24 Желтоқсан, 2011

Карточкадан компьютерге дейін

397 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет министр­лігінің Тіл комитеті, Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тойы тұсында «Дәуір» баспасынан 10 мың данамен жарық көрген 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл салада жүз, екі жүз жылдық тәжірибесі бар елдермен салыс­тыр­ғанда, әрине, қазақ тіл білімі үшін өзіміз сөз еткелі отырған жобаның орны орасан зор болып табылады әрі жиырма жылдық тәуелсіз­дігі­мізде ұлан-ғайыр еңбектің мол жемісі екенінде дау жоқ. Бұған дейін де халықтың рухани қажетіне жа­ратылып келген дүниелер болған. Олар мәселен профессор А.Ыс­қақов­тың басшылығымен шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» он томдығы (1974-1986), академик І.Ке­ңесбаевтың «Қазақ тілінің фра­зео­логиялық сөздігі» (1977), Н.Оң­да­сынов­тың «Парсыша-қазақша тү­сін­дір­ме сөздігі» (1986), екі томдық «Арабша-қазақша түсіндірме сөз­дігі» (1984-1989), академик Н.Сау­ранбаевтың редакциясымен жарық көрген «Орысша-қазақша сөздік», (1954) академик Р.Сыздық, профессор К.Құсайыновтың редакторлы­ғы­мен шыққан «Қазақша-орысша сөздік» (2003) сияқты іргелі еңбек­тер дер едік. Бірақ араға едәуір уа­қыт салып барып рухани құнды­лы­ғымызды керемет інжу-маржанмен толықтырып отырған мына Сөздік­тің алғашқылардан да, мұнан кейін жарық көретін келесі үлгілерінен де жөн-жосығы бөлек деу лазым. Тұсаукесерде Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы шығармашылық топқа алғысын білдіре келіп, он бес томдықтың елі­міз­дің барлық облыстарына, жо­ға­ры оқу орындары мен мектептерге таратылатынын жеткізді. Түркі тілдес халықтардың арасында өзге­лер­ге қарағанда бұл жағынан бәрінен қазақтың бағы артығырақ екеніне нақты мысалдар келтірді. Соңғы кездері жарық көрген қырғыз, өз­бек, түрік түсіндірме сөздіктерімен салыстырғанда, біздегі сөздік қор­дың олардан соншалық бай да көр­кем екендігіне сүйсініс білдірді. «Қа­зақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы» бойынша жүзеге асы­рылған Сөздікті жалғас­­тыру ісі осы­мен тоқтап қалмай­ты­нына, кемінде 4-5 жылда жарық көріп оты­рылуы тиістігіне мән берілді. Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев бүгінгі өтіп отырған шара еліміздегі елеулі оқиға болып сана­ла­ды, тіл саясатын жүргізу үшін мамандар үшін бұл өте керек құрал, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына мұ­нан асқан тарту бола ма, сөздікке 92300 сөз бен 57856 сөз тіркесі, бар­лығын қосқанда, 150156 лекси­ка­лық бірлік қамтылып, лексико­гра­фиялық саралау барысында 166 мың­нан астам сөздің мағынасы ашық көрсетілген, деді. Жобаның ғылыми жетекшісі Нұргелді Уәлидің айтуы бойынша, сөздікті әзірлеу барысында мамандар түрлі саланы қамтуға, сондай-ақ сөз алуандығына барынша көңіл бөлген. Көркем әдебиеттегі сөздер­мен ғана шектелмей, ұмытылып бара жатқан диалектілерге, әр өңірдің табиғатына қарай қолданысқа енген жергілікті терминдерге де мән берілуі оны бұрынғылардан ерекшелендіре түссе, ескі кітаби сөздердің қам­тылуы халқымыздың тілдік қоры­ның қаншалықты бай екеніне көзімізді анық жеткізіп тастады. Тағы бір қыры – лұғаттау мақа­ла­мен өзгеше сипаты ашыла түседі. Қазақ тіліне сырттан, түрлі салалар бойынша шет тілдерден келіп ор­ны­ғып жатқандарын есепке алса­ңыз, тіпті мұндай сөздікті жыл са­йын жаңғыртып, толықтыру артық­тық етпес еді деген ойға келесіз. Алайда басында жұмысы карточ­ка­лық үлгімен басталған еңбек кейін озық технологияның нәтижесінде сапасы жоғары деңгейде жарық кө­ріп отыр. Еңбектегі «жалпы редак­циясын басқарған» деген тұсқа қазақ тілі сөздігін жасауда алғашқы түрен салушылардың бірі, бүгінде көзі тірі болмағанмен аты тіл ғы­лы­мы саласында айрықша құрметке ие Ахмеди Ысқақовтың есімін қою­ды парыз санағанын айтты. Ал­ғашқы сөздіктің сөзтізбесінде 67 мыңдай сөздік бірлік берілсе, мына жинақта одан біршама молырақ сөздік бірлік қамтылғаны тілге тиек етілді. Кеңестік дәуірде әсіресе, рухани қазынаға қатысты көп дүние көпшілікке жетпей, көлеңкеде қа­лып қойғаны мәлім. Өткен кезеңнің сол олқылықтары осы жолы толы­ғы­мен түзелгендей. Алаш зиялы­лары мен қазақ әдебиеті классик­тері­нің ұлттық сөздік қордың мәйегі болып табылатын көркем дүниелері сөздіктің көрнекі мате­риалын мейлінше толықтырып тұр. Мұнда 20 мыңға жуық әртүрлі типтегі анықтама беріліп, 600 мыңға жуық дәйексөзден тұратын дәйек­темелік қор жинақталған. Оған қоса ғылым-білім саласында қол­данылатын атаулар да берілген. «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» Ел­басы алғысөзімен басталуы бекер емес. «Кез келген ұлттың баға жеткісіз қазынасы – тіл. Ол – ұлтпен бір­ге жасап, заманмен бірге дамып оты­ра­тын құбылыс. Ана тіліміздің бар байлығын көздің қарашы­ғын­дай сақтап қана қоймай, оны жи­нақ­тап, жүйелеп жас ұр­пақ­қа та­быс­тау – әр буынның абзал борышы. Ұлтымыздың ұлы қазынасы – ана тіліміздің сөздік қорын түген­деп, ондағы әр сөздің мағынасын ашып, мәнін анықтап көптомдық сөздік ретінде шығару өте игілікті іс», деп түйінделетін ой-пікір мұ­нан кейін де өз жанашырларынан қолдау таба беретіні күмән тудыр­майды. Сенатор Әділ Ахметов: «Ғы­лымның атасы – математика» деген қағиданы бәріміз жақсы білеміз. Мен осыған: «Білімнің анасы – тіл» деген сөзді қосқым келеді», деді. Армениядан табылған тарихи жаз­ба­лардың түп төркіні қайдан та­рай­тыны туралы қызық деректерді алға тосты. Шешен содан кейін әлем әдебиеті классиктерінен қазақ әде­биеті классиктерінің қол­данған сөз­дік қоры ешқашан кем түспегенін айтса, «Егемен Қазақ­­стан» респуб­ли­калық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов: «Еңбекке қай сөздің де ең сәтті қолданылған үлгісін алу керек», деп мұндай танымал тұл­ға­лардан алынған мы­салдарды енгізу арқылы Сөздіктің құндылығы арта түсе­тінін айтты. Астанадағы Түркі академия­сы­ның президенті Шәкір Ыбыраев: «Еңбекке енген сөздік қордың ау­қымы қазақ тілінің күш-қуатын аң­ғартады», деді. Алайда қазақ тілінің әлі де толыққанды ғылым тіліне ай­налып кете алмай жатқанына қын­жы­лыс білдірді. Тұсаукесер рәсімде басқа да ғалымдар өз пікірлерін ортаға салды. «Бұл кітапты қайдан сатып алуға болады?» деген көптің көкейіндегі сұрақ қойылып жатты. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген көптомдық сатылмайды. Келешекте оның электронды нұсқа­сын жасау қолға алынуы мүмкін деген пайым бұйыртса, бұл Сөздіктің әр қазаққа қолжетімді дүниеге айна­ларына сендірді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. АСТАНА.