Өнер • 30 Тамыз, 2018

Өнердің өз өкілі

71 реткөрсетілді

Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында «Елеулі есімдер» жобасы аясында қоғам қайрат­кері, «Шапағат» медалінің иегері Құжырғали Төлеуішевпен кездесу кеші өтті.

Құжырғали Төлеуішев Атырау және Маңғыстау облыстарының мәдениет басқармасын біраз жыл басқарған. Ал Батыс Қазақстан облысындағы еңбегі облыстық қазақ драма театрымен тікелей байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, 1993 жылы 16 желтоқсанда ашылған өнер шаңырағын 1996 жылдан 2014 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін басқар­ған Құжырғали Төлеуішев театрдың қалыптасып, өркендеуіне көп еңбек сіңірген еді. Осы жылдары театр ұжымы республикалық, халықаралық фестивальдерде топ жарып, бірнеше мәрте бас бәйгені иемденді. Талай дарын­ның жұлдызы жанып, ел ықыласына бөлен­ді, мәртебелі атақтарға ие болды. Орал қазақ театры өнер сыншыларының жоғары бағасын алды. 

– Құжырғали аға – өнерге жанын берген, барын берген тұлға. Оралда қазақ театрының басшылық тізгінін қолына алып, қиын-қыстау кезеңінде аяғынан тік тұрғызып, басқарушылық қабілетімен төрт аяғын тең басқан ұйымшыл ұжымға айналдырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ театр өнерін дамытуға қосқан үлесіңіз көп, еңбегіңіз өлшеусіз, – деді Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев. 

Кеш иесі Құжырғали Төлеуішев өз сөзінде қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілдері Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Альбер Камюдің «Калигуласын», Жан-Поль Сартрдің «Геростратын», т.б. әлемдік деңгейдегі 15-20 пьесаны қазақшаға аударып, қазақ сахнасына шығуына мұрындық бол­ған қаламгер енді Әбіш Кекілбаевтың «Бір шоқ жиде», Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» шығармаларын сахнаға бейімдеп, инсценировка жасауға кірі­сіпті.

«Көп жыл театрда қызмет ете жүріп, қазақ тілін­дегі драматургияға мұқ­таждық барын анық көрдім, біздегі бар шығармалар­дың тақырып аясы­ның тарлығына көңілім толмайтын. Сондықтан осы аударма саласына ден қойдым. Бұл менің қазақ тілді сахна шығармаларын дамытуға, байытуға қосқан үлесім», дейді Құжырғали Төлеуішев.

– 1998 жылы Таразда өткен респуб­ликалық фестивальде біздің Орал театры А.Асылбековтің «Бір түнгі оқиға» қойылымымен Гран-приге ие болды. Осы үлкен жүлдені Әбіш Кекілбаевтың «Абылай» қойылымымен бөлісті. Құрылғанына бес-ақ жыл болған ұжым үшін бұл үлкен жеңіс еді. Жалпы, театр әртісі үшін фестивальға қатысу – әрбір әртістің арманы ғой. Соның ішінде фестивальге басынан аяқ қатысу, барлық қойылымды көру дегеніңіз – үлкен арман. Құжырғали ағамыз театр ұжымына осындай мүмкіндік жасады. Қаншама адамның бөтен қалада он күн бойы тұруы үшін қаншама қаржы керек?! Ағай соның бәрін реттеп жүретін. Құжырғали Төлеуішевтің тағы бір жақсы қасиеті – театр фестивальдерінде Гран-при алған қойылым режиссерін міндетті түрде Оралға алдырып, бізде де қойдыратын. Осының арқасында Қазақстандағы ең мықты режиссерлердің бәрі Оралға келді, қойылым қойды. Бұл дегеніңіз – театр ұжымы үшін үлкен мектеп қой, – дейді Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық театрының байырғы қызметкері, мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов. 

Осы кеште театрдың бүгінгі директоры Қуаныш Амандықов, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Гүл­жиян Шынтемір, еңбек ардагері, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқар­масын ұзақ жыл басқарған Айдар Батыр­­ханов және басқалары кеш иесі тура­лы естеліктерін ортаға салды. Өлке­­ге белгілі өнер тарландары ән салып, көрер­мен көңілін көтеріп отырды. Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер ор­талығында өткен осынау кеш қазақ сахна өнерінің өрісін кеңіткен, шы­найы өнер адамының мәртебесін биіктеткен оқиға болды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар