатты ертіп келеді. Қонақты Жәділ де жылы қабақпен қарсы алады. Бірақ бұл Шураға ұнамайды. Соғыста жараланып, мүгедек болып оралған Жәділ соғыстан аман-есен абыроймен келген солдатты көргенде жасып қалады ғой деген күдік жүрегін түйреп өтеді. Ақыры Николайды үйінен қуады. Шура үшін бұл дұрыс шешім. Бұл шешімі қате екеніне көп ұзамай Шураның көзі жетеді. Бірақ себебін түсіне алмады. Шура түсінбейтін бір түйін бар. Себебі ол қазақша ойлай алмайды, оның ойынша Николай Жәділдің көзіне күйік болып көрінеді. Ал Жәділ қалай қарайды деген ой оның басына да келмеген. Жазушының шеберлігі де осында. Осы деталь арқылы дұрыс пен бұрыстың салыстырмалы құндылық екенін көрсете білген.

Жазушы бұл хикаятты мейлінше еркін оймен жазған. Хикаяттың ұтымды тұстарының бірі Әкім Таразидің ешбір кейіпкерге жақындық танытпай, белгілі аралық сақтай білуінде. Бұл айтуға оңай болғанмен, кез келген жазушы­ның қолынан келе бермейтін іс. Әсіресе ұлттық құндылықтарды жазғанда жазушы саналы, не санасыз түрде өзі белгілі бір құндылықтарды дәріптемей қалмайды. Өз ұлты туралы жазғанда қаламы рахымшыл, мейірімді, басқалар туралы жазғанда қатыгез келеді. Заңдылық құсап көрінгенімен, бұл автордың әлсіздігінің нәтижесі. «Ақбер­дінің ауласында» бұл олқылық жоқ.

Түрмеден қашқан Кәрім бар жағдайды қара кемпірден ұққан соң Рәбиғаны өлтірмек болады. «Қазақ әйелінің байының көзіне шөп салғаны сұмдық қой», – деп ойлайды. Расында, бұл сұмдық, қай заманда болса да сұмдық. Ол кезде де, одан кейін де, бүгін де, келешекте де сұмдық болып қалмақ. Ұрпақты аздыратын, қоғамды тоздыратын сұм­дықтың басы – аналардың бұзылуы. Бұл жерде Кәрімге өкпелей алмайсың. Ол ата салтын сақтап, ұлттық қасиетті қорғап қалғысы келген. Түрмеге қайта түсуден қорықпайды, «Сарысу-Талас өңіріне масқара болып» намысы тапталғанына қорланады. Сондықтан қолға түспес бұрын Рәбиғаны өлтірмек. Алайда кездес­кен сәтте бірден өлтіруге батпай толқып қалады да, ақыры Рәбиға өзіне жат көзбен қарап, шегіншектей берген соң, ойға алғанын орындауға бекінеді. Бірақ өлтіре алмады, ол өлтіруге оқталғанда төбеден ұшақтың дүрілі естіледі де, сасқалақтап қалады. Бұл жай ғана сылтау еді, ол әлдеқашан Рәбиғаны өлтіріп, өкіметке өзі берілмек болып бекінген кісі. Онда самолеттен неге қорқады? Бұл жерде неше жыл отасқан жарын, баласының анасын өлтіруге қолы батпады деген орынды. Онан да маңызды себеп бар. Ол – жазушы Рәбиғаны өлтірткісі келмеген. Неге? Ол заманда қазақ салтын сақтап қалудың мүмкіндігі жоқ еді. Себебі халықтың еркінен тыс, қазақ баласы бұрын көрмеген бір алапат күш – кеңестік тәртіп келіп халық өміріне араласқан. Хикаяттағы самолет сол күштің символы.

Сапар қарындасын алып келеді. Ақылима жеңгесі Бүбісараның қас-қабағына қанша қараса да, оған ұнамай-ақ қойды. Ері соғысқа кеткен, бұл үйге кіріптар, өзінің табар табысы да жоқ, ағасына масыл болып отыр. Тұраш пен Танкист екеуі де кішкене, соларға қарап Ақылима жұмысқа шықпай қойды. Ағасының тапқанына ортақ.

Ақылима бөлек ошақ аспайды, тамақ істемейді. Сапардың қазанынан тамақтанады. Ол өз тамағын өзі тауып, өз отын өзі түтетсе, Бүбісара тарылмас еді. Сапар күйеуі соғысқа кеткен қарындасын ренжіткісі келмейді, сондықтан, оның бөлек ошақ асуына қарсы, қиналмасын дегені. Оған сыйлықтың жақсысын арнайтыны да содан. Ол Бүбісараға ұнамайды. Әр әйел ерінің өзіне көңіл бөлгенін ұнататыны белгілі. Бұл ретте Бүбісараны айыптай алмайсың. Оның да балалары бар, отбасының қажеті бар. Қиын заман. Үш баласымен бір әйелді асырау оңай емес, жеңгесі мен қайын сіңлісінің арасындағы қақтығыс осыдан туады.

Осы арада айта кету керек, «хикаят­тағы Бураштың прототипі жазушының өзі емес пе екен?» деген ой келеді. 1933-те дүниеге келген жазушы соғыс басталғанда 6-7 жастағы бала, ер азаматтар соғысқа кетіп, қарттар мен балаларға қарап қалған ауыл тірлігін көзімен көр­гені анық. Өзі көрген сол аянышты өмір арада қанша жылдар өткен соң жазушы жүрегінен көркем образ болып көктеген.

Хикаятта басы ашылмай қалған мәселелер, ақылға қонымсыз эпизодтар да бар сияқты әсер етеді. Мысалы Кәрім Күркіреудің бойында отырған бейтаныс шопанның үйіне қонады да, шопанды кемпірімен қоса бауыздап өлтіріп кетеді. Олардың не жазығы бар еді? Бұл сұраққа хикаяттан жауап таба алмайсыз.

 Хикаяттың соңында Бураш пен Кольканың пойызбен келген өліктердің (қалмақтардың өлігі) арасынан тірі қалмақты көретіні бар. Олар оның тірі екенін білсе де, оны Кольканың әкесі мен тапал қараға айтып ұқтыра алмайды. Олар тірі адамды көре тұра өліктермен бірге жөнелтпек, айтар сылтаулары: «ертең бұл жерге жоғарыдан кісі келеді» дейді. Кім келсе де, тірі адамды алып қалғаны үшін сөгіс айтпас еді, оның үстіне соғыс кезі, адамға мұқтаж заман. Бірақ үлкендер тірі қалмақты алып қалғысы жоқ. Сол үшін Кольканың әкесі баласын ұрып жығады. Бұл не? Бұған қандай себеп бар? Жауапсыз сұрақтың бірі осы. Бұл автордың осалдығы емес, Әкім Таразидің нағыз кәсіпқой жазушыға тән шеберлігі. Егер жазушы сол сұрақтардың бәрін шешіп беруге талпынса не болар еді? Өмірде адам түсінбейтін құбылыстар көп. Жазушы неге оның бәріне жауап тауып беруі керек?

 «Ақбердінің ауласында» соғыстың адам баласына келтірген зардабы басқа қырынан ашылады. Бұл – соғыстың адам жанына салатын жарасы, соғыстан туатын әлеуметтік апаттар. Соғыс адамдардың ниет-пиғылын бұзып, жаман әдетке үйретеді. Біреудің әйелін біреу тартып алу, өштескен кісісін өлтіру де соғыстың адам жанындағы жаңғырығы екенін дәлелдеп жатудың керегі жоқ. Біз талдап отырған хикаятта жазушы Әкім   Тарази соғыстың адам рухын тоздырып, азғындық жолға салатынын шеберлікпен жеткізе білген. Ең қызығы, хикаятта жазушы өз концепциясын дәлелдеуге тырыспаған. Соғыстан туатын әлеуметтік және рухани апаттарды оқырманның көзіне көрсетіп береді.

Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты