Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Алты боксшымыз Элистада жұдырықтасады

312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1-5 қыркүйек аралығында Ресейдің Элиста қаласында бокстан студенттер арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Осымен жетінші мәрте ұйымдастырылғалы отырған айтулы жарыста елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Дастан Сәдуақасов жетекшілік ететін Қазақстан құрамасы да өнер көрсетеді. 

Алты боксшымыз Элистада жұдырықтасады

Элистадағы додада Қазақстанның алты студенті бақ сынайды. Солардың арасынан Дастан Сәдауқасовтың төл шәкірті Бекболат Құрамысовты бөле-жара атауға болады. 69 кило салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Атырау облысының түлегі осыдан екі жыл бұрын студенттер арасында Таиландта өткен әлем чемпионатында күміс медальді иеленіп, Тәжікстандағы Азия біріншілігінде қолаға қол созды. Шымкенттегі ел чемпионатында ол үшінші орынға табан тіреп, Дүниежүзілік бокс сериясы додасында «Астана арландары» сапында үлкен тәжірибе мектебінен өтті.

Бекболаттан бөлек, 60 кило салмақтағы Ержан Ордабаевтың да әлеуеті жоғары бағалануда. Танымал бапкер Сәрсенбай Торғаевтың қол астында жаттығатын бұл былғары қолғап шебері осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан чемпионы атанып, Мұнайлы елдер арасында дәстүрлі түрде өтіп тұратын әлем кубогы жолындағы жарыстың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, айтулы додада Абылай Қуандықов (52 кило), Ерасыл Шоқанов (56 кило), Амандық Манашиев (75 кило) және Аят Маржықбаев (81 кило) сынды боксшылар шаршы алаңға шығады.

2016 жылы Таиландтың Чианг-Май қаласында өткен әлем чемпионатына ел құрамасын өзім бастап апарған едім. Сол кезде өте жақсы өнер көрсетіп, алты өреніміз жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, Дидар Өтелбаев, Әли Ахмедов және Нұрсұлтан Аманжолов алтын алса, Бекболат Құрамысов күміспен күптелді. Ал Ертуған Зейнулинов пен Рахат Маржықбаев қолаға қол жеткізді. Биыл ол нәтижені қайталау қиын болады. Себебі, команда қайта жасақталды. Бұрынғы мықтылардың орнын дарынды жастар басты. Олардың дені әлі де осындай ірі дүрмектерде жеңістің дәмін татып көрмеген. Десек те Элистада кемінде бір алтынға қол жеткізіп, бірнеше жүлде алу үшін жанымызды салып айқасамыз, – дейді Қазақстанның студенттер құрамасының аға жаттықтырушысы Дастан Сәдуақасов.

Естеріңізге сала кетейік, студенттер арасындағы әлем чемпионаты 2004 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Анталияда өткен алғашқы жарыстан жерлестеріміз құр алақан оралған. Есесіне 2016 жылы Алматыда жалауы желбіреген додада 6 алтын, 2 күміс және 3 қоланы қоржынға салдық. Сол кездегі командалық бас жүлде бізге бұйырды. 2008 жылы Қазанда 1 алтын, 5 күміс және 2 қоланы иелендік. 2010 жылы Ұлан Батырда 1 алтын, 4 күміс және 4 қоланы еншіледік. 2012 жылы Бакуде 4 қола медальді қанағат тұттық. 2014 жылы Якутскіде 2 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдені олжаладық.

Осындан екі жыл бұрын Тай елінде жалауы желбірген дүниежүзілік додада 3 алтын, 1 күміс және 2 қоланы қанжығасына байлаған Қазақ елінің студенттері командалық есепте екінші орынға жайғасқан еді. Сол жарыста жерлестерімз тек Ресейден ғана қалып қойды.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Бие сүті емі

Тарих • Бүгін, 10:30

Ерекше есім-сой иесі

Абай • Бүгін, 10:20

Ақынның айрықша бейнесі

Елорда • Бүгін, 10:15

Дерек пен дәйек

Спорт • Бүгін, 10:10

Жүлденің ауылы алыс

Олимпиада • Бүгін, 10:02