Қазақстан • 30 Тамыз, 2018

Ғаламдық мәселелерді ынтымақтаса шешудің мәні зор

933 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аустрияда үкімет басындағы және бұрынғы мемлекет, үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жоғары деңгейдегі дәстүрлі саяси форум өтті. Еуропалық және жаһандық мәселелердің шешімін табуға арналған айтулы шара өз алаңында әлемнің 100 мемлекетінен келген ­5 мың сарапшының басын қосты.

Ғаламдық мәселелерді ынтымақтаса шешудің мәні зор

Аустрия президенті Александр Ван дер Беллен, БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мун, Аустрияның бұрынғы президенті Хайнц Фишер, Сербияның премьер-министрі Александр Вучич және та­ғы басқа да саясат саңлақтарын бір арна­да тоғыстырған басқосуда ғаламдық тек­тоникалық саяси-экономикалық өзгерістер контексіндегі елеулі мәселелер сараланды. 

Өзекті форумға еліміздің жетекші оқу орындарының бірі – әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ және таяуда университет жа­нында құрылған Пан Ги Мун атында­ғы тұрақты даму институты БҰҰ-ның жаһандық азаматтық және тұрақты даму бағытындағы бастамаларын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау мақсатында шақырылған болатын.

Еске салсақ, ҚазҰУ «БҰҰ-ның «Акаде­мия­лық ықпал» жаһандық хабын 2014 жыл­дан бері басқарып келеді. Аз уақыт ішін­дегі нәтиже де жаман емес. Бағдар­ламаның маңызды қағидаларын іске асы­руда халықаралық деңгейде көш­бас­шы болған университетті әлемнің озық елдері көшбасшы ретінде жоғары бағалап отыр.

ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұта­новтың «Университет 4.0 – жоғары білім берудегі жаңа кезең» атты баяндамасы форумға қатысушылардың ерекше қы­зығушылығын тудырды. Аталған бас­тама бұған дейін БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде мамыр айында өткізілген конференция барысында алғаш рет ұсынылған еді. Осы қызметтегі айқын бағыт мемлекеттік бағдарлама – «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» идеясынан бастау алады.

Жаңа университет моделінің басты мақсаты – өскелең ұрпақты бойында әлемдік жоғары рухани-адамгершілік қасиеттері мен белсенді азаматтық ұста­нымы бар ізгі азамат ретінде қалып­тас­тыру. Форумға қатысушылар атап өткен­дей, «Университет 4.0» жаңа моделі жа­һандану жағдайында, сондай-ақ жаңа технологиялардың қарқынды дамуы кезеңінде әлем үшін маңызды.

Қазақстандық жоғары оқу орнының форумға қатысуының басты нәтижесі Ғаламдық азаматтық орталығы (Аустрия), Тұрақты даму институты (Оңтүстік Корея) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қою болды. Құжатты Аустрияның экс-президенті Хайнц Фишер, БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мун және ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов (Қазақстан) қол қойып бекітті. Келісім адамзаттың жаһандық мәселелері мен қазіргі заманның сын-тегеуріндерін шешуде тараптардың күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік бермек. 

Форумға қатысқан айтулы ғалымдар мен әлемдік деңгейдегі сарапшылар еліміздің ғаламдық ынтымақтастыққа қосып келе жатқан үлесін ерекше бағалап, алғыс білдірді. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ