Қазақстан • 30 Тамыз, 2018

«Алтын жебе» шеберлері үш стильде сайысады

958 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тамыз айының 30-31 жұлдызында Астанадағы «Қазанат» атшабарында екінші халықаралық «Алтын жебе» турнирі өтеді. Алдын ала мәлім болғандай бұл жолғы садақшылар сайысына Оңтүстік Африка Республикасы, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия, Болгария, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Румыния және Венгрия мергендері қатысады деп күтілуде. Турнирдің жүлде қоры – 4 миллион теңге. Бас демеуші – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Ұйымдастырушылар - Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы. Осы орайда, біз Ұлттық спорт қауым­дастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбайұлымен сұхбаттасып, дүбірлі дода жайлы айтып беруін өтінген едік. 

«Алтын жебе» шеберлері үш стильде сайысады

– Рахат мырза, өткен жылы халық­аралық көрме ЭКСПО аясында алғаш рет әлем мергендерінің басын қосқан «Алтын жебе» турнирі ұйымдастырылған болатын. Енді міне екінші мәрте өткелі отырған сайыстың бұрынғыдан ерек­шелігі қандай?

– Өткен жылғы мергендік сайыс үш бөліктен тұрды. Алғашқысы «Шапшаң ату», екіншісі «Қалқан ату», үшіншісі «Жамбы ату» деп аталды. Ал биылғы турнир де үш кезеңнен тұрады. Бірақ басқаша. Яғни, халықаралық стандарттар негізінде қабылданып отыр. Сол себепті жарыс ережесіне біршама өзгеріс енгізілді. 
– Қандай өзгерістер кіргенін нақты айтып бере аласыз ба?

 – Әрине, соңғы жылдары тараған ат үстінен садақ ату жарыстары халықаралық талапқа сай дүние жүзіне кең «Азия стилі» және «Түрік стилі» негізінде өткізіліп кел­ген­діктен, біз осы қалыптасқан ереже­ден аттап өте алмадық. Нәтижесінде жоға­рыдағы стильдер бойынша сайыс өткізу ережесін қабылдадық. Нақты өзгеріс осы. Қабылданған құжаттық шешімге сай турнирдің алғашы екі кезеңі «Азия стилі» және «Түрік стилі» бойынша жүргізілсе, үшінші кезеңде мергендер «Қазақ стилі» бойынша сайысады. 

– Оқырмандарға түсінікті болуы үшін осы үш стильдік ерекшелікке арнайы тоқталып өтсеңіз?

– Айталық «Азия стилі» мен «Түрік стилі» әрқайсысы төрт нысанадан тұрады. Мергендерге екі мүмкіндік беріледі. Әр мүмкіндікті орындап шығу мерзімі – 16 секунд. Яғни, садақшы 16 секунд ішінде нысаналар орналасқан 150 метр қашықтықты шауып өтіп, жебе жұмсауы керек. Егер мерген жарысты 16 секундтан бұрын тәмамдаса, үнемделген әр секунд үшін 1 ұпай қосылады, егер 16 секундтан асатын болса әрбір секунд үшін 1 ұпайдан кемітіледі. 

«Азия стилінің» басты ерекшелігі нысаналардың диаметрі – 84 сантиметр, олар жерден 20 сантиметр биіктікте орналасады, ара қашықтығы 35 метр шамасында. Нысаналар мен мерген шауып өтетін түзу сызықтың қашықтығы – 7 метр. Жебе нысана ортасындағы ақ түсті шаршыға тисе 5 ұпай, қызыл түсті шаршыға тисе 4 ұпай, сары түсті шаршыға тисе 3 ұпай, жасыл түске тисе 2 ұпай, қара түске 1 ұпай беріледі. 

Ал «Түрік стиліндегі» ерекшелік: нысананың биіктігі – 1,5 метр, диаметрі – 60 сантиметр. Сөре мен алғашқы нысана арасы 25 метр. Бірінші нысана мен мерген шауып өтетін түзу сызықтың қашықтығы – 5 метр. Бірінші нысана сөреге қарай 45 градусқа бұрылып тұрады. Мерген оны алдына қарап атады да, 10 метрден кейінгі екінші нысананы артына бұрылып атады. Одан соң 50 метр жердегі үшінші нысананы алдына қарап, төртінші нысананы тағы да артқа бұрылып атады.

Жебе нысана ортасындағы кіші шеңберге тисе 6 ұпай, екінші шеңберге тисе 4 ұпай, сыртқы үлкен шеңберге тисе 2 ұпай беріледі. Садақшы сайысты 16 секундта орын­дап шығуы тиіс. 16 секундтан бұрын тәмамдаса, үнемделген әр секунд үшін 1 ұпай қосылады, егер 16 секундтан асатын болса әр секунд үшін 1 ұпайдан кемітіледі.

– Түсінікті. Үшінші кезең яғни «Қазақ стилінің» ерекшелігі қандай?

– Бұл өзіміздің ежелден келе жатқан «Жамбы ату» өнері, Яғни мұның басты ерек­­шелігі – нысана қозғалыста болуы. Бұл са­йыс­­та жамбының саны үшеу. Олар биіктігі 2,5 метр­лік бағаналарға орна­тылады. Бірінші тұр­ған қола жамбы 6 метр қашықтықта, күміс жамбы 8 метр қашықтықта, алтын жамбы 10 метр қашық­тықта орналасады. Мерген жебесін қола жамбыға қадаса 5 ұпай, күміс жамбыға тигізсе 10 ұпай, алтын жамбыға дарытса 15 ұпай беріледі. Садақшыларға 3 мүм­кіндік және әр мүмкіндікті орындап шығуға 16 секунд уақыт беріледі. 

– Аталмыш турнирге еліміз атынан қатысатын мергендерді таныстыра кетсеңіз?

– Бұл турнирге еліміз атынан қатысу үшін биылғы «Алтын жебе» бәсекесінде топ жарған немесе бұған дейінгі жарыс­тарда мергендігімен көзге түскен спортшылар таңдап алынды. Мысалы, жамбы атудан 2018 жылғы еліміз чемпионы қара­ғандылық Талғат Омарбаев, сонымен қатар өткен жылғы «Алтын жебе» турнирінің жүлдегерлері Айтбек Сарыбай мен Ералхан Айкөз, тараздық танымал мергендер Елдос Бадашев пен Абзал Тулыбеков ел намысын қорғайды. Бұлардан басқа жуықта Қырғыз­станда өткен садақшылардың дүние­жүзілік чемпионатында жеңіс тұғы­рынан көрінген мерген қыздарымыз Әлия Камалова мен Рамиша Дидарова бар. 

Әңгімелескен

 Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024