Қазақстан • 30 Тамыз, 2018

Тәуелсіз елдің тұғыры

1981 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ежелден ел арасында «Хан болсын, ханға лайық заң болсын», «Бүтін хандыққа Есім хан жеткен, бүтін билікке Төле би жеткен», «Қаз дауысты Қазыбек би айтыпты», «Әйтеке би айтқан сөз екен» – деген қағидалы тіркестер ауыздан-ауызға көшіп күні бүгінге дейін жеткен. Осының өзі қазақ мемлекеттілігі мен оның құқықтық ел билеу тарихының тамыры тереңде жатқандығын айқындайды.

Тәуелсіз елдің тұғыры

1465 жылы Қазақ хандығы құрылып, қазақ елі біртұтас ұлт ретінде қалыптасып, тұғыры мықты мемлекет атанды. Ең бас­­тысы – мемлекет басқарудың құ­­қықтық ережелері мен ұлттық әдет-ғұрыптары заңдастырылды. Дала демократиясының класси­калық үлгісі – Қазақтың билер соты заман талабына сай дамып, ел билеудің өнегелі жолына айналды. Қазақ елінің заңнама тарихы сонау XIV-XV ғасырлардан бастау алады. Олар Ата Заңы, Ата Жолы, Ата сөзі және өсиеті деп аталған. Одан кейін хандықтар тұсында Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Хандардың әрқайсысы өзінен бұрын қолданылып келген әдет-ғұрып заңдарына заман талаптарына сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, сол замандағы қоғамға бейімдеп қолданғаны белгілі. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен Қасым және Есім хандарының тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» және «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, билер сотының тәжіри­бе­лерін, дарындылықпен айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен бұрынғы қазақ заңдарын заман талабына сай толықтырып, дамыту негізінде «Жеті жар­ғы» атты заңдар жинағын құрас­тырды. Қазақша «жарғы» әділдік деген ұғымды білдіреді. «Жеті жарғыға» әкімшілік, қылмыстық істер, азаматтық құқық нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жағы түгел қамтылған. Оларда орта ғасырдағы қазақ қоғамының пат­риархаттық-феодалдық құқы­ғының негізгі принциптері мен нормалары да баяндалған.

«Жеті жарғы» – жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қо­ғамдық қатынастарды реттей­тін салалардың жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыс­тық жауапкершілік, рулар ара­сын­дағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамта­масыз ету. «Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданып келген. Ал кейбір заңдар 1917 жылы Кеңес өкіметінің билігі орнағанға дейін қолданылған.

Қазақстанда Кеңес өкіметінің билігі орнағаннан кейін КСРО-ның 1936 жылы және 1977 жылы қабылдаған Конституциясына негізделген Ата Заңдары басшы­­лықта болды. 

1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз егемендік алып, өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет атанды. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, 1993 жылы 28 қаң­тарда Жоғарғы Кеңестің депу­тат­тары Қазақстан Республи­ка­сының тұңғыш Консти­туция­сын қабылдаған болатын. Бірақ уақыт өте келе бұл Консти­ту­ция ескі әкімшілік, әміршіл­дік ере­желеріне, көп жағдай­да кеңестік демократия қағида­ла­рына негіз­делгендіктен, жаңа қоғам өмі­рінің талабына жауап бере алмады. Онда адам құ­­қықтары мен бостан­дықтары, оларды жүзеге асыру қағи­далары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демокра­тиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген еді. Сонымен бірге алдағы уақытта елімізде болғалы жатқан түбегейлі экономикалық, саяси және әлеуметтік өзгерістерге бағыт-бағдар бере алмайтыны көрініс тапты.

Осыған байланысты Прези­дент Нұрсұлтан Назар­баев жаңа Конституцияның қажеттігін, оның құ­рылымы, идеялары мен прин­­циптерінің жобасын айқын­дап, заңгерлер мен маман­дар­дан құрылған арнайы топқа оны одан әрі жан-жақты жетіл­діріп, нақтылауды тапсырды. Арнайы топ мүшелері Консти­ту­цияның жаңа жобасын әзірлеп және жетілдіріп, халықтың тал­қы­лауына ұсынды. Талқылау ба­­рысында түскен мыңдаған құн­ды пікірлер мен ұсыныстар еске­ріле отырып дайындалған Конс­­­титуцияның жобасы бүкіл­­халық­тық референдумға шығарылды. 

Осылайша 1995 жылы рес­публикалық референдумда Қа­зақ­стан Республикасының Конс­титуциясы қабылданды. Бұл Конс­титуция ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихынан бастау алып, жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын да қам­тып, қазіргі мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың іргелі қағидаттарын реттейтін аса ма­ңызды құжат болды. Бұл құжат дербес мемлекет ретінде, ұлтына қарамастан онда тұратын барлық адамдардың құқықтары мен бостандықтарына сәйкес жасалып, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталды. Ата Заңымыздың 1-бабында Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп басталады. Шындығында, жер бетіндегі әрбір адамға бұл құндылықтар ең басты болып табылатыны баршамызға белгілі.

Жоғарыда айтылған, Тәуке ханның «Жеті жарғысына» не­гізделген дала заңдары бүгін­гі күнге ұласып, қазіргі Ата За­ңы­мызда кейбір тұстары жалғасын тапқаны байқалады. Осы ретте Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде...» деп жазылғандай, бес жарым ғасыр бұрын мемлекет құрған еліміздің, құқықтық жүйесі мен оның билер сотының болғаны баршамызға мәлім.

Жаңа Конституцияның өзге­шеліктеріне тоқтала кетсек. Бі­рін­­шіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігі белгіленіп, олардың құзыреті, жұмыс істеу тетігі, өзара іс-қимыл бірлігі заң тұрғысынан айқындалды. Екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі мемлекеттің лауазымды адамдарының, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауды міндеттейді. Үшіншіден, құқық пен жауапкершілік ұғымдары пара-пар көрсетілген. Бұл Конс­титуцияда алғашқы Конс­титуцияда шешімін таппаған мем­лекеттің мәні, жері, тілі, аза­маттық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі сияқты күрделі мәселелер заңдылық тұрғысынан өз шешімін тапқан. Соттар мен сот төрелігіне ерекше мән берілген және негізгі қағидаттары белгіленген. Олар: елімізде сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады, оның ісіне араласушылыққа жол берілмейді, сот төрелігін іске асыруда судья тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. 

Қазақстанның құқықтық мем­лекет орнатып, әлемнің өрке­ниетті елдерімен жан-жақты эко­номикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптастырып, ауқымды реформаларды жүзе­ге асыру жұмыстарының барлы­ғы да Ата Заңның аясында атқа­рылды. Солардың қата­рында, еліміздегі тәуелсіз сот пен басқа да құқықтық институттарды құру жұмыстары да болды. Елімізде заңдарды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде халқымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Осылайша бекітілген конституциялық нормалар қо­ғамның өркендеуіне үлес қосып және Қазақстан халқының бір­лігіне жол бастап, өзінің өмір­шеңдігін дәлелдеді. Бұл Конс­титуция – қазақстандық мемле­кеттіліктің тиімді дамуын қам­тамасыз еткен заңның үстемдігі мен сәтті мемлекет саясатының іске асырылуының жарқын көрі­нісі деп айтуға болады. 

Еліміздің Конституциясы әлем­дік қоғамдастықта танылған жалпы адами және ерекше маңы­зы бар қазақстандық идеалдарға негізделген. Сондықтан бұл құжат еліміздің аумақтық тұтас­тығын, президенттік басқа­ру нысанын, халық билігі қағида­тын, идеологиялық және сая­си сан алуандылықты, жекемен­шікке қол сұғылмауын, адамның және азаматтың халық­аралық деңгейде танылған құқық­тары мен бостандықтарын, мемле­кеттік биліктің жаңа жүйесін ­баянды етті.

Осылайша дұрыс әрі нақты айқындалған конституциялық саясат арқасында Қазақстан көп салада елеулі табысқа қол жет­кізді. Бұл жөнінде Елбасы: «Конс­титуция біздің Тә­уел­сіздігімізді нығайтты, мем­ле­кетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан да біздің ор­тақ парызымыз – Негізгі Заңға құнттылықпен қарау, оны өз Отанымызды, өз тарихымызды құрметтегендей құрметтеуіміз керек», деген болатын.

Қазақстан халқы 1995 жылы референдумда қабылдаған Ата Заң – Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуінің құқықтық негізі болғаны анық. Содан кейінгі жиырма үш жылдың ішінде көптеген жаңа заңдар қабылданып, халық игілігіне қызмет етуде. Сол заңдардың қайнар көзі, бастауы – Конституция, ол азаматтардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруларына сапалы және құқықтық негіз жасап, қоғамды одан әрі демократияландыруға және өркениетті дамыған 30 елдің қатарына қосылуға кең жол ашып отыр. Қорытындылай келе, Тәуелсіз еліміздің тұғыры – Ата Заң және ол мемлекеттегі заңдылықты айқындайтын бас­ты бағдаршамы десек, артық айтқандық болмас. Шын мәнін­де, Конституцияның тұрақ­тылығы – мемлекеттің, қоғам­ның тұрақ­тылығының және дамуының кепі­лі. Сондықтан Ата Заң ғ­ұ­мыр­­лы болса, Тәуелсіздік те тұ­ғыр­лы болып, еліміз де көркейе бермек.

Сәкен АБДОЛЛА,

Қазақстан Республикасы 

Әскери сотының төрағасы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше